Қашу (Луиджи П.)

ҚАШУ

Осы бір тұманның синьор Бареджидің жынына тигені-ай! Қасақана, бұны ренжіту үшін түскендей болған осынау тұманның салқын ылғалы бетіне, желкесіне инеше қадалады. Ол да түк емес.
— Ал ертең бүкіл буының сырқырап, басың қорғасындай ауыр тартпақ, көз алдың күлгін тартып, көзіңді аша алмай да қаласың. Ақиқатын айтқанда сөйтіп осынау далбаса тірлігіңе нүкте де қоясың,-деген синьор Бареджи өз өзіне күбірлеп.
Жасы елу екіде-тұғын. Алайда нефрит сырқаты оны күйретіп тынды.Тұрақты түрде белі сырқырап, аяқтарының тамырлары қанталайтын. Саусағы тиген жерінде ойық қалатын. Соған қарамастан ылғалды ұзын көшемен жылжып келеді. Осынау желкеннен тігілген аяқ киімімен синьор Бареджи күн сайын қызметіне барады, қызметінен қайтады. Сырқыраған табандарына салмағын кезек кезек түсіреді. Ойын бөлу үшін ол ара-тұра армандарға берілетін: Құдайдың сәтті күні туғанда бұл жерден мәңгілікке жоғалады! Үйіне ешқашан оралмайды!
Үйі туралы ойларының өзі оның ашуын қоздыратын. Ойлап көріңіз, ол осынау өзі келе жатқан ұзын данғылдын ең шетіндегі үйіне күніне екі рет келіп кетуге мәжбүр.
Мынадай сырқатты аяқтары үшін қаншалықты маңызды болғанымен қашықтықта да тұрған ештеме жоқ. Сондай-ақ бұл төңіректе адамдардың аздығы да түк емес. Тіпті оған бұл ұнайтын. Таяуда салынған бұл аймақта көше шамдарын былай қойғанда өркениетттің ізі де байқалмайтын. Сол қапталда шаруа үйлеріне ұқсас ұсқынсыз үш ғимарат тұр. Оң жақтағы шарбақ та құдды қыстақтағыдай. Қазыққа уақыт табымен жаңбыр сұрқын қашырған “жер сатылады” деген тақтайша ілініпті.
Ол үшінші үйде тұратын-ды. Төменгі қабаттағы жартылай күңгірт төрт бөлменің терезелеріне тот басқан тор қағылған. Сондай-ақ тордан да басқа төңіректегі тентектердің лақтырған тастарынан қорғаныс есебінде айқұш-ұйқыш сымдар тартылыпты. Жоғарғы қабатта үш жатын бөлме және оның жауын-шашынсыз құрғақ кездерде баққа қарап отыратын сүйкімді орны бар.
Жоқ, оның ашуын шақырған басқа нәрсе, яғни үйге оралысымен әйелі мен қыздарының өзіне жасар қамқорлығы еді. Құдды ақылсыз тауық пен шырылдаған балапан дерсің оларды! Оның соңынан қалмай кіріп келсе болды, салпаңдап бірге жүретіндері қиын еді. Біреуі үй тәпішкесін, ал екіншісі жұмыртқа уызы қосылған сүт ұсынады. Міне, біреуі оның аяқ киімін шешпек болып жатыр. Ал екіншісі жауын астында қалып қоймадың ба, терлемедің бе деп сұрайды. Не, сонда үйге қол шатырсыз келгенін көрмей ме екен?! Тамыздың тымырсық күнінде көйлегі денесіне жабысып қалғаны беп-белгілі ғой! Ал тер басқан жүзі онсыз да боп-боз!
Оның ашуын қоздырған отбасының осындай әрекеттері еді. Құдды әйелі мен қыздары оның оңашалануына, өзіне өзі келуіне мүмкіндік бермейтін сияқты.
Сонда өзіне мейірім төккен осынау үш адамға, оған көмектеспек болған ниеттерге ашуланудың қисыны қанша өзі?!
Ақиқатына келгенде оның өкпелеуіне себеп көп-тұғын!
Жан жағына қараса болды оның қапалануына сылтау табыла кететін. Мәселен, мына бір ескі, үлкен ас үстелін алайық. Онда бүкіл отбасы тамақтанатын. Ал синьор Бариджидің өзі нан мен сүттен басқа нәр сызбайтын. Сондықтан оған көл-көсір дастарханнан да қуаныш шамалы. Ал дастарханнан аңқып тұрған ет пен сарымсақтың сүйкімді исін айтсаңшы, шіркін! Ал сонда синьор Бареджидің қыздарының шешелері аса дәмді етіп пісіретін сарымсақ қосылған ет жеуіне болатынына ренжуі керек пе? Сосын қыздарының кір жуғаннан соң көбікті суларын терезеден төгетін жаман ғадеттері бар еді. Соның салдарынан бұл, яғни Бареджидің өзі кешкісін терезе алдындағы бақтан есетін жұпар иісті сезіне алмайтын.
Ақиқатына келгенде екі қызына өкпелеуі де әділетсіздік. Өйткені оларға да таңның атысынан кештің батысына дейін дамыл жоқ. Қиыр шетте айдауда жүрген адамдай. Ешкіммен араласу дегенді білмейді. Олардың да қалауынша өмір сүретін мүмкіндерінің бары рас қой.
Бақытына орай екі қызы да шешесіне тартқан санасыздау еді. Ол қыздарын аяйтын. Алайда екі қызы да осы тірлігіне әбден бауыр басқан-ды. Сондықтан аяушылығының соңының ызаға алмасуы да заңды-тұғын. Өйткені ол әсте мейірімді адамға жата қоймайтын. Ақиқатында ол отбасындағы байқұс әйелдер ойлағандай мейірбан да жақсы адам емес-тұғын. Ол қатігез еді. Ішкі жан-дүниесінде бұғып жатқан қатігездігінің ара тұра көздерінен байқалып қалатыны да рас еді.
Қызмет кабинетінде оңаша қалысымен оның ашуы сыртына тепкен. Конторка тасасында ол өзі де байқамастан қарындаш ұштайтын пышақты ермек қылып отырды. Бір қарағанда ол ессіздік құшағында сияқты еді. Конторканың сыртқы тақтасын жауып тұрған қағаз қапшығын немесе креслосының тысын тілгілеп тастағысы келген. Алайда оның орнына қысқа да ісіңкі қолдарын қойды. Қолдары да қанталап тұрған. Өз қолдарына өзі қарап, көзінен жас парлай ақты. Екінші қолмен алақанының сырт жағындағы жирен түктерді жұлқылағаны.
Иә, ол ашулы болатын. Оның үстіне өз жағдайының үмітсіз екенін де сезді. Ана үш әйел қоршап тұрған орындықта отырған қалпында көп ұзамай-ақ өлуге тиісті еді. Осы ойларының бәрі оны бәрінен қашып кетсем қайтеді деген қырсықты ойға жетелегені.
Иә, осындай ғажап ой оның басына сол түні келді. Ой санасының емес, қолдары мен аяқтарының бұлшық етінің дегенімен синьор Бареджи бұрылыстан шыға берген сүт саудагерінің арбасына жармасқан.
Сонда қалай болғаны бұл? Салауатты да құрметті синьор Бареджи сияқты адамның қайдағы бір сүт сатушының арбасына отыруы қалай өзі?
Иә, ол сүт саудагерінің күймесіне отырған. Көшенің бұрылатын жерінде күймені көрісімен-ақ сондай ойға келген. Оның танауына жас шөптің бас айналдырар исі келді. Сондай-ақ саудагердің орындықта жатқан жамылғысынан да ерекше бір иіс аңқитын. Қиырдағы жазықтықтың иістері оны керемет бір қиялға да бөлеген. Сол сол-ақ екен өзін Номентан Виадукунан тысқары, Патси вилласының сыртындағы кең жайлау жазықтықта еркіндікте жүргендей сезінді.
Арбаға жегілген ат жол жиегіндегі шөпке ара-тұра мойнын созып қояды. Шамасы көлік тұман арасындағы үш үйдің қасынан да өткен сияқты. Ал саудагер болса әр үйдің әйелімен ұзақ уақыт әңгімелесіп тұрып алған. Осындай бір шаруа үстінде саудагер бос құтыларын алу үшін әлдебір үйге бас сұққан. Шықса аты да күймесі де жоқ. Ол шу көтеріп дүние-мүлкін іздеген. Ал бұл сәтте өзіне, ана әйелдерге, сондай-ақ саудагерге не болатынын ойына да алмаған синьор Бареджи қанағат пен үрейден есі шығып, атқа қамшы басып, ұзап бара жатты. Көзі алақ-жұлақ еткен ол ой-санадан жұрдай еді.
Ол атты бірден шаба жөнеледі деп ойламаған. Соған қарағанда кәрі жылқы да емес сияқты. Шапқан аттың екпінімен арбадағы ыдыстар сылдырлап, синьордың өзі күймеден түсіп қалмас үшін қос қолдап жақтауға жармасты. Делбеден екібастан айырылып қалған-ды. Енді болмаса шалқасынан құлағандай екен. Арбадағы ыдыс болса бір-біріне соғылып, сыңғырлайды. Жамандатқыр ат тұманды даланы қақ жарып, жан ұшыра ұшады. Оның үстіне кеш те түсіп қалған-ды.
Сонда бұны құтқаратын адам болмағаны ма? Көмекке ешкім келмей ме? Алға ұшқан күйме құмыралары мен бидондарын даңғырлатып, арбада отырған бұны құдды найзағай астында қалғандай күйге бөлейді. Алайда төңіректе ешкім жоқ сияқты. Әлде синьор Бареджи ыдыстардың даңғырынан адамдардың дауысын естімеді ме екен? Қалың тұманның салдарынан ол дәл қазіргі кезеңде жарқырап тұруға тиіс көше шамдарын да көре алмаған.
Ол шыбыртқысын тастай салып, арба жақтауына қос қолдап жармасты. Өзі ғана емес, ат та ессіз күйге түскендей еді. Шамасы мұның қамшасымен осып-осып жібергенінен болар. Аттың қамшылауға дағдыланбағаны белгілі болып қалды. Әлде жануар делбесінің босағанын біліп әдепкі жүрер бағытынан құтылғанын сезді ме екен? Ат оқырана кісінеген.
Синьор Бареджи ат тұяғынан ұшқан қиыршықтарға үрейлене қарайды. Сәт сайын жылдамдығы да артып келе жатқан сияқты.
Бір сәт синьор Бареджидің басына бұрылыста арба әлденеге соқтықпас па екен деген қауіп кіргені. Жан ұшырып делбені ұстамақшы болған. Алайда тепе-теңдігін жоғалтып алып, әлденеге бет-жүзімен соғылды. Аузын, иегін, алақанын қан басқан. Алайда оның бұғанда қарайтын жағдайы жоқ еді. Арба жақтауынан мықтап ұсталуы керек болатын. Бет-ауызы болса-болмаса да қан, арқа тұсынан сүт төгілгендей ме -ау, о,құдай, арқа тұсын құмыралар мен бидондардан төгілген сүтке малшынғанын қарасаңшы! Синьор Бареджи үрейленіп тұрса да амалсыз күлген. Ақиқатында бұл өзінің қорқынышын мазақ қылуы еді. Бар күшін салып осының бәрі қалжың, ертең жұрттың бәрі оның бұл әрекетін әжуалап мазақ қылады, осымен іс тамам, деген ойын қуып тастады. Ішек сілесі қатып күліп келе жатқан. Сондай-ақ күн сайын терраскасында отырып бақылайтын бейбіт көрністі көзіне елестетпек те болған. Шама-шарқы келгенше күлкіні келтіретін бірдемелерді есіне түсірмек болды. Бар тапқан амалы, шаруалардың күлкілі киім киісін көзіне елестету ғана. Байғұс шаруалар өз кедейліктерін әйгілегісі келгендей киімдерінің ең бір көрініп тұрған жеріне жамау салушы еді. Ал сол жамаулары күлкілі болатын. Қасақана жасағандай, шалбардың құйрығына, тізеге, шынтаққа салынатын-ды. Осынау күлкілі ойлардың тасасында көп ұзамай арба бір секіргенде түсіп қалам-ау деген қауіп те жатқан-ды.
Күйме Номентан көпірінен өтіп, Патси виллаларынан әрі асты. Енді аздасын ол тұманды даланы қақа жарып, айдалада зырлап келе жатты.
Таң қараңғысында ат қыстақтағы үйдің бірінің жанына келіп тоқтағанда арбаның сау тамтығы қалмаған-ды. ЬІдыс деген атымен жоқ.
Күйменің мезгілсіз кезде жеткенін естіген саудагердің әйелі терезеден күйеуінің атын атап айғай салған. Ешкім жауап бермеді. Шам ұстап аулаға шыққан ол быт-шыт арбаны көрген. Тағы да күйеуін шақырды. Еш дыбыс жоқ. Қайда кетті екен өзі?
Әлбетте мұндай сауалға ұзақ жүрістен кейін екі бүйірін соғып тұрған аттан да еш жауап болуға тиісті емес. Көздері қанталап, пысқырынған ат тұяғымен жер тарпиды…

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *