ТАР ФРАК (Луиджи П.)

ТАР ФРАК

Әдетте профессор Гори жиырма жылдан бері жұмыс істейтін қарт қызметші әйелге бір шама төзімділік танытатын. Алайда бүгін өмірінде алғаш рет фрак киді де сол шыдамдылығынан айырылып қалды.
Түкке тұрмайтын осындай өзгерістің пендешіліктен ада, жоғарғы қоғамның мақсат-мүддесімен ғана айналысатын, рухы күшті өзі сияқты адамға әсер етеді, деген ойдың өзі оның қанын басына тепкізген. Қайдағы бір салтанаттардың рәсіміне сай осынау бір сайтан атқыр фракты киюге несіне келісті екен?!
Оның үстіне, құдай сақтасын, өзі де топансу дәуірінің бегемотындай тым семіз ғой!
Ырсылдай қиналған профессор қызметшісіне ызалана қарады. Ал кішкентай да топ-толық, кішкене доптан аумайтын күтушісі қиналыс үстіндегі семіз қожайынынан көзін айырмай қарап қалыпты. Сондай-ақ қызметші әйел төңірегіндегі ескі кітаптардың, ескі үлгідегі арзан мебельдің, быт-шыт шашылған күңгірттеу бөлменің аянышты жағдайын да байқамайтын.
Фрак өзінікі емес-тұғын. Гори оны жалға алған-ды. Көрші дүкендегі сатушы оның алдына әкеліп бір құшақ фракты тастай салған. Сөйтіп көзін сығырайта күлімсірей тұрып ол соры қалың мұғалімге әлгі фрактардың бірінен соң бірін кигізіп, шыр акөбелек айналдырғаны. Ара-тұра “пардон,пардон” деп қояды.
— Бұл емес, — дейді сатушы.
Ырсылдаған семіз мұғалім терін қайта-қайта сүрткіштейді.
Сегіз, әйтпесе тоғыз фрак киген шығар. Әлде одан да көп пе екен? Құдай ұрғанда бәрі де тар. Жағасының түймесі де тынысын ауырлатып, қылғындыратындай. Бәрінен бұрын таудай қарынның сиып тұруы қиын болды. Сондай-ақ крахмалданған галстук байлау тағы керек. Оның қалай байланатынын кім біліпті?!
Ақыры сабырын тауысып барып, сатушы кішіпейіл дауыспен:
— Мынау дұрыс сияқты. Бұдан ыңғайлысы жоқ, сиьнор, — деген.
Әбден азаптанған Гори қызметшісіне қараған. Ол болса: “Керемет. Керемет қатып тұр!” дейді. Сосын ол фракты қарап шыққан. (Сатушының өзін осы киімнің мәртебесі үшін ғана “синьор” деп атағанын біле ме екен өзі). Ізінше сатушыға бұрылып былай деді:
— Сізде басқасы болмас па екен?
— Қолымда барын әкелдім синьор!
— Ал мынау сонда он екінші ме?
— Он екінші, синьор.
— Онда осы дұрыс болар…
Алайда бұл фрак мұның алдындағыдан да тар еді. Қарғыс атқан жас жігіт бұл жолы да:
— Әрине, тарырақ… бірақ кеңір… Айнаға қарасаңыз қайтеді, синьор, — деді .
Ризалығымда шек жоқ,-деп арс еткен Гори.— Мені осы әурелегеніңіз де жетер!
Шыдамдылық танытқан сатушы қалған он бір фрагін құшақтап әрі кеткен.
— О құдай, аяй көр! — деп ыңырсыған бақытсыз Гори қолын әзер-әзер жоғары көтеріп.
Ол комод үстінде жатқан шақыру билетіне қарады. Өзі ырс— ырс етеді. Сағат сегізде қалыңдықтың виа Меланодағы үйінде болуы керек еді. Жолға жиырма минут кетеді.Қазір сегізден кетіп қалыпты.
Сол кезде қызметші әйел кіріп келген.
— Сөздің қажеті жоқ! — деп баж еткен синьор Гори. — Оданда мына галстукты тартуға тырысыңыз.
— Қазір,қазір… бәрін қатырамыз… Мына жағаның өзі… — деп күбірлейді қызметші. Белдемшесімен қолын сүрте салып, галстукқа жармасқан.
Бес минуттық тыныштық орнады. Горидің өзі де, бөлмедегі заттар да азапты сәтті күткендей тынши қалған.
— Қалай, болды ма?
— О-оһ! — деп қиналған кемпір.
Орнынан атып тұрған синьор Гори баж етті:
— Жетті!Ендігіңізге шыдай алмаймын!Жіберіңіз,өзім байлаймын!
Айнаға бұрылып қарауы мұң екен, көңіл күйі бұзылып сала берген. Тіпті, қызметші кемпірдің тізесі дірілдеді. Ол аюша қорбаңдап, еңкейіп көрген,ізінше құйрығына әлдене жабысқан мысықша артына жалт бұрылуы мұң екен фрактың қолтық тұсы дар етіп айырылып кеткені.
Ашудан Горидің бет-әлпеті бұзылып шыға келді.
— Тігісінен сөгілді, тігісінен! — деп құрақ ұшқан қызметші. — Шешіңіз қазір-ақ тігіп берем.
— Кешігіп барам! — деп айғайлады қожайын. Осылай бара берем! Ешкімге қолымды да созбаймын. Жіберіңіз, кетем!
Ол галстугін ашулана тұрып тағып, пальтосын киді де көшеге атып шықты.
Қалай десе де бәрі бірдей жаман да емес еді. Бүгін — оның сүйікті шәкірті Чезара Рейстің үйлену тойы. Иә, қыздың бақытты тіршілікке еңбегі сінген-ді. Соңғы жылдар бойы бағұс қыз тынымсыз еңбек етті.
Гори жолшыбай осынау некеге қандай оқиғалар себеп болғаны туралы ойлаған. Солай… тек күйеу жігіттің тегі қалай еді өзі! Оның мұғалімдер институына келген кезі де Горидің есінде. Оның балаларына күтуші керек болатын. әйелі жоқ бай мырза еді. Глими ме, әлде Грити ме, жоқ Митрий иә, иә, Митрий болатын.
Міне, оқиғаның басталуы осы. Ал Чезара Рейс болса кедейшліктің азабын бір адамдай тартты. Әкесінен он бес жасында айрылған. Қарт анасын асырау үшін аянбай жұмыс істеді: киім тікті, байлардың баласын оқытты…Сөйтіп жүріп оқуын жалғастырып дипломын алып шықты. Гори оның табандылығына риза болған. Институтты бітірген соң оның Римде мұғалім болып қалуына де күш салды. Сол кезде бұған әлгі синьор Грити (Грити, Грити, ия, оның тегі мүлдем де Митрий емес, Грити болатын) келген.Сол кезде Гори оған Чезара Рейс туралы айтқан. Бірнеше күннен соң әлгі мырза қайта соқты. Өзі қапалы. Чезара қызметшілік жұмыстан бас тартыпты. Себебі, ол тәжірибесіз, жас еді. Қарт анасын қараусыз қалдырып кете алмайтын. Сосын, пыш— пыш өсектен де қорқады-мыс. Әлгі мырзаға осындай уәждерін айтып тұрған кезін Гори көзіне елестетіп те көрген. Ақымақ!
Обалы қанша Чезара Рейс сұлу қыз болатын. Өзіне ұнайтыны да дәл осы сипаттағы сұлулар ғой! Тағдырдың сансыз соққылары (Горидің тіл мұғалімі болуы да тегін емес. Оның өзі бұнысын “тағдырдың сансыз соққылары” деп атайтын. Осынысы оның болмыс-бітімін, мұңды, биязы бекзада сипатқа бөлепті.
Сондықтан әлгі синьор Гриммидің (ия, оның Гримми екені даусыз болуға тиіс) ия, сол Гриммидің қызды бір көргеннен ғашық болуына да таң қалуына болмайтын. Өмірде ондай жағдайлар болады. Ол үш рет, әйтпесе төрт рет келген. Бірақ амал не…Мұнан соң Гримми қыздың мұғаліміне, өзіне келіп бір ауыз сөз айтуын өтінген. Өйткені, синьорина Рейз сондай сұлу, мейірбан бола тұра ұялшақ та еді. Мейлі, синьорина күтушісі болмаса да, балаларының екінші анасы болуға келіссін дейді ғой баяғы. Мұндай ұсынысқа келіспейтін несі бар?! Гори көмектесуге қуана отырып келіскен. Сөйтіп Чезара Рейс жеңіліп тынды. Әлгі Гримми ме еді әлде Гвиди ме, сол мырзаның туған -туыстары қанша қарсы болса да үйлену тойы бүгін өтпек. Жоқ. Ақиқатында оның тегі Митрий болуға тиіс.
— Мейлі, кім болса ол болсын! — деп бірақ кескен ақыры синьор Гори қабағын түйіп.
Қалыңдыққа гүл силау-парыз. Өзі де некеқиярда бұның куәгер болуын қалады ғой. Сол кезде Гори күйеу жігіттің жоғары мәртебесіне сай өзінің сыйлық жасауы керегін де ескерткен. Өкінішке орай Горидің оған мүмкіндігі жоқ. Мына тар фрактың ішінде ырсылдап қиналғаны аз ба екен? Ал енді гүл алуға болады.Киімінің тарлығынан бейнет көрген ол гүл дүкеніне барып бірнеше тал гүл алған. Орамдағы гүлдер аз болғанымен ақшасы удай-тұғын.
Чезараның үйі орналасқан виа-Миланоға бұрыла беріп, бір қауым жұртты байқады. Иә, кешіккені анық. Күйме де есік алдында тұр. Адамдар той салтанатын көруге жиналған сияқты. Ол үйге жақындаған. Жұрттың бәрі неге бұдан көзін айырмайды? Фрагінің ақауы пальтосының ішінен көрінбейді емес пе? Әлде басқа бір міні бар ма? Ол үсті-басына қараған. Ештеме байқалмайды. Сонда жұрт несіне тесіледі? Не боп жатыр өзі? Сырт есік неге жабық?
Қақпа күзетшісі қайғылы да бәсең дауыспен:
— Синьор, тойға келдіңіз бе? — деп сұраған.
— Иә, тойға шақырылғанмын…
— Той болмайды.
— Болмағаны қалай?
— Байқұс синьора… синьорина Чезараның шешесі…
— Өліп қалды ма? — деп айғай салған Гори есік жаққа алақтап.
— Бүгін түнде… аяқ астынан…
Мұғалім бозарып кеткен:
— 0 құдай, синьора Рейстің шешесі ме?
0л осынау бір қорқынышты сөздің ақиқаттығына көз жеткізгісі келгендей алқа қотан тұрған адамдарды бір шолып шықты. Қолындағы гүлі де түсіп кеткен. Жерден көтермек болып еңкейе беріп еді, фрагінің қолтығы тағы да “д-а-р” еткені.Сол еңкейген қалпында тұрды да қалды. Дұрыс! Өңірі айырылып кетіпті!
Бұл қырсықты фрак үйлену салтанаты үшін киілген еді. Ал енді адам жерлеуінің куәсі болмақ. Не істесе екен? Жоғары көтеріле ме, әлде үйіне қайтса ма?
0л гүлді жерден көтеріп, абдырай тұрып, қақпа күзетшісіне ұсынды:
— Рақым етіп, ұстай тұрыңызшы.
Гори ішке енген. Баспалдақпен жүгіріп көтерілмекші болған. Бірінші баспалдақтан ойдағыдай өткенімен соңғы алаң— шада…(мынадай тар жилетті неге киді екен?) Тынысының оқыс тарылғаны.
Қонақ бөлмеге кіргені сол еді, жиналғандардың қобалжып қалғанын бірден аңғарды. Бәріне өзінің кіріп келгені себеп сияқты.
Қатты қолайсызданған Гори есік көзінде тұрып, бөлмені шолып шыққан. 0л жау лагеріне жалғыз түскен сарбаз сияқты еді. Отырғандардың бәрі мәртебелі мырзалар, күйеу жігіттің туысқандары мен достары. Ана кемпір шешесі болуға тиіс. Ал анау тұрған екі кәрі қыз, шамасы, қарындастары немесе бөлелері болса керек. 0л қолапайсыз қимылмен басын иген. (0 құдай, мына фракты— ай!) Ішінен әлдекім бір қойғандай еңкейіп сәлемдесуін сәлемдесті— ау, бірақ үйреншікті “д-а-р” еткен сүкімсіз дауысты әлдебіреу естіп қалмады ма екен деп жан-жағына алақтап бір қараған. Оның сәлемі жауапсыз қалды. Ешкім басын да изеген жоқ. Әлдебір адамдар (жақын достары болуға тиіс) бір адамды айналсоқтап шықпай жүр. Гори күйеу жігітті жазбай таныды. Бойы сәл жеңілдеп, соған қарай тура тартқан:
— Синьор Гримми…
— Мигриймін. Қызметіңізге әзірмін.
— Ә, Мигри! Дұрыс қой… Сізді Гримми, Миртий, Грити деп аздап шатастырып алатыным бар… Мигри екенсіз ғой. Кешіріңіз… Мен профессор Фабио Горимін… Бұрын кездескенбіз… Есіңізде бармын ба?
— Өте қуаныштымын. Бірақ… — деп тәкапарлана тұра салқын жауап қатқан әлгі адам аяқ асты есіне бірдеме түскендей:-Ә, Гори… Енді ше! Сіз әлгі… осынау некенің тікелей күнәһарі болдыңыз ғой. Ағам маған айтқан… — деді.
— Кешіріңіз, кешіріңіз. Қалай дедіңіз? Демек синьордың бауыры болдыңыз-ау?
— Карло Мигримін, қызметіңізге әзірмін.
-Өте қуаныштымын, өте қуаныштымын. Бір-біріңізге өте ұқсайды екенсіздер. Мені айыпқа бұйырмаңыз синьор Гри… ия, Мигри. Ашық күнде найзағай түскендей болды-ау өзі. Сосын әлгі, өкінішке орай тойдың күнаһары дейтіндей емес, жәй ғана қатысым бар адаммын…
Мигри оның сөзін орта жолдан үзді:
— Сізге анамды таныстыруға рұқсат етіңіз,-деген ол.
— Ол мен үшін де құрмет…
Олар тең жартысын қара көйлек киген семіз кемпір жауып отырған диванға жақындады. Қара орамалының астынан аппақ шаштары көрінеді. Кемпірдің жылтыраған жүзі пергамент қағазындай сап-сары.
— Мама, бұл кісі синьор Гори. Енді өзің де білесің… Андреаның үйленуіне себепкер болған кісі.
Кемпір зілді қабақтарын көтерді. Оның мағынасыз да мұңды екі көзінің әр қайсысы әр түрлі жағдайда: бірі— ертерек, екіншісі— сәл кейінірек ашылады екен.
— Енді білесіз бе…-деп күбірледі сақтықпен еңкейе берген мұғалім,— енді … балаңыздың үйленуіне себеп болғанда да жай ғана…
— Менің немерелеріме қызметші қыздарды ұсынасыз ба сонда?!-деп гүр еткен кемпір.
— Енді білесіз бе… Синьорина Рейстің лайықты, қарапайым қыз екенін білгеннен соң…
— Айтатын несі бар, керемет қыз! — деп оп-оңай келісе салған кемпір ауыр қабақтарын қайтадан жапты. — Өте қайғылы оқиға болып тұр…
— Иә, күтпеген бақытсыз жағдай,— деді Гори де.
— Бәрі құдайдың ісі…
Гори оған қараған:
— Аяусыз-ақ оқиға…
— Мұнан соң қонақ үйді шолып шығып:
— Синьор Андреаның өзі қайда?-деп сұрады
Күйеу жігіттің бауыры маған бәрбір деген райда:
— Білмеймін, қазір ғана осында жүрген. Дайындалуға кеткен шығар, — деді.
— Оһо! — деп қуана айғай салған Гори. — Демек бәрібір үйлену тойы өтеді екен ғой.
— Жоқ, о не дегеніңіз?! — деп есі шыққан кемпір орнынан атып тұрған. — Құдай сақтасын! Оң жақта мүрде жатқанда…
Оның сөзін кәрі қыздар да мақұлдап жатыр.
— Ол жол жүруге дайындалуда, — деген Мигри. Бүгін олар Туринге аттануға тиісті еді. Сол жақта, Вальсангонде фабрикамыз бар ғой. Сонда баруы керек болып…
— Сонда бара ма? — деп сұраған Гори.
— Қажеттілік болып тұр. Ең жоқ дегенде ертең аттануы керек. Солай деп шештік. Бауырымның одан әрі мұнда болуы қолайсыз— дау болар еді.
— Ол үшін… әрине, — деп гүр еткен кемпір. — Өсек-аяң бар дегендей…
— Сол ғой, сол! — деп іліп әкетті Мигри. — Сосын шаруа да көп. Бұл неке өзі…
— Ойланбаған шаруа болды, — деп іліп әкеткен кәрі қыздардын бірі.
— Енді аздап асығыстау болды, — деп жуып-шайған Мигри.— Олардың аздап ойлануы үшін тағдырдың өзі жағдай жасап тұрған сияқты… Енді адам өліп жатыр ғой… Бәрін дұрыстап ойланып алған артық емес…
Гори не айтарын білмеді. Осынау сөздер мен сенімсіздік оның жан-дүниесіне денесін қысып тұрған ыңғайсыз фрактан да жаман әсер етіп еді. Сәл қозғалатын болса тігіс-тігісінің дар айырылатынын фрагы да, өзі де білетін. Ал мынау мырзалардың жағдайы да сол ыңғайсыз фрагына ұқсайтындай ма-ау? Енді болмаса олардың арсыздығының да сыры ашылатындай.
Гори мына арсыздыққа енді төзе алмайтынын түсінді. Әсіресе, оның ашуына кәрі синьораның әппақ жағасындағы өрнектер қаттырақ тиген. Мұндай өрнектер, себебін өзі де білмейді, оның есіне туған қыстағында галантерея дүкенін ұстайтын Пьетро Карделлоны салатын. Оның желкесінде үлкен ісігі болатын. Енді болмаса Гори құсқандай екен. Алайда, өзіне әзер ие болып:
— Иә… байқұс қыз! — деді.
Айналасындағы жұрт бір-біріне көңіл айтып жатыр. Аяқ астынан есін жинап: — Синьора қайда? Оны көрсем бола ма? — деді.
Мигри оған есікті нұсқаған:
— Рақым етіңіз, мұнда.
Гори сүйкімсіз бөлмеден атып шықты.
Ақ кереуетте созылып мүрде жатыр. Марқұмның басына крахмалданған орамал оралыпты. Горидің кіріп келгенде көргені сол ғана. Оның ашуы қоза бастады. Рухы түсіп, басы да айналған. Қайғылы көрініс оны ренжіткеннен көрі таң қалдырған-ды. Қандай қатігез, санасыз түсінік десеңші! Сайтан атсын, қандай жағдайда бұлай қалдыруға болмайды.
Бір сәтте оған басына крахмалданған орамал оранып, ұзыннан созылып жатқан марқұм әйел бақыттан алыстау үшін қасақана өле қалғандай болып көрініп кеткен. Горидің:
— Тұрыңыз!Тұрыңыз, байғұс менің синьорам! Дәл қазір бұлайша қалжыңдайтын кез емес,-деп айғай салғысы келген.
Чезара тізерлеп керует жанында тұр. Жылауды қойған сияқты. Құдды бәрінен үміт үзіп, түңілген адамға ұқсайды. Оның қара шаштарында кеше ғана қағаз әшекейлер тұратын.
Дәл қазір Гориде ешқандай аяушылық жоқ-тұғын. Реніш қана бар еді. Осы қазір қызды еденнен тік көтеріп алып, қайғы-мұңның құрсауынан алып шыққысы келген. Гори шәкіртін тағдырдың тәлкегіне оп-оңай бере салмақ емес. Сондай-ақ ана қонақ бөлмедегі арсыз мырзалардың мазағына да ұшырата алмайды! Оған жол жоқ! Бәрі әзір ана мырзаларда өзі сияқты фрак киіп, үйлену тойына келіпті. Ендігі керегі мына бақытсыз қызды орнынан тұрғызып алып, бүгін өтуге тиісті үйлену тойын атқару ғана. Әйтпесе қыз құриды.
Гориге өзінің осынау құлық-ниетін ана адамдарға іске асырту да оңай емес-тұғын.Сол сәтте Чезера баяу ғана басын көтеріп:
— Көрдіңіз бе, ұстаз?-деген. Горидің шыдамы жеткен жері сол болды.
— Иә, қымбаттым, ия,-деп бар дауысымен ашулана айғай салған ол. Қыз дір етті.-Тек сен орныңнан тұршы! Мен тіземді бүге алмаймын. Сен өзің тұр! Кане тез тұр! Мен үшін солай жасашы!
Оның дауысы Чезараның есін шығарды. Қайғы-мұңын ұмытып оған үрейлене қарай қалыпты.
— Не үшін?
— Оның себебі бар, қымбаттым… Алдымен өзің тұршы. Саған айттым ғой. Мен тіземді бүге алмаймын! О құдайым! — деп қайталаған Гори
Чезара орнына тұрған. Анасының мүрдесіне көзі түсіп, бетін алақанымен жауып, жылап жіберген. Гори оны қолынан ұстап, бұрынғысынан да толқыған дауыспен былай деді:
— Қажеті жоқ! Қажеті жоқ! Қажеті жоқ! Шыда, қымбаттым. Менің айтқанымды тыңда!
Көз жасын әзер тиған қыз оған жаутаңдап қарап тұрып:
— Қайтіп жыламаспын?! — деді
— Қазір жылама, қазір жылама! Дәл қазір жылайтын уақыт емес,— деген қаны басына тепкен Гори. — Осыдан бастап өз жағдайыңды өзің ғана ойлауың керек! Түсініп тұрсың ба? Өзіңді өзің ая. Осы дәл қазір бүкіл батылдығыңды бойыңа жиып ал. Қатты тістен де, менің айтқанымды жаса.
— Не істеуім керек сонда?
— Бәлендей ештеме емес. Алдымен шашыңдағы қағаз әшекейді алып тастайсың.
— О құдайым-ай! — деп жалғастырған ол шашындағы қағаз әшекейлерді дірілдеген саусақтарымен алып тастап жатып.
Гори оған есін жиғызбай:
— Міне жарайсың! Енді бөлмеңе бар да көйлегің мен қалпағыңды ки! Жүреміз! — деді.
— Қайда барамыз сонда?
— Мерияға, қымбаттым.
— О құдай, не айтып тұрсыз?!
— Мерияға барып, некені тіркетеміз. Ал сосын шіркеуге барамыз. Үйлену тойы бүгін өтеді. Әйтпесе сен құрисың. Сенің құрметің үшін қалай сәнденіп келгенімді көрдің бе? Тіпті фрак та кигем. Өзің айтқандай куәгер болуға да әзірмін. Шамалы уақытқа байғұс мамаңды қалдыра тұр. Оған анаң өкпелемейді. Оған керегі де сенің солай жасағаның. Мамаң соны тілейді саған. Тыңда мені. Бар да киін! Ал мен бәрін әзірлей беремін!
— Жоқ…жоқ… өйте алмаймын… -деген керуетке бетін басқан Чезара.— Өйте алмаймын. Білемін, бәрі бітті. Ол менен кетеді. Мені тастайды. Мүлдем оралмайды… Мен бәрібір олай жасай алмаймын…
Горидің қайтуы қиын еді. Оның кереуеттен көтеру үшін еңкеймек болған.Оған тар фрагі ырық бермеді. Сол кезде аяғымен жер тепкілеп айғай салғаны:
— Бір жеңім болмаса да барамын. Екеуің бәрібір бүгін некелесесіңдер, соны түсін. Кане, менің көзіме тура қарашы! Түсін. Егер осы кезді бос жіберсек бәрі құриды! Жағдайың не болмақ. Жұмысың болса жоқ. Жалғыз өзің ғанасың. Не, сонда бүкіл кінәні мамаңа артпақсың ба? Мамаңның осынау некені қанша армандағаны есіңде ме? Байқұс синьора-ай! Сонда не, саған керегі бәрінің мамаңның қазасына орай құрығаны ма? Есіңді жи Чезара! Оның несі айып?! Қасыңда мен бармын! Бәріне мен жауап беремін! Бар да киін, қымбаттым. Асығуың керек!
Сөйтіп қызды иығынан ұстап, есікке дейін итергендей болып апарды. Мұнан соң жеңімпаз адамның кейпімен қонақ бөлмеге енді.
— Күйеу жігіт қайда?
Оның даусынан селк еткен жұрт тегіс қараған. Мигри қасақана мейірбансып:
— Синьоринаның жағдайы жаман ба? -деген.
— Синьорина өзін жақсы сезінеді, — деген Гори оған тіке қарап.
— Оны бері оралтуға шамамның жеткенін айтуым керек, мырзалар. Ол өзіне ие болуға келісімін берді. Бәріміз осындамыз. Бәрі дайын. Ендігі керегі… — сөзімді бұзбаңыз менің! Ендігі керегі біздің біреуміздің, мәселен, сіздің (ол меймандардың біріне қараған) мерияға барып, ескертуі…
Оған сөзін соңына дейін айтқызбады. Айғай-шу туған. Ақылға қонымсыз жағдай еді.
— Сөзімді соңына дейін айтқызыңыздар!-деп ол қарсыласқан дауыстарды өшірмек болған. -Кейінге қалдырудың қажеті қанша! Кедергі қалыңдықтың басындағы қайғы еді ғой! Ал егер оның өзі…
— Рұқсат етпеймін, — деп айғайлаған кемпір. — Туған ұлымның әлгі неге..
— Өз міндетін орындап, игілікті шаруа жасағанын айтасыз ғой?
— деп оның сөзін бұзған синьор Гори.
Карло Мигри анасын қорғап шыға келді.
— Араласауға қандай құқыңыз бар?-деген ол ашуын әзер басып.
— Бұл шаруаға араласатын себебім, өзімді дұрыс адаммын деп есептепмін,қымбатты синьор Грими.
— Мигри!
— Мигри,Мигри, түсінсеңізші, мұндай қайғыны жеке мүддеге пайдалануға болмайды. Бақытсыз қыздын басына түскен тағдыр соққысына ырық бермеуге тиістіміз. Біздің міндет-оны құтқару.Оны жападан-жалғыз қолдаусыз, жұмыссыз қалды— руымызға бола ма? Жоқ. Бақытсыз оқиғаға қарамастан үйлену тойы бәрібір өтеді! Кешіріңіз!
Ол амалсыз кідіріп пальтосының жеңіне қолын тығып жіберіп, фрагінің жеңін суырып алып, басынан асыра лақтырып жіберді. Осынау әрекеті жұрттың шек-сілесін қатырғаны да рас. Алайда Гори бойы жеңілдеп:
— Мұндай оқиғаның жолында жеңнің жұлынып қалғанына да қарауға болмайды! — деген.
— Қалжыңдап тұрсыз ғой, — деген Мигри өз өзіне келіп.
— Жоқ, синьор жеңім жарылып кетті.
— Қалжыңдар тұрсыз! Қасақан жасадыңыз! Басқа жол да жоқ!
— Солай ойлайсыз ба! Қайталап айтайын, мұндай жағдайда бұл болмайтын нәрсе…
Бақытқа орай, сол сәтте бөлмеге күйеу жігіттің кіріп келгені.
— Жоқ, келіспе! Андре, келіспе! — деп жан-жақтан туысқандары айғай салған.
Гори олардың айғайына пысқырмастан күйеу жігітке жақындады:
— Өзіңіз шешіңіз! Маған айтуға мұрсат беріңіз! Мәселе мынада, мен синьорина Рейсті өзін қолға алу керектігіне сендірдім. Осынау сәттің жауаптылығын түсінген ол да келісті. Демек, қымбатты синьор Мигри, егер сіз де келіссеңіз, қазір жабық күймемен мерияға барып, некелеріңізді тіркетеміз… қарсы болмассыз деп үміттенем. Тек келісемін деңізші, келісемін деңізші!
Андреа Мигри де Гориге есі шыға қарап қалыпты. Сол сәтте басыңқылау дауыспен:
— Енді.. Чезара келіссе… — дегені.
— Келісті! Келісті! — деп қарсыласқандардын даусынан асыра айғай салды Гори. — Ақыры дұрыс сөз де естідік-ау! Ал, тездетіңдер! Мерияға ұшыңыздар, қымбатты менің синьорым!
Ол меймандардың бірін қолтығынан ұстап, есікке қарай сүйреген. Дәлізде гүл салған себетке сүрініп, ашулы туыс— қандарының ортасында қалған күйеу жігітті алып шығу үшін, қайтадан қонақ бөлмеге келді:
— Синьор Мигри! Синьор Мигри! Сәл кідіріңізші! Сізге айтар бір өтінішім бар!
Андреа Мигри оған бұрылған:
— Байқұс Чезараны бір қуантайықшы. Міне, мына гүлдерді… марқұмға апарайық. Маған көмектесіңіз.
Ол екі себетті ұстап, марқұм жатқан бөлмеге беттеген. Екінші себетті ұстаған күйеу жігіт оған ілесті. Бәрі аяқ астынан өзгеріп сала берген. Қалған жұрт та гүлдерін ұстап, сонда беттеді.
— Марқұмға — гүл! Өте жақсы. Марқұмға — гүл!
Көп ұзамай қара көйлек киген, боп-боз Чезара келді. Шашы ұйпа-тұйпа еді. Дірілдеп-қалшылдап тұрған. Өзіне -өзі әзер ие болып тұрғаны беп-белгілі. Күйеу жігіт оған жақындап, аялай құшақтаған. Жұрт үн-түнсіз. Қуаныштан жыларман болған Гори үш мейманнан өзімен бірге куәгерлікке баруды өтінді. Сөйтіп олар да аттанған.
Күйеу жігіттің шешесі, інісі, кәрі қыздар, барша қонақтар Чезара келген соң -ақ ауыздарын жабуға мәжбүр болған. Ана гүлдер арасында мәңгілік тыныштық құшағында жатқан марқұм әйелдің өз атына айтылған ұнамсыз сөздерді естімегені қандай жақсы болған!
Мерияға барар жолда синьор Гори қонақүйде өзінің атына айтылар сөздерді де біліп бара жатты. Күймеден шыққан ол мас адамша тәлтіректеп тұрды. Есі шыққаны сонша, жұлынған жеңін ұмытып, фрагін пальтосымен шешкені.
— Ұстаз!
— Аһ! Сайтан атсын! — деп есін әзер жинаған ол.
Чезара амалсыз күлімсіреген. Алайда Гориде күлетін жағдай жоқ еді. Ана оңбағандардың ортасына енді қайтіп бармаспын деген. Жұлынып қалған жеңін алу үшін қайта соғуға тура келетіні есіне түсті. Өйткені фрак жалға алынған-ды.
— Қол қояйық па? Қалай? Ә, қол қояды екенбіз ғой! Ол өз қолын куәгер ретінде қояды!
— Мына жерге ме?
Мұнан кейін олар шіркеуге барып, рәсімнен соң үйілеріне қайтты. Үйдегілер оларды үнсіз қарсы алды.
Көзге барынша сирек түсуге тырысқан Гори бөлмені шолып шыққан. Сосын саусағын ерніне басқан күйі сыбырлап қонақтардың біреуіне тіл қатты:
— Менің фрагімнің жеңі қайда кеткенін білмейсіз бе? Есіңізде ме, мен оны аспанға лақтырғам…
Ізінше жеңді тауып алған ол елеусіз ғана шығып кеткен. Жолай болған жайды есіне алды. Айтты-айтпады, тағдырдың алдындағы мәртебелі жеңісіне ол осынау денесін қысып тұрған тар фрактың арқасында қол жеткізген еді. Егер денесін қысып тұрғаны өз алдына, оның үстіне жеңі жұлынып, мына фрак өзін ашуландырмаса бұрынғы ғадетіне басып, байқұс қыздың тағдырына аяушылық білдіріп, жылағаннан әріге бара алмас та еді-ау. Алайда денесін қысып, мазасын алған тар фрак оны сол биязылығынан уақытша болса да айырып, жеңіп шығуына түрткі болған…

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *