ОРАЛУ (Луиджи П.)

ОРАЛУ

Араға ұзақ жылдар салып дөң үстіне орын тепкен туған қаласына оралған Паоло Марра әкесінің кедейленуінің өзіне жекеменшік үй салудан басталғанын түсінді. Бұған дейін ол тек басқаларға ғана арнап үй салатын.
Паоло Марра оны өзінің балалық шағы өткен әке үйін қайта көргенде ғана түсінді. Өзіне әбден жат болып кеткен бұл үй қаланың жоғары бөлігінде, ескі көшелердің бірінде еді. Ғимарат орнында ағынмен келген тастар ғана қалған, әбден құрғаған өзенді еске салатын еңісте тұрған.
Қабырғаның екі жағынан басталып үй алдындағы ауқымды аулаға сән беріп тұрмақ қақпа аркалары әкесінің сәтсіздігінің нақты айғағындай көрініп кеткені. Қызыл тастан қаланған қабырға ақыры бітпей қалыпты. Соған орай тым ескі болып көрінетін.
Бір шеті еңіске ілігіп жатқан ауланың қақ ортасында көшедегі тастардан аумайтын шомбал кесектерден шегенделген үлкен құдық бар еді. Қақпаның темір тұтқасындағы қызғылт бояуды тат басыпты. Сырқаулы адамнан аумайтын осынау тұтқада бір қайғы бар сияқты болып көрінетін. Бәрі де есіктің түнде соққан жел екпінімен шиқылдай ашылуынан болар-ау, сірә?!Ашық та жұлдызды аспан астында жерден баяу көтерілген шаң тәріздес түссіз бұлт адамы жоқ ауланың үстінде баяу қалықтайды.
Әкесі үйді көшеден аулақтатып салған. Ауланы да соған ыңғайлап қоршады. Одан соң бұл әрекетінен түк шықпайтынын түсініп, жұмысты тоқтатқанға ұқсайды. Қабырғаны жартылай көтеріп, тоқтауы да содан сияқты.
О баста бұл аулаға кіруге ешкімнің дәті бармайтын. Өйткені онда өңделмеген көптеген тас шашылып жатар еді. Соған қарап жұмыс уақытша тоқтады, таяуда қайта жалғасады деп пайымдауғаболатын.Шашылған тастар мен қабырға қалауларының арасына шөп шыға бастасымен бұл аула өз міндетін атқарып болған көне затқа айналып сала берді. Біраз нәрсе әкесі өлген соң қолды болды. Үйдің өзі үш мәрте сатылды. Ал аулаға қызыққан ешкім жоқ. Төңіректегі шашылған тастар өткен— кеткеннің дем басар орындығына айналды. Аула да, ондағы құдық та бір жағынан алып қарағанда солардың меншігіне өтіп кеткендей еді. Әйелдер осында келіп кір жуатын, сол жерде кептіретін. Мұнан соң әппақ болып жуылған жаймалар мен көйлектерді жіпке ілінген күйінде жел қағатын-ды. Ал, шашы майдан жылтыраған әйелдер ұзақ уақыт бойына сол төңіректе күйбеңдеп жүрер еді.
Қысқасы, қақпасыз қалған сол аула ақыры көшедегі өткен— кеткеннің иглігіне айналды.
Ал қазір Паоло Марра көшеге қосылып кеткен сол ауланы, быт-шыт болған қақпа аркасын сан түрлі күймелердің дөңгелектері шиырлаған есік алдын көріп тұр.Үйдің оң жағындағы өз заманында таза да жарық болған құрылыстар жалдамалы күймелердің тұрағына айналып әбден ластаныпты. Дәл қазір төңіректен қи мен шіріген сабанның исі аңқып, табанның астынан жуылған кірдің суы ағып, осынау көзтаныс аймақтың сәні мен салтанатын қашырып тұрғанда ол бір түрлі бойының жеңілдеп сала бергенін сезінгендей де еді. Алыста қалған бала күнінде адамы сирек осынау аула, аспанда жарқыраған жұлдыздар бұл күнде қоңыр реңке бөленген сол замандағы әппақ қардай қалау тастар көңілін ерекше бір күйге бөлейтін-ді. Дәл қазір соның біреуін сезінер емес. Ауланың қақ ортасында бұрынғысынша таспен шегенделген құдық тұр.
Әйелдер мен балалар оның көне ұзын сюртугіне таң қалып, басынан аяғына дейін сүзе қарайды. Алайда, ол өзін әлдебір қиырдан келген протестант пасторына ұқсатып жіберетін осынау сүйкімсіздеу сюртугін мұғалім адамға лайықты киім санайтын— ды. Оның бөтен жерге тән сипатын көзіндегі көзәйнегі мен тар иығына жалбырай түскен ұзын шашы да қоюландыра түспек-ті. Жүзі боп-боз болып қақпадан өте берген оны әйелдер мен балалар мазақты күлкімен ұзатып салды.
Қаны басына тепкен ол әлі күнге дейін өз меншігі болып есептелетін аулаға қайта оралып, ондағы тастарда отырған әйелдерді тепкілеп жүріп қуып шықпақ болған. Алайда ол кезкелген әрекетке ойланып баратын жасқа келген-ді. Көңіл түкпірінде осынау жат жерліктерге тән киіммен аулаға кіріп келген өзін әйелдердің бірі танып та қалар-ау деген үміті де бар— тұғын. Десе де өмірде жолы бола қоймаған, ауыр соғатын ой еңбегімен айналысқан өзінің жасынан бұрын қартайып кеткенін де білетін. Соған орай, осы ауланың қожайыны екенін дәлелдеуді де қисынсыз деп тапты. Оған қоса ескі оқиғаларды жадыда жаңғырту оның өзіне де ауыр соғар еді.
Сондай-ақ аулада өзін әжуәлай күліп отырған әйелдерге тиіссем деген ойын балалық кезінің бір ғана естелігі тиып тастайтын. Өзін қолынан жетектеп, осынау үйге мәңгілік оралмас үшін кеткен шешесі есінде ғой. Шешесі сонда көз жасы мен күйеуінің аяусыз сабауынан көгерген бетін орамалының ұшымен бүркеп бара жатты емес пе?!
Сол аяусыз сабаулардың, соңынан анасының көз жұмуына әкеп соққан ерлі-зайыптылар арасындағы дау-дамай мен ажырасудың басты құныкері де өзі болатын. Анасы сол оқиғадан соң бір жылдан кейін көз жұмды. Оған да өзі себепкер. Он төрт жасында ол шешесіне жаны ашып сатқын әкеден кек алмақ болды. Оқиға барысын дәл қазір есейген кезінде түсініп жүр. Ал ол кезде байқұс шешесінің қыз күнінде терезеден құлап, бет-аузын адам көргісіз жарақаттап алған мүгедек әйел екенін, соған сай сатқындыққа төзіп, күйеуінің үйінде бұрынғысынша тұра бергеннен басқа алмалы жоғын да ұқпайтын-ды.
Ол кезде өзі үшін де одан басқа ана болмауға тиісті сияқты көрінген. Басқа әйелді анасы есебінде көзіне де елестете алмайтын. Ол анасының өзіне деген нәзік қамқорлығын сезініп өсті. Анасының өзіне деген мейірімі қап-қара көздерінен аңғарылып та тұратын. Алайда сол бір мейірбан көздердің сиқын анасынынң қыз күнінде терезеден құлауына байланысты жарақаттанып мыж-тыж болған бет-әлпеті бұзар еді. Ол аналық махаббатты оның даусынан да сезінетін. Алайда сол мейірбан дауыстың көріксіздеу, мүгедек ауыздан шығатынын да түсінбейтін.
Төменгі таптан шыққан әкесінің шешесінің арқасында синьор болғанын да білетін. Шешесінің өзіне жасаған осынау өлшеусіз жақсылығына бұлданбайтыны әкесінің жынын да келтіріп жүрді. Адам көргісіз мүгедек бет-әлпеті болса анау! Анасы әкесіне әр сәт сайын тәуелді жануарға тән қылықпен жағынар еді. Өмір бойы оны күйеуінің көңілінен шықпай қалам ба деген ой үрейлендірді. Күйеуі тарапынан жасалған кез келген әрекетті өзіне көрсетілген аяушылық деп ұқты.
Анасына күйеуінің алдында көп кішірейетіні туралы ескерту жасағандарда болды. Дәл осындай сөздерді естігенде алты жасар бала болса да ашуы қозып, бөлмесінен атып шығар еді. Жаңағыдай сөздерге жауап есебінде анасы мұны, яғни күйеуі екеуінің ортақ ұлдарын көрсетер еді. Бұл көрші бөлмеде айтылып жатқан өзіне ұнамайтын сөздерді естімеу үшін құлағын қос алақанымен тарс жабатын. Анасы жаңағыдай сөздерге құдай берген баласы барын алға тартып жауап берер еді. Бақытсыз мүгедек әйелдің жағдайында осындай ұл берген құдайға тәубе қылғаннан басқа не шара?!
Ой-санасы қалыптасып үлгермеген сол шақта ол анасының не үшін өзін алға тарта беретінін де түсінбейтін. Сөйтсе шешесі байқұс өзінің қосағының алдындағы кемдігін, соған сай оған тәуелділігін іштей болса да мойындайды екен-ау.Өйткені, шешесі әкесінің басқа бір әйелге жан-тәнімен берілгенін білетін. Өзіне жасалған болмашы дұрыс пейілдерінің бәрін де өзіне берілген садақа есебінде қабылдайтын. Ақыры ұлы анасының осы қорлығының есесін қайтаруға шешкен. Өйткені шешесі осынау қорлықты өмірге тек өзі үшін ғана төзіп жүрген-ді.
Әкесінің өзіне немерелес бөлесі әлдебір Нуца Ла Дия деген жесір әйелмен байланысы бары әммеге аян болып қалған-ды. Өз заманында екеуі атастырылған-мыс. Бірақ жасауы көп, жоғары таптан шыққан әйелге үйлену үшін әкесі ол байқұсты да кезінде тастап кетіпті. Келіншегінің мүгедек екені рас, бірақ шыдауы керек. Өйткені өзін адам қатарына қосатын инженердің жалғыз қызы. Тапсырысты көп алатын сол қайынатасы оны өзіне компаньон қылып алған-ды.
Паоло жексенбі сайын әкесінің Нуца Ла Диямен әулие Викентий монастрьін ұстаушы екеуіне туыс болып келетін тәтелерінің бөлмесінде кездесіп тұратынын білді. Екеуі де шіркеуге сол кемпір туысқандарына сәлемдесеміз деген сылтаумен келетін-ді. Осынау байланыстарын шыныда да туысқандық қатынас деп бағалайтын кемпір оларға сырттай сүйсіне қарап отырар еді. Әлгі екеуі бір-біріне қарама қарсы қарап үстелге жайғасатын. Жексенбілік көгілдір әдемі костюмы денесіне керемет жарасқан әкесінің салтанаты өз алдына, алтын әшекейлері бар қара атлас көйлекті тыныш та бейғам әйел де керемет тартымды— тұғын. Сөйтіп олар қаракүңгірт шіркеу бөлмесінде ұзақ сырласар еді.
Монастырға тән бейкүнә тәттілерден кезектесе дәм татып, мөлдір ликер ішетін. Бір-біріне үздіге қарайтын. Күлісетін. Тіпті олардың күлкісіне монастр ұстаушысы кемпір туыстарының да қосылып кететіні рас-ты.
Сондай жексенбінің бірінде бұл оларды ұстап алмақ болды.
Әкесі жасыл шымылдықтың артына тығылып үлгерген. Алайда оң жақ қапталдағы сол шымылдық қысқа еді. Оның етегінен әкесінің лак жағып жылтыратылған әдемі аяқ киімі көрініп тұрды. Ал Нуцаа Ла Дия болса ерніне рюмкасын тақап, сол қалпында отырған.
Паоло оған тіке қарап сәл кейін шалқая берді де бүкіл күшімен оның бетіне былш еткізіп түкірген. Шымылдық артына жасырынған әкесі ләм-мим деген жоқ. Үйге келгесін де оған ештеме айтпаған. Бүкіл ашуын байқұс шешесінен алды. Қан қылып сабап, оны үйінен қуып шыққан. Ізінше жұртқа жария жағдайда ашынасын үйіне кіргізіп алды. Содан бастап әйелі мен ұлы туралы ештеме естігіс келмейтін адамның райын танытқан.
Араға бір жыл салып шешесі қайтыс болды да, мұны басқа қаладағы оқу орнына орналастырды. Содан қайтып әкесін көрген емес.
Араға бірнеше жыл салып туған жеріне оралған оны ешкім танымады.
Оған бір ғана адам жақындап келген. Алайда оның кім екенін бұл тани алмады. Бойы аласа, үстіне сулық киген, түрі де күлкілі, денесінің кішкенелігі соншалықты үстіне киген плащы да жараспай қалыпты.
Әлгі адам мұны оңашалап алып баяу дауыспен шаруасын айта бастаған. Оның сөзіне қарағанда, бұл яғни Паоло Марра мүлікке қожайындық етуге қақылы. Өзі ала ма, әлде оны бір бақытсыз әйелге бере ме, ол жағын Паолоаның өзі шешуге тиісті екен. Өйткені сол байқұс әйелдің әкесіне деген махаббатының төлемі де болуы керек қой енді… Өмірінің соңғы күндеріне дейін әкесіне күтім жасаған да сол әйел. Марқұм әкесінің сал болып, тіл-ауыздан қалғаны да рас. Егер Нуца Ла Дия болмаса оның аштан өлетіні де даусыз еді. Ия, нақ сол әйелдің өзі! Алғашында бұл үйге әкесі үшін келіп тұрғаны да рас. Ал қазыр баспанасыз қалған сол әйел әр түн сайын осы үйдің баспалдағының астына келіп түнеп жүр…
Мән-жайды түсінген Паоло Марра әлгі адамға бұрылып, сыздана қарады.
Оған жауап есебінде әлгі кішкене адам бұған да сайтанша сынай қарап қалыпты. Дәл кәзіргі сүйкімсіз қалпына қарап Паолоның оны кішкене күнінде шешесін терезеден итеріп жіберген адамның нақ өзі деп қабылдайтындай ақ реті бар еді…Құдды Нуца Ла Дия сынды сұлуды әкесіне табындырған да сол сияқты… Бұған бала күнінде оның бетіне түкірткізген де дәл осы адам сияқты еді.
Әлгі адам кілт бұрылып жексұрын сулығының етегімен мұны бір желпіп көзден ғайып болды.
Паоло Марра мұның өзін ұзақ жылдар қинап келген азапты ойлардың әсерінен туған елесті көрініс екенін де ұқты. Ауру әкесіне қараспағаны, оның кедейшілікте көз жұмуына жол бергені әмбеге аян еді.
Дәл қазір өзінің сол әрекетіне ұялатын да сияқты. Алайда сондай игі ойларын аяқ-асты оянған баяғы жеккөрініші жоққа шығарды. Марқұм болған адамды жек көрудің қисыны қанша, ол жағын да білмейді. Дәл осындай ойлардың әсерімен байғұс шешесінің есіне түскені де рас. Ой-санасы да быт-шыт. Әкесіне қараспағаны өз алдына, бала күнінде көрген қорлығы да естен кетер емес. Сондай-ақ шешесінің мүгедек жүзін көзіне елестетсе болды, оның қасына келіп ана бір сұлу да кербез әйелдің денесі де тұра қалар еді. Паоло өзі түкірген кезде бетінде сүртпестен оның өзіне ұзақ қарағанын әсте ұмытар ма?! Сол сәтте әйел алқызыл езуіне күлкі үйірілтіп, бұған жымия қараған-ды. Ал көздерінде… ал оның көздерінде ауыр мұң мен қасірет жатқан…

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *