АНГОЛА

АНГОЛА, Ангола Республикасы — Африканың оңтүстік-батысындағы мемлекет, президенттік республика. Заң қабылдаушы органы — Ұлттық Ассамблея. Атқарушы билік үкімет қолында. Жер көлемі 1246,7 мың км2. Астанасы — Луанда (1,5 млн., 1990 ж). Ірі қ-лары: Бенгела, Уамбо, Лубанго, Маланже, Кабинда. Әкімш. жағынан 18 провинцияға бөлінеді. Халқы 10,9 млн. (1993 ж). Олар батуконго және батыс банту этник. топтарына бөлінеді. Мемл. тілі — португал тілі. Халықтың 80%-тен астамы христиан дініне сиынады.

Табиғаты. А. аумағының басым бөлігі үстіртті, таулы келеді. Теңіз жағалауы ойпатты (ені 100 км-дей). Климаты экваторлық муссондық және тропиктік пассаттық. Қаңтар айының орташа темп-расы 20° — 25°С. Жауын-шашынның жылдық мөлшері 1000 — 1500 мм, теңіз жағалауында 250 мм. Үлкен өзендері: Кванго, Касаи, Кунене, Кванза. Таулы үстірттің солт-н қалың орман, ал оңт-н қуаңшылықта жапырағы түсіп қалатын сирек бұталы саванна (ағаш пен бұта өсетін шөл дала) алып жатыр, батыс беткейінде мәңгі жасыл тропиктік ағаштар өседі.

Тарихы. А-ның ежелгі және орта ғ-лардағы тарихы толық зерттелмеген. 15 — 17 ғ-да мұнда Гола-ан-Данго, Конго, Луанда аталатын мемл-тер болғаны белгілі. Олар туралы алғашқы мәліметтерді еуропалық саудагерлер, саяхатшылар қалдырған. Сауда жұмыстарымен келген португалдықтар түрғылықты халықты тонап, шауып кетіп отырған. Түрлі әдістермен жергілікті көсемдерді құлдар сатуға әуестендіріп, кейін күшпен бағындыруға кіріскен олар біртіндеп өз билігін тікелей жаулап алу арқылы орната бастады. Сөйтіп бүкіл А. 15 ғ-да португалдықтардың отарына айналды. Төрт жүз жылға созылған құл сату жүйесі А-ны әбден қансыратты. Миллиондаған А. азаматтары Америкаға, Еуропаға сатылды. Өз еліндегі жергілікті халық та адам төзгісіз қанау мен қорлауды бастан кешті. А. Африкадағы ең артта қалған елдердің қатарында болды. 1961 ж. ақпанда Луанда қ-нда А-ны азат ету жолындағы бүкілхалықтық қозғалыс ұйымы (МПЛА) қарулы көтеріліс бастады. Ұлт-азаттық күрес қиын кезеңдерді басынан өткерді. Оған тайпалық, саяси бақталастық себептерінен жікшілдік және шетелдік араңдатушылық әрекеттер араласты. Әйтсе де қиыншылықтарды біртіндеп жеңе білген МПЛА біртіндеп ұлт- азаттық күресінің негізгі күшіне айналды. Қозғалыс көптеген елдерден қолдау тапты. А-ның азат болған аудандарында МПЛА халық үкіметін орнатып, әлеум. шаралар жүргізе бастады. А. халқының қарулы қарсылығы Португалияның басқа отарлары — Гвинея-Бисау мен Мозамбиктегі азаттық соғыстарымен байланыса әрекет етуі отаршылардың күшін әлсіретті. 1975 ж. 11 қарашада А. патриоттары елдің ұлттық тәуелсіздігін жариялады. Алайда көтерілісшілердің түрлі партиялары арасында билік үшін талас басталып, ол азамат соғысына ұласты. Аймақтық жанжалға айналған А. мәселесін реттеуге 80-жылдардың аяғында ғана сәтті қадамдар жасалып, 1989 ж. сәуірде А„ Куба, АҚШ және ОАР алғашқы келісімге қол қойды. АҚШ, Португалия, КСРО араласқан азамат соғысын тоқтату әрекеттері нәтижесінде 1991 ж. 31 мамырда Лиссабон қ-нда МПЛА және УНИТА (Анголаны толық азат етудің ұлттық қозғалысы) ұйымдары бірнеше келісімге қол қойды. 1975 ж. қабылданған А. Конституциясына 1991 — 92 ж. біраз өзгеріс енгізіліп, көппартиялық тәртіп бекітілді. Бір жылдан кейін БҰҰ бақылауымен елде парламент және президент сайлауы өткізілді. Біраз уақыт тыныштық орнап, 1997 ж. А-да тағы бүліншілік басталды. Екі билік орталығы арасындағы соғыс халықты әбден тұралатты. Азамат соғы- сы әлі күнге дейін жалғасып отыр (1998).

Экономикасы. А. — аграрлы ел. Өнеркәсібі нашар дамыған. Кофе, жүгері, қант, арахис, копра, мақта сияқты а.ш. өнімдері өсіріледі. Оңт. Ауд-дарда мал ш. дамыған. Сыртқы саудада кофе мен алмас ерекше орын алады. А-ның жер қойнауы кенге бай (мұнай, алмас, кварц, мәрмәр, мыс, темір). Мұнай айыру, цемент зауыттары, балық консерв және мата тоқу кәсіпорындары бар. Ел экон-да шетел капиталы басым (АҚШ, Португалия, ГФР). 1995 ж. экспортқа шығарылған өнім — 3698 млн. доллар болса, импортпен келген өнім көлемі 729 млн доллар болды. А-ның дүн. жүз. ішкі жиынтық өнімдегі үлесі 0,02%. Отарлық езгі салдарынан А-ның ежелгі мәдениеті толық зерттелмеген.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *