ТАЗА ШЫНДЫҚ
Тарара деген қосалқы аты бар Сару Аджентуды күңгірттеу сот залының биік шарбақпен қоршалып, өзгелерден оқшауландырылған айыпкерлер орындығына алып келгені сол еді, ол қалтасынан қызғылт-сарғыш гүлдері бар үлкен қол орамалын алып шығып, қою көк түсті сукнодан тігілген мерекелік костюм— шалбарын былғап алмас үшін астына төседі. Оның костюмі де, қол орамалы да жаңа болатын.
Жайғасып орналасып алған Сару көпшілікке арналған бөлікте отырған шаруаларға қарап, жымиып күлген. Әдепкі түкті беті мұқият қырылыпты. Соның өзі-ақ оны маймылға ұқсатып жіберетін-ді. Құлағында алтын сырғасы жылтырайды.
Шаруалар жақтан ат қора мен тердің, жас қидың һәм шала иленген қой терісінң исі аңқиды.
Айыпкерді көрісімен шымқай қара киініп, қасына дейін бүркеніп алған әлдебір әйел құмығыңқырап жылап жіберді. Айыпкердің өзі болса, тор ішінен көңілдене қолын бұлғап, оңды— солды басын изейді. Оның мұнысы сәлемдескеннен көрі бірге жұмыс істегендер мен достарына көрсеткен ілтипаты мен ризалығы-тұғын.
Ұзақ айларға созылған қамаудан соң бұл сот отрысы сот дегеннен гөрі мерекелік қауышуға да ұқсайтын. Айыпкердің мерекедегідей киіну себебі де сондықтан. Тарара кедейлігіне байланысты заңгер жалдай алмады да, сот белгілеген қорғаушыны қанағат етуге мәжбүр болды. Алайда, өзіне қатысы бар шаруаның бәрін ойдағыдай жасаған-ды: үсті-басы тап-таза, мұқият қырынған, таранған, мерекедегідей киінген.
Қажетті құжаттаулардан соң присяжныйлер құрамы хабарланып, төраға айыпкерге орнынан тұруға бұйырды:
— Атыңызды айтыңыз?
— Тарара.
— Бұл жанама ат. Нағыз есіміңізді атаңыз?
— Ә, түсіндім, мәртебелім. Менің атым Ардженту, Сару Ардженту, мәртебелім. Бірақ мені жұрт Тарара деп біледі.
— Солай. Жасыңыз қаншада?
— Білмеймін, мәртебелім.
— Білмегеніңіз қалай?
Тарара иығын бір қиқаң еткізді. Соған қарап-ақ жасын есептеудің ол үшін, еш қажеті жоқ, бос шаруа екенін түсінуге болатын. Алайда былайша қосып қойды:
— Мен қыстақтанмын ғой, мәртебелім. Онда ешкім жасын есептемейді.
Көпшілік ду күлген. Төраға алдында жатқан қағазға үңілді:
— Сіз, бір мың сегіз жүз жетпіс үшінші жылы туыпсыз. Соған сай жасыңыз отыз тоғызда.
Тарара екі қолын екі жаққа жайып:
— Солай-ақ болсы, мәртебелім,-деді.
Залда отырғандардың әжуасына қалмас үшін төраға асығыс— үсігіс сұрақтар қоя бастаған:
— Дұрыс қой? Дұрыс.
Сұрақтарын бітірген ол:
— Отырыңыз. Қазір хатшы айыптау қортындысын оқиды деген. Хатшының оқи бергені сол еді күрт тоқтауына тура келген.
Себебі залдан ескен жаман иістен присяжныйлар старшинасының басы айналғаны. Күзетшіге есік-терезелерді ашуға бұйрық берілді.
Айыпкердің соттардан бір артықшылығы, бір басымдығы сол жерде-ақ көрініс берді.
Өзінің қызғылт орамалының үстінде отырған Тарара танауына екібастан таныс осынау иісті мүлдем елең қылмай, алаңсыз ыржияды. Үстіндегі киімі қалың сукнодан тігілсе де ыстықты да, сондай-ақ присяжныйларды, корольдік прокурорды, қорғаушыларды, күзетшілерді тіпті карабинерлердің өзін қолдарын ерсілі-қарсылы сермеп қорғануға мәжбүрлеген қалың масаны да елер емес.Маса атаулы оның қолына жабысып, маңдайын, еріндерін, бетін аяусыз талап-ақ жатыр. Тарара сабазың былқ етпейді. Алаңсыз ыржияды.
Сот белгілеген жас қорғаушы істің сәтті аяқталарына, оны алдын ала сендіріп қойған-ды. Өйткені ол жердегі әңгіме ерінің көзіне шөп салғаны дәлелденіп қойылған әйелінің өліміне қатысты еді.
Тарара жануарға ғана тән санасыздықпен бей-жай отырды. Бет-аузында ар мен ұяттың жұқанасы да жоқ. Сондай-ақ ол бұл дүниеде өзінен басқаға қатысы жоқ әрекет үшін өзінің біреудің алдында не үшін айыпты болатынын да түсінбейтін. Ол әділ сотты кезекті бір қашып құтылуға болмайтын шаруа деп ұқты. Биыл өсірген егінің қайтарымы шамалы, өзі болса сотқа тартылып отыр. Ол үшін осы екеуінің айырмасы да жоқ еді.
Сот отырысы бүкіл сән-салтанатымен, салтанатты орынтақтарымен, соттар киген қалпақтарымен, ерекше киімдерімен Тарара үшін өткен жылғы бу дирменінің ашылу салтанатымен бірдей еді.Осыдан бір жыл бұрын басқада өзі сияқты қараңғы адамдармен бірге сол бір ғажайып машинаның алып дөңгелектерінің дөңгелеуін, поршеньдері мен блоктарының іске қосылуына сенбей тұрса да жай ғана қарапайым оқиға деп бағалай салған-ды. Әр шаруа сол диірменге бидайын алып келетін. Алайда, одан шыққан ұнның өз бидайыныкі ме, әлде басқаның бидайыныкі ме ол жағын түсінбейтін. Оған қолды бір сілтеп, өзіне тиесілі ұнды жан-жаққа әкетісіп жататын әйтеуір.
Ал бұл жолы Тарара өз тағдырын дәл сондағыдай сенімсіздікпен, дәл сондағыдай бағыныштылықпен әділет машинасының талқысына беріп қойып, жайбарақат отыр.
Ол бір-ақ нәрсені біледі. Балтамен ұрып, әйелінің басының күлпаршасын шығарған. Ол оқиға былай болған-ды. Тарара бір апта бойы Монтаперто қалашығы маңындағы егістікте жалданып жұмыс істеді. Кезекті сенбі күні кешкісін үсті су-су, лас Тарара өзі мекен етіп жатқан Арко-ди спотаға келгенде үлкен айғайдың үстінен түскен.
Бірер сағат бұрын әлдекімдер мұның әйелінің дон Агатино Фьорикамен бірге жатқанының үстінен түседі.
Осынау оқиғаға анық көз жеткізу үшін Агатиноның қолына самсатып сақина мен білезік таққан, қызыл бет, Табурина әуенімен шіркеуге астық тасымалдайтын қашырша боянып алған әйелі донна Грациелла Фьорика комиссар Спано бастаған екі полицейді ертіп, Арко-де-Спотоға өзі келіпті.
Осынау бақытсыздықты Тарарадан көршілері де жасыра алмады. Өйткені оның әйелін ашынасымен қоса қамап қойған-ды. Келесі күні таңертеңгісін үйіне келген әйелге Тарара бас салып, жұрт араша түскенше басын күлпарша еткен.
Оның анық-қанығын мына соттың хатшысы қайдан білсін?
Хатшы айыптау қортындысын оқып болған соң төраға айыпкерге орнынан тұрып, мына сауалдарға жауап беруін талап етті:
— Айыпкер Ардженто, өзіңізге тағылған айыпты түсіндіңіз бе?
Жүзінен әдепкі күлкісі кетпеген Тарара қолын бір қозғап қойып былай деп жауап берді:
— Мәртебелім, шынымды айтсам, онша тыңдағам да жоқ…
Төрағалық етуші ашу шақырған:
— Сізге мың тоғыз жүз он бірінші жылдың оныншы желтоқсаны күні тәңертең әйеліңіз Россариа Феминелланы балталап өлтірді деген айып тағылып отыр. Өзіңізді қайтіп қалай ақтамақ— шысыз.Присяжныйларға бұрылып, сотты сыйлай отырып, түсінікті етіп айтып беріңіз?
Тарара сотқа құрмет көрсетпейтіндей еш ниетім жоқ дегенді аңғартып, қолын жүрегіне қойды. Күлкіге қарық болуды алдын ала күткен жиналған жұрт оның жауабының сиқын сезгендей де еді. Бұны түсінген Тарара да біраз уақыт үндемей қойды.
— Жауап берсеңізші! — деп зекіген төраға. — Присяжныйларға өз ойыңызды айтыңыз!
Иығын бір қиқаң еткізген Тарара ақыры былай деген:
— Көрдіңіз бе ұлы мәртебелім, мұнда өңкей ғалым адамдар отыр, жазылған нәрсені оқи алады, ал мен, ұлы мәртебелім, қарапайым адаммын. Ана қағазда мені әйелімді өлтірді деп жазылған екен. Демек, солай болғаны рас. Оның не айтатыны бар?!
Бұл жолы төраға екеш төрағаның өзі де күлкісіне ие бола алмай қалды:
— Айтатын түк жоқ дейсіз бе? Жоқ, құрметтім, бұл жерде айтатын нәрсе көп…
— Менің айтайын дегенім, ұлы мәртебелім,-деп түсіндіре бастаған қолын кеудесіне басқан Тарара.
— Айтайын дегенім, мен оны өлтірдім, сол ғана. Ия, оны өлтірген — мен. Ал синьор присяжныйларға айтпағым — оны өз қолыммен өлтіргем. Өйткені, басқаша жасаудың қисыны да жоқ еді. Басқа айтарым жоқ.
-Тәртіп сақтауларыңызды өтінем, синьорлар! Күлкіні тоқтаты— ңыздар!-деп қоңырауын қаққан төраға.-Қайда отырғандарыңызды ұмытпаңыздар! Сот залындасыздар. Айыпкерді адам өлтіргені үшін соттап жатыр. Егер күлкі тоқталмаса залдан шығарып жіберем.Присяжный мырзалар! Сіздер үшін ұялып тұрмын. Мәселенің маңыздылығын тым құрымады сіздер білсеңіздер етті!
Қабағын айбарлана түйген ол қайтадан айыпкерге бұрылған:
— Басқаша жасаудың қисыны жоқ еді,дегендегі тұспалыңыз не?
Құлаққа ұрған тыныштықты бұзып Тарара былай деді:
— Айтайын дегенім, ұлы мәртебелім, бұл іске мен кінәлі емеспін.
— Кінәлі емеспініңіз қалай сонда?
Сол жерде төрағаның айбарлы даусына қарсылық жасау керек деп тапқан сот тағайындаған жас қорғаушы айыпкерге қарап былай деді:
— Кешірім өтінемін, төраға мырза, бүйте берсек мына байғұсты сөзінен жаңылыстырамыз.Меніңше оныкі дұрыс сияқты. Айыпкер бәріне кінәлі көзіне шөп салған әйелі деп тұр. Бәрі де түсінікті емес пе?!
— Кешіріңіз, синьор қорғаушы! Сотқа кедергі келтірмеуіңізді өтінемін!-деп оның сөзін бөлді төраға.-Айыпкердің өзі сөйлесін. Жалғастырыңыз Тарара. Қорғаушыңыздың сөзіне келісесіз бе?
Тарара келіспеймін дегенді аңғартып, басын шайқаған:
— Жоқ, мәртебелім. Марқұм әйелімнің де жазығы жоқ. Бәріне кінәлі … анау отырған Фьорика мырзаның әйелі. Ол бәрінің тігісін оп-оңай жатқызғысы келді. Менің үйімнің дәл іргесінде айқай— шу тудыратындай қандай қақысы бар оның? Жұрттың бәрін ұялтып, синьор Фьорика сынды аса құрметті азаматты әлдебір кірқожалақ шаруа әйелінің қойынынан үстінде көйлектен басқа түгі жоқ, жалаңбұт қалпында суырып алып, масқаралауы дұрыс па сонда? Мәртебелім, біз сияқты адамдардың бір үзім нан үшін қандай әрекетке де болса баратынымызды құдайдың өзі де біледі!
Тарара саусақтарын кеудесінде айқастырып, көзінен жасы сорғалап, дірілдеген дауыспен осылай деген кезде зал жаппай күлкіден теңселіп кетті. Кейбіреулер күлкіге шыдай алмай, ішін басып селкілдеп те жатыр. Күлкі қаншалықты қатты болғанымен төраға айыпкердің осынау мәлімдемесі арқылы сот барысына жаңаша мазмұн енгізгенін түсінді. Өзі алдын ала ойластырған қорғаныс жүйесі бір демде талқан болған жас қорғаушы да оны білген-ді. Ол айыпкерге қарап, “сақтаныңызшы” деген райда белгі берді.
Алайда, тым кеш еді. Жұртты тыныштандыру үшін қоңырауын қаққан төраға айыпкерге тағы да сұрақ қойды:
— Сонда не, әйеліңіздің Фьорика мырзамен байланысы барын білгеніңізді мойындайсыз ба?
Сөзге орнынан атып тұрған қорғаушы араласты:
— Синьор төраға, кешіріңіз… Мен ондайға … мен ондайға…
— Несіне қарсыласасыз! — деп оның сөзін орта жолдан үзген төраға— мен бәрін шұғыл түрде нақтылауға міндеттімін!
— Мен сіздің сұрағыңызға қарсылығымды білдіремін, синьор төраға!
— Қарсылық жасауға ешқандай қақыңыз жоқ, синьор қорғаушы!Тергеуді мен жүргіземін.
— Ондай жағдайда мен қорғаушылықтан бас тартамын.
— Түсінгеніңіз ләзім… Бұл сөзді шын айтып отырсыз ба? Айыпкердің өзі мойындаған соң…
-Жоқ, мұрсат беріңізші, синьор төраға! Айыпкер әлі ештемені де мойындаған жоқ. Ол осы қазір ғана өз ойы бойынша бәріне кінәлі үйінің жанына келіп, айғай тудырған синьора Фьорика кінәлі деді.
— Солай ақ болсын!Бірақ сіз айыпкерге өз әйелінің Фьорика мырзамен қатынасын білетіні немесе білмейтіні жөніндегі қойған сұрағыма не үшін кедергі келтіресіз?
Сол сәтте залдан Тарараны сақтандырған дауыстар естіліп, белгілер беріле бастаған. Қаны басына тепкен төраға тағы да тыныш отырмағандарды шығарып жіберетінін қатаң ескерткен.
— Айпкер Ардженту, жауап беріңіз. Әйеліңіздің ана мырзамен байланысы барын білуші ме едіңіз?
Есі шыққан Тарара қорғаушысына бір қарап, алақтап залды бір сүзіп шыққан.
— Сонда “жоқ” деуім керек пе? — деп былдырлаған ол
— Нақұрыс! — деп айғай салды артқы қатарда отырған бір шаруа шал.
Жас қорғаушы қабағын түйіп, басқа бір жерге отырған.
— Барлық шындықты айтсаңыз, өзіңізге дұрыс болады! — деген төраға.
— Мәртебелім, мен онсызда таза шындықты айтып тұрмын,— деген екі қолын бірдей кеудесіне қойған Тарара.-Егер мен бәрін білсем бәрі басқаша болар еді. Енді мұндай шаруаның өзі…жоғары мәртебелім, бұл сөзімді синьор присяжныйларға айтып тұрмын, өйткені мұндай шаруаның өзі… присяжный мырзалар… өте астыртын әрекет қой…Ондайды маған ешкім де бетіме айта алмайтын..Сондықтан оны мен қайдан білем?! Қарапайым, сауатсыз, қараңғы адам болғандықтан осылай сөйлеп тұрмын, синьор присяжныйлар.Дүйсенбі күні таңертең ақ тер, көк тер болып жұмыс істеу үшін егістікке кететін, одан сенбі күні кешкісін бір-ақ оралатын шаруа адамы үйдегі әйелдің не істеп жүргенін қайдан біледі? Ондай жағдай өздеріңіздің де бастарыңызда болуы мүмкін. Әрине, бұған дейін де әлдекім егісте жүрген маған келіп: “Тарара, әйелің Фьорикамен шатасып жүр” десе, бұрында үйге келе салып, оның басын балталап тастар едім. Алайда, мәртебелім, бұған дейін маған ондайды айтқан тірі пенде жоқ. Өзім де алдынала сақтық жасап… үйге келе жатқанымды ескерту үшін… әйеліме біреуді жіберетінмін. Мұны айтып тұрған себебім, мәртебелім, ешкімге жамандық ойламағанымды ұқтыру еді. Еркектің аты-еркек, ал әйелдің аты-әйел, мәртебелім. Ер адамның әйелдің табиғатын түсінуі керек. Қандай жағдайда да әйелдің етегін бағып отыру мүмкін емес. Алайда, ұзақты күн ақ тер, көк тер болып жұмыста жүрген еркегінің абыройын ойлау әйелдің де міндеті. Сондай-ақ сіздерге айтарым, синьор присяжныйлар, адамның бетіне бір түкіргеннен де жаман нәрселер болады. Ал еркектер ондайды көтере алмайды. Ант етуге дайынмын, мырзалар, байқұс әйелім мені өмір бойы сыйлап өтті. Сондықтан өмірі оған қолым да тиген емес. Оған көршілерім де куә бола алады. Ана синьора іш киімін қолына ұстап… байын қызғанып, ойбайлап жүгіріп келсе де мен кінәлі болуым керек пе?Мәртебелім, сол синьораны осы сот отырысына шақырсаңыз, онымен сөйлесіп көрер едім! Айғайшыл қатыннан жаман ештеме болмайды! Мұны мен сіздерге айтып тұрмын, синьор присяжныйлар! Ана синьора дәл кәзір осы жерде тұрса мен оған… “егер сіздің күйеуіңіз күйеуі жоқ әйелмен ашына болса қанша айғай көтерсеңізде өз еркіңізде,өйткені ол айғайыңыздан ешкім зардап шекпейді… Ал тыныш та қарапайым, ешқашан басқаның шаруасына тұмсығын сұқпайтын, ешқашан ештемені де көргісі, естігісі келмейтін, ұзақты күн егістікте ақ тер, көк тер болып жұмыс істеп жүретін жуас адамның көңіл күйін бұзатындай қақыңыз қанша?!” дер едім. Құрметтім, дер едім мен оған егер қасымда тұрса, сіз үшін ондай айғай жай ғана ермек. Бірер күнде күйеуіңізбен қайта татуласасыз. Ал осы бір оқиғаға тағы да бір еркектің қатысы барын ойланып көрдіңіз бе? Ал сол еркек өзінің ар-намысының тапталғанына келісе ме? Сондықтан ол не істеуге тиісті еді? Егер айғай тудырудың орнына сіз алдымен маған келіп, мән-жайды баяндасаңыз мен: “қойсаңызшы, синьора! Бәріміз де еркекпіз! Еркектің табиғаты солай! Кір-қожалақ шаруа қатынға бола, ашуланып қайтесіз?! Сіз де, күйеуіңіз де жұқалап, сәнмен кесілген, француз тоқашын ғана жеуден мезі болған адамдарсыздар. Ара-тұра шаруаның қара нанынан … ауыз тигенде тұрған не бар екен?” дер едім. Синьор төраға! Мен ол синьоринаға дәл осылай дер едім. Сонда құдайдың өзі куә болған осы бір қайғылы оқиға жүзеге аспас еді. Өкінішке орай, осынау қайғылы оқиғаға кінәлі сол мәртебелі синьораның өзі!
Төраға тағы да қоңырауын соққан. Ол Тарараның шын жүректен айтқан бұл сөздеріне шек сілесі қатып күліп жатқан залдағы жұртты әзер басты. -Сонда сіздің берер айғағыңыз осы ма?-деп сұраған ол айыпкерден.
Әбден шаршаған Тарара басын шайқаған:
— Жоқ мәртебелім, қайдағы айғақ? Бұл-нағыз таза шындық, синьор сот төрағасы…
Дәл осы таза шындығы үшін Тарара он үш жыл түрмеге отыруға кесілді.