Келешек кіріспесі Т.Тілеуханов

Келешек кіріспесі
Т.Тілеуханов

Жазушы Төлек Тілеуханов “Келешек кіріспесі” атты романын қазіргі қазақ прозасында қалыптасқан әдеттегі үлгілерден өзгеше құрған. Мұнда автор жеке кейіпкерлердің күнделікті тұрмысы мен іс- әрекеттерін басынан-аяғына қарай қумалап, тәптіштей суреттеуге бой алдырмайды. Романның негізгі сипаты болып танылатын – адам психологиясын талдауға бірден бойлай еніп, әр жастағы түрлі мамандық өкілдерінің жан-дүниесін ашуға ден қояды.
Қазіргі дамыған социалистік қоғамымызда адамдардың сезім- сырлары да, ой-толғамы да, әлемді барлауы да бұрынғы кездегіден басқаша қалып алды. Олардың арасындағы тартыстардың өзі өзгеріп, адамгершіл ар, асқақ ой, асыл азаматтық тұрғы, адал жан сезім- сырлары, биік моральдық ождан, т.б. осылар сияқты адам бойындағы саналық қасиеттердің тартысы күн тәртібіне батыл қойылып отырғанын жазушы жақсы аңғарған.
“Келешек кіріспесі” романындағы жазушының суреттеу объектісі – негізінен интеллектуалдық қауым. Ойы өзекті, білімі терең, сезімтал адамдармен оқушыны жүздестіру арқылы олардың арман-тілектеріне, жан-күйлеріне ортақтастырады. Әр кейіпкердің өзіне жасаған психологиялық талдауы арқылы сол кейіпкерді ғана танытып қоймайды, оқушының да өзіне-өзі талдау жасауына, өзінің де, басқаның да болмыс-табиғатын танып-білуіне түрткі болады.
Адам бойындағы ізгі қасиеттерді, патриоттық сезімді, қоғамшылдық пен азаматтық борышты алға тарта отырып, автор бүгінгі замандастарымыздың ішіндегі озық, жағымды кейіпкердің жиынтық бейнесін жасауды мақсат еткен. Осындай жақсы қасиеттердің көрінісі бас кейіпкер Балбектің айналасынан ғана танылмайды, басқа да образдар арқылы тереңдей тиянақталып, жан-жақты суреттеледі. Мысалы, адалдық пен шынайылықты ту қылып ұстап, шындықтың жолы үшін өзінің бала кезден бірге өскен қимас досынан да ажырасқан Өмірбай ғалым; үлкенге де кішіге де ықыласты көмегін ала жүгіретін, еліне тек еңбегімен ғана емес, үлгілі тұрмыс-тіршілігі, өнегелі ақылымен де, пайда-көмек келтірсем деп жан ұшырып жүрген, сөз бен іске бірдей ұста Рызықберді: өзгенің бойындағы жақсы қасиеттерді сүйсіне дәріптеп, жамандық қылығы үшін кімді болса да аямай сынайтын, өзіне де, басқаға да сын көзімен қарайтын Әлімхан; ғылым мен еңбекті қатар ұштастырған, әзіл-оспақтың өзін де адамға бір пайдасын тигізуге жұмсауға тырысатын Шаяхмет, адам бойында жақсылықтан өзге ештеңе болуға тиіс емес деп сенетін, ақылы мен нәзіктігі қабат үйлескен Қырмызы; өзгенің бақытты болуы үшін өз бақытынан бас тартуға даяр, сезімді ақылға жеңгізген Балауса; тағы осы сияқты образдар біріне-бірі жалғасып, тұтасуы арқылы бас кейіпкер Балбекті әр қырынан аша, толықтыра түседі. Ол сан қилы өмір көріністеріне, әлемдік құбылыстарға, адамның сыр-сипаты, мінез- құлқы, іс-әрекетіне ой көзімен қарап, сананың сарабына салады. Өмірдегі де, адамдардың да шындыққа алдымен өзін тану арқылы жетуге бой ұрған Балбек өзіне де, өзгеге де үнемі психологиялық талдау жасап жүреді.
Адам бойындағы сөз бен істің, шын тұлғаң мен сырт жұртқа көрінер бейнеңнің арасындағы айырма-қайшылықтардың алғашқы белгілерін Балбек өзінің достары Рысбек пен Мүсілімнен байқайды. Рысбек пен Мүсілімнің Балбекке белгілі кейпі мен сыртқа танылған тұлғалары екі басқа. Рысбектің “сөзі — періште, өзі-сайтан”. Мүсілім де одан қалыспайды. Қара бастарының қамы, атақ шығарудың амалы үшін қандай әрекеттен де тайынбайтын Рысбек пен Мүсілімнің іс- қылықтарына Балбек талдау жасап қана қоймайды, күйзеле қиналады, бірақ көпке дейін тек ескертпеден, ой таласынан аса алмай жүреді. Тіпті солардың ауқымына түсіп кететін кездері де жоқ емес. Осы орайда Балбектің бойында жастық албырттықтың, пендеге тән осалдық пен қобалжулардың бар екенін автор орынды көрсеткен.
Романда Балбек пен қырлы сезімнің, үлкен толғаныстың адамы ретінде танылады. Сол толғаныстардың үлкен бір саласы етіп автор жолдастық қарым-қатынасты, достық сезімді алады. Балбектің бойындағы достық-жолдастық сезімдер әрі жүрек қалауы – адамгершілік белгісі; әрі адам ойының моральдық, философиялық көрінісі. Рысбек пен Мүсілімнің қайшылықтары мен жағымсыз қылықтарын ол ерте-ақ таныған адам, сүйтсе де, олардан көпке дейін ара-қатынастарын үзе алмай жүруінде терең сырлар барын ұғамыз. Рысбек пен Мүсілімді Балбек балалық пәк шағының куәсі деп қана емес, сол ыстық күндердің өзі деп біледі. Балалық дәурендері, армандары, сырлары – бәрі бірге өткен. Олардың жүректің осындай бірге қалыптасқан нәзік қылын оп-оңай үзе алмай толғаныс-тартысқа түсулері заңды. Себебі оның жүрегінде әрі қимастық сезім бар, әрі достықтың парызы бар.
Екіншіден, романдағы Балбек бейнесі өз бойына жақсылық пен жамандықты қатар сыйғызбақшы емес. Адам есейген шағында, дүниетанымның кеңіп, адамдық парыздың өскен шағында тек балалық әсермен, қимастық көңілмен жүре алмайтыны Балбек ашық ұғады. Әрине, сана мен көзқарастағы айырмаға мән бермеу көнбістік жасау – оған жат. Сондай-ақ Балбек достықтан қашуға сылтау да іздемейді. Қайта ол достықтарын нығайта түсуге… Мүсілім мен Рысбекке ықпал етуге тырысады.
Рысбек пен Мүсілімнің жасанды қылықтарын, көрсеқызар сезімдерін әшкерелеп, беттеріне басады. “Өмірдегі күрес” деген ұғымның біреулердің жағасына жармасып, сыбағасына таласу, табысын қызғану емес екенін тәптіштеп бағады. Ақыры, олардың өз жолдарынан қайтпасын білген соң ғана амалсыз ара үзеді.
Романдағы осындай достық сезім мен жолдастық қатынас балалық шағынан бірге өсіп, бірге жүрген, бұл күнде үлкен ғалымдар атанған Өмірбай мен Жолбосын арасындағы қарым-қатынасты параллель көрсету арқылы әлі терең сырлы, әрі астарлы суреттер, дара характерлер жасалады.
Достықтың арасына ешқандай жалғандықтың да, шарттың да жүрмейтіндігін, достықтың белгісі бір-біріне деген ықыластан, бағалаудан басталатындығын, идеал биігінен табысуларымен жалғасатынын Балбек — Әлімхан – Шаяхмет әрекеттері арқылы автор өз ойын бекемдей, өрбіте түседі.
Жазушы жасаған арманшыл адам жас бейнесі өзінің пәк сезімі дүниесімен де дараланады. Жалған жолға түсіп, жазықсыздың жанын жарламайды. Жастық сезімнің буына мастануға бойын билетпейді. Балбектің сүйіспеншілік пен махаббатқа деген көзқарастары биік моральға жауап берерлік, сана салмағына сай және тұрақты. Рас, оның бойында жастық желіктің көрініп қалатын тұсы байқалады. Автор Балбекті штампыға салып, періштеше бір жақты суреттей бермейді. Өмір жолы қалыптасу үстіндегі жас адамға тән азды-көпті қайшылықтар оның бойында да бар. Ажар деген қызға еліге қалуы, Бикен деген қыз алдындағы қобалжулары оның періште емес, адам екенін танытар табиғи құбылыстар. Ол қаһарман бойындағы нәзік сезімталдық пен жүрек қалауын іздеу жолындағы алас ұрған өмір көріністерінің елестері. Әр тұста оның арманшыл, жүрегі өзіне ғана арналған адам махаббатын іздейді.
Балбек образының үлгі берерліктей, ой-сезімге түрткі саларлықтай, өмірдің мән-мақсатына толғана қарарлықтай өнегесі қай қырынан алып қарасақ та баршылық.
