Қызыл жолбарыс
Ұ.Доспанбетов
Ұзақбай Доспанбетовтің “Қызыл жолбарыс” романы алғаш рет “Жұлдыз” журналында 1995 жылғы 2-ші санында жарияланған. Бұл роман қазақ халқының тарихындағы елеулі оқиғалар мен құбылыстарды арқау еткендігімен құнды. Шығармада белгілі бір кезең, дәуір тағдырын таныта отырып жазушы тарихи-әлеуметтік құбылыстарды, тарихи кезеңнің әлеуметтік даралығы, шығармашылық фантазиямен пішіліп, сәтті жасалған деуге болады.
Шығарманың бел ортасында жүретін қазақтың билері, шешендері, ақындары, батырлары нақтылы тізіліп, нанымды баяндалады. Заманның да, қаһармандардың да басындағы қайшылықтар жан-жақты көрініп, әртүрлі жағдайдағы жай-күйлері суреттеледі.
“Қызыл жолбарыс” романы бірден жас би Ескелдіге (бес жасында бата алып “Бала би” атанған) Құлсарының өлімін естіртуден басталады. Романның негізгі оқиғалары Іле мен Қаратал өзендерінің Көкше теңізге (бүгінгі Балқаш көлінің бұрынғы атауы) барып тірелетін аралығындағы атақты Сары Есік Атырау құмының Оңтүстіік шығыс жағымен жалғасып жатқан өлкеде өтеді. Бұл Жалайыр елінің біраз аталарына қыстау болған Орта өзектің бір пұшпағы ғана екен. Романда кейіпкерлер көп. Қазақтың белгілі биі Ескелді, Қабан жырау, Сатай батыр, Қодар би, Жолбарыс хан, Дербісәлі, Балпық, Кәсенсары, Малай батыр, Есенбай хан, Дубек, Байбек, Хангелді т.б.
“Қызыл жолбарыс” романының жалпы мәнін, ондағы көзге түскен көрнекті тұлғалар мен оқиғалардың құрамына қысқаша тоқталайық.
Қарақорымнан кейін қазақ пен қалмақ арасында тыныштық орнамай, қазаққа қалмақтың тіс батырғысы келіп, дайындалып жатқанынан хабар алған билер мен ақсақалдар қалмаққа жіберетін ер төлені (барлаушы) сайлап Дербісәлі баласы Балпықты таңдайды. Жас кезінде Қаз дауысты Қазыбекке ерген Балпық жауды барлап, хабар жеткізуге аттанады. Ташкендегі Жолбарыс ханға Есекбай, Төле биге Есенбайдың аталас інісі Тұрлымбет Бекенұлы аттанады. Қалмақтарға жол – жөнекей Балпық кез болғанда мынадай оқиға болады:
— “Біз жетім өскен баламыз. Анау-мынау ұлы сөзді біздің құламызға құйып жатқан ешкім жоқ. Кессеңіз міне, бас. Менің ұлы қонтайшыға да, оның қолбасшы баласына да зәредей жазығым жоқ, — деді Балпық.
Жетімдігіңмен қоса сен ақпақұлақ шығарсың? – деп әлгі әскербасының қасындағы күдікшіл, ақжем ауызды неме тағы шықты. Бұл басына желін қапқа ұқсатып, шеті қайырусыз қозы терісінен жасалған бөріксымақ киген, көздерінде, ақсиған тістерінде адамға сенімсіздік дегенің қасқырдың тісіндей ақсиып тұрған айнымас пәле еді.
Басына қан шапқан Балпық басқадан бұрын осының қорлығына шыдай алмастай:
— Әттең астымда белі мықты атым, белінде асынған қаруым жоқ, әйтпесе осы қорлық сөзіңіз үшін мен сізді жекпе-жекке шақырар едім. Немесе кел, аттан түсіп, құр қолымен жаяу шайқасамыз. Қайсымыз өлсек құнымыз сұралмасын.”, — деп жігіттің қазақ тыңшысы екенін біліп қоюы нанымды баяндалады. Мұнда оқиғаға қатысушы Балпықтың ойы қалмақ әскерлерінің талабы мен қалауы, бір-біріне қарсы адамдардың сөзі нақты әрі қолма-қол әрекет арқылы іске айналады.
Романдағы басты оқиғаның одан әрі дами түсуі үшін, кейіпкерлер характерінің айқындалуы да маңызды мәселенің бірі. “Қап-қара сақалы белдарына түскен шашақ ел тірі бөрікті денелі адам алыстан қабағын ажырайтып, ақбозатты ойната жеткенде кейбіреуге ол енді- енді жаназасы шығарылмауы Құлсарыны жатқан жерінен түрегелтіп алатындай көрінді”, — Қырыққа енді келген, көсем мінезі бар Қабан ақын ел ақсақалы тұғырына ерте қалған адам ретінде көрінеді.
Романда толымды шыққан Балпық бейнесін атауға болады. Жазушы Балпықты қалмаққа барлаушы атты жібере отырып халықтың сол кезеңдегі ішкі және сыртқы саясатындағы ойы мен толғамдары, пікірлері арқылы ішкі әлемін тануға көп көңіл бөлген.
Романда Ұзақбай Доспанбетов малмен кәсіп еткен қазақ халқының жылқы малына деген сүйіспеншілігін, екіншіден, жаугершілік заманды сәйгүлік тұлпардың орны ерекше болғандығын келістіре бейнелеген:
“Көкбайтал аса ірі сүйекті жылқы емес, кеуек бас, қалбыр өкпе, сом тұяқты жаратылған, жал — құйрығы тай, оның үстіне төс сүйегі омырауы, бел арқасы бөлек-бөлек пішілгендей тұлғасының да аса қиюы келіп тұрған жоқ. Жай жолға мінерлік көп жылқының біріндей ғана теке жәуміт бедеу. Сөйте тұра, міне, бес жылдың жүзі болды, Арқа мен Жетісуда бәйгенің алдын бермей келеді. “Байтал шауып бәйге алмас” деп ескілектен қалыптасқан мәтелді тұмсықтан ұрған да осы жануар. “Байтал неге бәйге алмас, жүйрік болса” деп, Жетісу ақындарының осы қанатты тұлпарды бетке ұстап біраз желпінгендері де бар. Бір ғажабы мұның неше тісі шыққанмен көкбайтал деген аты да қалмай келеді. “Жетісудің көкбайталы”, “ Ұлы жүздің көкбайталы” деген қосақтамасы ғана атақ-даңқына біраз салмақ қосып тұрады”,- деп Көкбайталдың бәйгісімен де, мал үшін айырбасқа тусуімен де адамдарды байтқандығын сан ел, сан рудың маңдайына біткен жүйрігін есті жануар етіп суреттейді. Шығармадағы Сары және Ноқай атты иттердің түйсік-сезімін танытатын оғиғалардың түп- төркіні халықтың ғасырлар бойы дамып, жалғасып келе жатқан бай рухани мұрасында жатқаны анық. Ит жеті қазынаның бірі болғандықтан да қалмақ қонтайшысының екі иті елдің, жердің ғана сақшысы емес, ұлы қонтайшының көмекшісі есебінде саналуы едәуір орынды көрсетіледі.
“- Ол біздің қонтайшының екі иті. Бірінің аты Сары, екіншісінің аты Ноқай. Ол екі ит адамнан ақылды, көздері аспандағы бүркіттің көзінен өткір. Еліміздің, жеріміздің сақшысы. Жаңа сені айлакер жау келе жатыр деп хабарлады.
Балпық бұл сөзден аздап тіксінгенмен де сабырлы жауап қайырды .
— Бараба татарлары да ит ұстайды. Олар да иттің ақылдысы деп, оның неше түрлі тұқымдарын сұрыптап, іріктеп, қасына ертеді, дос етеді. Бірақ мақұлықтың аты мақұлық, кейде ол иесінің көптен көрмеген қарын бөлесінің де қарнын ақтарып тастай жаздайды.
— Сөз саптасын қарамаймсың ба, мынау анық жау,- деп жаңа әскербасымен үзеңгі қағыстырып, өз күндігін айтқан неме найзасын төбесінде ойнатып, қайта жынданып шыға келді.
— Сенің мына сөзің үшін басыңды осы жерде кесіп алса сауапшылық болмақ! — Әскербасы бұл сөзді өз намысы аяққа тапталғандай бұрынғыдан реңкі бұзылыңқырап айтты. — Еліміздің, жеріміздің сақшысы, ұлы қонтайшының баласы, біздің бас қолбасшымыздың күндіз-түні жұмылмас ояу көзі, асыл текті Сары, Ноқайды қай-қайдағы шапқан мен соққанның жемтігі жаман татарлардың табанын жалайтын құлағы қалқиған, жүндес иттеріне неге балайсың?
Автор Сары мен Ноқай ерекшеліктерін суреттеуде реалистік сипатқа жол бергеніне куә боламыз. Екі ит адамнан да ақылды, көздері аспандағы бүркіттің көзінен өткір, қалмақ елінің, жерінің сақшысы, жау келе жатқаны туралы хабар беріп отыратын қырларын суреттеген тұстарында қалмақтардың ішкі мұрат-тілегін , мінез – құлқының қырларын да астастыра, көркемдік тұрғыда ашып береді.
Ұзақбай Доспанбетов өз романында Төле би, Абылайдың өмір деректерінің мағынасын сақтаған және едәуір тың мазмұнмен кеңейткен деуге болады.
“Ұлы би көлге ұзақ қарады. Қасындағы жас жігіттер бұл адамның не нәрсені де орнымен, асқан кірпияздықтан істейтінін көріп үйренгендіктен қазіргі мінезін түсіне алмай тұр” немесе, … Көздерін көтерсе әлде кім ойып алардай, дүниенің жарығы олар үшін осымен таусылғандай мойындата біржола зіл көтерген көк қорғасын байлап алған, бұл дүниеден баз кешкен мәңгілік пақыр жандарға ұқсауы”. Ұлы бидің ел басына күн туғанда жаны ауырған кейпін жазушы көңілден таса қалдырмайды. Келтірілген үзіндіде Төле бидің қайсар рухы мен хан алдындағы сертті мінезі дараланып қана қоймай, келе жатқан жауға бірігіп күш жұмсау жөніндегі пайымдауларын жеткізгенде ойлау жүйесінің сол кезеңнің заңдарына негізделгендігі ерекше көзге түседі.
Романдағы Жолбарыс ханға берген портреттік суреттемелер көркемдік шындық және өмір шындығының байланысын ашу үшін қажет болған сияқты. “Бұл хан отыз үш жастағы, ат үстіндегі сайыстан, не аң қуудан бір күшін де құр жібермейтін, күрт, қауырт қимылға әрқашанда дайын, оңтайлы, қайрат – жігері тасып тұрған жас адам еді”, немесе, “ Мандайы сопақ көрінгенмен бет-ажарының қырлы мұрыннан төменгі бөлігін ұстара мен қайшыны күнде көретін мойылдай қара сақал-мұрты дөңгелетіп тұр. Қос ерін жымқырулы, ауыз орнында сол дөңгеленген сақал — мұртпен бірге майысқандай көкке шаншылған айдың алғашқы жанасындай тілек қана бар. Ол тілекпен бүгіндікке бір сөз шығыпты дегенге ешкім қана да қоймастай”. Мұндағы Жолбарыс ханның портретінде түрлі кескіндік сипаты іс пен мінез табиғатымен терең бірлікте бедерлеген. Драматизмге толы ситуацияларда хан бейнесі біртіндеп толымдылық алады.
“Қызыл жолбарыс” романының бір бөлімінде Абылай бейнесі сомдалады. Мұнда Абылайдың жетімдік халі, “Сабалақ” деген атпен түйеші болып жүріп, ел басына қиын кезең туғанда ерлік көрсетуге ұмтылуы ғана қамтылған.
Романдағы оқилар “Ақатабан шұбырынды, алқа көл сұлама” деген атпен сақталған 1723 жылғы қалмақтар шабуылының басталуын, ол соғыстың қазақ халқына әкелген залалы мен зардабын кеңінен суреттейді.