Шеңбер
О.Сәрсенбай
Оразбек Сәрсенбай 1938 жылдың тамыз айында Қызылорда облысы, Шиелі ауданының “Жаңа тұрмыс” ауылында дүниеге келген.
1945 жылдың күзінде “Жансейіт” бөлімшесіндегі үш кластық мектепке оқуға түседі. Одан соң “Ақтоған” жеті жылдық мектебін бітіріп, Шиелі ауданы орталығында №45 қазақ орта мектебінде оқуын жалғастырған. 1957 жылы С.М.Киров атындағы (қазіргі Әл-Фараби атындағы) Мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түседі.
Жоғарғы оқу орынын тәмамдағаннан соң О.Сәрсенбай туған жеріне қайтып оралып, Шиелідегі М.В.Ломоносов атындағы орта мектепке қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып қызметке орналасады. Ал, 1966 жылы Алматыға, жастар газеті “Лениншіл жасқа” жұмысқа шақырылады. Бұдан соң “Жұлдыз” журналында (1968-1973), “Қазақ әдебиеті” газетінде (1974-1982) бөлім меңгерушісі, Қазақстан Жазушылар Одағында (1982-1986) әдеби кеңесші қызметін атқарған. 1987-1993 жылдардың аралығында “Жазушы” баспасының бас редакторы, “Өнер” баспасының директоры (1993-1995) болады. 1996 жылдан күні бүгінге шейін О.Сәрсенбай – “Қайнар” баспасының директоры.
О.Сәрсенбайдың шығармашылық өмірбаяны орта мектепте, университетте оқып жүрген шәкірттік жылдарда басталады. Елуінші жылдардың екінші жартысында, алпысыншы жылдардың басында аудандық “Стахановшы”, облыстық “Ленин жолы”, республикалық “Қазақстан пионері”, “Лениншіл жас” газеттерінде оның алғашқы өлеңдері мен әңгімелері жарияланады. Кезінде “Лениншіл жас” газетінде басылған “1961 жыл” атты публицистикалық дастаны әдеби, саяси ортада үлкен дау-дамай туғызып, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің сол тұстағы хатшысы Н.Жанділдиннің баяндамасында сынға ұшырайды.
Жазушы О.Сәрсенбай осы уақытқа дейін 20-ға жуық жеке кітаптар бастырған. Оның әдеби сын, көркем публицистика, аударма, поэзия саласындағы жарияланымдары да қалың оқырманға жақсы таныс. Ол әр жылдарда В.Короленко, В.Иванов, Ф.Абрамов, Ф.Искендер т.б. секілді өзге ұлт жазушыларының таңдаулы әңгімелерін қазақша сөйлеткен. О.Сәрсенбай қаламынан туған әңгімелер негізінде “Долана” атты (Қазақфильм, 1981 ж., режиссері – С.Нарымбетов) көркем-суретті фильм түсірілген. Жазушының жеке шығармалары украин, орыс, эстон, якут, марий, тува, венгр, қытай, корей, ағылшын, өзбек, қырғыз, татар тілдеріне аударылған. Оның “Уәде” атты повестер мен әңгімелер жинағына Қазақстан Жазушылар Одағының М.Әуезов атындағы сыйлығы (1987), ал “Шамшырақ” романына республикалық “Алаш” сыйлығы берілген (1994).
Оразбек Сәрсенбайдың “Шеңбер” романында үстіміздегі ғасырдың 70-ші жылдарындағы қоғамдық тіршілік сөз болады.
Бұл роман көркемдік жанрлық жағынан сипаттағанда әлеуметтік- психологиялық әдісте жазылған шығармалар қатарына жатады. Романда кешегі социализм заманында өмір сүрген естияр жасамыс ұрпақтың тапқандары мен жоғалтқандары, түптің түбінде зор қасіретке айналған бақталастық пен тақталастық, өзімшілдік пен дүниеқорлық сырлары жан-жақты көрініс табады. Осындай сиқырлы шеңбердің ішіне түсіп, ар мен азаматтық жолында арпалысқа шыққан ел ағалары Шерәлі мен Тоқтарбайдың, өзге де иманды адамдардың қилы-қилы тағдыры оқырманды бей-жай қалдырмайды.
“Психологизм – көркем әдебиеттің тұтас болмысынан сарқылмас қасиет. Біз ол жағдайды байқай бермейміз. Сонымен бірге психологизм – көркемдік бейнелеу принципі, ойлау типі, жазушы талантының төл белгісі. Әрі стиль көрінісі”, — деген ғалым Б.Майтановтың түйіндеуі орынды.
О.Сәрсенбайдың “Шеңбер” романы үлкен-үлкен сегіз тараудан тұрады. Бұл әлеуметтік-психологиялық романда автор өмір шындығын айна қатесіз беруді мақсат етіп қана қоймаған, айналадағы әлеуметтік- психологиялық құбылыстарды терең, дұрыс пайыммен қорытып бере алуымен ұтқан секілді. Роман қаһармандары Тоқтарбай Арыстанов, Шерәлі Дүйсенбаев, Мүбәрәк Құсниденов, партизан Аппақов, Ақтай Жаһилов т.б. жадағай күйде еміс, рухани дүниесі тартысқа толы, ойланатын, ақылды, бірақ жаңылыс басатын тұстарын да көрсету арқылы құнарлы дәстүрді жалғастырған.
Уақыт өзгермелі екені даусыз. Дегенмен кешегі мақтаныш болған саясат, идеология бүгінгі күні ерсі болып болып отырғаны да табиғи құбылыс. Сондықтан бұл романда өткен іске топырақ шашады деуден аулақпыз, дегенмен кешегі социализм заманындағы өмір сүрген қарапайым халық, басшы қауым, орта қызметкер т.б. арасындағы талас-тартыс, бақталастық жан-жақты суреттеледі. Осы арқылы жазушы түрлі әлеуметтік топтағы адамдардың түсінік, наным, дағды, өмірге көзқарасын шебер кестелеуге қол жеткізген.
“Отыз жетінші разъезд” атты тарауда облыстық ауыл шаруашылық басқармасы бастығы Тоқтарбай Арыстанбековтің орынбасары Шерәлі Дүйсенбаевтың өлігі 37 разъезд маңындағы көпір астынан табылады. Бұл азаматтың өліміне кім себеп болғанын қарапайым халық түгілі, құқық органдары да анық таба алмайды. Айтулы азаматтың оқыстан болған қазасы және оны жерлеу үстіндегі оқшау оқиғалар жайында лақап сөз әдеттегідей үстемеленіп, жан- жаққа тарап, облыс басшыларының басы қататындай оқиғаға айналғанын нақтылы өмірлік деректер арқылы көз алдыңызға елестетеді. Романның алғашқы беттерінде ауыл қазақтарының қалыптағы мінез-құлқын, жікшілдікке бейім тұратындығын тұтастыра қамтиды. “Ел іші қашаннан жікшілдікке, талас-тартысқа, тіпті, жауығуға, өшігуге кенде емес-ті, бұдан қазіргі шен-шекпен, атақ- абырой үшін жандарын сатып, жанығып жүрген басшылар жағы құралақан деуге солардың бел ортасында жүрген отағасының аузы бармайды”, — деп халық пен басшының портреттік белгілерін ашық бағалау сарынын танытады.
Бұл романда сәтті шешімін тапқан негізгі қаһарман Тоқтарбай Арыстанбеков пішіндемесі сәтті шыққан. Тоқтарбай іс-әрекет, адамгершілігімен көзге түсіп, айтылар сөзі орынды, ойы дұрыс, табиғаты обьективті жақсы көрінетін бейне ретінде суреттеледі. Жазушы Тоқтарбай портретін кейіпкердің өз сөзімен суреттейді:
“Айнаға қанша қарағыштағанмен, өз бойынан пәлендей елеулі өзгерістер көре алмады. Азын-аулақ бурыл араласқан қайсар қара шашын шалқасынан қайырған, екі шекесі қисықтау, бірақ дөң, жазық маңдайлы құбақан кісінің бірден сырт көзге түсетін қасты қалың қабағы еді. Көз шарасы үлкен, аздап алалау, көз құйрығынан екі самайына қарай екі-үш сызық терең әжімдер түскен. Дөңес мұрын, кең танау, жұқалау ерін сызығы екі езуіне қарай доғаланып біткен: иегі шығыңқы, бірақ шықшыты білінбейтін дөңгелек жүзді. Егер ұстарамен көгертіп қырып тастамаса сақалы қалың өсетін ыңғайы бар екен”, — деген жолдардан 1970 жылдардағы аға буын өкілдерінің бейнесі ашыла түсіп, сыртқы пішінінде типтік сипат арқылы кейіпкердің ішкі психологиялық сыры көрінген. Тоқтарбай қаншама сыртын айбатты ұстауға тырысқанымен, боркеміктеніп бара жатқанын жақсы сезеді. Іш пен сырттың тұтастығы дегенге тіпті сенбейтін, екіжүзділіктің қазақ арасында меңдеп бара жатқанын, үй ішінде бір беті, ел алдында бір беті бар екенін іштей мойындайды. Тоқтарбайдың жан дүниесіндегі өмір, қоғам, адам, тұрмыс жайлы философия қағидалары ақиқат жолына сілтесе де, күресуге, әділетсіздікке қарсы тұруда дәрменсіздік көрсетеді. “Заманның қаталдығын, әйтпесе кеңдігін сылтау етіп, ар- ұждан алдындағы жауапкершіліктен қашып құтылып кеткен замандастары Тоқтарбай көріп те, біліп те келеді. Өзінің уақыттың суық желінен сескеніп, сай-саланы тасалаған кездері аз емес. Қаншама қайрат жинап, қарсы шапқан кездерде беті қайтып, мұқалып, жүдеген күндері. Біраз бір шүкіршілік ететіні – зұлымдықтан жеңілген шақтарда да замана ағымын сылтау етіп, ақталуды білмепті”, — өзінің осалдығын, болымсыздығын мойындаған кейіпкер патша көңіліндегі ойларын оқырманға жайып салады.
Бұл романда 70 жылдардағы облыс, аудан басшылығында отырған адамдардың мінез-дағдыларын шебер кестелеген. Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Мүбәрәк Құсниденовтің кейіп, кескінімен өзін ұстай білу манерасы нақты өмірлік деректермен ұтымды берілген. “Бүгін Біріншінің қимылы жылдам, жүзі жарқын көрінді. Үстіне ине жіптен жаңа шыққандай тап-таза, келісті тігілген ақ-сұр костюм киген. Мойнына жағылған дөңгелек теңбіл жазбалары бар қызыл күрең галстук пен ақ сұр костюмге ерекше жарасымды реңк береді. Маңдай шашы селдіреп, түсе бастаған, елудің ортасына шыққанмен, бүткіл өн бойында, жүріс-тұрысында әзір еңсерген егделіктің белгісі білінбейтін, недәуір толысқан, екі шекесі бұлтиған, айқабақ, биіктеу қыр мұрынды азаматты нағыз жігіттік дер шағында деп балалауға болар еді.
…Мүбәрәкті қысы-жазы нар інгеннің сүтін ішеді деп естуші еді. Сонысы сірә рас шығар – атаның жасына келсе де, шіркіннің үлкен қара көздері шырақтай жанып, денсаулығы сыртқа тепсініп-ақ тұр екен” [1,60]. Жазушы 1970 жылдардағы облыстың бірінші басшысын бейнелеуде оны ой-өрісін, дүниеге көзқарасын да қоса суреттейді.
Негізгі геройлардың бірі Мүбәрәктің өзімшілдік, дүниеге көзқарас сырлары жан-жақты ашылады.
Бұл романның негізгі геройлары – Тоқтарбай мен Мүбәрәк. Бұл екеуінің өмір өткелдері бір болғанымен, тағдыр-талаптары әртүрлі жандар. Тоқтарбай әділдікке жақын жүретін иманды жан болып көрінсе, Мүбәрәк одан мүлде бөлек, өмірінің көбіне мақтағанды сүйетін, бақталастықпен өмірін өткізіп келе жатқан адам ретінде көрінеді.
Басты қаһармандардың өмір қақтығыстарынан шынайы шындық ашылып, Мүбәрәк бейнесін көз алдыңа келтіргенде оның құбылмалы, ойнақы мінезін тез аңғара алмайтын айналасындағыларға жұмбақ жандай көрінеді.
Бұл романда 1970 жылдарда өмір сүрген ұрпақтың басында болған бірқатар жайларды аңғартып, сол кездегі тұрмыс-тіршілік, олардың өмірімен қоршаған ортасымен Мүбәрәк Құснидинов тағдырымен сабақтастырыла, тұтастыра отырып суреттелгеніне оқырман көзі жетеді.
Оразбек Сәрсенбайдың “Шеңбер” романындағы көтерілген қазақ қауымы ортасындағы әлеуметтік-психологиялық проблемалары күні бүгінге дейін күн тәртібінен түспей келе жатқан өзекті мәселелер. Бұл шығарма адамгершілік проблемасын жан-жақты көтерген, сол кезде өмір сүрген Тоқтарбай, Шерәлі, Аппақ, ЖәҺилов, Мүбәрәк т.б. арқылы сол кезеңнің адамгершілік әлемін, рухани қуатын, психологиялық болмысын пәрменді суреттеген шығармалар қатарына жатады десек қателеспеспіз.