Сахара қызы
Ә.Шәріпов
Әди Шәріповтың “Сахара қызы” атты романында өткен ХІХ ғасырдың екінші жартысында “Шынжыр балақ, шұбар төс” Бөлен болыстың “әмеңгерлік” қақпанына түскен әкесіз жетім қыз тағдыры шығармаға желі тартқан. Автордың жол-жөнекей аңғартуына қарағанда, кейінгі эпилогында ескертуіне қарағанда, уақиға ХІХ ғасырда, Жетісу өңірінде етек алған көрінеді. Әңгіменің барысында, бұл өңірге Арқа жақтан өзінің оңбаған ниетімен Кенесары келгені, оны Жетісу қазақтары қабыл алмағаны белгілі.
Жазушы Бөлен аузына сөз салып, шындықты айтқызып: “Кенесары депсің. Оның да жайын білеміз. Бүкіл Арқаны бүлдіріп, емшектегі баласын найзаның ұшына шаншып, кемпір-шалды сойылға жығып, қанын ішіп, ол жақтан жеңіліс тауып келе жатқан хан бізге керек емес”, — дейді. Сонымен қатар, осы елдің Россияға еркімен қосылу шараларының қалай жүзеге асқанынан мәлімет аламыз.
Бұл ретте де сол Бөленге сөз беріп, мынадай дұрыс түйін жасайды: “Ресейге өз еркімізбен қосылып, үлкен мемлекетке арқа сүйесек, халқымыздың бірлігін сақтап қаламыз… Кіші жүз бен Орта жүз қазақтарының Ресейге қосылғанына қанша заман болды. Ел бірлігін жоймай, олар да күн көріп жатқан жоқ па?” – дейді. Заманның саяси- әлеуметтік шешуші проблемаларына қатысты айтылған осынау түйінді пікірлер – Асылбайдың керітартпа ұғымына қарсы сөйленген диалогта Бөлен арқылы қуаттатқан автордың өз көзқарасын айқындайды.
Бұл айтқандар сөз болып отырған тарихи кезең жайында алдын ала дұрыс түсінік беріп, оқиға өрісін ұғуға, сөз жоқ, едәуір септігін тигізіп тұр. Ақырында, кейіпкерлердің ішкі қақтығыс, қайшылықтарына назар тіксек, бұлар әр түрлі, әр қилы. Айталық, үш әйелі бар Бөлен болыс пен Мырзағара байдың, Мырзағараның баласы Саурық болыс пен Терлікбайдың және Бөлен мен Асылбай арасындағы кикілжің, қақтығыс, бір жағынан, барымта дауының, екінші жағынан, сайлау бәсекесінің тартысы болса, Бөлен мен оның малай жылқышысы Малдыбайдың арасындағы алалық мүлдем өзгеше. Ол әлі ушығу қалпына жетпеген нағыз таптық қайшылық. Ал, мейрімсіз Бөлен байдың жылқысын бағуда суықтан үсіп өлген Малдыбайдың баласы Ұлтабағуда орыс шаруларының ортасынан қоныс теуіп, Сергей сықылды еңбекші, ер, адал жігітпен достасуы, сөйтіп, екеуі бірігіп, қысталаң жағдайда Үнияға көмектесуі – екі халықтың үлкен достығының бастамасы іспетті.
Кітаптың кіндік кейіпкері Үния – Сарыбай секілді әнші, домбырашы, сері жігіттің жалғыз қызы. Бұл да – жастай өзінің әншілік, шебер тігіншілік өнерімен жұрт көзіне түсіп, атағы шыққан қыз. Бірақ әкесі, ауыл иесі Терлікбай байдың кіші баласын үйлендірген тойында, көкпар тартып жүріп қаза табады да, балғын жас қыз жетім қалады. Қыздың атағына қанық Саурық болыс Үнияға құда түсіп, інісі Қабділдаға әпереді. Қабділда көп ұзамай қайтыс болып, Үния жесір қалады.
Міне, Үнияның қайғылы, аянышты, азап жолы осы тұстан басталады. Оның адам төзгісіз ауыр халіне жан ашып, тітіркену өз алдына, тіпті, аман қалуын тілеп, кітаптың ақырына дейін тебіреніп отырасың. Ол неліктен? Ол, біздіңше, алдымен, өмірде шын болған және нақты фактыны сөйлеткендіктен. Бұл жөнінде Әди Шәріповтың тәжірибесі мол. Оның “Партизан қызы”, “Ормандағы от”, “Тон”, “Қапастағы жұлдыздар” повестерінің бәрі дерлік Ұлы Отан соғысы тұсындағы шынайы фактыларға құрылған ғой. Мына “Сахара қызында” да кітаптың негізгі желісі нақты болған фактыға құрылғаны көрініп-ақ тұр. Оны шығарманың эпилогында автордың өзі де ескерткен. Материалды архивтен тапқанын сол күйі мазмұндай келіп, “феодалдық-патриархалдық қоғамда бас бостандығы үшін күрескен қазақ қыздарының ішінен озық шыққан әйел екендігіне көзім жетті”, — дейді автор. Бұған оқырман біздің де көзіміз жетті, сондықтан Үнияның растығына сенесің де, трагедиясын іштей сезінесің. Неге десеңіз, Ә.Шәріпов құр фактылар мен есімдердің басын құрастыра берген емес, оларды идеялық-эстетикалық тұрғыдан белгілі жүйеге салып суреттеген.
Шынында, өзін жек көргеніне қарамай, Үнияны қалай да “қатын” етіп алам деген озбыр Байділданың арам, топас қылығын, қайнағасы Саурық болыстың қулығына найза бойламайтын тұңғиық, зұлым қаракеттерін жазушы ашалап көрсетпесе, Үнияның сүйкімді образы мен Қайсар характері де жөнді ашылмаған болар еді. Сондай-ақ, Үнияның образ қырларын айқындай түсуге Саурық болыстың үш әйелінің өзара күндестік күйіне сай, әрқайсысының мінез-құлқын жіті көрсетудің өзіндік мәні болған. Үнияның тігіншілік адал еңбегімен күн көруінің өзін өсектеп, қудалаған сайқал әйелдерге оның жауабы нық: “Ел өсектесе, өсектей берсін. Өзімнің еңбектеніп тапқан адал малымда не шаруасы бар? Осы ауылда күні бойы үй-үйді қыдырып жүріп өсек айтатын әйелдердің тілі неге қырқылмайды екен?” – деп қынжылады Үния.
Үния махаббатқа, адалдыққа, адамгершілікке қандай берік, тұрақты болса, әділетсіздікке де, зұлымдыққа да сондай қарсы, қатал. Ол Саурықтың бұйрығымен Байділда бастаған озбыр топ денесіне ыстық темір басып, таңба салғанда да, қыңқ етпеді. Жауыздың ырқына көнбеді. Міне, бұл қазақ қызының жалаң мінез қайсарлығы ғана емес, қаһармандығы дерлік қайсарлық.
Сол содыр-сойқан заманда әрі жетім, әрі жесір “сорлы” қыздың азуы алты қарыс Саурық болысты өзінің бас бостандығы үшін сотқа беру фактысы, соттағы ашынып айтқан ақылды, ақиқат сөзі – Үнияның қиямет жағдайда азап, қорлықтың бәріне сынбай, күйремей, рухани өскендігінің айғағы. Сотта ол Саурыққа тура қарап: “Ел арасындағы әділетсіз адам жалғыз сіз емес, қолында малы бар байлардың бәрі де әділетсіз. Сіздің үш қатыныңыз бар. Төртінші қатын болып мен тиюім керек. Сіз мені зорлық-зомбылық жасап, қорқытып алғыңыз келеді. Мен көнбеймін деп басында айтқанмын, қазір де сот алдында соны айтамын. Күйеу іздегім келсе, өз сүйген адамыма ғана шығамын. Ұстаған жолымнан, ойлаған ойымнан қайтпаймын”, — дейді. Осының өзі Үнияның өміртану жолында жеткен биігін танытса керек!
Бақыты үшін, бас бостандығы үшін басын өлімге байлаған қазақ қыздары өмірде аз болмағаны мәлім. Олардан Үнияның бір ғана айырмашылығы – ол қайсарлығының үстіне, Сара Тастанбекқызы секілді, ақындық, әншілік өнерпаздығы және, сонымен қатар, тігіншілік шеберлігі. Мұндай ерекше көзге түскен талант иесі қызды аламын деп әуелі Байділданың жанталасып, кейін одан қызғанып, ағасы Саурықтың құлқы кетуі Үнияның, сөз жоқ, осы қасиеттерінен. Әйтпесе, әмеңгерлік деген – тек сылтау, үстем тап озбырларының қолындағы қиянат құралы ғана.
Сонымен қысқасы, Ә.Шәріпов өзінің сөз болып отырған осынау “Сахара қызы” делінген роман-хроникасында ескіліктің қақпанына түсіп зар шеккен қазақ қызының сегіз қырлы, бір сырлы образын көз алдымызға әкеледі. Кітапта екіұдай боп көрінетін кейіпкерлердің бір жағында Бөлен, Әли, Асылбай, Мырзағара, Саурық, Терлікбай сықылды бай, болыс, сұлтандар және олардың күндес әйелдері, екінші жағында Малдыбай, Қабыл, Ұлтарақ, Күміс сықылды кедей-кепшік, малшы-малайлар бар. Үния тағдырына қатысты бұлардың әлеуметтік, адамдық бет пердесі белгіленеді. Жалпы алғанда, шығармадағы дәйекті материалдардан, оймен түйген топшылаулардан, нақты адам образдарынан белгілі бір дәуір тынысын сезінеміз.