От кешу Ж.Тілеков

От кешу
Ж.Тілеков

Ұлы Отан соғысының өрті сөнгелі ширек ғасыр уақыт өтті. Бірақ сол бір отты жылдар шежіресі ұмытылмастай болып ел есінде жатталып қалды. Өйткені, соғыс-сын, адамгершілік пен пасықтықтың, ерлік пен ездіктің, қар аралас қан жауса да айнымайтын адал махаббат пен көрсе қызар, серт бұзар, әсіре қызыл әуесқойлықтың шекарасын ашып тастады. Ұлы Отан соғысы жылдарының сұрапыл оқиғалары кейінгі ұрпақтарға сабақ боп қалды. Ақын, жазушыларымыздың Ұлы Отан соғысы тақырыбына жиі-жиі оралатыны да, отты жылдар сәулесі халық есінде сөнбей, жарқырап қала беретіні де сондықтан.
Белгілі халық жазушысы Жәрдем Тілековтың 1969 жылы “Жазушы” баспасынан шыққан “От кешу” романы да соғыс өрті лапылдап жанған сол бір жылдар оқиғаларын көркем баяндауға арналған. Автор бұрын партия қызметкері, мұғалім болып жұмыс істеген, Ұлы Отан соғысы басталысымен қолына қару алып, фашистермен аяусыз кескілескен Совет Армиясының офицері, Совет Одағының Батыры Тасболат Марқабаевтың өмір жолы арқылы майдан мен тылдың шыншыл суретін салып шығарды. Анығында, адам анадан жол бастайтын батыр, ел бастайтын шешен болып туа бермейді. Ел намысы, Отан мүддесі ердің жігерін қайнатып, күшін тасытады. Бейбіт күнгі тыныш тіршілік адамдары соғыстың өрт-жалыны ішінде жүріп шынығады. Кіші политрук Тасболат Марқабаев жолы осының айғағындай. Ол ауыр жараланып, госпитальда жатқанда да қан- жанына сіңіп, бүкіл болмысын билеп алған соғысты, жауды жайрату тілегін ұмыта алмайды. Оның денесі дәрменсіз, төсек тұтқыны болып жатса да, сана-сезімі арпалыс үстінде жүргендей. Ол кейде “Лепіре, ышқына” сөйлеп:
— “Жігіттер… болат қайнауда, батыр майданда шынығады… Ерлік білекте емес, жүректе… Тайсалмай соқ…”. деп айқайлайды.
Тасболаттың осы сөзі оның майдандағы өсу жолын тап басып айтып тұрғандай. Жазушы оның от пен оқ астында шынығып, елі үшін талай жауды жер жастандырғанын нанымды баяндайды.
Толассыз қауіп-қатер, тыныссыз арпалыс үстінде құрыштай шыныққан ерлік күші ол қапыда жау қолына түсіп, қол бұлғауда, жаны мылтықтың аузында тұрғанда да мұқалмайды. Оның алдында екі-ақ жол – не тізе бүгу, не өлімге бас байлау. “Тізерлеп жүріп күнелткеннен, тік тұрып өлген артық” деп қорытқан Тасболат ажалға тайсалмай қарайды. Оның туған Отанды құлай сүйген шыншыл жүрек сыры, уытты намысы өзінің ата жауы, 1928 жылы конфискеленіп, жер аударылған Қошпанбек байдың баласы, сатқын Байшорамен қақтығыс үстінде де қаһарлы елес береді.
“Ана иттен сұрауға тілі жоқ. Сен де үргеніңмен жаққан бұралқы итсің, бірақ тілің бар ғой, өзің айтшы, тауықтың сыңар аяғы татымды талшық па екен? – деп Байшораның опасыздығын бетіне басады. Тойдыра тамақтандырып, жылы сөйлеп, еркелеткен адамның соңынан еріп үріп кете баратын ит тақылеттес бұралқылығын ашып айтады. Тұтқындағы батыр гестапошы Байшораның таяғынан да тайсалмайды, неміс жендеттерінің ерте ме, кеш пе, желкеден қадағалы тұрған оғынан да жасқанбайды. Романда қас батыр тұлғасы осылай айқын көрінеді.
Соғыс – ерлікпен қоса ептілікті, айланы керек қылатын үлкен өнер. Соғыс сәтіне, жер жағдайына, дұшпанның қимыл-әрекетіне орай ұтымды тәсіл қолданып, өзін, жауынгер жолдастарын оқтан сақтай білмеген, туысқандар қанын мейлінше аз төгіп, жауын жапыра жайратпаған офицер батыр емес. Рота командирі Тасболат та осылай пайымдайды. “Ерлікке де ептілік керек. Соғыс кезіндегі соқыр тәуекел көрге түсіреді, талғамды тәсіл төрге шығарады” – дейді ол жауынгерлермен бір әңгімесінде. Оның сөзі мен ісі деңгейлес шығып отырады. Бұл әсіресе, Тасболат Марқабаев ротасының эссе полкімен шайқасы кезінде айқын көрінеді. Рота сыбдырын білдірмей, сырын алдырмай, нысаналы жерге белгіленген мерзімнен бұрын жетіп келіп тұрады. Батыл барлаушылар жіберіп, жау офицерін қолға түсіреді. Жауды алдастырып, аз күшпен жан-жақтан шабуыл жасайды. Осы ұрыста полковник Галлер де қолға түседі. Марқабаевтың ерлігі мен ептілігі басқа да кескілескен ұрыстар кезінде айқын көрінеді.
Кеңес Армиясы өзінің қасиетті жерін жаудан тазартып, халқының бостандығы мен тәуелсіздігін қамтамасыз етіп қана қойған жоқ, сонымен қатар Европа халықтарын құлдықтан құтқаруда шешуші роль атқарды. Кеңес Армиясы мен совет халқының достық, туысқандық көмегіне сүйене отырып, бірсыпыра елдер демократиялық мемлекет орнатты, социалистік даму жолына түсті. Жәрдем Тілеков жаңа романының үшінші бөлімі кеңес Армиясының осы бір аса ізгі миссиясын көркем сипаттауға арналған. Жауынгерлерінің жүрегіне жол тауып, оларды үлкен жеңістерге бастай білген ақылды, соғыс өнеріне жетік, батыр офицер Тасболат Марқабаев енді азат етілген Польшаның бір ауданындағы совет елінің өкілі, комендант-дипломат есебінде көрінеді.
Жазушы совет комендантының шет елде басынан кешірген сан- алуан, қат-қабат оқиғаларының ең маңыздыларын таңдап ала біледі. Екі дүние қақтығысқан кезеңдерде кейіпкерлерін өткір де ұтымды сөйлетеді. Бұл әсіресе, Тасболаттың Кароль Сольскиймен Польша Совет үкіметінің саясаты хақында әңгімесінде айқын аңғарылады. Совет офицері поляк буржуазиясы өкілінің қияңқы сұрақтарына дәлме- дәл және айқын жауап беріп, кәрі түлкінің құйрығын бұрап тастайды. Жазушы осындай әсерлі көріністер арқылы үлкен эрудициялы, парасатты офицер тұлғасын жасайды.
Жазушының көркем шығармада өткендегі тарихи оқиғалардың суретін салып қана қоймай, оны бүгінгі күн талап-талғамы, прогресшіл замана мүддесі тұрғысынан баяндайтыны белгілі. “От кешуді” оқып отырғанда Жәрдем де осы қағиданы мықты ұстанған екен деген ой туады. Қазіргі уақытта Батыстың буржуазияшыл тарихшылары Кеңес елінің гитлершіл Германия мен империалистік Жапонияны талқандаудағы орасан зор ролін кемітіп, көрсетуге тырысып бағуда. Жазушы романда тарихты бұрмалаушыларға суреттеліп отырған оқиға желісіне байланысты, шыншылдықпен тойтарыс береді. Оқушы Халықтық Польша мемлекетін құру жолындағы күрес тарихынан біршама мағлұмат алады.
Саналы, талғампаз оқушы әрбір жаңа кітаптан ең алдымен ой саларлық қызықты оқиғаларды, үлгі-өнеге тұтарлық ізгі қимыл әрекетті іздейді. Жан сүйсіндірер жақсы қылық, сындарлы адамгершілік көріністерін жылы қабылдайды. Әділін айту керек, романда жастарға жақсы әсер етіп, ой саларлық сәтті көріністер молшылық. Ұлы Отан соғысы жылдарында кеңес адамдарының орасан көпшілігі қара бастың қамы дегенді ұмытқандай еді. Олар өзінің бар күш-жігерін майдан мүддесіне жұмсады. Жүрек жеңіс деп соқты. Барлық ынта-тілек жауды біржолата құртуға ауды. Майданнан үйіне аз күнге демалысқа келе жатқан Тасболаттың диверсант бар-ау, деп күдіктеніп, өз үйіне соқпастан алдымен, Мәденнің үйіне баруы жалпы жұртты билеген соң тілек-ниеттің айқын көрінісіндей. Дұрысында майданнан келе жатқан жауынгердің әуелі үйіне барып, күдігін кейін хабарлауына да болатын еді ғой. Бірақ Отанды сүйген жүрек Құмдақта жасырынған жау барын сезіп тыным таппайды. Диверсант Байшораны КГБ қызметкерлері ұстағанын білгеннен кейін ғана көңілі жайланып, сағына күткен әйелі, баласына бет алады.
Жәрдем романының басты геройы Тасболат махаббатқа адалдығы, парасатты ерге лайық ұстамдылығымен танылады. “Дөңгелек жүзді бозғыл өң, иығына төгіле түскен қоңыр шашты, құмар көз қыз” – тілмаш Альбина “арманын” аңғартып, анда-санда бір күрсініп қойып қасында жүр. Күн нұры түсіп ашылған гүл құбыла құлпырып, құштарлық құшағын жайғандай. Тасболат Альбинаның өзіне алаңсыз ауған көңілін қарындастың ағаны сыйлап, қадірлегені, деп түсінеді. Офицердің осы парасаттылығы оқушы ойында да оған үлкен бір құрмет, ізгі сезім туғызады.
Романдағы басқа да жағымды геройлар – Ғалия, Лось, Шойке бейнелері де біршама тәуір шыққан. Бұлар өздерінің бірбеткейлігі, Отан мақсатына адалдығы, сол жолға сіңірген әрқилы еңбектерімен оқушы есінде қалады.
Жәрдем “От кешуде” жағымсыз кейіпкерлер бейнесін де біршама жақсы мүсіндегені шығарманың өн бойында аңғарылып отырады. Сатқын қашан да сатқын. Оның жау да адам санатына алмайды. Менсінбей, кекете, жиіркене қарап, реті келген сәтте қорлауға дайын тұрады. Мына бір эпизод соның айғағындай, “Фрау конфетті өз аузына басып жіберіп, жалма-жан піскен тауықтың бір аяғын итке тістетті де, екінші аяғын Байшораға ұстатты”, Фрау сыпайы көрінуге тырысып бағатын адам. Ол ешкімнің де айыбын бетіне басып, пәлен-пахуансың деп жатпайды. Бірақ осы бір аңдаусыз, бейкүнәдай қылығының өзі-ақ Байшораны қалай бағалайтынын айтып тұрғандай.
“От кешу” романында оқушы ойын сирек те болса сүріндіретін ой- шұқыр, шоқалақ та, көңілге бірден қона қоймайтын күмәнді жайлар да баршылық.
Сондай-ақ романда басы артық қауқарсыз сөздердің, сылбыр сөйлемдердің кездесіп қалатыны да өкінішті-ақ.
Дегенмен бірді-екілі кем-кетіктер жақсы шығармаға үлкен дақ түсіре алмайды. Біздіңше, “От кешудің” басты құндылығы тәрбиелік әсерінде. Кітап жақсы туындылар қатарынан лайықты орын алады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *