ПСАЛОМ АЙТУШЫ (Луиджи П.)

ПСАЛОМ АЙТУШЫ

— Сөйтіп священик дәрежесіне жеттіңіз бе?
— Жоқ. Мен иподьякон, яғни псаломшы дәрежесіне дейін ғана жеткем.
— Псаломшы? Ал псаломшы не жасайды?
— Псалма айтады. Інжілді оқыған дьяконның алдында кітапты көтеріп тұрады. Ғибадат кезінде қасиетті су құйылған ыдысты бетіне орамал жауып, ұстап тұрады, ал литругиялар кезінде…
— Ә,ә, демек інжілден ғибадат оқығансыз ғой?
— Жоқ, синьор. Інжілді дьякон оқиды. Ал псаломышы псалмалар айтады.
— Сонда псалма айттыңызба?
— Ендіше?! Псаломшы болған соң псалма шырқайсың.
— Псалом айтушы болдыңыз ғой?
— Псалом айтушымын.
Мұның несі күлкілі еді.
Қарт дәрігер Фанта осынау сауалдарды сенімнен айрылғандықтан, семинаряины тастап кеткен Томмазино Унциоға қойып отырды. Кең алаңдағы дәріхана алдындағы үстелде жергілікті жалқаулар да көп отырған. Қатты жел күзгі жапырақтарды ұшырып, жерге күзгі бұлттардың көлеңкесі түсіп тұрған шақ еді. Жаңағы жауаптарды естіген дәрігердің бет— әлпетінің бұзылып кеткені соншалықты айнала тыңдап отырғандар күлкілеріне булығып, әзер басқан. Біреулер амалсыз ернін тістеді. Ал енді біреулер далбасалап ауыздарын алақандарымен жапты.
Ағаштардан құлаған күзгі жапырақтар астымен Томмазино ұзасымен жұрт ду күлген.
— Демек, псалом айтушы ғой?
— Псалом айтушы!
Сөйтіп діни семинарияны сенімі жоғалтуына байланысты тастап кеткен псалом айтушы Томмазино Унцио “Псалом айтушы” деген лақап атқа ие болып шыға келді.
Діни сенімнен айырылудың себептері аз емес. Әдетте, ондай жағдайға ұшырағандар шу дегенде оның есесіне басқа бір жақсылыққа, жоқ дегенде бұрын діни сенімі ырық бермеген еркіндікке ие болғанына сенімді болып жатпақ.
Алайда, діни сенімді жоғалту пендеау әрекеттерден емес, керісінше қасиетті судың дәруі де көмектеспейтін рухани шөліркеуден жүзеге асса, әлгі күнаһар пенде әлдебір жаңалық ашқанын сезінуге де тиісті еді. Алайда, сол пенде ешқашан өкінбек те емес. Ондай да әлгі адам өзі үшін ешқандай құндылығы жоқ нәрседене құтылғанына бек сенімді болмақ-ты.
Томмазино Унцио болса, діни сенімімен қоса, өзі дін жолына түскен жағдайда марқұм священик атасынан мұрагерлік жолымен тиуге тиісті байлықтан да қағылған-ды. Әлбетте, әкесі төпелеп сабау мен тепкілеу арқылы ұлының ақылын кіргізбек те болған. Бір неше күн бойы ұлына қара нан мен қара судан басқа түк татырмай, түрлі қорлық сөздермен бірге өзі білетін боқауыз бен боқтықты да аямай төккен. Томмазино осының бәріне де батырлықпен төзді. Ол әкесінің ақыры соңында мұндай тәсілдермен ұлын дін мен шіркеуге қайта оралмайтына көз жеткізетініне сенген.
Байқұс Томмазиноны қажытқан осыншалықты зорлық— зомбылық та емес, иығынан шіркеу киімін тастауына түрткі болған жоғарғы мақсаттарына қарама-қайшы мінез-құлқы еді.
Бір жағынан ол азап көру тетігі есебінде екі бүйірінің, шапалақ жеген жақтарының һәм асқазанының әкесінің ашуын басуға септігі тиетіні де түсінді. Ал, одан бірдебір кем емес өкініш күнаһардің өзінде де бар еді. Өйткені оның тағдыры бұзылды, быт— шыт дүниеге айналды.
Оның үстіне жас жігіттің төңірегіндегі адамдарға әкесі екінің біріне айтатындай, “діннен, қиындықтан қорқып безбегенін” дәлелдеуі де керек еді.Ол өз бөлмесіне кіріп, бекітілп алған. Үйінен каштан ормандарын кешіп өтіп, не Пиан-делла-Бритта жазығына , не егістік арқылы өтетін жолмен жазықтағы Санто-Мария -ди— Лорето шіркеуіне бару үшін ғана шығатын.Ұдайы ой құшағынан арылмайтын ол тірі адамға көзін де салмайтын.
Рас, адам жанының ауыр мұңдар мен мақсаткер армандар құрсауында болып, ал денесінің жан-дүниедегі сол мақсаттардың дәрігейімен өзінше өмір сүріп, таза аудан, дәмді тағамнан ләззат алатын кездері де болады.
Томмазиноның жағдайы сондай еді. Жан-дүниесі құлазып, үмітсіз мұңдарға беріліп жүргенде, қас-қылғандай денесі тез толысып, дін адамына тән салтанатты келбет-бітімге бөленгені.
Қазіргі Томмазиноңыз осындай адам! Қазіргі аты— Псалом айтушы… Оған көз салған адам әкесінің айтқанына бірден келісер еді. Алайда, байқұс бозбаланың тұрмыс-тіршілігін шағын қаланың бүкіл тұрғындары тегіс білетін. Ол осы елді мекендегі бірде-бір әйелге көз салған да емес.
Ол тас, сондай-ақ өсімдік сияқты ешқандай санасыз өмір сүрді. Өз есімін ұмытты. Өмірге мән мен мағына беретін барлық адами қасиеттерден жұрдай болып, ешқандай құлықсыз, естеліксіз, не үшін өмір сүріп жүргенін білмейтін аң мен құстың кебін киді. Тым құрымады алақанын жастанып көкшалғынға сұлаған қалпында, күн сәулесі найзалаған ақшаңқан бұлттарға қарап, теңізден ескен леп сияқты каштан ағаштарының басын шайқаған жел екпінін естісе ғой. Онда соның бірі де жоқ еді.
Бұлт пен жел.
Түпсіз зеңгір аспанда толассыз жөңкілген нәрсені біз бұлт деп атаймыз. Ал, сол бұлт өзінің бұлт екенін біле ме? Өз болмысын сезіне алмайтын ағаштар мен тастар ше?
Ал, сен бұлтты көріп тұрғандықтан оны бұлт деп атайсың. Әлдебір қиялдарға берілесін( берілмейтін несі бар?!) Табиғаттағы су иірімдері туралы ойланасың. Ол да түптің түбінде буға айналып сулану үшін бұлтқа айналады. Мұндай заңдылықты кез— келген физика пәнінің мұғалімі түсіндіріп бере алады. Ал, себептердің себебін кім түсіндірмек?
Жоғарыда каштан орманына ағашқа шабылған балта дауысы, ал төменнен қайланың шабылған үні естіледі.
Адамдар үй салу үшін тауды талқандап, ағаш жығады. Кәдімгі осынау қалашықтың таулы аңғарларына орын тепкен үйлер ғой ол Қаншама күш, еңбек, ынта жұмсалып жатыр. Соның бәрі не үшін? Соның бәрі үй төбесінен мұржа орнатып, сол сәтінде ғана кеңістікке сіңіп кететін түтін шығару үшін.
Біздің ойларымыз бен естеліктеріміз де сол түтін тәрізді…
Қалай десек те табиғаттың ұлы сұлулығын, емен, зәйтүн және каштан ормандарының жасыл желегін көрген Томмазино өз ренішінің де біртіндеп шексіз кеңістікке сіңіп бара жатқанын сезінді.
Ол қызықсыз, бірақ мәңгілік заттар мен бұйымдарды ойлаған сәтінде барлық елестің, өкпе мен реніштің, қайғы мен мұңның, үміт пен күмәннің бос далбаса нәрсе екенін ұғынған. Мәңгілік табиғат аясында адами істердің бәрі оған жылдам айналымдар барысында бір-бірін алмастырып жататын бұлттар легіндей болып көрінген. Тіпті, Тибр жазығының ана жағындағы таулы сілемге қараса да жетіп жатпақты. Олар да қыл аяғы көкжиекке жетіп жоғалып, күлгін мұнарға сіңіп құритын.
Ал алдами құлық ше? Адамның құсша самғау мүмкіндігіне ие болуының өзі қаншама мадаққа ие болды! Алайда нағыз құстың қалай ұшады? Құс ешқандай жасандылықсыз жеңіл әрі еркін самғамақ. Олай болса, жаусы жер жарған қолпайсыз ұшақты көзге елестетіп көріңіз. Сондай-ақ адамзаттың аспанға самғар алдындағы алаңы мен үрейі не тұрады?! Құс судыратып қанатын қақпақ, ал ұшақтікі бензин исін аңқытқан салдыр-гүлдір ғана. Моторы сынып, өшсе— темір құсыңның да саудасы бітпек!
— Адам, — деп есінеген көгалда жатқан томмвазино Унцио, — ұшуды тоқтат! Ұшудың қажеті қанша саған? Өйткені сен өз бетіңмен ешқашан ұшқан да емесссің.
Аяқ астынан қалашықты жұрттың есін шығарған бір жаңалық кезіп кеткен. Гарнизон бастығы, лейтенант де Венера жұрттың көзінше Томмазо Унционы шапалақпен бір тартып, дуэльге шақырыпты. Өйткені ол өзінің ыңғайсыз әрекетін лейтенантқа түсіндіріп беруден бас тартқан. Соның алдында ғана Томмазо Санта-Мария -ди— Лоретто шіркеуіне барар жолда кездесіп қалған лейтенанттың қалыңдығы синьорина Ольга Фанеллиді есуас деп атаған-ды.
Бұл жаңалық жұртты таң қалдырған. Тіпті кейбіреулер күлкіге де айналдырды. Сенуі қиын оқиға болғандықтан, оның жәйін сұраушылар да көп еді.
— Томмазиноны ма? Дуэльге шақырып па? Сонда синьорина Фанеллиді есуас деген бе? Бірақ сонысына орай ешқандай түсінік бермеген бе?Дуэльге шақыруға не жауап беріпті?
— Сайтан атсын, жағынан сарт еткізген көрінеді.
— Сонда не, екеуі шайқаса ма?
— Ертең тапаншамен атысады.
— Лейтенант де Венерамен атысады ма?
— Иә, тапаншамен.
Демек, оқиғаға түрткі болатын себеп бар. Жұрт осының бәрі талайдан бері іште бүгіп жатқан құмарлықтың сыртқа шығуы деп түсінді. Ақиқатында ол бикешті өзін емес, лейтенант де Венераны сүйгені үшін ғана (есуас) деген-міс. Түсінікті жағдай! Шынында да қала тұрғындарының түсінігінде де Венера сияқты нақұрысты нағыз есуас қыз ғана сүйсе керек-ті. Әлбетте, мұндай пікірге де Венераның екі дүниеде келіспейтіні белгілі. Томмазодан сол үшін де түсінік талап еткен.
Оның үстіне синьорина Ольга Фанеллидің өзі де Томмазиноның өзіне тіл тигізуіне ешқандай себептің де, сылтаудың да жоқ екенін айтып, көзіне жас ала тұра ант-су ішкен. Ол осынау жас адамды екі немесе үш-ақ мәрте көрген— мыс. Тіпті оған көзін де салмаған-мыс. Жұрт айтып жүргендей оған деген кішкентай да құмарлығы болмаған. Жоқ, жоқ! Бұл жерде ешқандай сезімнің қатысы жоқ. Мұнда басқа бір себеп болуға тиіс. Бірақ, ол не себеп? Көлденең көк аттының жәй жүрген қызды “есуас” деуі де бір түрлі қисынға келмейді.
Жұрттың бәрінің, әсіресе бозбаланың ата-анасының, секунданттардың, лейтенанттың һәм Ольганың осынау ыңғайсыздау әрекеттің себебін білуге деген құлқы зор еді. Ал Томмазиноның өзінің қиындығы — оның себебін ешқашан аша алмайтын. Өйткені ашқан жағдайда оған ешкім сенбейтін. Жәй ғана қызды қорлау, мазақ қылу деп түсінер еді.
Шынында да соңғы апталарда Томмазино Унционың философиялық мәндегі мұңдарға молынан беріліп, ажалды сәті келгенше тіршілік атаулының ешқандай мақсатсыз, мүддесіз өмір сүретіні туралы ойға бататынына кім сенер? Тіршіліктің кез-келген формасы қаншалықты тұрақсыз, әлсіз һәм түссіз болған сайын Томмазиноның аяушылығын барынша молынан оятар еді. Әр тіршілік иесі өзінше туады, бір-ақ формада һәм бір-ақ мәрте өмірге келетін осынау тіршілік иесінің кеңістіктегі өзіне тиесілі аймағы да шектеулі, яғни әркімнің кесімдігі мүмкіндігі мен бағы бар. Ол айналасы ұлан-ғайыр бос кеңістік. Бірақ одан оған тиесілі ештеме жоқ. Өмірге құрт та, құмырсақ да келмек. Маса немесе шөп те пайда болмақ. Сөйткен шөп өседі, гүлдейді, шешек атады, сосын мәңгілікке құриды. Енді қайтіп дәл сол шөптің көктей қоюы да екіталай.
Томмазиноның Санта-Мария де-Лоретто ескі шіркеуінің ауласындағы қына басқан екі тас арасын жарып шыққан бір тал шөпті бақылағанына бір айдай болған.
Ол сол бір тал шөптің қына басқан тастардың арасынан біртіндеп көтеріліп өскенін, анаға ғана тән мейіріммен бақылаған— ды. Сол шөпте үрей бар сияқты еді. Оның да төменде созылып жатқан шексіз шетсіз кеңістікті көргісі келетін сияқты еді. Сол үшін де бойын асқақтата өсіргісі келетіндей. Ең ұшарында біртіндеп қораздың айдарындай қып-қызыл гүл шоғы да байқалған. Әр күн сайын ол жаңағы шөпке бірер сағатын арнайтын. Сол шөптің өмірін түснгісі келетін. Жел тербесе бірге тербелетін. Әр күн сайын шіркеу жанынан өтетін бір қора ешкінің қатері өз алдына, кейде Томмазино сақтық жасап әлгі бір тал шөпті екі тастың ортасына қыстырып, жасырып та кетіп жүрді. Шөппен оның басындағы бір шоқ гүлдің бейбас жел мен ешкілерден аман қалғанын көрген кезде Томмазиноның жүрегі қуаныштан жарылардай болатын. Ол шөпті өзінше еркелетті, демін ішіне тарып тұрып искеді. Іңір қараңғысы түсе үйіне кетіп бара жатып та оны түнгі аспанның алғашқы жұлдыздарына жалына отырып, табыстап кететін. Тіпті сол шөбінен аулақта жүрсе де оның алқара аспаннан жымыңдаған жебеуші жұлдыздардың қамқорлығында деп түсінді. Көзіне дәл сол қалпында елестетті.
Ал сол күні сүйікті бір тал шөбімен сырласуға келе жатқан Томмазино екі тастың бірінде синьорина Ольга Фанеллидің отырғанын көрген. Шамасы дем баспақ болған сияқты.
Алғашында қазір демін басқан соң кетіп қалар деген үмітпен жақындай қоймаған. Қыз шынында да көп ұзамай тұрды. Шамасы, үстіне келе қалған еркекті жақтырмағандай. Жан-жағына қарап алып, сол сәтте ақ мұның бір тал шөбін жұлып алып… дәл орта тұсынан тістеп аузына салғаны ғой! Шөптің бір тал гүлі төмен салбырап тұрды. Байғұс Томмазино Унционың жүрегі жарылып кетердей болған. Бір тал шөпті аузына тістеп, қасынан өте берген қызға өзіне де түсініксіз бір батылдықпен “есуас!” деп айғай салған.
Демек, оқиғаның барысы осы. Қызды қайдағы бір бір тал шөп үшін қорлағанын қайтіп қана ұқтырмақ бұл?
Ақыры лейтенант де Венераның оған қол жұмсауына тура келді.
Томмазино мақсатсыз тірліктен, өзінің мына ешкімге қажеті жоқ алып денесін көтеріп жүруден, барша мазақтан қажыған да еді. Сөйтіп ол дуэльге шақыруды қабыл алған. Ол аз десе, дуэль шартының қатаң болуын талап еткен. Томмазино лейтенант де Венераның құралайды көзге атқан мерген екенін білетін. Әр таң сайын өтетін мылтық ату сабақтарында оған кез келген адамның көзі айқын жетер еді. Соған қарамастан Томмазино лейтенантпен келесі күні таңертең атыспақ болды. Жекпе-жек орны есебінде баяғы сол мылтық ататын жер таңдалды.
Оқ оның кеудесіне тиген. Шу дегенде болмашы жарақат сияқты еді. Біртіндеп жағдайы қиындай бастады. Оқ өкпесін тесіп өтіпті. Қызуы көтеріліп, сандырақтай бастаған. Дәрігерлер жас жігіттің өмірі үшін төрт күн арпалысты.
Ақыры, оның қатарға қосылатынынан үміт үзілген кезде аса діндар әйел синьора Унцио ұлынан тым құрымады ақтық сапарға аттанар алдында қасиетті дінге оралуын сұраған. Анасының сөзін жерге тастауға қимаған Томмазино ақыры діндарды әкелуіне келісім берді.
Дін басы одан:
— Не үшін өлгелі жатырсың, ұлым? Не үшін?— деп сұраған.
Көзін сәл-пал ашқан Томмазино күрсініп алып, күлімсіреген қалпында баяу дауыспен:
— Бір тал шөп үшін, падре, -деді.
Жұрт оны сандырақтап отыр деп ойлаған…

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *