Тенгере-Тедыгечи Амын-Қыланның патшалық құрған кезiнде

Тенгере-Тедыгечи
Амын-Қыланның
патшалық құрған кезiнде
Амын-Қыланды патша қылып сайлағаннан кейін ТенгереТедыгечи бұрынғы билеушінің тұсында маскүнемдіктен, аштықтан, суықтан өлген адамдардың денелерін жинап, оларды қаладан аулақ, ертеректе шамандар Көктен от сұрайтын жерге апарып үйді. Сонан соң ұзындығы жеті құлаш, тереңдігі бір құлаш шұңқыр қазып, бәрін соған түсірді де, өртеп жіберді.
Қалаға қайтып келген кезінде ол тағы төрт шамандық зікір жасалғанын білді. Бұған Тенгере-Тедыгечи «Сұрқия адамдарды жойып жатырмын, олар қайдан шыға береді?» деп қаһарына мінді. Осы сөзді айтып, ол барлық шамандарды өлгендердің мәйіттерін өртеген азалы жерге алып барды. Сол жерге түйелермен отын тасытып, шұңқырға салды да, лаулатып от жақты. Отын жанып, көмірге айналған соң, шамандарға шұңқырдағы қызыл шоқтың үстімен ерсілі-қарсылы жүріп, зікір салуға бұйырды. Әлгі міскіндерге ол:
– Қайсың тірі қалсаңдар, сонікі дұрыс деп саналып, бостандық беріледі! – деді.
Нәтижесінде үш шаман шоқ үстінде өртеніп кетті. Тек Аққыдат руынан біреуі аман қалды. Бұған патша сайланған Амын-Қылан:
– Егер әркім үш адамнан өртей берсе, неміз қалады! – деп ашу шақырды.
Бұған Тенгере-Тедыгечи айтты:
– Әрбір аң жүнін сақтайтыны сияқты, сен де өз халқыңды қорғап тұрсың. Егер де жарлығым ұнамаса, мен бұл арадан шамалы уақытқа, жеті күнге кете тұрайын.
Амын-Қылан патша одан:
– Бізден кеткенде қай тауға барғың келеді? – деп сұрады.
Тенгере-Тедыгечи қолын созып:
– Міне, мына тауға шығамын! – деп нұсқап көрсетті де, аттанып кетті.
Жеті күн өтті. Адамдар оның оралуын күтті. Бірақ ол қайтып келмеді. Жеті күн жеті рет өтті. Ол оралмады. Жеті ай өткенде Тенгеренің қаһарынан қорқып, оны іздеуге екі кісі жіберді. Жіберген сәлемшілер Тенгере-Тедыгечиді тауып, адамдарға қайтып оралуға үгіттеді. Бірақ оған сөздері өтпеді. Жеті жыл бойы патша Тенгере-Тедыгечиге адамдарды жіберіп тұрды, үш рет екі адамнан жіберді. Бірақ ол қайта оралғысы келмеді. Жеті жыл өткен соң Тенгере-Тедыгечи патшаға өзі келіп, оған:
– Егер патшалығыңнан шамандар шықса, оларды мен өртеген сияқты, өрте. Оттан тірі шыққаны өмір сүре берсін. Ол шын мәніндегі абыз! – деді.
Патша:
– Қалай айтсаң, солай болады! – деп жауап қатты.
Сонда Тенгере алақанына күл, білегіне қара топырақ жағып, осы қолын қиғаштай ұстап, сөзін жалғастырып:
– Егер менің кеңесімді орындамасаң, сенің патшалығың да тап осындай болады, – деді. Тенгеренің мына сөздерін естіген патшаға жер аударылып, қырынан тұрғандай болып көрінді.
Осыны айтып, Тенгере-Тедыгечи бұрынғы, таудағы мекеніне аттанып кетті. Ол жаққа өзін іздеп, ешкім келмесін деп бұйырды.
Жекпе-жекте Мормо батырды
жеңген белгісіз патша патшалық құрған кездегі Тенгере-Тедыгечи
Бірде әлдебір беймәлім патшалыққа Мормо батыр әскерімен келіп, шайқасқа шақырады. Патшаның үрейі ұшқанымен, тез есін жиып: «Халықтың қанын босқа төккенше (әскер дегеніміз де халық қой), сен екеуміз жекпе-жекке шығайық. Көп адам қырылғанша, жалғыз адамның өлгені жақсы емес пе», – деп өз талабын қояды. Екеуі осыған уағдаласады.
Патша арыстандай ақырған алып батырды көргенде қатты қорқады. Ал күшінің басымдығына сенген Мормо патшаның алдына батыл басып келіп: «Қане, мені қылышпен шап!» – дейді. Патша бар пәрменімен қаруымен құлаштай ұрып еді, Мормоға дарымайды. Әрине, мұздай темір құрсанып, болат сауыт киініп алған адамға бұл шыбын шаққан құрлы бола ма?
Мормо батыр басын еңкейтіп, патшаны мазақ қыла: «Байқа, басымды шауып тастап жүрме, алтын басым жерде домалап қалмасын!» – дейді.
Өз патшасының қорланғанына шыдамаған Тенгере-Тедыгечи оған дәудің мойнын қылышпен қаймықпай шабатын батылдық береді. Патша сол сәтте батырдың басын шауып түсіреді! …Мормоның әскері жеңілістерін мойындап, аусар батырларының денесін алып, келген іздерімен кері қайтады.
Тенгере жекпе-жекте Мормо дәуді жеңген патшаға келіп, оған үлкендігі қаздың жұмыртқасындай жұмыр тас береді. Ол осында тұрып жатқан адамдардың барлығы бұл тасты қолдан-қолға беріп, алақандарында толассыз домалатсын деп бұйырады. «Осы тас балықтың бір түйір уылдырығындай болған кезде Көктен патша түсіп, бүкіл елге әмірін жүргізеді. Сонда мен соңғы рет келемін. Ал осы тастан түк қалмай, әбден ысқыланып біткенде ақыр заман орнайды», – дейді Тенгере-Тедыгечи.
Патшаға осыны айтып, Тенгере елдің шекарасына қарай жүріп кетеді. Жолда аса таяғымен жерді түртіп қалып еді, сол орыннан бұлақ атқылайды. Бұлақты айналдыра, саз балшықтан үлкен тостаған жасай бастайды, онысы барған сайын биіктей береді. Осылайша, ол аумағы талай жерді алып жатқан, іші суға шүпілдеп толған төбешікке айналады. Содан кейін оны «Суы асып та кетпесін әрі кемімесін» деп сиқырмен дуалап тастайды. Әлгі жер әлі күнге дейін сол қалпында сақталған көрінеді.
Ал Тенгере-Тедыгечи адамдарға алақанға салып домалатуға берген жұмыр тас қазір көкек жұмыртқасындай болыпты деседі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *