ПИФАГОР (Луиджи П.)

ПИФАГОР

— Сайтан атсын! Мен қалпағымды көтеріп, күйеу жігіт пен оның кемпір шешесінің ортасында келе жатқан сұлу қызға қарадым.
Д-ы-р… Д-ы-р… Д-ы-р… О, құдай осынау жексенбінің таң сәрісінде күн сәулесі құйылып тұрған алаңмен келе жатқан досымның су жаңа бәтеңкесі осылайша дыбыс шығарады. Қалыңдықты айтсаңшы! Оның сәбиге тән бейкүнә көгілдір көздері, алқызыл жүзі, аппақ тістері бақыттан нұр шашады! Ашық қызыл түсті жібек қол шатырын төбесіне көтерген ол ішкі қуанышының қызуын басқысы келгендей желпігішін рахаттана қағып та отыр. Жап-жас қыз адамы құжынаған көшеде су жаңа аяқ киімі сықырлаған бақытты да сәнді күйеу жігіттің қасында келе жатыр.
Досым да қалпағын көтеріп (ернеуін майыстырып алмау жағын да қарастырған) мен жаққа көзін тастады. Менің көшенің қақ ортасына тоқтағанымды көріп, маған күлімсірей қарап тұрып қалған. Мен де шама шарқым келгенше тілектестігімді байқатып, “құттықтаймын! құттықтаймын!” деген райда қолымды бұлғадым. Бірнеше адым аттап барып қайта бұрылдым. Маған кішкене бойлы қалыңдықтың тал шыбықтай мүсініне, оған қоса үш жылдан бері көріспеген досыма зер сала қарау керек еді. Мен жаққа шынында да қарамас па екен?
“Қызғаншақ болғаны-ау? деп ойладым да онан әрі жүре бердім. Несі бар, түсінікті ғой. Қалыңдық шынында да сұлу. Бірақ жігіттің өзі…”
Ғажап! Маған оның бойы ұзарып кеткендей де көрінген. Махаббаттың осындай да құдіреті болғаны-ау! Өзі жасарып кетіпті. Әсіресе көзі керемет! Шамасы, өз бойын керемет күтетін де сияқты. Бұрын ондай қасиеті жоқ сияқты еді. Ұмытпасам ол жас адамдардың айнаның алдына тұрып алып, өз келбетіне өзі сүйсінгенін де жақтырмайтын. Десек те махаббат адамды өзгертеді екен-ау!
Көріспеген үш жылдың ішінде қайда болды екен өзі? Бұрындары осында, Римде өзіне туыс болып келетін менің ең жақын досым Твирино Ренсидің үйінде тұрды. Үйдегілері оны Динди деп атайтын. Ал мен үшін қашанда “Ренсидің туысқаны” болып қала бермек. Ол РЕнси Римнен көшерден екі жыл бұрын Форлиге қоныс аударған. Содан бері көріп отырғаным осы. Бұл жолы тағы да Римде жүр. Сондай-ақ үйленіп жатыр. “Солай қымбаттым. Енді сен әрине, живописьпен айналысуды қоясың! Д-ы-р, Д-ы-р, Д-ы-р! Бәтеңкеңнің әуені де керемет екен. Соған қарағанда кірісі мол шаруамен айналысатын болдың. Несі бар, жарайсың! Кірісің сені үйлену жайын ойлануға мәжбүрлеген екен” деп ойладым мен.
Араға екі-үш күн салып дәл сол бұрынғы уақытта мен оның тағы да қалыңдығымен және болашақ қайыненесімен жүргенін көрдім. Тағы да бір бірімізге сәлемдесіп, күлімсіредік. Бұл жолы ол маған басын сәндене иген. Ол аз десең қалыңдығы да күлімсіреген.
Қалыңдықтың күлімсірегеніне қарап, Тиконың оған өзім туралы айтқанын да түсіндім. Шамасы, менің аңғыртығымды, Квирино Ренсидің жақыны екенімді, тұздықты жек көргендіктен Пифагор аталатынымды да айтқан болды. Сондай-ақ тұздық жемейтін адамдарды не үшін Пифагор атайтыныда түсіндіргені даусыз. Осының бәрі мен үшін қызық көрініп кеткен.
Өйткені, тұздық пен Пифагорға қатысты әңгімелердің қайыненесіне әсер еткенін аңғардым. Өйткені, үшеуін бірге көрген сайын ана кәрі қақпас менің жасаған сәлем беру ишарама жауап есебінде басын изей тұрып, күлкіге булығатын, әрі онысын әсте жасырып әлек болмайтын. Ізінше ішегі қата күліп артымнан қарап қала беретін-ді.
Титоны оңаша бір жерде кездестіріп, өзінің, қалыңдығының және енесінің менен басқа күлкіге айналдырар ештемесі жоқ па дегенді айтып салғым келген. Оны ұялтпақ болғам. Алайда ондай қолайлы сәт туа қоймады. Оның үстіне Титодан Ренси мен оның әйелінің жағдайын білуім керек еді.
Әдепкі тамаша күндердің бірінде Форлидан мынадай мазмұндағы жеделхат алғаным: “Қал нашар, Пифагор. Ертең Римде боламын. 8.20-да. Вокзалда күтіп ал . Ренси”
“Ғажап! Мұнда туысқаны бар, ал ол маған күтіп ал дейді!” деп ойладым мен.
“Қал нашар” деген сөздің мәнін мен ұзақ ойландым. Ақыры былай болған шығар деп болжам да жасап қойғам: Тито қолайсыз оқиғаға ұшыраған сияқты. Сондықтан Ренси үйлену тойын болдырмас үшін Римге келе жатыр.
Мойындауым керек,үш айға созылған бас иіп амандасу мен жымиыстардан соң Титоның құшағындағы ана қуыршақ қыз туралы пікірім де өзгерген-ді. Ал енесі жек көрінішімді оятқан.
Келесі күні таңғы сегізде вокзалда болдым.
Ал енді өзіңіз ойланып көріңізші, тағдыр осы мені мазақ қылып жүрген жоқ па? Поезд жеткен. Терезеден Ренси басын қылтитты. Мен оған қарай ұмтылғам. Сол сол-ақ екен, аяғым тәлтіректеп, қолымның салдырап сылқ еткені…
— Менің қасымда байқұс Тито бар, — дейді Ренси бөлесін нұсқап.
— Тито Бинди сенімен бірге ме, қалайша? Ал сонда үш ай бойы Римнің көшесінде кездесіп, бас изесіп жүргенім кім?
Тито… О, құдай, мына байқұстың сықпытын қара! Тито, Тито! Бұл қалай өзі? — деп күбірлеймін мен. — Сен.
Тито мойныма асылып, зар еңіреп жылап қоя берді. Есім шығып Ренсиге қараймын. Не болды! Не боп қалды! Есімнен адасудың аз-ақ алдындамын.Ренси өз самайын өзі саусағымен бұрғылап терең күрсінеді.
— Кім,Ренси? Мен бе, әлде Тито ма? Есінен айрылған кім?
— Болды, Тито, — деп жұбатады Ренси бөлесін. — Сабыр! Сабыр сақта! Мына шабадандарды қарай тұр, Пифагор екеуміз жүктерге барып келейік.
Ренси жолай осыдан екі жарым жыл бұрын Форлида үйленген туысқанының бастан кешкенін қысқаша айтып берді:
Екі баласы өмірге келген. Төрт айдан соң солардың бірі соқыр болып қалады. Живописьтен түсетін ақшасы да отбасын асырауға жетпейді. Енесімен және өзімшіл де топас әйелімен арадағы кикілжің Титоны есінен адастырыпты. Ренси оны көңілін аулау үшін және дәрігерге көрсету үшін Римге әкеліпті.
Титоның қазіргі жағдайын өз көзіммен көрмесем, Ренсиді әдеттегідей өзімді мазақ қылып тұр деп ойлар едім. Біршама ренжи әрі ұяла тұрып мен Ренсиге дәл бүгінге дейін өзімді алдап келген Рим көшелеріндегі ана бір Тито-күйеу жігітпен болған түсінбестіктер туралы айтып бердім. Бөлесі үшін ойы әлем— тапырақ болып тұрса да Ренси күлкісіне ие бола алмай қалды.
— Шын айтам,-деп ақталғам мен. — Бір-біріне егіз қозыдай ұқсас, аумайды. Бір-бірімізге бас ие сәлемдесіп жүргенімізге үш ай болды. Тіпті соған үйреніп те алдық. Әрине, шындықты енді біліп тұрмын. Мен сәлемдесіп жүрген Тито осыдан үш жыл бұрын Форлиға кеткен Титодан аумайды. Білесің бе құдды Титоның аузынан түскендей. Тито сияқты қарайды, Тито сияқты сөйлейді, Тито сияқты күледі, Тито сияқты жүреді. Нақ өзі дерсің. Дәл қазір бөлеңді көрген кезде қандай күйге түскенімді түсінесің бе өзің. Өйткені оны кеше сағат төрт шамасында көрдім ғой. Қолтығында-қалыңдығы, жүзі гүл-гүл жайнайтын.
Алайда менің тағдырым солай— айтқан сөзімді ешкім шындық деп қабылдамайды. Біраз күліп алған Ренси де көңілін аулау үшін науқасқа айтып берді. Ал енді бұдан не шыққанын көріңіз!
Алғашында менің қателігім байқұсқа бір түрлі әсер еткен сияқты еді. Сосын вокзалдан қонақүйге бара жатқанымызда әлде нені ойлап келе жатқан ол мені қолымнан бас салып ұстап, көзін айырмай қадап тұрып былай деп айғай салған:
— Сенікі дұрыс,Пифагор!
Селк еткем. Бірақ күлуге тырысып былай дедім:
— Сондағы айтпағың не өзі, қымбатты Тико?
— Сенікі дұрыс деймін!— деп қайталаған ол. Өзі қолымды босатпай тұр. Кең ашылған көздерінен жарқыл байқалады. Сен қателескен жоқсың. Сенің сәлемдескен адамың шыныда да менмін. Ол менмін, Пифагор. Мен Римнен ешқашан кеткен де жоқпын. Осы ойымды жоққа шығаратындардың бәрі маған жау. Сенікі дұрыс. Мен осындамын. Римнен ешқашан кеткен де жоқпын. Жап— жас, бақытты қалпымдамын. Сен мені сол күйімде көріп сәлемдесіп жүрдің. Қымбатты менің Пифагорым! Мен қайтадан еркіндікті сезіне бастадым! Мені жан дүниемді қинаған азаптан құтқардың! Рақмет, қымбаттым. Рақмет, рақмет… Мен бақыттымын!
— Біз қолайсыз түс көрдік, Твирино,-деген ол Ренсиге бұрылып. — Сүйші мені, мен тағы да өзімнің Римдегі студиямда қораздың шақырғанын естіп тұрмын. Менің айтқанымды ол да растайды, Пифагор. Рас емес пе, Пифагор? Ә? Сен мені әр күн сайын Римде көріп тұрдың? Ал, Римде не істеппін? Осының бәрін Твириноға айт? Мен суретшімін! Суретшімін! Ал менің суреттерімді сатып ала ма? Мәз болып тұрғанымды көріп тұрсың, демек сатып алады. Охо! Бәрі де керемет! Жасасын жастық! Мен бойдақ, еркін, бақыттымын…
Ал қалыңдық ше? — деген сөздің аузымнан шығып кеткені. Ренси Титоға менің басымнан кешкендерімді айтқан кезде қалыңдық жайын қасақасна бүгіп қалған-ды.
Титоның қабағы аяқ астынан түйілді. Менің білегімнен қос қолдап ұстап:
— Сен не дедің? Мен үйленем бе сонда? — дегені.
Зәресі ұшқан Тито алақтап бөлесіне қарады. РЕнси маған белгі берген.
— Қайдағыны неге айтасың?! — деген мен жаңағы қателігімді жуып-шаймақ болып. — Қайдағыны неге айтасың, Тито? Ана мыстанды жай мазақ қылып жүргеніңді білемін ғой мен…
— Мазақ? Мазақ дейсің бе? — деген көзі алақтап, жұдырығын түйген Тито.
— Мен қайдамын? Қайда тұрамын? Мені қай жерден көрдің? Егер әйелді мазақ қылғанымды көрсең мені итще тепкіле, әйелдерді мазақтамайды… Бәрі де солай басталады ғой, Пифагор! Ал сосын сонан кейін…
Ол бетін алақанымен жауып қайта жылады. Ренсидің оны жұбатпақ әрекетінен де түк шықпады.
— Жоқ,жоқ. Егер мен Римде де үйленсем толықтай өлгенім. Менің Форлиде қандай күйге түскенімді қарашы, Пифагор. Құтқар мені, құдай үшін, құтқар мені! Қандай жағдайда да мені тоқтатуың керек. Мұның алдындағы үйленуімде де… Бәрі де осындай оқиғалардан басталған.
Ол қалшылдап кеткен.
— Бірақ мұнда бірнеше күн ғана боламыз. Сенің картиналарынды сату үшін осындағы кейбір мырзалармен сөйлесу үшін ғана уақыт керек. Ал сосын қайтадан Форлиге ораламыз,-деді Ренси.
— Енді одан да көмек жоқ, — деп түңіле қолын бір сілтеген Тито. -Біз Форлиге қайтамыз. Ал Пифагор бұрынғысынша Римде мені кездестіре бермек. Ия, солай. Басқаша болуы мүмкін де емес. Твирино, жырақта өмір сүрсең де мен тұрақты түрде осында, Римдемін. Тұрақты түрде Римдемін! Менің ең жақсы жылдарым кеше Пифагор көргендей…бойдақ, азат, бақытты қалпымда осы Римде өткен… Солай емес пе? Ал біз кеше Форлиде болдық. Айтсаңшы, солай емес пе?
Қатты толқыған Твирино Ренси жылап жібермес үшін басын бір сілкіп алып қабағын түйді. Бөлесінің дәл осыншалықты ессіз қалге түскенін ол бұрын соңды көрген жоқ-ты.
— Тез, тез, тез,-деген Тито.— Кеттік, сен мені өзіммен кездесетін жеріңе апар. Виа Сардиниядағы менің студияма баралық. Қазір
сонда болуым керек. Қалыңдығым да онда жоқ шығар деп үміттенем…
— Қайтіп сонда? Сен осында біздің қасымызда тұрсың ғой, қымбатты Тито, — дегем мен ол есін жинар деген үмітпен. — Осыны шын айтып тұрсың ба? Менде осындай түсінбестіктер болып тұратынын сен білмеуші ме ең? Жәй, сені өзіңе ұқсас бір адаммен шатастырып алыппын.
— Жоқ, ол менмін! Оңбаған! сатқын!-деп айғайлаған есі ауысқан пенде көздерін алақтатып. — Ол байқұстың да жағдайын ойла! Мен оны алдадым, ештеме ескертпестен оған үйлене салдым. Ал енді келіп, сен мені алдамақшысың ба? Шыныңды айтшы? Онымен келісіп алдың ғой? Екеуің бір жақсыңдар ғой? Мені алдап үйлендірмекшісіңдер ғой? Мені виа Сардинияға апар…Ә, жоқ. Жолды білем. Өзім-ақ барам.
Оны жалғыз жібермес үшін соңына еруімізге тура келген. Жолшыбай мен оған былай дедім:
— Кешір, сонда не, өзіңнің қазір виа Сардинияда тұрмайтыныңды ұмытып кеттің бе?
Менің осынау сауалымнан есі шыққан ол кілт тоқтады да қабағын түйіп:
— Сонда мен қайда тұрам,өзі? Сен оны менен жақсырақ білуге тиіссің,-деді.
— Мен бе? Ғажап! Егер өзіңнің қайда тұратыныңды өзің білмесең, мен қайдан білемін?
Менің түсінігімде бұл сенімді уәж сияқты еді. Тито оны мойындар деп ойлағам. Есінен адасқандардың да өзіндік бір қисынға иланатынына еш күмәнім жоқ-тұғын. Маған салса, олардың өзіндік қисыны біздікінен де нақтырақ болуға тиісті сияқты еді.
— Мен бе? Бірақ мен өзімді үйленетінмін шығармын деп ойламағам. Сонда саған керегі менің Форлиде жүріп-ақ өзімнің Римде не істейтінімді білгенім бе? Шынтуайтында оны күнделікті өз көзіңмен көріп жүрген сен ғана білесің. Кеттік, кеттік. Мені апарып сал. Бір сенерім өзің ғанасың.
Көшеде келе жатқанда ол маған телміре көз салумен болды. Оның жалынышты көзқарасы жүрегімді сыздатқан. Байғұстың Рим көшелерінен өзінің екінші сыңарын іздеп келе жатқаны анық— тұғын. Сол сыңары өзінің түсінігінде баяғы еркін де бақытты қалпында еді. Ол менен таяу маңнан не көресің деп сұрайды. Барлық бақытын менің көзқарасыммен іздеп келе жатқаны рас болатын.
Менің жүрегімді алаңдаушылық биледі. Ал, егер бақыт— сыздыққа орай, сол сыңарына кездесіп қалсақ ше, деп ойлаймын. Әлбетте. Тито оны таниды. Өйткені, ұқсастық үлкен. Оның үстіне ана жексұрын бәтеңкенің дырылдаған дауысы көңіл аударуға татырлықтай— ақ. Қарғыс атқан бәтеңкенің дырылдаған дауысын осы қазір еститіндей көрініп кеткені.
Алайда, олай болмауы да мүмкін ғой? Құдай соған жазсын де!
Ренци бірдеңе сатып алу үшін магазинге кірді. Тито екеуміз оны көшеде күттік. Іңір түсіп келе жатқан. Ренци шығатын есікке сабырсыздана телмірем. Сол сәттің тым ұзаққа созылып кеткені де рас-тұғын. Бір кезде Титоның рахаттана күлімсірегені. Бақытсыз-ай! Оның қуаныштан жарқыраған көздерінен жас парлаған. Ол сыңарын көрген-ді. Ол маған бізден екі қадам жерде тұрған сол сыңарын нұсқады.
Қалжыңнан адамын,өзіңізді менің орныма қойып көріңізші. Әлгі мырза өзін саусағымен нұсқағандарды байқап, қабағын шытқан. Бірақ мені көрісімен бұрынғысынша сәлем ишарасын жасады. Байқұс сондай тәрбиелі еді. Бір қолыммен оған сәлемдесіп, екіншісімен Титоны жетектеп алып кетпек болдым. Кереметтің өзі осыдан басталған.
Бақытқа орай әлгі мырза менің ишарамды түсініп, күлімсіреген. Ол менің жолдасымның жынды екенін ғана ұқты. Бірақ Титоның өзіне ұқсастығын сәл кешірек аңғарды. Солай! Тито осыдан үш жыл бұрын тура осындай болатын. Бұл нақ соның өзі-тұғын. Ақыры ол өзінің осыдан үш жыл бұрыңғы келбетімен бетпе-бет жүздесті. Тито өз сыңарына жақындаған. Сыңарына риза бола қарап, қолын сипап құшақтағаны.
— Қандай жақсы едің? Қара, мынау — біздің қымбатты Пифагор, — дейді ол.
Маған қараған мырза сәл күлімсіреп, есі шыққанын аңғартып алған. Оны сабасына түсіру үшін мен де күлімсіреудің ишарасын жасадым. Олай жасамағаным дұрыс болады екен! Тито біздің бір— бірімізге күлімсірегенімізді аңғарып, көңіліне күдік кіріп:
— Үйленсеңші, ақымақ! Мені құртасың ғой! Не, құдды мен сияқты болайын деп пе ең? Ешкімге қажеті жоқ жалаңаяқ болғың келе ме? Ана қызды таста! Мұндай нәрселермен қалжыңдамайды, нақұрыс! Оңбаған! Егер өмірді білмесең…
— Бірақ түптің түбінде! — деп маған айғай салған байқұс. Сол кезде төңірегімізге әуесқой жұртшылық та жинала қалған. Оларға:
— Кешіріңіздер… — дей бергенім сол еді Тито маған:
— Жап аузыңды сатқын! — деп айқай салды.
Ол аз десең, құйрығымнан бір тепкен. Одан соңғы жұмсақ та астыртындау дауысы сыңарына арналған.
— Қажет емес, сабаңа түс! Құдай үшін. Тыңда мені… Сенің шамшыл екеніңді білемін… Бірақ саған өзімді қор қылуға рұқсат етпеймін,-деген ол
Сол кезде көпшілікті қақ жарып бізге Ренци жақындады.
— Тито! Тито! Не боп қалды?
— Нені айтасың?-деген байқұс Бинди. — Мынаған қара, мынау сол! Үйленгісі келеді! Сен оған нәрстесінің соқыр болатынын айт…
Ренци оны аулақтатып әкетті.
Маған әлгі мырзаға мән-жайды түсіндіруге тура келген. Бұл әңгімем күлкісін келтірер деп ем, қате екен. Зәресі ұшып тұрып менен:
— Демек, шынында да мынаған ұқсаймын ба? — деген.
— Қазір ұқсамайсыз,-дедім мен. — Егер оны осыдан үш жыл бұрын үйленбей тұрғанда Римде көрсеңіз — егіз қозыдайсыздар!
— Үш жыл өткен соң өзімді дәл осындай күйге түспеспін деп үміттенейік.
Осымен әңгіме біткен шығар деп ойлағам. Алайда қызық алда екен.
Алдыңғы күні — мен айтып берген осы оқиғадан аттай екі ай өткен соң Эрманно Леверадан тілдей қағаз алдым. Онда былай деп жазылыпты:
“Мырза!
Бендиге айтыңыз, мен оның кеңесін орындадым. Оны ұмыта алар емеспін. Ол менің көз алдымнан болашақтың елесі есебінде кетер де емес. Үйленуден бас тарттым. Ертең Америкаға аттанам.
Сіздің Эрманно Левераңыз.”
Міне осындай керемет болған.
Байғұс жігіт-ай! Оны біреумен шатастырып, қателесіп сәлемдеспесем, бір қыздың бақытты жары болатын-ақ реті бар еді. Алайда, біздің күнаһар дүниеде мұндайда кереметтер болып тұрады…
Десекте, өз ойымша сол жолғы кездесудің байқұсқа осыншалықты әсер еткені рас болса, азып-тозған Бинди арқылы өзін үш жылдан соң күтіп тұрған болашағын көргені анық сияқты.
Алайда, оқиға барысы керісінше болмайынша, Левера мырзаның есінен ауысқанына да сене алмасым анық.
Қазір таяудағы күндері масқара болған қалыңдық пен оның шешесінің келуін күтіп жүрмін. Уәде беремін, екеуін де Форлиға жібермекпін. Олар өздерін байқұс Тито Биндидің әйелі мен енесі есебінде сезіне алар ма екен? Олардың бір-бірінен аумайтынына қазір өзім де әбден сенген сияқтымын. Айырма қосақтардың арасында соқыр нәрсетенің өмірге келмейтінінде ғана. Әлбетте, Левера мырза кеше Америкаға кетіп қалған болса ғана…

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *