Қаһарлы күндер
Т.Ахтанов
Т. Ахтановтың Ұлы Отан соғысы тақырыбына жазған көлемді көркем шығармаларының бірі “Қаһарлы күндер” романы. Ол қазақ прозасындағы Ұлы Отан соғысы тақырыбына арналған алғашқы романдардың бірі. Романда Москва түбінде болған шайқас, сол үлкен ұрыс кезіндегі генерал Панферов басқарған дивизияның Отан қорғау жолындағы жанқиярлық ерлігі реалистікпен баяндалған.
Төрт тараудан тұратын үлкен романның негізгі идеясы сыртқы жаудан Отанды қорғау. Осы идея романдағы барлық кейіпкерлерді қимылға келтіріп, соғысқа араластырып отырады. Романның бірінші тарауында белгілі дайындықтан кейін Панферов дивизиясының майдан шебіне аттануы, екінші тарауда жау күшінің басым келіп соғыс күшінің кейін шегінуі, үшінші тарауда жау қоршауында қалып қойған Мұрат батальонының қоршауды бұзып шығуы, төртінші тарауда Москва түбінде болған шешуіші айқас, сол айқас кезіндегі Ержан взводының ерлігі баяндалады. Осы арқылы жазушы Ұлы Отан соғысы жылдары Отанын сыртқы жаудан қорғап қалған жауынгерлерінің өлмес образын жасайды.
Романның алғашқы беттерін ашқанда-ақ туған жерді қимай Алматымен қоштасып соғысқа аттанып бара жатқан бір топ жауынгерлерін көреміз. Олардың ішінде әр түрлі адамдар бар. Өткен жылы ғана күнелтіс қуалап Алматыға келген Добрушкин мен Талғар МТС-інің атақты тракторисі Кәкібай, қарапайым да қатал мінезді Қартбай мен адал жүректі, алып денелі Бондаренко, жиырмадан жаңа ғана асқан взвод командирі Ержанмен бұрынғы военкомат қызметкері Мұрат, күні кешегі орта мектеп оқушысы Раушанмен жоғары мектеп оқытушысы Уәли, әскери атақ қуалап, өзін өзгелерден жоғары ұстап жүретін майор Купциановтар бар. Олардың алдында бір-ақ тілек тұр. Ол – қасиетті Отанды сыртқы жаудан қорғау тілегі.
Жазушы осы адамдар образы арқылы Ұлы Отан соғысының алғашқы бір жылы ішіндегі дәуір тынысынан хабар берген. Романда жазушының айрықша мән беріп, шеберлікпен мүсіндеген жауынгерлердің бірі – Көжек Шежебаев образы.
Ол бұрынғы шопан, жөнді сауаты да жоқ. Былайша көзге көрінгенмен адамгершілігі мол, адал жауынгер. Ол армияға кетер алдында семьясымен қоштасып тұрып, поездан қалып қояды. Жазушы осы тұстағы Көжек басындағы қиналысты: “Адам деген қызық қой. Жаңа ғана Көжек баласы мен әйелінің қасынан кеткісі келмей, солардың қасында бір минут артық тұра тұруға барын берер еді, енді өз бөлімін қуып, осы арадан тезірек кетуге мал-жанын берердей халге түсті”, — деп береді.
Өз бөлімінің соңынан қуып жеткен Көжек жігіттер қанша қалжыңдап жатса да қиналмайды. Өзімен бірге болған, армияға бірге аттанып келе жатқан жолдастарын көргенде қатты қуанып кетеді. Әсіресе, қатты сыйлайтын Ержан алдында өзін кінәлі санайды. Батальон командирі Мұратпен, дивизия командирі генерал Панферовпен кездескенде де осы ісі үшін қатты қысылып жүреді.
Осындай момын, қарапайым адам жауға дегенде мейірімсіз де қатал. Ержан взводы қоршауда қалған кезде Қартбай екеуі жау күшін тоқтатып, үлкен ерлік көрсетеді. Жау машинасын мініп қашып, батальонға келіп қосылады. Әсіресе, Көжек ерлігі шешуші айқас кезінде айрықша көзге түседі. Оны жазушы Ержан мен Көжек арасындағы диалог арқылы береді.
Романдағы бұрынғы Талғар МТС-ының атақты тракторисі, әнші жігіт Кәкібай образы өте сәтті шыққан. Романның алғашқы беттерінде өзінің өткен өмірі туралы взвод командирі Ержанға әңгімелеп тұрған қапсағай ірі жігіт Кәкібайды көреміз. Ол да ет пен сүйектен жаралған адам баласы. Оның үстіне әсем әнге берілген сезімтал жан. Онда да қуаныш пен қайғы қатар келіп, қабаттасып жататын сәттер жиі кездесіп отырады. Оның да күйрек сезімге беріліп, егіліп кететін кездері болады. Жазушы ақын жанды, ақкөңіл Кәкібай басындағы осы бір жайларды романның өн бойына шеберлікпен суреттей отырып, шешуші айқас кезіндегі Кәкібай образын романтикалық дәрежеге дейін көтеріп бейнелеген. Ол өзінің шешуші айқас кезінде оң иықтан жараланып, қансырап қалғанына қатты өкінеді. Қалайда жау танкісін өткізбей тосқауыл болғысы келеді. Оған жауға деген қарсылық манағыдай емес, әлсіреп, сөніп бара жатқан сияқты болып көрінеді. Кәкібай жан-жағына қарады. Маңында ешкім көрінбеді. Енді ол осыны өзі ғана тоқтатуға тиіс екенін, өзінің бар міндеті де сол екенін сезді.
Өйтпесе бүгінгі төгілген мол қан, бар қайрат босқа кетеді. Танк өтпеуге тиіс. Кәкібай сол қолына ұстап тұрған гранатын окоптың ернеуіне қойды. Еріксіз қимылмен шұқырдағы бума гранатын алып шандыған жіптің шетінен тістеді. Окоптың ернеуіндегі гранатын қайтадан сол қолына ұстады. Енді бері қарай тура бет түзеген танкке қадала қарады. Бір сәт қап-қара шыңырау құздың дәл ернеуіне келіп қалғандай, шалқалай беріп, арқасы окопқа тірелді. Туған жер, жақын достар, Марияш, күллі қызық өмір күн шұғыласына малынып көз алдына келіп тұрып алды. Қап-қараңғы түпсіз түнек пен жайнаған жарық дүниенің ортасында тұр. Кәкібай жауырынымен окоптың артқы қабырғасын ойып жіберердей шегіне шіреніп, ыңыранып қалды. Танк бері қарай тұп-тура келе жатыр. “Өте алмайсың, сұмырай” Кәкібай дене мен жүректегі ең соңғы күшін сығып алып қап-қараңғы шыңырауға қарай атылды. Ең соңғы рет арттағы айдын өмір бар шұғыласымен бір жарқ етті”. Осылайша бейнеленген Кәкібай образы көп жағынан Қ.Аманжоловтың “Ақын туралы аңыз” поэмасындағы Абдолла бейнесін еске түсіреді.
Романда тек жауынгерлерінің ғана емес, сонымен қатар оларды тәрбиелеп өсірген, белгілі дайындықтан өткізген командирлерінің де бейнесі жасалған. Олардың ішінде алдымен көзге түсетіні взвод командирі Ержан бейнесі. Жиырмадан жаңа ғана асқан жас жігіттің өмір тәжірибесі өте аз. Сонда да ел басына түскен ауыр жағдай оны тез есейтіп жібереді. Ол қарауындағы жауынгерлерге өз білгенін үйретуден жалықпайды. Жауынгерлердің көңіл-күйін көтеріп, үнемі олармен бірге болады. Поездан Көжек Шөжебаев қалып қойғанда жас командир қатты сасады. Ашу үстінде қыңыр мінезді бөлімше бастығы Добрушкинге де қатты айтып тастайды. Әсіресе, оған өзімен жөнді сөйлеспей қойған Мұрат қорлығы қатты батады. Неде болса кімнің кім екенін соғыс үстінде көрерміз деп ойлайды.
Жас жігіттің Раушанмен қарым-қатынасында да кемшілік көп. Ол Раушанмен күнде сөйлесіп, қыдырып жүрсе де өз көңілінің түбінде жатқан асыл ойын айтуға асықпайды. Таныспай жатып ой айтып, күйдім-сүйдім деп жатуды артық көреді. Өзінің бұл ісінің дұрыс еместігін Раушаннан айрылып қалғанда бір-ақ түсінеді. Соғысқа алғаш қатынасқан кезде Ержанды да қорқыныш сезімі билейді. Ол осы бір сезімін басқа біреулер біліп қалған жоқ па екен деп қуыстанып та жүреді. Жас жігіт соғыс үстінде есейіп, бірте-бірте жетіле түседі. Ержан взводын шабуылға шығарып арзан абырой-атаққа ие болғысы келген Уәлиге қарсы шығып, өз намысын қорғап қалады.
Әсіресе, Ержанның есейіп қалғаны взвод қоршауда қалған кезде айқынырақ көрінеді. Ол өз қарауындағы әрбір адам үшін жауаптымын деп есептейді. Оның әрқайсысының үйде қалған анасы мен баласы, сүйікті жары алдында өзін борышты санайды. Сондықтан да оларды жау қоршауынан аман алып шығу менің басты міндетім деп ойлайды. Ержан взводы Москва түбіндегі шешуші айқас кезінде де асқан ерлік көрсетеді. Жау әскерінің төрт рет жіберген танк шабуылына тойтарыс беріп, бекіністен өткізбей, тосқауыл жасайды.
Романдағы политрук Василий Кусков бейнесі барлық жауынгерлерге де үлгі, өнеге іспетті. Ол әр адаммен тіл тауып сөйлесе білетін шебер ұйымдастырушы. Оны Ержан мен Уәли арасындағы болған реніш те, Кәкібай мен Добрушкинде болған күйректік те қатты қинайды. Бір сөзбен түйіп айтқанда жауынгерлер арасында ол араласпайтын жұмыс жоқ. Жазушы Василий Кусков образы арқылы шабуылға шыққанда алда, тыныш кезде жауынгерлер арасындағы саяси басшы, взводтың ұйтқысы болған қызметкерінің бейнесін жасаған. Оның: “Шегінер жер жоқ! Артымызда Москва!” – деген жалынды сөзі әрбір жауынгерге күш-қуат беріп, күреске шақырып тұрғандай болады. Бұлардан басқа романда өзінің жаралы халін ұмытып, майдан шебінен кеткісі келмей жау танкісіне қарсы соғысты соза берген қарапайым жауынгер Земцов, взвод командирінің көмекшісі аға сержант Зеленин, взвод командирінің байланысшысы Бөрібай Еспаев пен батальон командирлері: Қонысбаев, Волошиннің, полк командирлері Егоров, Карпов, Купцианов, Арыстановтардың образдары жасалған. Осылардың ішінде біріне-бірі қарама-қарсы мүсіндерген екі образ айрықша көзге түседі. Оның бірі Мұрат Арыстанов та, екіншісі майор Купцианов бейнесі.
Мұрат Арыстанов – батальон командирі де, Купцианов полктың штаб бастығы. Екеуі де бұрын соғысқа қатынасып көрмегенмен әскери өмірмен жақсы таныс, тәжірибелі адамдар. Алайда осы екі адамның өмірге деген көзқарасы екі түрлі: бірі Отан басына төнген хауіпті жағдайды жан-тәнімен ұғып, жау бетін тез қайтарғысы келсе, екіншісі осы жағдайды пайдаланып өзінің абырой-атағының өсуін аңсайды.
Бірақ өмір өз дегенін істейді. Батыл да жігерлі капитан Мұрат Арыстанов полк командирі дәрежесіне дейін көтеріліп, самарқау, сақ, есепқор майор Купцианов полк командирі дәрежесінен әрі аса алмайды. Романда екі полк командирінің өсу жолы, алған тәрбиесі, адамдармен қарым-қатынасы, ішкі психологиясы шеберлікпен берілген.
Романда сәтті шыққан образдардың бірі – генерал Панферов бейнесі. Ол бірнеше соғысты басынан кешірген тәжірибелі қолбасшы. Асығып саспайтын, әрбір ісін байыппен ойланып істейтін сабырлы адам. Өзінің абыройы мен даңқының буына пісіп әр нәрсеге қол соза беретін ұрыншақ та емес. Соғыста оның ең алдымен ойлайтыны жауынгердің көңіл-күйі.
Романда кейіпкер психологиясын тереңнен толғап, тебіренте түсетін ширығу сәттері аз емес.