Көк бөрілердің көз жасы
Т.Зәкенұлы
Тұрсынхан Зәкенұлы 1962 жылы Қытайға қарасты Шығыс Түркістанның Алтай аймағында туды. 1981-1986 жылдары Синьцзян университетінің тарих факультетінде, 1986-1990 жылдары Пекин орталық ұлттар университетінің филология факультетінде оқыды. 1993 жылы алғашқылардың бірі болып ата мекенге оралды. 1998 жылы Әл- Фараби атындағы қазақ мемлекеттік ұлттық университетінде “ХХ ғасырдың 40-шы жылдарындағы Шығыс Түркістан қазақтарының ұлт- азаттық қозғалысы” атты тақырыпта диссертация қорғап, тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алды. Сондай-ақ, 1994- 1998 жылдары аталмыш университеттің шығыстану факультетінде сабақ берді. 2001 жылы ақпан айынан Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің шығыстану кафедрасында жұмыс істеп келеді. Қытайдағы кездерінде тырнақ алды шығармасын 1983 жылы “Шұғыла” журналында жариялаған “Тян-шаньмен сырласу”, “Көшпенділер” атты өлең-поэмаларынан бастаған ол, кейін келе аталмыш журнал бетінде “Тәңірқұт”, “Сырда қалған сыбызғы”, “Гүлбаршын”, “Балқан тауға барғандар” атты әңгіме-хикаяттарын жариялады. Әсіресе, Ү ғасырдағы ғұн көсемі Аттила өмірінен жазған “Балқан тауға барғандар” атты хикаяты оның атын Шығыс Түркістан қазақтарына кең жайды. Сондай- ақ, ол Қашқардағы Қызылсу қырғыздарының арасынан халқымыздың ұмыт болған ерлік дастаны “Жеті қағанды” жинап, реттеп, баспадан шығарды. “Х-ХІХ ғасырлардағы Ойрат, Қытай және Қазақ қарым- қатынастары” атты көлемді монографиялық еңбек жазды, әрі Қытай ғалымы Су Бэйхайдың “Қазақ мәдениетінің тарихы” атты кітабын аударып бастырды. Қазақ даласының табиғаты мен тарихына деген құштарлық жас жазушыны оның өткені туралы көбірек ойландыратын. Халқымыздың сол бай тарихының елеулі бір кезеңін бүгінгі ұрпаққа көркем сөз құдіретімен жеткізу ойы да сол Пекинде оқып жүрген кездерінде туған еді. Сөйтіп, “Көк бөрілердің көз жасы” атты тарихи романның алғашқы тараулары 1991 жылы-ақ қағаз бетіне түсірілді. Бірақ, кейін келе көші-қон және жаңа ортаға бейімделу сынды түрлі себептермен оның жалғасы 1999-2000 жылдары ғана жазылып бітті. 2001 жылы Қазақстан республикасы мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі тарапынан өткізілген тәуелсіздіктің он жылдығына арналған жабық әдеби конкурста аталмыш шығарма бас жүлдені жеңіп алды.
Романда жалпы 50-ден астам негізгі және қосымша кейіпкер бар. Олардың негізгілері: Таян хан, Бұйрық хан, Құба-текін, Күшлік, Кетбұға, Тұғрыл хан, Сангүн, Жақамбы, Қадақ, Шыңғыс хан, Жамұқа, Жалаңаш, Кербезі сұлу бегім, Майқы би, Құншақ, Мұқали, Жебе, Тоқтабек, Шылауын, Қолтуған, Көксау Сауырық, Жоқұнан, Сәуке қарт, Ұлтуғаш, Сарал, Гөрхан, Күнке, Сани-Баян, Абусағит, Алаудин Мұхамет, Жошы, Хорезм шах Мұхаммет, Түркен қатұн, Тухадж, Арсылан хан, Баршұқ, Ғұсмайыл; Қосымша кейіпкерлер: Құлан қатұн, Көлсуат, Тетіксал, Тататұнға, Алақұс-тегін, Махмұт тай, Тазша бала, Теб-теңгір бақсы, Қасар, Сорқын Сары, Меңлік қарт, Айшық, Өсімті, Абашы, Ардемген, Дәру сал, Әрін сал, Түңке сал, Баян сал, Тағай, Шөгей, Омар Оғұл, Арыс Инал, Сұнақ-тегін, Сенгеле би т.б.
Роман ХІІІ ғасырдың басында Шыңғыс басқыншылығына байланысты туындаған айтулы уақиғаларды тарихи артқы көрініс (фон) еткен. Сол арқылы автор ХІІ соңы мен ХІІІ ғасырдың басындағы 20-30 жылдық кезеңдегі оқиғаларды көркем сөз құдіреті арқылы бүгінгі ұрпаққа жеткізуді мақсат тұтқан. Бұл жолда жазушы халқымыздың басынан өткен сол бір уақиғаларды тек қатып-семген академиялық зерттеулерден гөрі, жалпыға бірдей ұғынықты және көркем образдар жасау жолымен жеткізуді әлде қайда ұтымды деп санағаны байқалады. Бұл ең әуелі әлем әдебиетінде пайда болып, кейін келе туған әдебиетімізде қалыптасқан үрдіс. Сол жолда өзіндік қолтаңбасы бар жазушыларды үлгі тұтқан автор оқиғаларды әдейі тыңнан іздейді. Қазақ тарихи романдарының хронологиялық шеңберінен алып қарағанда бұл туған әдебиетімізде әлі де қалам тартылмаған соны тақырып болатын. Бұл ретте автордың көркем образдар жасауға өздігінен сұранып тұрған сол тарихи тұлғалар мен оқиғаларды дер кезінде байқап, қаламына іліктіре білгені, көркем образдарды сәтті сомдауы шығарманың оң бағалануына әсер етті. Бұл тақырыпты аттап өту-түбі қазақ әдебиетіндегі тарихи роман жанрының толық қанды тұлғалануына салқынын тигізер еді. Тарихта орыс, француз, қытай, т.б. ұлт әдебиеттерінде Шыңғыс хан мен оның ұрпақтары жайлы жазылған тарихи романдар легінің бар екенін ескерсек, бұл тақырыпта жазу қазаққа да жат емес-ті. Өйткені дүниені дүбірлеткен сол оқиғалар Қазақ жерінен басталған-ды. Соның бәрін көзбен көріп, Шыңғыс ханмен дос та, қас та болып қатар өмір сүрген тарихи тұлғалардың көбі дерлік қазақтың ата-бабасы болатын. Ендеше, олардың тікелей ұрпағы есептелетін бүгінгі буынның туған тарихы туралы тебіренбеуі, қолына қалам алмауы мүмкін емес еді. Сондықтан, романның бұдан алдын өзге тілдерде жазылып келген Шыңғыс хан тақырыбындағы шығармалардан бір өзгешелігі қазақ тарихына мейлінше жақындығы. Егер, әлем әдебиетінде аталмыш тақырыпта жазылған шығармалардың бәрі дерлік Шыңғыстың жеке басын және оның сырт елдерге жасаған шапқыншылығын, ұлдарының іс-әрекеттерін кең масштабта баяндауды мақсат етсе, мұнда Шыңғыс хан тек оқиғалардың тууындағы себепші фактор ғана. Оның есесіне сол кездің өзінде-ақ мемлекет дәрежесіне көтерілген қазақтың Найман, Керей, Меркіт, Уақ, Үйсін, Дулат, Қыпшақ, Қарлық ұлыстарының шапқыншылықтан бұрынғы және кейінгі кездегі саяси өмірі сөз болады. Бірақ, бұдан Шыңғысхан қазақ өмірінен мүлде оқшау қалады деген ұғым тумайды. Керісінше, Шыңғысқа қатысты тұстар қазақ өмірімен, сол кездің әлеуметтік-саяси бет-бейнесімен жымдастыра суреттеледі. Шыңғыстың саяси белсенділігінің шапқыншылық сипатына қарамастан, ол кезде Қыдырхан тауларынан Еділ бойына дейінгі байтақ даланы мекендеген көшпелі халықтардың ұлттық менталитеті негізінен ұқсас болатын. Оларды тек айырым этникалық белгілері ғана парықтандырып тұратын. Осы белгілермен қоса саяси мүдделер оларды бір-бірінен тәуелсіз мемлекеттік құрылымға топтастырған-ды. Сондықтанда а дегенде бұл тайпалардың біразы Шыңғыс шапқыншылығына батыл қарысы тұрды (Найман, Меркіт). Кейбірі оның “достық” саясатының шапқыншылық сипатын сезбей қалды (Керей, Уақ, Қарлық). Ал. Монғол жорығы өз дегеніне жеткеннен кейін жоғарыдағы жақындықтардың әсерінде қазақ тайпалары бірінші болып Шыңғыс қоластына сәтті біріктірілді. Бұл ұлан-ғайыр даладағы қазақ ұлыстарының саяси-этникалық тұрғыдан одан сайын бірігуіне жол ашты. Шығармада мұның бәрі өз лайығында орын тепкен. Романда сөз болатын геотарихи аумақ Орқын мен Қарақұрым тауына дейін созылып жатқан байырғы Қазақ даласын тұтасымен қамтиды. Сол арқылы автор Шыңғыс шапқыншылығы салдарынан қолдан кеткен ата қоныс – Орқын бойын еске салады. Өйткені бұл өңір сонау түркі заманында-ақ қазақтың арғы ата-бабалары ту тіккен қордалы қоныс болатын. Заманымыздың ХІІІ ғасырына дейін сол көне қоныста әлем бірдей таныған Найман, Керей мемлекеттері өмір сүріп келіп еді. Жойқын шапқыншылық оларды тәуелсіздігінен ғана емес, мың жылдар бойы тарихын тасқа қашаған ата қоныстарынан да айырды. Шыңғыс шапқыншылығының қазақ тарихы үшін оңды ықпалы болды деп қараған күннің өзінде де бұл ұмыт қалуға тиіс емес.
Романның “Көк бөрілердің көз жасы” деп аталуының өзі де содан дерек береді. Неліктен батырлықтың, тағылықтың символы болған дала көк жалы көзіне жас алуы керек? Оның басына не күн туды? Қадым заманнан қыр даланың иесі де, киесі де өзі болып емін-еркін жүргенде өзінен зорға кезігіп, мәңгі бауыр басқан ұйық жұртынан айырылса, бөлтіріктері жөргегінде тұншықса, күндіз-түні бір қалмай қыр соңынан салбуырын түссе, ол жыламағанда кім жылаушы еді. Демек, көк жал екеш көк жал да тұмсықтан қағылар, жаны жараланар күн болады екен. Ол бастағы дәуреннің тайғаны дерсіз. Ендеше, бөрілі байрақ көтеріп, Орқынды орталық еткен наймандарды көк бөрі киесімен өмір сүрген көне түріктердің өзі емес деп кім айтады. Демек, көк бөрілердің ауызын айға білеуі, көзіне мөлдірете жас алуы түркі баласының ендігі тағдырының алмағайып болатындығын меңзейді. Наймандардың Орқыннан аууы – түркі баласының бұл мекеннен соңғы рет кетуі еді.
Романның оқиға желісі ХІІ ғасырдың 90-шы жылдарындағы Найман, Керей хандығындағы ішкі билік тартысынан басталады. Бұрыннан өзге елдерге күш-қуатымен, байлығымен аты шыққан бұл мемлекеттердің ішкі алауыздығы сыртқы жаудың өктемдік жүргізуіне таптырмас орай болғаны тарихи шындық еді. Мысалы, Найман ханы Иманыш Білгі Бұқа хан өлгеннен кейін оның балалары Таян мен Бұйрықтың арасында болған тақ таласы, соның нәтижесінде бүкіл ұлыстың екіге бөлініп кетуі, Керей Оң ханның інісі Еркеқарамен болған күрестері түбінде бұл екі хандықтың жойылуына жол ашты. Бұл кезде Меркіт ұлысының қияттарымен болған өштігі де ұзақтан бар ата кекке айналып еді. Романда алдымен Шыңғысханның өз әкесі Ясукей кезінен қалған достық қарым-қатынастан тиімді пайдаланып, Керей Оң ханды өз жағына қалай тартқандығы, сөйтіп оны наймандарға қарысы қалай қайрап салғаны сөз болады. Бұл барыста Оң ханның әрі-сәрілігі, көңіл күйіндегі толқулары шебер суреттеледі. Бұл кезде найманның Бұйрыққа қарасты батыс бөлігі олардың тегеурінді шабуылына ұшырайды. Нәтижесінде Найманның мемлекет қуаты зор дәрежеде әлсірейді. Осы оқиғадан соң Бұйрық және Жамұқа бастаған монғолдарға қарсы одақтың шабуылы сәтсіз аяқталады. Есесіне Монғол күшейіп, өз одақтасы Оң ханды тақтан тайдырып, ұлысын тартып алады. Бұдан тіксінген Найманның таған ордасы Уақ ұлысымен бірлесіп шығыстан төнген қауіптің алдын алмақ болады. Бірақ Уақтардың қағаны Алақұс-тегін Таян ханның бұл ұсынысынан бас тартып, өз еркімен Шыңғысханға беріледі. Ендігі жерде тек өз күштеріне ғана сүйенген наймандар Таян хан мен Көксау Саурық батырдың басшылығында Шыңғыс қолына қарысы аттанады. Екі жақтың кескілескен шайқасы 1204 жылы көктемде Орқын өзенінің шығысындағы Қаңғархан тауында болады. Сол соғыста батыс бөліктегі наймандардың қолдауынсыз қалған Таян хан мерт болып, әскерінің басым бөлігінен айырылады. Талай жыл қол бастаған қарт батыр Көксау Саурық та сол соғыста қаза табады. Тек хан ұлы Күшлік ғана азғана әскерімен қоршауды бұзып шығып, Орқын мен Ханғай тауындағы бейбіт жұртты Алтайға қарай көшіреді. Ол Алтайға жетісімен ел-жұрттың бүтіндігі үшін хандық тақты әкесінің інісі Бұйрыққа өткізеді. Бұйрық та оның бұл әрекетіне іші жылып, Меркіт және бір бөлім Керей қолымен бірлесіп шапқыншылыққа қарсы күреседі. Алтайдағы соғыс бір жылға жалғасты. 1205 жылдың көктемінде Бұйрық соғыста қаза тапты. Ел тізгінін қайтадан қолына алған Күшлік қарсылық күрестерін Меркіт ханы Тоқтабекпен тізе қоса жүргізді. Ақыры монғолдардың тегеуірінді шабуылына шыдай алмаған олар Ертістен өтіп Тарбағатйға қарай шегінеді. Бұқтырма бойындағы үлкен шайқаста Тоқтабекке оқ тиіа, өлім аузында жатқанда балалары Шылауын мен Қолтуған әкесінің басын кесіп алып өздерімен бірге ала кетеді. Мақсат — әкесін жат жұртқа қорлатпау еді. Ертіс пен ата мекен Алтайды жау қолына тастап шыққан жұрт сол жылы қыста Тарбағатайды аса, Жоңғар құмын жағалай қыстайды. Олардың алды Еренқабырға бойлап, Боғда тауына, Бұлыңғыр (Тұрпан) етегіне дейін барады. Бірақ Шыңғыс ханға әлдеқашан тізе бүккен Бұлыңғыр патшасы Баршұқ олардың адамдарын қамап, зорлық-зомбылық көрсете бастайды. Бұлардан қайыр болмаған жағдайда наймандар мен меркіттер енді Жетісуды жайлаған қауғырастармен (Қара Қидан мемлекетімен) одақ құрды. Осы одақтан сескенген Шыңғыс хан он үш жыл бойы Жетісуға аттап баса алмады. Бұл аралықта қауғырастар ханшасы Күнкемен көңіл қосқан Күшлік олардың патшасы Желегуден билікті тартып алған еді. Ендігі жерде Күшлік үшін Хорезм шах Мұхаммет пен және түстіктегі Алты шаһар мұсылмандарымен жақсы қарым-қатынас орнатуға тура келді. Бірақ бұл қатынасты өз пайдаларына асырғысы келген ол елдер ылғида қулық-сұмдықтан ары аспады. Болашақта монғолдардан болатын басты қауіп ол одақтастарын толғандырмады. Олармен болған қарым-қатынаста Күшлік те қаңқызбалыққа жол берді. Соның салдарынан оның Жетісудағы қазақ тайпаларын бастап, Шыңғыс шабуылына қарсы жүргізген күрестері ақыр аяғында сәтсіз аяқталды. Бірақ ол Шыңғыс қолын жиырма жыл бойында Арқастан ары тосқан айтулы қолбасшы ретінде тарихта қалды. Романның соңғы тарауында Шыңғыс басқыншылығынан кейінгі кездегі қазақ ұлыстарының қайталай бірігуі, Жошы мен Шағатайдың Қазақ даласына хан сайлануы, Шыңғыс ханның өлімі т.б. жайлар сөз болады.
Құрылысы жағынан тұтас роман жиырма екі тараудан тұрады. Онда тарихта аты белгілі айтулы тұлғалармен қоса, шығарманың көркемдік шырайын арттыру үшін ойдан жасалған кейіпкерлер де кездеседі. Кейіпкер монологі, табиғат суреті, образдау, кейіптеу тектес көркемдік амалдар кең қолданылған. Бірақ жалпы оқиға желісі тарихи шындық аясында өрбиді. Сондықтан оны жазуға негіз болған сол дәуірге қатысты сенімді жазба деректер мен аңыз-әңгімелер, қария сөздері, батырлық жырлары, көнеден қалған жер-су аттары, түрлі кесенелер мен тас ескерткіштер еді. Оқиға желісінің қарапайым, шынайы әрі ұлттық бояуының қанық шығуы да автордың ұлттың тарихи дүние танымы мен бітім-болмысын, әдет-ғұрпын, тіл мәнерін терең зерттегендігінің нәтижесі.
Сондықтан бұл шығарма қазақ әдебиетіндегі тарихи романдар легінен өз лайығында орын алып отыр.