АНГРЕН ҚАЛПАҚБАСЫ

АНГРЕН ҚАЛПАҚБАСЫ (Ugamia angrenica) — күрделі гүлділер тұқымдасының қалпақбас туысына жататын шала бұта. Қазақстанда Талас Алатауы мен Батыс Тянь-Шаньда (Өгем жотасында) кездеседі. Қиыршық тасты беткейлерде, жартасты қырқаларда, 3000 м-ден жоғары тау қияларында өседі. Биікт. 2 — 8 см, қалың түк басқан түбінен бұтақталған. Сабағы әбден сүректеніп кеткен. Жапырақтары ұсақ, қысқа сағақты болады. Ақшыл сары түсті, қосжынысты гүлдері себет гүл шоғырына топталған. Шілде, тамыз айларында гүлдейді. Тұқымынан көбейеді. Жемісі — қатпарлы, қалың түк басқан тұқымша. А. қ. Ақсу-Жабағылы қорығында қорғауға алынған. Өте сирек кездесетін өсімдік түрі болғандықтан, Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *