Сәрсенбек
С.Садуақасұлы
С.Садуақасұлы – Қазақстанның белгілі қоғам және мемлекет қайраткері. Сонымен бірге ол ХХ ғасырдың 20 жылдары қазақ руханиятына мол еңбек сіңірді. Смағұлдың қайраткерлік те, қаламгерлік те жолы алаш жастарының тұңғыш ұйымы “Бірліктен” (Омбы, 1914) басталды. Ол – “Өртен”, “Антомомиа”, “Салмақбай, Махамбет” әңгімелерінің және “Салмақбай, Сағындық”, “Күміс қоңырау” повестерінің авторы. Бұл шығармаларда 20 жылдардың проблемалары көркем бейнеленеді. С.Садуақасұлы сондай-ақ әдеби процесс туралы да еңбектер жазды. Бұл ретте оның “Әдебиет әңгімелері” (1927), 1928 Мәскеуде шыққан “Молодой Казахстан” жинағына жазған алғысөзін ерекше атауға болады. Қайраткер – сонымен бірге Қазақ ұлттық театрын ұйымдастырушылардың бірі. Осы орайда ол “Ұлт театры туралы”, “Алғашқы тәжірибелер”, “Алтын сақина” ойыны туралы”, “Бәйбіше, тоқал”, т.б. материалдар жариялады.
“Сәрсенбек” – қазақ әдебиеттану ғылымына беймәлім болып келген роман. Оның түпнұсқасы М.О.Әуезов мұражайынан табылып отыр. Арнайы қолдан кесілген параққа жазылған 300 беттен астам осынау романның қолжазбасын кеңес дәуірінің “жылымық” тұсында қайраткердің жары Елизавета Әлиханқызы Мұхтар Әуезовке күйеуінің соңында қалған бірсыпыра дүниелермен қоса табыстаған.
Роман қолжазбасы аса мұқият сақталған дей алмаймыз. Бірақ оны ыждағаттылықпен оқыдық. Абырой болғанда, қолжазбадан роман тарихына қатысты бірқыдыру деректерді ұшырастырдық. Бір қосымша парақтан романның алғашқы нұсқасын жазушы 1920 жылы 27 шілдеде “Мінсіз” атты повесть ретінде жазбақ болғаны анықталды. 1922 жылы 21 қарашада “Сәрсенбекті” жазуға кіріскенде, автор Мінсіз бейнесін Жұпар бейнесімен алмастырып (бұл қолжазбадан анық көрінеді), Мінсіз деген басқа жанама кейіпкер ойлап тапқан.
“Сәрсенбек” – 1916 жыл оқиғасын арқау еткен қазақ әдебиетіндегі алғашқы романның бірі. Хронологиялық жағынан тұңғышы деуге де болады.
Аталған туындының неліктен роман жанрына жататынын үш дәлелмен анықтай аламыз. Біріншіден, “Сәрсенбек” – қазақ әдебиетінде роман жанрының енді дүниеге келген кезінде туған туынды. Сондықтан бұл кездегі жазылған қазіргі көзқараспен повесть дәрежесіндегі шығармаларға роман мәртебесін беру жанр эволюциясын елеп-ескергендік болмақ. Екіншіден, роман талабына сай “Сәрсенбекте” үш желі қатар жүріп отырады. Олар: 1) көтерілісшілердің күрес барысы, 2) қаладағы оқығандардың пікір қайшылығының жай-жапсары, 3) Күлпәшқа қатысты оқиғалар, яғни қала мен ауыл арасындағы бөгет-бөгесіндердің қалпы. Үшіншіден, А.Байтұрсынұлы ескерткен “тұрмыс сарынын түптеп, терең әңгімелеу” бар.
Шәкірт кезінде кезеңінің ауыр оқиғаларын өз көзімен көрген С.Садуақасұлы араға жеті жыл салып, “Кейбірде мен баладаймын, баладай болсам да, бәрі есімде” деп эпиграф қойып, 16 жыл туралы роман жазуға отырды.
Роман экспозициясы қазақтан солдат алатынын естіп, бұл хабардың рас-өтірігін біле алмай абыр-сабыр, азан-қазан болған ауыл халін диалог арқылы жеткізумен ашылады. Автор бейнелеу тәсілін пайдаланып, қоғам мен ұлт арасындағы байланысты былайша көрсетеді: Сары маса келіп қазақтың тұмсығын шағады. Ол бір аунап қайта жатады. Кенет ойына әлдене түсіп, түрегеледі. Тарсыл естіледі. Қашады. Бір кезде тоқтай қалып, қарсыласады…
Оқиға Сәрсенбектің ауылынан өрбиді. Сәрсенбек оқуына кеткеннің ертесіне патша жарлығы келеді. Халық аңтарылып қалады. Істің мән-жайын білу үшін ақсақалдар Амантай мен Қорабайды қалаға аттандырады. Бұл кезде Жұпар есімді қыз ауыл жігіттерін жиып, оларға бас көтеру, Алатауға аттану туралы ой салады. Ауыл жастары бұған келіседі.
Бұл шақтағы қаланың тіршілігі ауылдан бөлектеу. Сәрсенбек пен Қабдеш ұлт болашағы, халық теңдігі туралы пікір таластырып жүрсе, Жұмажан секілді азаматтардың ойында түк жоқ. Олар өмірде ләззатқа белшесінен батып, абройы тасып жүргенді армандайды. Арбалып, алданып жүрген Күлпәш тәубасына әлі келмеген. Жұмажанның алдамшы әрекеттерін, аттастырған күйеуі Күдерінің ақ-жүрек адалдығын көргенде, Күлпәш басында екіұдай пікірдің текетіресі басталады. Мұндағы тартыс, шиеленіс, шарықтау шегі, шешімі аса табиғи.
Амантай Сәрсенбекке “ел көтерілмек, басшы бол” деп қолқа салады. Бірақ ол қарсылық білдіреді. Тіпті дәлелдер айтып, күрестің нәтижесіз болатынын алға тартады. Көңілі нілдей бұзылған Амантай Сәрсенбекке қарамастай болып және губернатордан тұщымды “жауап” алып, еліне қайтады.
Қала жаңа хабармен қайта жанданған. Қазақ оқығандарының бас қосуларындағы әңгіменің бәрі “қазақ һәм солдат” төңірегінде. Көркем шығарма сахнасында Қабдеш, Бұқар, Асқар сынды азаматтар шығады. Бәрі де сауатты. Баршасы да ел қамын ойлайды. Бірақ солдат мәселесі туралы әрқайсысының пікірі әр түрлі.
Сәрсенбек Сәлимадан хат алады. Бұл хаттан соң оның пікірі бұрынғы күйінде болғанымен, бағыты түбегейлі өзгереді: Бұлай болуының терең сыры бар. Сәлима хатында Жұпар туралы, оның қол бастағаны хақында, өзінің сол құрбысымен бірге болатыны жөнінде жазады. Не істеу керек? Бұл жерде парасат жеңеді. Сәрсенбек аттануға бел байлайды. Неге? Біріншіден, ол Сәлиманы ұнатады, екіншіден, бір кездері Жұпар екеуінің арасында да махаббат оты маздаған. Үшіншіден, ел басындағы сыналар сәтте, көпшілік көтерілуді қалағанда, бұл неге қолын бір сілтеуі тиіс. Мейлі, халық бұрыс жол таңдасын бәрібір Сәрсенбек – оларға, олар –Сәрсенбекке керек.
Сәрсенбектің шешімі жөнінде оқығандар арасында пікірталас туады. Әркім әр түрлі жориды. Бұған Бұқар мен Асқар қарсы болса, Қабдеш Сәрсенбекті қолдайды.
Сонымен Сәрсенбек пен Қабдеш екеуі Сәлиман кездеспек болып Көкадырға қарай аттанады. Екі жігіт жолда талай қиыншылықтарға кездеседі. Бір сәт дамылдағанда ұлт, ел тағдыры, заман қалпы туралы толғанады.
Ауыл жайы қайта суреттелінеді. Сахнаға Сәлима мен Мінсіз шығады. Бірі Сәрсенбекті, екіншісі Исатайды сүйеді. Тағдыры, талғамы ұқсас тұлғалар. Сәрсенбектен жауап хат келгеннен кейін бұлар да Көкадырға аттанады. Ойлары – олармен сол жерде жолығып, Алатауға аттану. Сапырылысқан дүние. Осы сапарда бұлар да сан қиыншылықты көреді. Әсіресе жолда орыс әскерінің кездесуі оқиғаны күрделендіре түседі. Бұлар қашады. Жау қуады. Қапыда Мінсіз қолға түсіп, қанішерлердің зорлауы мен қорлауына шыдай алмай өледі.
Енді романның айрықша желісі – көтерілісшілердің күрес барысы бейнеленеді. Әскери дайындық, әскер басылары бейнесі айшықталынады. Жұпар, Амантай бейнелері даралана суреттеледі. Қазақ әскері дуанды алуға қамдануда. Бәрі сақадай сай, қобызшылар “Боз інген” күйін тартады. Салтанатты әскер шеруі, дуанды алардағы соғыс, қазақтардың жеңіс сәті бейнеленеді.
Оқиға ширыға түседі. Сәрсенбек пен Қабдеш те анталаған жау қоршауында қалады. Қабдеш орыстың қолына түседі. Сәрсенбек әзер дегенде құтылады. Екі жігітті даралайтын қасиеттер ашыла түседі. Сәрсенбек Қабдешті құтқарамын деп шарқ ұрады. Ал, тұтқындағы Қабдеш орыс офицеріне әділеттіктің кім жағында екенін қаймықпай айтып, соққыға жығылады. Полковник пен губернатор Қабдештен жауап алғанын суреттейтін роман бөлімдерінде отаршылдардың сыр- сипаты жан-жақты ашылады.
Ауыл халін бейнелейтін желі жаңа оқиғалармен толысады. Жазушы енді шығарма кейіпкерлері шыққан ауылды емес, Сәрсенбек, Сәлима қонған, аялдаған ауылдарды суреттейді. Халық бейнесі бажайлана бастайды. Соғыстың зардаптары сөз болады.
Қилы тағдыр белгіленген Көкадырда кездесеміз деген Сәлима мен Сәрсенбекті кезеңнің олай-дүлейіне ұшыратып, ойламаған жерден орманда жолықтырады. Оның өзінде олар бірін-бірін жау екен деп, атысып-шабысып әзер таниды.
Шығарма желісі қайтадан шаһар ішіндегі жайттарға ауысады. Бұқар, Қоңырбай, Асқар, Жұмажан сынды кейіпкерлердің іс-қимылы, диалогы, монологы арқылы олардың көтеріліске деген, қазақ халқына деген ынта-ниеті, көзқарас-пайымы аңғарыла бастайды.
Амантайлар кескілескен айқаспен, ақылмен дуанды алады. Қабдеш абақтыдан босанады. Амантай мен Жұпарға жолығып, болған мән-жайды айтады. Олар Сәрсенбектің көтерілісшілерге қарай шыққанына қуанады.
Қаладағы оқығандар Сәрсенбектің қадамын түсіне алмай дал болады. Баяғы айтыс-талас. “Ұлт батыры кім?” деген сұрақ төңірегіндегі пікірталас жалғасады. Бірсыпыра жастарды Күлпәш тағдыры толғандырады. Ол ауылда. Оқығандардан түңілді. Күйеуі майданға кеткен. Қоңырбай Жұмажанның “иттігін” дәлелдемек болып, Күлпәшті алмақшы, басқалар оның мұнысына қарсы. Қоңырбай оған хат жазады. Алайда Күлпәштан қарсылық білдірген жауап алады.
Ауыл желісі қайта тартылады. Бұл да – оқиға өрбіген ауылдан басқа ауыл. Жастар Алатауға жиналуда. Күлпәш әрі-сәрі күйде. Басын “не қала, не ауыл” деген ойлар билеген. Он ойланып, жүз толғанып, “аллаға күнәһар болмай, ауылда қаламын” деп шешкен. Ауылда тек адалжүректер ғана тұрмайды, тоғышарлар да бар. Оның бірі – болыс. Ендігі оқиға болыс пен Күлпәш арасында өрбиді. Тәубасына келген Күлпәш күйеуі Күдері сенімін ақтап қалады.
Табысқан Сәрсенбек пен Сәлима дуанға жетеді. Көтерілісшілермен табысады. Басшылармен ұшырасады. Романның бұл бөлімдеріндегі монолог пен диалогтар кейіпкерлер бейнесін, сондай-ақ романның басты желісін толықтырып, ашады.
Қаладағы оқыған жігіттер айтысып жүріп, бір тоқтамға келеді. Ол — әскерге бару. Асқар, Қоңырбай, Титімбет секілді жастар осы жолды таңдайды. Бұлар “борышты өтейміз” деген ниетпен майданға аттанады. Ал, Бұқар мен Жұмажан болса әрі-сәрі күйде: бірі көтерілісшілерді “неге екенін білмейді, жақтамайды”, екіншісі “неге екені білмейді, жақтайды”. Бірақ екеуі де білек сыбана күресуге жоқ. Бұқардікі құр сөз. Жұмажан күрескендерді атақ қуғандар деп есептейді.
Алатау әбігерге түскен. Қуғыншы отряд осылай қарай аттанған.
Романда Шолақсайдағы орыс әскері мен қазақтар арасындағы соғыс кеңінен суреттеледі. Соғыста қазақтар мұздай құрсанған қарулы солдаттардан жеңіледі. Сәрсенбек қолға түседі.
Азапты күндер басталады. Жазушының “Өмір – күрес” деген қағиданы тереңінен қозғағаны байқалады. Жазалаушы отряд халықты қырғаны сөз болады. Сәрсенбек сын сағаттарда өзінің нағыз азаматтығын көрсетеді.
Романның қысқаша мазмұны осындай. Шығарма қазақ прозасының қалыптасып келе жатқан ерте кезеңінде туғандықтан, толыққанды көркем нақышпен жазылған дей алмаймыз. Алайда идеясы мен сол идеяны жеткізу үшін пайдаланған бейнелер жүйесіне жоғары баға беруге болады. Туындыда танымдылық, ағартушылық сүрең басым. Рас, шығарма композициясында жүйелілік қатаң сақтала бермейді. Бұл түсінікті де. Біріншіден, жазушы оны шығармашылық шеберлігі аса шыңдалмаған шағында жазған. Екіншіден, заманның кедір-бұдырлығы, аумалы-төкпелілігі туындының бір деммен жазылып бітуіне кедергі жасауы әбден мүмкін.
“Сәрсенбектегі” Смағұл шеберлілігі дегенде, ол ұтымды қолданған монолог, диалог, кейіпкер сүгіреті, пейзаждары ерекше атауға міндеттіміз. Романдағы Сәрсенбектің, Қабдештің, Сәлиманың монологтары, Сәрсенбек пен Амантай, Сәрсенбек пен Бұқар, Сәрсенбек пен патша офицері, қаладағы жастар арасындағы диалогтар, Амантайды, Жұпардың портреті, ел қалпын, соғыс болар күнгі ахуалды табиғатпен шендестірген пейзаждар бұл пікірімізді растайды.
“Сәрсенбек – 1916 жылғы оқиғаны арқау еткен тарихи көркем роман. “Сәрсенбекке” осы тұрғыдан қарасақ, жазушы С.Садуақасұлы тарихи романға қойылатын талап тізгінін тепе-тең ұстағанын аңғарамыз. Көтерілістің болғаны рас, оған Амантай сынды азаматтардың жетекшілік еткені, көтеріліске қыз балалардың қатысқаны, оқыған зиялы қауымның көтеріліске қарсы болғаны шындық. Ал, Сәрсенбек – автор қиялынан туған кейіпкер. Жазушы неліктен Сәрсенбекті ойлап тапты? Біздіңше, жазушыны Алаш Орданың жеңіске жете алмағандығы, ұлтқа тәуелсіздік бұйырмағандығы қатты толғандырған. Білікті қаламгер мұның себебін іздеген.
“Қазақ” газетінің идеясын пір тұтып өскен һәм сол идеяны жаңа заманға сай дамытуға күш салған Смағұл Садуақасұлы енді “Бәлкім, қазақ оқығандары 16-жыл оқиғасына белсене араласып, күресті басқарып, жүйелеу керек пе еді? Сонда, мүмкін, алаш жұрты бір ту астына жиналып, саяси сапырылыстар тұсында тәуелсіздігін қорғап қалар ма еді?” деген пікірге келген тәрізді. Өткен іске баға бере келіп: “қап, бүйткенде дұрыс болар еді” деп ойлау – табиғи нәрсе. Бұл – көзқарас эволюциясына жат емес. Міне, кейіпкер Сәрсенбек – жазушының осы идеясын жеткізу үшін өмірге келген бейне.
С.Садуақасұлы “Сәрсенбек” романының өңделмеген, баспаға даярланбаған нұсқасын 1924 жылы жазып бітірді деп шамалаймыз. Жазушының аталған романды толықтырғысы келгені қолжазбадан анық байқалады. Бірақ заман күрт өзгеріп, әдеби шығарманы таптық тұрғыда жазу талабы қойылғанда, С.Садуақасұлы бұл еңбегін ондай қалыпқа салуды обалсынған, қолжазбаға тиіспеген. Тек 1926-27 жылы романдағы Күлпәшқа қатысты бір бөлігін “әңгіме” деп айдар тағып, “Жаңа мектеп” пен “Әйел теңдігі” журналдарына ұсынған. Алайда романның қолжазбасы мен журналға шыққан “Күлпәш” әңгімесі тексінің айырма-өзгешеліктері жоқ емес. “Әйел теңдігінде” аталған әңгіме романның бір бөлігі екені ескертілген.
“Сәрсенбек” романы өз тұсында толық нұсқасымен жарық көрмегендігі, қалың оқырманға жетпегендігі оның қазақ әдебиеті тарихындағы орнын әсте аласартпайды. Оның көркемдігі бүгінгі роман талабына жауап бере алмай жатса, мұны аталған жанрдың қазақ топырағында қалыптаса бастағанымен түсіндіруге болады. Тегінде шығарманың маңызы көркемдігінен гөрі көтерген мұратымен, сол мұратты шебер жеткізе алғандығымен өлшенсе керек. Бұл тұрғыдан келгенде, “Сәрсенбек” романы – 20 жылдардағы елеулі көркем туындылардың бірі.