Тағдыр Қ.Жұмаділов

Тағдыр
Қ.Жұмаділов

Жазушы Қабдеш Жұмаділов 1936 жылы Қытай Халық Республикасы, Шыңжаң өлкесі, Шәуешек ауданы, Тарбағатай аймағының Малдыбай ауылында дүниеге келген. 1965 жылы қазіргі Әл-Фараби (бұрынғы С.М.Киров) атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін бітірген. Алғашқы туындылары Шыңжан өлкесінен шығатын “Шыңжаң” газеті мен “Шұғыла” журналдарында жарияланған. 1967 жылы “Жас дәурен” деген атпен тұңғыш өлеңдер жинағы жарық көреді. Мұнан кейін жазушы қаламынан әр жылдары туған “Қаздар қайтып барады”, “Сары жайлау”, “Шарайна”, “Сәйгүліктер” сияқты әңгіме және повестерінің жинақтары баспа бетін көрді.
Жазушы Қабдеш Жұмаділов өз көзімен көрген, өзі басынан өткерген тарихты арқау еткен “Соңғы көш” роман-дилогиясының авторы. Бұл романда қазақ халқының ХХ ғасырдағы тағдыр талайы шынайылықпен, шеберлікпен өрнектелген. Қаламгердің тарихи оқиғаларды және бүгінгі күн шындығын арқау еткен “Көкейкесті”, “Атамекен”, “Тағдыр” романдары қалың оқырманның сүйіспеншілігіне бөленді. Қазақ халқының даңқты тұлғасы, әйгілі батыр Қаракерей Қабанбай өмірін және батыр өмір сүрген кездегі аласапыран оқиғаны назарға алған “Дарабоз” роман-дилогиясы жазушының кейіпкер характерін жасаудағы өзіндік ерекшелігін танытқан туынды. Бұл романның бірінші кітабы 1994 жылы, екінші кітабы 1996 жылы жарық көрді. 1999 жылы “Таңғажайып дүние” атты ғұмырнамалық романы оқырман қолына тиді.
Қабдеш Жұмаділов ХІХ ғасырдың соңғы кезеңіндегі шекара бөлінісін арқау еткен “Тағдыр” романы үшін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын иемденді.
Қ.Жұмаділовтің “Тағдыр” романы қазақ халқы басынан кешірген ауыр бір кезең – екі империяның алаштың ата қонысы болған сайын даланы екіге бөліп, шекара сызығын жүргізген кезеңін арқау еткен. Романда алуан мінезді, алуан тағдырлы кейіпкерлер характері сомдалып, болмысы ашылады.
Патшалық Россия мен Цин империясы Шығыс Түркістан мен Орта Азиядағы иеліктерін айқындап, енші бөлісуді ХІХ ғасырдың 80- жылдары ғана қолға алған болатын. Романдағы күллі оқиға осы айтулы тарихтың халық тағдырына қалай әсер еткенін бейнелеуге арналған. Тарбағатайдың күнгейін мекен еткен халық тағдыры, Цинь империясының аз халықтарға жүргізген саясаты шынайылықпен шығарманың өзегіне алынған. Романның басты қаһарманы – Демежан. Оқырман бұл кейіпкермен роман оқиғасының басында Шәуешек аймақтық губернатор – Ши-амбының қарауында тілмаш болып қызмет істеп жүрген кезінен танысады. Өзгелерге ұқсамайтын ерекше тағдыры бар Демежанның өмір жолы, тіршілік соқпағы, Шәуешек аймағының әміршісіне бағынатын мекендерде тіршілік кешкен қазақ руларымен тығыз байланыста көрсетіледі. Қала өмірінің өзіндік ерекшеліктері, дала тіршілігі, күнделікті өмірге еніп жатқан жаңалықтар нанымды суреттелген.
Роман оқиғасы төрт бөлімге топтастырылған. Соңында эпилог бар.
“Жол торабы” деп аталатын бірінші бөлімде Шәуешек аймағы губернаторының тілмәші Демежанның халық тағдырын өз пайымымен бағамдаған сәттері, Төртуыл, Керей, Жұмық, Тоғас сияқты рулардың жаз жайлауды, қыс қыстауды мекен еткен тұрмыс-тіршіліктері, ішінара қайшылықтар, Тарбағатайдың күнгейі мен теріскейінің шекара бөлінісі сәтіндегі жағдайы сөз болады. Шыңжаң өлкесі мен орыс жерінің арасына ресми шекара сызығының жүргізілуі жерді меншіктеп, атам заманнан мекен еткен қазақ халқы үшін аса ауыр оқиға екені шығарма кейіпкерлерінің әрекеті, ашу-ызасы, шарасыз халдері арқылы көрінеді.
Демежанның әкесі – Керімбай зәңгі (болыс дәрежесіндегі лауазым) кейіннен Цинь империясының билігіндегі Төртуыл руының үкірдайы (аға сұлтандық дәрежедегі лауазым) болады. Руына беделді, көпті көрген адам. Демежанның Ши амбы алдында артықша беделге ие болуының бірден бір себепкері – осы Керімбай. Романдағы қат- қабат тартыс, қақтығыстар, әр түрлі мінез бен болмыстағы кейіпкерлер нанымды суреттелген.
Тарбағатай аймағын жайлаған халықтың жүрегін тілімдеп, жігерін жасытып, шекара сызығы жүргізіледі. Бұл айтулы оқиғаның басы- қасында жүргендер Шыңжаң өлкесіндегі орыс консулы Балхашин, ұлты қытайлық мұғалім, Демежанның ұстазы Ли-шансың және Демежан бастаған топ. Шекара бөлінісі сәтіндегі қарапайым халықтың күйінген хәлі шығармадағы тартысты ширықтыра түскен. “Бұл күндері не істерін білмей, екі ұдай күйге түсіп, миы басына, басы тымағына сыймай, қиналып жүрген қазақ тіпті көп-ақ”, — деп суреттейді жазушы. Ақшоқының бөктерін мекендеп, егін салумен айналысып келген Диханбай ауылының хәлі тіпті аянышты. Өз руластары болса алыста – Шар-Қызылсу бойында. Шекара сызығы дәл осы Диханбай жайлап отырған ауылдың үстімен жүрмек. Қысылған сәтте “Екі патшалыққа қоспай-ақ, қалдырып кетсеңдер қайтеді? Патшасыз қалдық деп өкпелемес едік”, — дегенді айтады. Автор мұндай ауыр сәтті “Ақтабан шұбырындыдан” кейінгі еріксіз босқындыққа ұшыраған бір кезең ретінде суреттейді. Осындай қиын-қыстау сәтте кездесіп қалатын қазақтың алауыздығынан туындайтын күлкілі жағдайлар да шығарма оқиғасын шынайыландыра түседі. Сондай оқиғаның бірі – Мәмбет руының екі адамы Тоқа мен Қойлыбай арасында болады. “Қойлыбайы жоқ жер болса болды, бейіштен кем көрмеймін”, — деп Тоқа таңдауды Қойлыбайға салса, “Тоқа арманда қалмасын, Тоқаның төбесін көрмей жүрсем болды”, — деп Қойлыбай қырсығады. Екеуінің ерегісе шекара сызығын жүргізіп келе жатқандардың жұмысына бөгет болады. Ақыры бұл іске шекара комиссиясы араласып, Ши амбы мен Балхашин екеуінің ауылына бөлініп түсіп, екеуін екі жаққа көшіріп әкетеді.
Жазушы тарихи мәліметтер мен деректерді қара дүрсін баяндау түрінде келтіріп қана қоймаған. Соның арғы жағында тұрған азапты халық тағдырын жан жүрегімен сезінген Демежандай азаматтың ішкі күйзелісін, қанатымен су себелеген қарлығаштай іс-әрекетін шеберлікпен өрнектейді. Өз-өзін кінәлап, шекара бөлінісіне қатысып жүргенін үйіне ұры түскенде, өзі қоса тонасқан Қожанасыр қылығындай сезінеді. Дәрменсіз халыққа жаны ашыған азаматтың елі үшін күйзелуі оның биік адамгершілік тұлғасын аша түседі.
Шекара бөлініп, Еженхан иелігіндегі жер анықталған соң, Шәуешек билеушісі Ши-амбы қыр қазақтарының арасында ресми сайлау өткізеді. Шекара бөлінісі кезінде Шығыс Түркістанды мекендеген қазақтардың мың жарым түтіні Ресей қарауына көшсе, екі жарым мың түтіні Қытай жағына қоныс аударады. Жазушы осы бір тарихи оқиғаны тілге тиек еткенде, бүгінгі Тарбағатай аймағының, Құлыстай өңірінің өткен шежіресіне де назар салып, қажетті мәліметтерді орнымен пайдаланады. Тарбағатай аймағында қазақтың орта жүзіне кіретін екі үлкен ру бірлестігі бар. Оның бірі – Наймандар, екіншісі Керейлер. Аз ғана ауыл Уақ болса Керейлермен қанаттасып жүреді. Найманның үлкен үш тайпасы – Төртуыл және Байжігіттен тарайтын Жұмық пен Мәмбет ауылдары аймақ әміршісінің бұйрығымен бірнеше зәңгіге (болыстыққа) жіктеледі. Сонымен, барлығын жинақтай келгенде аймақ қазақтары төрт үкірдайға топтасады. Осы үкірдай сайлауы өткізіліп, әр рудың үкірдайы анықталады. Сайлау барысындағы аласапыран оқиғалар, тіпті қазақтың аңқаулығынан туындаған күлкілі жағдайлар роман оқиғасын қоюландыра түседі. Төртуылдың үкірдайы – Керімбай өз елінің ақылшысы, алысты болжап, қиырдағыны шалатын сұңғыла жан болса, оның ұлы Демежан тек өз руластарының ғана емес, күллі қазақтың қамын жеген азаматтық биіктерден көрініп отырады.
“Тағдыр талқысы” атты романның екінші бөлімінде Демежанды елден әкесі Керімбай үкірдайдың қасынан көреміз. Төртуылдың қадірменді ақсақалы Смайыл зәңгі және орыс консулы Балхашин қайтпас сапарға аттанған. Ел ішінің ұсақ-түйек дау-дамайы, қым-қиғаш қайшылығы үдей түспесе, толас таппаған.
Демежан тек малмен ғана кәсіп қылу тым аз, кәсіптің басқа түрімен де шұғылданған жөн деп тауып, бейнетқор жұртпен бірлесіп, Боздақ даласына егін салады. Өзіне сол егіс басына таяу жерден қора- жай салдырады. Алғашында бұл ісіне өзгелерді иландыра алмайды. Тіпті өз әкесі Керімбай да наразы. Дегенмен, алғанынан қайтпайтын бірбеткей ұл өз дегеніне жетеді. Бұрын қазақта жоқ үрдісті бастап, зәйімке салдырады. Маңына жарлы-жақы байларды, зәбір көрген қарапайым адамдарды жинайды. Қыр еліне түскен алым-салықтың ауыртпалығы халықты қатты күйзелткенде осы Демежан ара түседі. Жергілікті мәнжу, сібе-солаң, қалмақ жұртына алым-салық жиналмайды. Бар ауыртпалық қазақтарға түседі. Бұл жайт қазақтардың наразылығын туғызады, алым-салық жинаушылармен арада араздық туады. Халықтың жағдайын жанымен сезінген Демежан Ши-амбының алдына барып, салықтың шектен тыс ауыр екенін айтады. Ақыры, Ши амбыны өз сөзіне иландырып, “Сары ноқта”, “Қара шығын” салықтарын алдырып тастайды. “Қан божы” деп аталатын салықты ғана күшінде қалдырады. Әйтпесе қазақ рулары шекара асып көшіп кететін қауіп туады. Керімбай дүние салып, орнына Демежан үкірдайлыққа сайланғанда, ағайын арасының күңкілі ушығып, бір шындықтың беті ашылады. Ол шындық – Демежанның нәсілі Керей, Керімбайға бар болғаны жиен екендігі. Елі үшін еңіреп жүрген Демежанның іс-әрекеті, ұлықтар алдындағы беделі отбасынан асар ойы жоқ кейбір биліктегілердің ішін тарылтып өзіне өшіктіре түседі.
“Уақыт керуені” аталатын үшінші бөлімде Демежан – бәрінен де биік тұрған тұлға. Не әрекет қылса да еліне пайдалы істі ойлап жүрген азамат Абдыра мен Қараүңгір өзендерінен тартылатын екі тоған суға қағаз жасатып, оны Іле жаңжұңына бекіттіртіп алған. Осы жайт халдайлардың Демежанға деген өшпенділігін қоздырады. Оңтайлы сәтінде олар Демежанды ықтырып алғылары келгенмен, досына дархан, жауына өр болып жаралған Демежан бой бере қоймайды. Реті келгенде алмастай тілмен орып түссе, кейде күшпен де айбат көрсетеді. Әр кезде әлсіздің қорғаны болып жүрген аптал азаматтың жауы көбейген үстіне көбейе түседі. “Жау — жағадан алғанда бөрі — етектен” дегендей, халдайлардың араздығы аздай, өз басының ғана қамын жеген пасық қандастары Демежан айналасына тор құрып, тынысын тарылта түседі. Демежанның атақ-абыройын қызғанған Ысқақ халдайлармен ауыз жаласып, Демежанның көзін құртпаққа бекінеді. Ысқақтың ойынша – Демежан оған үлкен кедергі. Ел ішіндегі ұрлық-қарлықты тыю үшін жасаған әрекетін де жаулық деп қабылдаған Байсерке сияқтылар да солармен жақтасады. Ақыры Демежанға қастандық оғы атылады. Атушылар – Дохалдайдың бұзақы інісі Бужыңқа мен Ысқақ. Алайда, оқ дарымай, Демежан аман қалады. Тоған суына талас кезінде халдайлармен арада болған қақтығыста әбден ызаға булыққан Демежан халдайлардың басшысы Дохалдайдың айдарын кесіп алады. Бұл оқиға Демежан басына үйірілген бұлтты қалыңдата түседі.
“Дар ағашы” деп аталатын төртінші тарауда Ши-амбы қызметінен босап, Құлжаға сапар шегеді. Үш айдай уақыт өткенде Шәуешек аймағын отыз жыл билеген ұлық дүние салады.
Құлжаға Демежанның үстінен арыз айтпақшы болып, Дохалдай аттанса, оның соңынан ұрлығы үшін абақтыда қамалып жатқан Байсерке аттанады. Екеуі бірігіп, Демежанға қарсы іс қозғайды. Ақыры аймаққа жаңа келген ұлық Матен-амбы Демежанға жабылған жаланы ұлғайтып, оны қамауға алады. Ең ауыр жаза – дарға асуға үкім шығарады. Жаланың басы – оның саяси сенімсіз Ли-шансыңның шәкірті екендігі, ішкі жақтан жер аударылып келген ағайынды екі Жаңды қамқорлыққа алғандығы. Сөйтіп, арам ниетті қаскөйлер абзал азаматқа саяси айып тағады. Мақсаттары – қайткен күнде де Демежанды құрту.
Пасық ниетті жандар дегендеріне жеткенмен, Демежандай нар азаматтың биік тұлғасын аласарта алмаған. Халықтың оған деген риза- құрмет сезімін өшіре алмаған. Әсеттей алаштың ардақты өнерпазының Демежанға арнаған жоқтауы осыны паш етеді. Роман эпилогында осы жайт баяндалады. Маншың өкіметі құлап, Матен амбы да қор өліммен өлген. Демежанның өзі өлсе де, ісі өлмеген. Өзі отырықшылыққа үйреткен ел егіншілікті кәсіп қылып, күн көруде. Демежан тоғанының кілтін ұстаған, егінші қауымға ақылшы аға болған Бөке қарт, оның айналасындағы адамдар Демежандай дегдар азаматты ауыздарынан тастамайды. Кезінде Демежан салдырған мешіт-медрелесер халық игілігіне қызмет етуде. Демежанның абзал да аяулы жары Бибі Демежандай арыстың түтінін өшірмей отыр. Романда Демежанның ата- анасы Керімбай мен Ажар, жары Бибі, тоқалы Ырысқан бейнелері өзіндік ерекшеліктерімен танытылады. Жақсылы-жаманды кейіпкерлердің мінез бітімі, болмысы қаламгерлік шеберлікпен бедерленген.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *