ЕСКІ КИПАРИС ТҮБІНДЕГІ ОРЫНДЫҚ (Луиджи П.)

ЕСКІ КИПАРИС ТҮБІНДЕГІ ОРЫНДЫҚ

Тіпті ең жақсы кезінде де (ол жұртшылықтың есінде ғой) ол мінез-құлқы өзгелерге түсініксіз адам болды. Адамдар да қызық еді. Бұған біртүрлі қарайтын. Кейде бетіне қарап тұрып себепсізден себепсіз сылқылдап күлетін, кейде бұған жон арқасын беріп, бұрылып кететін. Бұндайда өзіңді есуас санамай көр! Адамдармен қанша араласаң да, жүректерінде қандай ойлар жатқанын біле алмайтының тағы рас. Әйтеуір оңды-солды сабылған біреулер. Сондай-ақ әлдебір ісіңе наразы адамдардың өзің күтпеген жерден ашу шақыратыны тағы бар. Одан да жаманы кейде аяқ астынан, өзіңде білмейтін себептермен, адамдардың өзіңе арамдық ойлайтыны да заңды құбылыс. Сөйте тұра осыдан біраз уақыт бұрын өзіне жамандық жасаған біреулерге достығы мен құрметін жанұшырып білдіріп жататынын қайтерсің?!
Оның сыртқы келбеті де, өзін өзі ұстауы да бір түрлі күлкілі еді. Ондайда онсызда арық сирақтары ағаштай серейіп, тұрақты түрде, айнытпай киетін қос қапталды пиджагі дайын көйлектер магазині алдына қойылған балауыз сұлбаға кигізілген киімше денесін қысып тұрар еді. Осынау күлкілі денеден әрі тым ұзын мойнына қонған кішкентай басы, шағын мұрты, тынымсыз жыпылықтаған оймақтай көздері өзінше бір ғаламат!
Оның осы аймақтағы үздік заңгерлердің бірі екенін білетіндердің мына сықпытына көңілі толмайтындары да рас. Олардың мұндай ойларын сезген сайын заңгер Лино Чиминоның өзі қарқылдап тұрып күлетін.
Өзіне тым жақын достарының кейбіреулері өзі сияқты адамның өсекке қалмасы үшін кейбір сөздерді байқап айту керектігін талай-талай ескертті.
Оған көне қояр заңгер қайда саған?! Ол бәрін қасақана жасайтындай еді. Ешқашан жұрттың өсегінен сақтанған да емес. Мәселен ол төрт рет босанғанда да қас қылғандай өзіне төрт қыз туып берген әйелін қарғап, аспанға қолын созып құдайға жалбарынғанда да ешкімнен қыңбайтын. Ол осының бәрін қасақана адамдар көретіндей етіп те жасайтын сияқты еді. Мейлі, өзінің ұл тудыра алмайтын еркек екенін ел-жұрт тегіс білсін дей ме екен? Осынау әрекеттері ақыры достарын біртіндеп жоғарыдағыдай ескертулерін тиюға да мәжбүр етті.
Осыншалықты дарынды адамның өмірдің түкке тұрмайтын ұсақ-түйектеріне бола мазақ пен әжуаға ұрынуына, сондай-ақ кез-келген күрделі де қиын қылмыстардың сырын оп-оңай ашып, ақты-ақ, қараны-қара қалпында көрсетіп, тыңдаушылардың есін шығарған кереметіне сену де қиын еді.
Түбі ажырасуға әкеліп соғатын отбасындағы әйелі мен екеуінің арасындағы тұрақты дау-дамайда нағыз тамұққа ғана тән қылық болатын. Әйелі мен екеуін татуластыру үшін достары бірінен соң бірі келіп жатады. Әсіресе, осындай жауапкершілік Чиминоның өзі шын сенген достарының біріне көбірек жүктелетін-ді. Ал бұл жолғы жанжалда, достарының пікірі бойынша бірден-бір бітімгер есебінде қорғаушы Карло Папия таңдалды.
Чимино оны өзінің қорғаушылар кеңсесіне университет дипломын алысымен шақырған. Ол кезде кішкентай төрт қызы да Папияның өз үйлеріне қарай беттегенін көрсе-ақ болды, жүгіріп алдынан шығатын. Қыздар ол кіріп келгенде шешесінің, тіпті әкесінің езуіне де күлкі үйрілетінін білетін. Әдепкі жанжалдан соң үйде бейбітшілік орнасымен қыздар жапатармағай оны сейілге шақыратын. Төрт қыздың әр қайсысы да сейіл кезінде оны қолынан ұстап жүруге тырысты. Папия өзінде екі-ақ қол болғандықтан төртеуін бірдей жетектеп жүре алмайтынын айтып қалжыңдайтын.
Қыздарды қолынан жетектеп, қала көшелерінде қыдырыстап жүргенін көрген ортақ достары да Чиминоның оны жерде қалдырмайтынын түсінді. Сөйтіп ол жанұяның сүйіктісіне айналған. Папияны оқыту үшін шығындалған ата-анасының ақшасының орны да толуға тиісті еді.
Алайда жас әйелі мен өзінің арасындағы дүрдараздықты шешу үшін сырт бітімі келісті, пысық жас жігітті тартудың қисыны бола қояр ма екен? Оның үстіне әлгі жігіттің мақсаты осы үйді махаббат пен келісімге толтыру ғана болса… Сатқындықтың сыры ашылған кезде Лино Чимино өзін біртүрлі ұстаған. Мұндай шаруа тек оның ғана қолынан келетін-ді. Бір әрекеті екіншісінен ыңғайсыздау, көңілге қонбайтындай болып жатты. Мұндай оқиғаның жұртшылық назарынан тыс қалмайтыны да белгілі. Әлдекімнің әйелінің көзіне шөп салғаны, елдің жаппай пыш-пышына айналса…, мұндайда жұртшылық та пәле ғой, ештеме білмеген адам ғой сияқты тымырайып жүре де бермек. Алайда, мұндайда еркектің өзінің айғай көтеруі одан да жаман. Айрылысып кетсең жақсы, өйтпеген жағдайда жаңағы жасаған әрекетің өзіңді өзің масқаралағаның болып шыға да келмек.
Әуелде Чимино әйелін үйінен қуып шықты. Бірақ әйелінің ашынасынан кек алу ойында да жоқ еді. Керісінше, бұрынғы жасаған қызметтері үшін оған риза екенін айтып жүрді. Одан соң қыздарын аяп, енді қайтып көңілдесіне жоламаймын деген уәдесін алғаннан кейін әйелін үйіне де енгізді. Алайда Папиямен алғаш рет көшеде кездесуі мұң екен Чимино қалтасынан тапаншасын суырып алып, тарсылдатып ата бастайды. Төңіректегі адамдар тым-тырақай қашқан. Папия қолынан жеңіл жарақаттанды. Ал Чиминоны екі полицей тұтқынға алған. Соттан ақталып шыққан соң Чимино екі қабатты түрі түрмеден аумайтын зәулім үй салып, қыздары мен әйелін жоғары қабатында тұрғызды да, өзі төменгісіне қоныстанып,әр күн сайын жеңіл жүрісті қыздар әкеліп отырды. Чиминоның өзін тұрпайы әрі арсыз ұстағаны соншалықты достарын былай қойғанда, бұрынғы самсаған клиенттерінен де айрылып қала жаздаған. Клиенттері оған сенімсіздікпен қарап, басқа заңгерге жүгінуді шығарды.
Адамның басында ішінің қатты ауыртаны кезі болады ғой. Ондайда тыныстау да ауырламақ. Қай жаққа аунап жату керек екенін де білмейсің. Амалсыз кереуеттің жақтауына жармасасың. Басыңды қабырғаға да соққың келеді. Айғайламақ болсаң даусың да шықпай қалады. Төңіректегілеріңе әсіресе, қасыңда тұрған, көрінген танысың тықпалаған дәрдәрмекке деген жек көрінішің де оянбақ. Ал, төңірегіңдегі сол адамдар біртіндеп сенің сол азабыңнан мезі де бола бастамақ. Сол кезде олардан құтылғаныңды сезініп, оңаша қалғаныңды түсінудің де өзіндік рақаты болмақ. Чиминоның сол кездегі жағдайы осындай еді.
Бақытқа орай мұндай кезеңдер жылдам өтеді. Алайда қорғаушы Лино Чиминоның жағдайында ол қиынға соқты. Іштегі қайғы мен ыза оны жылдан жылға жүдете түскен.
Әйелі үйіне қайтып келді. Чимино ақталған соң әйелінің көңілдесі қаладан кетіп тынды. Қысқасы, бәрі де одан арғы кектесуді, одан арғы айқай-шуды қажетсіз шаруа деп түйді.
Алайда оған амалсыз тұтқын кейпіндегі әйелінің терезеден де қарай алмайтыны аз көрініп кеткені. Оған себеп қыздарының сол әйелдің қасында қалғаны еді. Жұрттың өсегін тыңдаса өзінің ана екенін ұмытып, жеңіл жүріске барған әйел балаларын қайтіп тәрбиелемек? Адамдармен араласудан қалып, азаттығынан айрылған сатқын әйелдің осылай өз үйінде жүре беруі ол үшін бір жағынан ауыр да еді. Төменгі қабатта тұрып жатқан ол жоғарыдағы әйелінің жүріс-тұрысын, тіпті ара-тұра өлең айтып, күлгенін де естіп қояды. Чимино онсызда қалт-құлт етіп өмір сүріп жатқан Папияның ата-анасын әбден кедейлендіріп тынған. Ол аз десең ұлдарын астыртын аңдуды да тоқтатпады. Алайда Чиминоға бұл да аз көрінген. Өйткені Папияның кетіп қалуы мұның аңдуынан емес, өзін сөккен толассыз сөздердің әсері еді. Шынында да Папияның қайдағыбір әйелдің азғыруына еріп, өзіне жақсылық жасаған адамға жамандық жасауы сөгуге тұрарлықтай. Оның кесірі Папияға да, оның туған-туыстарына да тиді. Егер сол рас болса, (Чиминоның солай екеніне күмәні жоқ) Чиминоның оған қастандық жасауы өзінен де көрі оның туысқандарын риза қылуға тиісті еді…Чимино өзіне салса таныстарының сөккен сөздеріне қарамастан Папияның осында келіп, мұның ашу— ызасын онан әрі қоздырғаны керек еді.
Алайда Папияны бұл қалаға шақырған ешкім жоқ. Сондай-ақ біртіндеп ашу-ыза да басыла бастаған. Папияның аты да естілмейді. Жылдар өтіп жатты. Қыздары бірінен соң бірі әкесінің клиенттеріне күйеуге шыққан. Күйеулері оларды ешқандай үйлену салтанатынсыз-ақ мұңды, көңілсіз қалыптарында бірінен соң бірін провинциялық қалашықтарға жетектеп әкетіп жатты. Чиминоның қаңырап қалған үйдегі ендігі тағдыры туралы ешкім де ойланбаған. Әйелі жападан жалғыз жоғарғы қабатта, ал өзі жападан жалғыз төменгісінде тұрып жатты.
Бұрынғы бұрқылдап қайнап жататын әйеліне деген ашу-ызасы да күнделікті күйбеңі көп өмірдің дәргейімен суып, сабасына түскен-ді. Сонау көңілсіз оқиғалар да уақыт көмбесінің астында қалған.
Алайда, ешкім күтпеген жағдайда қорқынышты елес тәріздес сол заман естеліктерінің аяқ астынан көрініс бергені. Соған қарап бұл дүниенің зауалы о дүниеге кетпейді деген қағидаға сенгеннен басқа амал да жоқ-тұғын. Уақыттың да өзіндік тартқызар жазасы бар екен. Қайдан келгені белгісіз қала көшелерінің бір жағында әбден адам танымастай жүдеген, быт-шыт сақалы ағарған, жартылай соқыр, қайыр сұраған Папияның, ал келесі шетінен әлдебір төтеннен келген науқасын жасырғандықтан өз үйінде өзі бір неше ай қамалып отырғандықтан тірі аруаққа айналған Чиминоның пайда бола кеткені. Құдай сақтасын, жағасының ішіне жасырынған мойын түсі шынында да адам көрсе ұялғандай ұсқынсыз еді. Иегі мойын қуысына еніп кеткен сияқты. Боп-боз бетіндегі көздерінен де тіршілік белгісі болар болмас қана аңғарылатындай. Сондай-ақ мыж-тыж бет жүзін ескі үйлердің қабырғасында кездесетіндей қарала-торала дақ басыпты. Әйелінен кек алу мақсатында емін-еркін сайран құрып, ойына келгенін жасаудың арқасында ол қазір бет-бедерін, бой— болмысын адам жиркенгендей жағдайға жеткізген қатерлі ауруға ұшыраған-ды.
Адам төзгісіз азабын айқын аңғартып тұрғанымен оның көздерінің ара-тұра бұрынғысынша отша жарқылдайтын сәттері де бар-тұғын. Соған қарап оны ақыл-есінен толық айрылды деуге де болмайтын. Десе де сол көздерде болмашы қорқынышта бар еді. Клиенттері оның кабинетіне аттап баспайтын болған. Чимино соған қарамастан сарғайып кеткен қағаздарын жайып тастап, қазір ешкім ашпайтын, кезінде жасыл болған қазіргі түсі түсініксіздеу терезе шымылдығына телміріп ұзақ-ұзақ отырар еді. Белгілі бір сағаттарда ол кабинетін жауып қала қақпасы сыртындағы қаңырап жатқан аллеяларға қыдырыстап шығатын-ды. Сол жерден таулар мен жазықтардың керемет бейнесі де көзге шалынатын.
Бұл күрт бұрылыспен өтіп, аллеядан бұрылар тұстағы кипарис түбінде орындық бар болатын. Аллеяның жан-жағында жас та мықты ағаштар самсап өсіп тұрды. Солардың арасында бір ғана кипарис жат әрі жадаулау көрінетін. Жапырақтарынан әлде қашан айрылған осы бір кәрі ағаш өлі де ұзын жай ғана сырық түрінде еді. Осынау кәрі де сүйкімсіз кипарис түбіндегі орындыққа отыруға ешкімнің зауқы да жоқ. Ал жұрттың ішек сілесін қатыру үшін арнайы қойып кеткен қорқынышты қуыршақ сынды Чимино дәл осы бір кипаристің түбіне келіп сағаттар бойы қозғалыссыз, түнеріп отырар еді.
Қызыліңір түсіп, қараңғылық қоюлана бастаған кез. Орындықта отырған Чимино қаңырап жатқан аллеямен бір қолын алдына созып, екінші қолындағы таяғымен жолды тарсылдатып келе жатқан соқыр Папияны көрді.
Чимино оны атын атап шақырған.
Бағзы орында тұрғанымен орындық қызыліңірдің қараң— ғысында сау көздің өзіне әзер-әзер көрінуге тиісті болатын.
Жартылай соқыр Папия оның дауысын естіп, кім екенін анықтау үшін жақындап келді. Чимино екенін білген ол алғашқыда дір ете түскен. Ізінше бүкіл жан-дүниесімен, денесін селкілдете жылап, орындыққа етпеттей құлады. Ол дауыстап жылай да алмайтын. Бар-жоғы мұрны пысылдап, соқыр көзінен жасы парлап жатты.
Екеуі де ләм-мим деген жоқ.
Папияның жылағанын естіген Чимино басын да бұрмастан қолын созып, ақырын ғана оны тізесінен түртті.
Сөйтіп екеуінің де кінәсінен болған сонау оқиғаның салдарынан қажып жүдеген олар қатар отырған-ды. Шамасы, сонау қайғылы сәттері уақыт шіркіннің дәрігейнде қас-қағым сәтке ғана созылған сияқты да еді. Алайда оның екеуінің де жанын тыныштандырмағаны анық-тұғын.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *