Қылмыс
Қ.Шабданұлы
“Қажығұмар Шабданұлы 1924 жылы бұрынғы Талдықорған облысы, Бөрлітөбе ауданының, Ақтоғай ауылында дүниеге келген. Отызыншы жылдардың аласапыранында ағайын-әулетімен, ауыл- аймағымен Қытайға ірге аударады. Ол Шің Жан жазушылар одағын құрып, негізін салушылардың бірі.
1957 жылы жазушыға “ұлтшыл” деген айып тағылып, Такламакан шөліндегі Тарым түрмесінде отырғызылады. Бұдан 1967 жылы қашып шығып, Ілеге келіп бой тасалайды. Бірақ, ұсталып қалып қайтадан қамалады. Түрмеден тек 1976 жылы ғана босап шығады. Содан, көп томдық “Қылмыс” романының циклін жазады… 1986 жылы Қажығұмарға “Кеңес Одағының шпионы” деген айып тағылып 20 жылға сотталады” (“Қазақ әдебиеті”. 9 шілде, 1999 ж. № 28).
Саналы ғұмырын тас қамауда өткізген, заман ықпалына бағынбайтын ұлтымыздың ақиық ақыны, заңғар жазушысы Қажекең “1942 жылы Үрімжі педагогикалық мектебіне оқуға келеді. 1944 жылы осы оқу орнында оқи жүріп, өлең жаза бастайды. 1951 жылдан бастап, алғашында одақ журналында істеп, кейін Шін Жаң әдебиет- көркемөнер бірлестігінде жұмыс атқарады. Осы кезде “Біздің үй”, “Көктем”… жинағын, өлеңдерін бастырады. 1954 жылы “Бақыт жолында” атты повесін жариялайды. 1956 жылы орталық ұлттар баспасында (Пекин) “Өлеңдер мен дастандар” деген жыр жинағы жарық көреді. Бұдан сырт, “Әңгіме адам образы жайында”, “Поэзиямыздың кенжеліктері” сын мақалалары шығады. Автор кейін келе прозаға ойысып, “Қылмыс” романын жазуға кіріседі (“Қазақ әдебиеті тарихынан таңдамалы үлгілер”, А.Кірішбаев. 2 том, Шін Жаң университеті баспасы). Қазір “Қылмыс” романының Қытайда екі кітабы баспадан шығып, үшіншісі жөргегінде “тұншықты”.
Профессор Оразанбай Егеубаевтың айтуына қарағанда, табанының топырағын көзге сүртер қасиетті Қажекем кепілге шығыпты. Түрмеде де тегін жатпапты. “Қылмыстың” 6 кітабының, “Пана” романының, “Қанішер түс” повесінің соңғы нүктесін қойыпты. Енді осы толғағы ашты туындыларын талан-тараж етпей туған елде толық шығаруды армандайтын сияқты.
“Қылмыс” романының бірінші кітабы Шін Жаң халық баспасында (Үрімжі) 1982 жылы алғаш рет 15 мың таралыммен басылған. Екінші кітабы (жоғарыдағы айтылған баспада) 1985 жылы 20 мың таралыммен бірінші рет басылған.
Кейіпкерлері: Биғабыл, Жаппар, Балпаң, Құрман, Бекназар, Құлназар, Байназар, Айсапа, Нұрсапа, Мейіз ана, Құйқа, Кенжесары, Нұржан, Мәрия, Сымайыл, Күмісжан, Рақым, Гүлжан (Күле апа), Қуандық, Бигелді, Биғазы, Биғадыл, Биғайша, Бижан, Байжұрқа, Жанқожа, Марқа, Есқазы, Мұқамеди, Мұқамәдиян (Мәдиян), Тәби, Көкитан, Майлы (Атытеріс), Әспет, Болтай, Қайныш, Минаж (Ноғай саудагер), Санапбай, Ақтай, Бүбіқан, Жанжүкен, Баянбай, Мамырқан, Камал, Шанақбай, Қабыкен, Мәкен, Қайысбек, Балбике, Жұмабек, Төреқан, Рақима, Омар, Бағила, Тіндай, Ілдай (Жангөдай солаңның балалары), Жамал, Зейнолла, Әлімжан қожа, Жебесін, Жебежан, Мұса, Бекбосын, Ғарифолла, Бекеш, Ақан, Жолдыбай, Шың Шысай (өлке бастығы), Жанас, Нәсиқан, Жәмила, Дәметкен (Дәмеш), Қанипа, Атабай, Нәбиолла, Керім (аудан әкімі), Құрышбек, Нұрасыл, Күнтуған, Қалым, Арыстанбек, Шәріпқан төре, Айтбек, Қапас балуан, Қыдырмолла, Дәулет, Мақат, Тынысқан, Құрман (Қоңыз), Елсадық, Есімқан үкірдай, Сүлеймен батыр, Оспан мерген (батыр), Ғарыпбек, Жарбол, Әділбек, Кәкімбай (Кәкім), Кеңесжан, Бағдарқан, Құрышбек, Ерсұлтан, Сәду, Оралқан, Тілеуқан, Алмен, Сәдуақас, Қуат, Халима, Ынтықбай, Салық, Өмірбек, Бексапа, Шақан, Қабен, Серәлі, Омарқан, Асылқан, Әмірқан, Әшім, Исүп Қасым (ұйғыр оқушы), Таңжарық ақын, Әбдікерім ақын, Асылбай, Түгелбай, Момынбай, Нұрия, Күлан, Дәлелқан Сүгірбайұлы, Ақай, Сұлубай, Бүркітбай, Сәбит, Репқат, Қалибек, Камен, Әбдіғұпыр (ұйғыр тыңшы), Мақай, Исқан, Қабдолла…
“Қылмыс” романы ХХ ғасырдың басынан бастау алған ұланғайыр қазақ даласын “Темір ноқта”, “Қайыс ноқта” аталған екі зорекер ел ала сызықпен бөлген екі бетте жасаған киіз туырдықты қоңырқай халықтың сергелдең өмірінен сыр шертеді.
Романның әлқисасы “Құдыретті “Тергеушім”, өтірік қоссам тас төбемнен ұрыңыз!
Атым – Биғабыл, әкем – Жаппар ғой. Жаппардың әкесінің әкесі – Балпаң деген кісі, алыпсоғар би де азулы бай болған екен…” – деп басталады. Қыбырлаған қимыл, әр істеген істері “Қылмысқа” баланып, оны құдыретті “Тергеушіге” қадағалап тапсырумен, жіліктелген тараулардың шиелі түйіні шешіліп отырады.
Балпаңнан тараған қасқырдай төрт ұлдың тұңғышы Құрман болыпты. Ол қойдан қоңыр мінезімен қоңыр күйлі домбырашы екен де ерте үйленіп еншіге берген аз малын серілік құрып құтайта алмай, ақыры бай інілеріне жалбарынды жалшылыққа тұрыпты. Осылай көген көзденіп жүріп бірде түйеден құлап, мерт болыпты да қырық жасты қанағат етіп, қараңғы дүниеге кетіп “Қылмыстан” құлан таза құтылыпты. Мирасқа қалған “Қалың” малы “жетісі” мен “қырқынан” аспай құрыпты. Оның ошақтың бұтындай қызыл борбай үш ұлы бесіктен белі шықпай жатып-ақ “Қылмысқа” кіріптар болыпты. Атаманы – Жаппар кіші әкелерінің қой қора төбесіндегі бұта- шырпыларды шөкімдеп ұрлап, қырық шоқпыт етіп, пешке өртеп таусыпты. Отты аяғымен көсеп жіберіп “Апа, насыбайым тоңып кетті!” – дейтін көрінеді. Жесір ананың өмірі үшін, дүниеде жас жетімдердей жауыз қылмыскер жаралмаған болса керек. Мейіз ана өзінің иесіз үйінің жұмысын тастай салып, бай қайындарынан еріксіз көмек сұрауға кетеді екен. Осы азын-аулақ “көмектің” ақыры оны күңдікке айналдырыпты. Ақ шұнақ аяздың шақылдап тұрған бір кешінде түйе тайлы мұзға қарамай, тал тоқып шегенделген таяз құдықтан су ала беріп, ажал түртіп абайсызда күп беріпті. Сөйтіп, өз құрсағынан шыққан балаларын зар қақсатып, ләм демей, рақымсыз, ызғарлы күйінде, кішкентайларын есіркемей, тым болмаса, маңдайларынан ақтық бір рет сипамай, бір жымимай тас болып қатып, панасыз иен құмға тастап мәңгілікке көз жұмыпты. Қорғансыз қалған үш жетімді қолдарынан жетелеп үш әкесі үш жаққа әкетіпті. Бай үйлері өз үйлерінен де кедей, өз үйлерінен де суық, өз лашықтарынан айтуға тіпті тіл жетпестей тар сезіліпті. Бірін-бірі іздеп тұра-тұра қашысады екен. Ағалы-інілердің өзара аңсауынан туған бұл “қылмыстарын” кіші апалары мықтап жазалап, онысын көлденең көзден жасырып, жасырын істепті. Мұндай епті таяққа епсіз бақырудың керегі қанша, еппен ғана жылап айырылысып жүріпті. Дегенмен, күндер өте қылмысқа әбден кәніккен қулар ересек тартқан сайын көбірек көрісіп, “қылмысқа” да көбірек бататын болыпты. Жазалауға үлгіртпей, үйден қашып “әке-шешесінің” ашуы басылғанша дала кезетінді тауыпты.
Мұндай ытқу жиілей берген соң, кіші әкесі Бекназар “шүйке бас” әперіп, Жаппардың кезеген аяғын оңдырмай тұсауды ойлапты.
Қазақтың ру-бұтақ қуалап танысатын қарапайым қаншылдық әдеті бар-ау, бірақ, соны ру төрелері ірткіш уға айналдырғалы қашан. Сол рушылдық уы сүйегіне сіңе уланып, өзара ырылдасумен өткен қазақтан көп ұрылған халық жоқ-ақ шығар! Жұңғар хандығынан жүз жылдап жеген ұмытылмас соққылар тек сол рудың – сол рушылдықтың ғана кесірі емес пе. Бекназар да сол уды мәпелеушілердің бірі екен. Ірге күшке салып, момын кедей ауылды малға даумен жығып, жеңістің соңын түлкі еппен құдалыққа айналдырып, 12 жасар Күмісжанды Атаманға атастырыпты. Қасқыр боп келіп түлкіге, түлкі боп келіп қасқырға айналып кететін қулықпен құдаласып, көп ұзамай құл байлайтын “қазық” болып Сымайылдың қызы Жаппарға ұзатылыпты. Жасынан жұмыстың ауырын көріп, азаптың соққысын тартқан Күмісжан еңбекқұмар, пысық келін болатын. Осы қасиетімен кісі менсінбейтін Кенжесарыға да жағыпты. Жын қуып кетпеу үшін Нұрсапаны да үйлендіріпті. Сорлыға сойыл бұрын тиетіні белгілі ғой, асыл жарының қызығына қанбай-ақ солдатқа алыныпты. Содан үш жыл бойы жер қазды ма, жоқ ақ патшаның көрін қазды ма, әйтеуір, аман-сау ауылға келеді де “кебін” киісі орысша болғандықтан “жетім орыс” атаныпты. Нұкең кейде еріккенде шойын сағатына бағындырып намазға жығылғандарды ашықтырып ойнапты. Жаусыраған жегжаттары қансыздығын айтып шапқа түрткенде “қан жоқ болса, қан ішкізетінбедіңдер! Дейтін көрінеді. Осындай алақұйындығымен мықты қазыққа да байланбай, дайын асқа тік қасық болмай, күйеусіз келген келінді қайтарып жіберу қылмысын өткізіпті. “Ақ батаны бұзған” күнәсі үшін, қылмыстың “ақ” жазасын алып, оған оба қосылып құсадан опат болыпты. Сонда да Құрман әулетінің тұқымы шыр айналдырған қырсық шырмауынан құтыла алмапты. “Шала болып қалды” дегендей оңбаған оба тағы бірнешеудің нәзік жандарын жалмапты. Осы тұқымнан жалғыз құлазып қалған Жаппар қырсыққа қатты ызаланыпты да бұтартарын мініп, енді оны өзі іздейтін болыпты. Ұрынарға қара таппаған қылмыскер бейкүнә қыз-келіншектерге қырғидай тиіпті. Сөйтіп, желауыздардан “жынды Жаппар” атаныпты. Мезгілі жетті ме, Мәдиян дейтін қызды алып, қайтадан үйлі-баранды болған соң, қырсық іздеуден пышақкесті тиылыпты. “Би” мен аталатын бес баланың атасы болып, “жыны қағылыпты”.
Биғабыл анда-санда зәрулігі болмаса сөйлемейтін болғандықтан, айналасындағылар оны “Мылқау” десіпті. Бірақ, ішінде бәрі сайрап тұрады екен. Бір кесім етке зар болған етбауыр туыстары Жаппардан ырымдап бала сұрағанда басқасынан “Мылқаудың” базары жүріпті. Өкіл әке-шешелері оның бал тілін қызықтап, әр түрлі талаптар қойса да шамасынша бәрін орындауға тырысыпты. Алайда, “маған бала болсаң, Жаппарды боқта. Мәдиянды тілде!” дейтін қайрап салуға келгенде “ішмерездігіне” басып, қасарысады екен де қысағанда қыстығып жылайтын көрінеді. Тіпті, тамаққа шақырса бармай, тіс айқастырмайтынды тауыпты. Осылайша “Әдепті” баладан ши шығыпты, бірнеше үйге барса да байыздамай, кесірлі басы қылмысқа тартуын қоймапты.
Жаппар жиған тері-терсегін базарлай жүріп, қаладағылармен үйір айқастырыпты. Өзін қызылдар жүргізген сайқал саясаттың ұшығы да шалыпты. Оған ауылдың әпербақан шолақ белсенділері түрткі болыпты. Жылы орнын сол сойқандар түртпектеп суытыпты. “Ленин”, “Сталин”, “Жаппар”, “Құмар” – деп қара танып келе жатқан Биғабылдың шала сауаты ашылмай жер аударылыпты. Бұл кездегі “қайыс ноқтаның” халі де тым мәз емес екен. Шәушекте бұлар сияқты қашқындар қара қарғадай қаптапты. Аттап басқан жерде қарақшылық, зорлық-зомбылық, жұмыссыздық, ашаршылықтың соңы адам сатуға дейін барыпты. Осындай жантүршігерліктен жүрегіне жүк түскен қашқындар бұрын-соңдысы жиналып үйірімен қатыгез қаладан қашықтапты. Қайда барса да Қорыттың көрі екендігін іштерінен сезіп, құдайдың басқа салмағын көруге мойындарын ұсыныпты. Жаппар тәуып болып, ел ақтап ем жүргізіп, қоралы жанның қамын күйттепті.
Жаппар кез-келген несібесін қаңбақша кезіп жүріп заузатыман тере беріпті, күйі төмендегенде табылған малдың қанын қайнатып неме қуырып, қолы жетсе ұнның кебегін қанмен илеп, қалаш жасап жепті. Аңқаулығымен қолындағы асылынан да айырылып соры қайнап жүріпті. Қашанда жұт жеті ағайындылығын қойған ба. Жұттан қалған адамның өзіде, көзі де жұт сияқты. Бүйірі толып ас ішу бір бұлыңғыр арман болыпты. Жәкеңнің құйрығы дөрбілжінге келгенде қоныс тауыпты. Туыс-жегжаттарымен табысып, тамырын тереңдетсе керек. Тұрмыс деген – күрес қой. Күреспесең күн көре алмайсың! Тұрмыс- тіршілік үшін лазу. Биғабыл осы жерде мектеп табалдырығын аттапты.
Бұрынғы күнәсі кілең көр көкіректікпен істелсе, енді осы жерден қылмыстың көкесін оқу арқылы танытуға таған қалапты. Диуана жүрегін де қылмысқа толтыра іштей ерегесіп, сынбайтын құйтырқы мінезді қалыптастыра бастапты.
Билік басына жаңа өкімет келсе де қорқау қашанда қорқаулығын қойған ба! Қараңғы елдің сорпа бетіне шығар көзі ашық атқа мінерлерін “Құрылтайға шақырумен” құрдымға жіберетін қара науқан шығыпты. Содан, ел деп еңіреп туған есіл ерлер темір торға тұтқындалыпты. “Қылмыстары” үшін үрпіне қыздырылған сым темір жүгірту, тырнақ көбесіне қамыс тығу, шегеге жалаң аяқ тұрғызу, әйнек қиыршығына тізерлету, бармағынан байлап аспаққа асу, иегінен қармақ іліп салақтату, “тәнкі тергеу”, “самолет тергеу”, көзін электр тогімен суыру, қапқа салып тірідей көму сияқты адам қинаудың ең “асыл” ғылымдарын қолданып тиісті сыбағаларын беріпті. Бұл көргіліктен таңдайынан шаң шыққан сұңғыла ақын Таңжарық ғана “… Айтып кет балаңның баласына!” – деп іш кернеуін басыпты. Ал Алтайдың ақиығы, ақсақ қаблан – “надан” Оспан ғана осы “Құрылтайға” қатынаспай, құзырлы өкіметтің мысын әбден құрытып, кегін қайнатыпты. Аспандағы бұлтты үйіретін жәреуке тілге “Адалдығымды атам да біледі!” – дегендей көнбеске керек. Бұған “Апам да аң-таң, мен де аң-таң” – десіп ұзақтай шулап, аңқау елдің есі шығыпты. Мұндай аудың аумағы ұлғайып, мектеп оқушыларына дейін барыпты. Ес білген ересек оқушылар торға ілініпті де шабақтары сүзгіден қалып, өз суында — өз мектебінде қала беріпті. Бұл боран үдей беріпті, үдеген сайын басынан бақайшағына дейін қылмысқа толған Биғабыл егесе түсіпті. Егескен сайын бекіп, бекіген сайын күшейе беріпті. Осылайша, алғашқы “Қылмыс” дүниеге келіпті.
“Құдыретті “тергеушім”, өтірік қоссам тас төбемнен ұрыңыз!” – деп басталыпты, тұңғыштың өкшесін басқан “Қылмыс”.
Аудан қалған шабақтардың өзі қырық темірдің қылауы екен. Сыныптағы өзара түсінбестік, ала көз бәсеке, рушылдық, жершілдік үлкен жікшілдікке айнала бастапты. Сол сойқанды шапқа түртіп, ақыраңдаған өштікке айналдырған ала бүлік тағы да Биғабыл болыпты.
Аумалы-төкпелі аласапыран жағдайда әке-шешесін. Оларды азырқанғандай қарындас-бауырларына дейін жалшы еткен ол қылмысты оқуын үдете беріпті. Құныққаны сонша қытайдың оқуына мұрнын шүйіріп, қалтарыста Советтің кітаптарын оқып көз аясын қылмыспен кеңейтсе керек. От осыдан шығыпты. Өртке май құйған ала құйын ұйтқыма Биғабыл екен. Ал қытай мұғалімдер “түрт шайтан түрт, біріңнің еттеріңді бірің жеңдер” – деп, жымысқы күлкімен жанай қамшылап, әдейі шектеусіз, тізгінсіз қоя беріпті. Оларға керегі құрттай қылмыскерлердің арасын аша түсу, бес саусақты барбитып, қылмысты жұдырықтарын түйгізбеу екен. Алтыбақан алауыздықтарын араларындағы қылмыскерлерді аямай әшкерлеген ашық-жарқын, ақ көңілділікке балап, бұл рухтары бүкіл мектепке үлгі болатындықтарын айтып, қылмысты арқаларынан қағыпты. Нағыз отан қайраткерлері өздерінен шығатындықтарына зор сенім артатындықтарын білдіріпті, құдыретті ағартушылары. Темірдей тәртіп орнатыпты. Отаншылдыққа баулу үшін қылмыстыларды қаздай тізіп, қытайдың туын ертелі-кеш шығарып-түсіріп тұруды күнтәртіпке енгізіпті. Саяси сақтықты күшейту мақсатында сақшы орындарымен селбесіп, оқушылар арасынан тыңшы қабылдапты. Оның бірі болғанда, бірегейі Камен болыпты. Бетпақ берекесіздіктен пайдаланып, бірінде жоқты біріне тапқызып, жан жерін тауып қапқызып, бірінің қылмысын біріне жұлып алып, бірінің сөзінен бірін іліп алып, бірін бүркіт, бірін тазы етіп баптап салуда алдына жан салмайтын құлан аяқтардың барыны күн санап молайыпты. Араздастыру – бірінің үстінен біріне шағым айтқызудың, көрсеткізудің амалы екен де ол өздеріне сылтау табу үшін керек болыпты. Тәртіп бөліміндегілер қаңтардағы жынын жеген бурадай болып, айбаттарынан ай жасырыныпты. Айналасына ызғар шашыпты. Тоң мойын, азулы қылмыстыларды күшке басып иманын үйіртіпті. Аюға намаз үйреткен таяқ екенін де естеріне түсіріпті. Не қылмадың демейтін көрінеді, отырса опақ, тұрса сопақ болып талай қылмыстылар күйісінен жаңылыпты. Кейбірі көлеңкесінен қорқыпты, оған басы қазандай сұрау белгісін қоюдың қажеті қанша! Аттап басқанның бәрі қылмыс, қылмыс деген жыртылып-айырылады, ұрынарға қара таппай сабырылысатын сияқты. Осынша түп-тұқыянды қазбалап қуарлаудың түп мақсаты оқудан қуу болса керек. Естір құлақты жауыр еткен жарапазаны: “Қытайдан асқан парасатты халық жоқ. Конфуций ғылымынан зор ғылым болмайды, ол бүкіл жер шарына нұрын шашып, адамзатқа адамгершілік-адалдық, рақымдылық үйретеді”. Мұнысы сол ғұламаның қараңғы құлшылдық тәліміне байланда жат дегені екен. Сондай сайқалдықты кезінде Англия да көп жүргізіпті. Өзі тартпайтын Опиумды қытайға тартқызыпты, өзі сенбейтін будда дінін Индияда күшейтіпті. Мақсаты – осы екі елді уландыру, солай әлсіретіп, құлдана бермек, үстемдігін мәңгі сақтамақ болыпты. Қытай мен Советтің емшегін тел емген қадалған жерінен қан алатын қасарыспа қылмыстылар кейде дүниенің сөзін сөйлейтін болыпты. Көздері маймылдың көздеріндей қызарып, әр түрлі философиямен торғай миларын ашытып, қасат дауларды қуып, қызыл кеңірдесетін көрінеді. Құдайдың бар-жоғынан басталып, адамзаттың шыққан тегіне дейін барысып, ақыры “ол кімнен туды, оны кім жаратты, дербес құқықты айғыр кім?” – дейтін ұшы-қиыры жоқ сұраулармен жақтары тозады екен.
Мектеп сахнасының жұтынып тұрған тазалығы шамалы болыпты. Бір жексенбілікте жүрегі қарайған оқушыларды қызылсыратпаққа өзін құрбан еткен қаптесер тамақтан табылыпты. Кірпияз қылмыстылар көздері қанталап, жас аққанша лоқсыпты. Осыдан шұрқанды шу көтеріліпті. “Даудың басы Дайрабайдың қара ешкісі” – дегендей, “дүниежүзілік соғысты” бұрқ еткізген көрінде өкіргір тышқан екен. Ұйғыр сабақтастар етжеңді қытай аспазды май құлақтан сүйреп әкеліп, бітеу тартқан сыбағасын бітік көзіне сүртіпті. Қан қыздырмай тұрсын ба, қытай оқушылар да білектерін сыбанып додаға түсіпті. Ұлы дүбір күшейгені сонша парта-орындықтар мен ыдыс-аяқтар да шайқасқа қатынасыпты. Арашаға оқу орнының басшылары араласып әзер тоқтатыпты. Көп өтпей, осы ұлттық қозғалысты қоздырушылар тергеуге тартылыпты. Ең алдымен топырағы жеңіл “көреген” қылмысты қалмақ іліпті. Қанға тартқан тағы бірнеше жемтіктесі “бөріктінің намысы бір” дегендей, қосаққа ілесіп жазаға сұраныпты. Қоқайды көрсетіп, қанша қуса да кетпей қойыпты. Бұл ұялы қылмыстыларды апанымен құрту май өкшелеріне зиян екенін білген ақылды басшылар тезге салуды аяқсыз қалдырып, сабаларына түсіпті. Жайылысы бір болғанымен жусауы басқа қос топ қылмыстылар ызғарларын ішіне жұтып, қан майданнан күрең қабақ тарқасыпты. Бөрі келсе біріккенімен бейбіт күндегі беймаза берекесіздік, күншілдіктің күлге көмілген жылан көз шоғы өшпепті. Бұған көрік болған Камен түртінді, тіміскі тыңшылығын тағы қолға алыпты. Ұзақтыкүн Биғабылды бүйірлеуі тегін болмапты. Өз қауымында бір ауыздылықтың ұйтқысы болған Атаманның барлық қылмысқа дабылшы екенін әлде қашан білген сияқты. Түлкі қулықпен жіпселеп, қара күйе қылмыстыдан ұшық іздеп, індетіп қазбалапты. Бірақ, “Қорқақтың көзі көп” – дегендей, алаяғың да алпыс айласымен қақпан баспай жүріпті. Солай болса да Камен жемір сиырдай жалаңдауын қоймапты. Сәті түскен бір кезде Биғабылдар оның құйрығын қарға шаншып, аузын оңдырмай қарыпты. Оған себеп Каменнің Нүрияға жазған ғашық қоқай хатын өз басына шоқпар етіп сілтеп, ерін мойнын кетіріпті. Сөйтіп, “Тасыған төгілетіндігін” ұқтырыпты.
“Мылқау” құрттай болғанымен құлағы ұзын қылмысты екен. Бірде Үрімжі түрмесінен қашқан Дәлелқан Сүгірбайұлы Моңғолияға барып, қару-жарақ алып Оспан батырға қосылыпты деп естісе: “Бірде құлжадағы ұлттық партизандар күшейіп, Шәушекке дейін шөп жайып, киелі жерді “Сараяқтардан” (Қытайлардан) азат етіпті деп көзіне нұр құйылатын болыпты. Жеті қабат жер астындағыны еститін бұл саққұлақ қылмыскердің сандырағы бағзыда бұлт кетпей, шынға шығып жүріпті. Ой мен қырдан жиналған Биғабыл білетін бейбітшілікті көксеген даланың асау, жалаңаш кеуде батырлары Үрімжіге де қара бұлт қаптатыпты. Үрейленген өкімет ордадан тартып, оқу орындарына дейін сақтық шараларын қаурыт жүргізіп, темірдей тәртіп орнатыпты. Жау жаныңда дегендей қытай оқушыларды мұздай қаруландырып, ұлттықтарға қарауылға қойыпты. Олардың өзара қатынасуына да тиым салыпты. Аты шулы Биғабылдың қылмысты тобын табалдырықтан аттап бастырмай, үш күн үйлерінде дәреттендіріп қорлапты. Осындай си-сыбағалардан естерін жиған алтыбақан алауыз кесірлі қылмыстылар енді бір-бірімен ауыз жаласып, тонның ішкі бауындай болыпты. Өз қолдарымен от көсемеуге, өз қандарын өздері ішпеуге, бірін-бірі сатпауға қасам ішіпті де жұдырықтай жұмылыпты. Құдай тәубасына келген қырқы бір жақ болыпты да қыңыры Камен бір жақ болып, қарғыбау иелеріне өндіріп еңбек ете алмай еңсесі езіліп, сүйкімі сұйылыпты.
Үлкен қылмыстылар бас қаланы бір қусыруында қатты қусырып кейін қарымы жетпеді ме, жоқ әлде белгісі бір көлденең әзезілдік болды ма, болмаса бас көтерер алып бастар қырқылып, қайта бас көтерер бас болмады ма, әйтеуір, тебіні босап, кең даланы тебіренткен қасиетті үндері өшіп, бара-бара мүлдем естілмейтіндей болыпты. Қаланы қара қарғалар қаптап, сайын сахараны құзғынның құйқаны шымырлатар құңқылы басыпты. Құдай қалғып отырғанда ыбылыс- шайтандар үстемдік етті ме, кішкентай қылмыстылар “Адамзатқа рақымшылық қағидасын үйретуші әулие ұстаз” Конфуцийдің тағылымына дымдарын тісінің арасынан ытқытып, қолдарын бірақ сілтеп қасиетті білім ордаларын тәрік етіп, жарық күнде жай түскендей, қылмыстың көкесін көрсетіпті. Жолшыбай “ақыл анасы — қиыншылықтың” талайын көріп, көзеулі жерлеріне жете қабыл көкейді тескен көп арман көктей қиылып, қылмысты қыл мойындары құрыққа қайта ілініпті. Өз қолыңды өзің шайнайсың ба! Даланың даңғой, алкеуде ағаларының бірі обалдарына қалып, “жіліктің майлы басын” мүжіпті. Нар қылмыстары үшін “… Айтып кет балаңның баласына!” – дейтіндей, о дүниенің есігін ашып-жаптырған жазаның сыбағасын алып, құлын жеген биенің құйрығындай болыпты, күреске тоймайтын қылмыскерлер. Су ішерліктерінен бе, шұғылалы өмірлерінен үкілі үміттерін үзбей алтын қазықтарына қайта оралып, қалғандарымен қойдай шуласып табысыпты. Бұл шұрайлы мекенде де өзгерген ештеме жоқ, көшкен жұрттай жүдеу күйінде екен. Бұған теңдессіз сұлу жары – ай маңдай, от кірпік Нұрияның аянышты қазасын қоссаң, түсік тастағандай Биғабылдың жүнжіген құр сүлдесін елестету онша қиын болмапты. Қанша дегенмен мың өліп, мың тірілген қазақтың қиқымы ғой, қабырғалы қазаға қайыспай, қайтадан дүр сілкініп қайраттана түсіпті. Еңсесін тік ұстап келе жатқан бір күні Құңқызылардың (Қытайлардың) құрық бойламайтын қулығына куә болыпты да тұншаланған шындыққа жаны шырқырап айғайлай шығып, айықпас қылмысқа тағы батыпты. Бұл бұлалығының дәурені өткендігіне енді көзі жетіп, жасырынған жансыздардың қанды шеңгеліне ілікпей, ақыры қан сасыған қаладан қылмысты басын қорғалап, Қуат досымен қол ұстасып қашуға тырысыпты. Ұзақ жолға кетіп бара жатып, артына қайырыла қарағанда кеңсірігі ашып, қылмысты көзі бұлдырапты. Атанжілік жолсерігі шибиген саусақтарын уатардай езгілеп: “Сен өзің мына қалпыңда сау қалмассың, шырақ, жассың ғой, нербіден сақтан!… Өзіңді мықты ұста, мықты ұста!…” – деп сүйеу ақыл айтыпты.
“Өзін мықты ұстап”, көкірегін кере, нық адым басумен қылмысты Биғабыл алда не күткені белгісіз буалдыр беталысына кете беріпті.
Осылайша, толғағы ашты “Қылмыстың” ізбасар кітабы жарық дүниенің есігін ашыпты.