Біздің кемелденген қоғамымыздың қазіргі жастарына тән терең толғаныс, өмірдің шағын құбылыстарынан бастап, әлемдік оқиғаларға дейін өзіндік философиялық түйін қорыту, сол өз көкірегінде қорытқан жеке түйінін белгілі шындықтармен салғастырып барып түсіну; замандастарымыздың жеке басын ғана құнттамай, өз қоғамымыздағы, әлемнің қиыр шетіндегі жағымсыз көріністің бәрін жүрегіне жақын қабылдап, жаны ауыратындығы сияқты азаматтық тебіреністерді Балбек образы арқылы да, романдағы авторлық позиция арқылы да жақсы таныта білген.
Романдағы негізгі желі Балбек бейнесінің айналасында өрбігенімен, автор әр кейіпкердің төңірегінде жеке-жеке проблемалар көтереді. Мысалы, Өмірбай мен Жолбосынның іс-қылықтары арқылы талант пен талғампаздықтың, іздену мен тоқыраушылықтың ара салмағын таразыға тартады. Осы мәселелердің салмағы мен ара жігі Жолбосын мен Марғаскиннің арасындағы айтыс кезінде ашыла түседі.
Өмірбай сияқты нағыз ғалым өзінің бұған дейінгі жетістігін қанағат тұта алмайды. Адамзат тарихын қайта ақтарып, басқаша тәсілмен қайда жазбақ. Тарих болғанда, адамзат өмірінің бізге белгілі тарихы белгілері мен қоғамдық құрылысын емес, өткен дәуір адамдарының бүкіл тіршілігінің барша қыр-сырын философиялық тұрғыдан бүгінгі ұрпаққа мүлде жаңа тұрғыда таныстыруды мақсат етеді. Тарих пен әдебиетті ұштастыру арқылы ертедегі дәуір адамдарынан бастап, бүгінгі күнге шейінгілерінің әрі тарихи, әрі көркем жанды бейнесін жасап, олардың жақсы қасиеттері мен істерін қазіргі қоғам керегіне, игілігіне жаратуға талпынады.
Өмірбай – шынайы ғалым, білім парасаты жоғары тұлға. Ол – жастық қызуын, романтикалық ұшқыр қиял жалынын бойында сақтаған адам. Ойы мен бойы толысқан, мақсаты үшін күреске белін бекем буған, тынымсыз әрекеттің, жалықпас ізденістің, жіті жігердің адамы. Басқа ғалымдарға тән құрғақ, бір бет характер емес, жан дүниесі де бай, оның бойында жалпы гуманистік пен ішкі сезім дүниесі ұштасқандай.
Автордың жағымды кейіпкердің өзгеше жаңа үлгісін көрсету мақсатын Әлімхан мен Шаяхмет бейнелері жақсы танытады. Олардың бірі – студент, екіншісі – жұмысшы.
Шаяхмет – жұмысшы табының жаңа өкілі. Еңбектің өнімділігін арттыру, сапасын шыңдау жолына жаңа әдістер іздейді. Адамдарды өзінше жаңаша ұйымдастыруға ұмтылады. Оның еңбекке де, еңбек адамына да көзқарасы келешек талабына сай ғылымға негізделген, жаңаша қалыптасқан. Оқуды, білімді құжат алу немесе қызметте жоғарылау үшін деп ойлайтындарға оның әрекеті мүлде қарсы. Білім- келешек керегіне ұштасып, адам үшін қызмет етуі абзал. Оқу, өнер- білім – адамды рухани өсіріп жетілдіретін, ақылын өсіріп, мамандығын арттыратын өмір қажеті, тіршілік қамы.
Балбек пен Қырмызының арасындағы бір-бірін үнсіз ұғысқан ішкі сезімдер әрі нәзіктігімен, әрі тазалығымен оқушы жүрегін ерекше баурайды. Бұлардың арасындағы жүрек тебіреністері, әрқайсысының өзінің жүрегімен арпалыстары, “көзбен көріп, ішпен білістері” өте нәзік, жазушы суреттеуінде бұлардың ара қатысы прозамен жазылған тамаша лирика деуге лайық.
Романдағы танылатын тағы бір ерекшелік — өмірді жай ғана суреттеу, адам табиғатын танытып, шындықты көрсету автор үшін аз сияқты. Әрбір образбен, әр көрініспен ашық та, астарлап та біздің қоғамымызға тән жоғары моральдық мәселелерді орынды көтеріп, шығарманың тәрбиелік мәнін, образдар салмағын арттыра түседі. Бұл – қазіргі талаптарға сай көтерілген өте қажет бастама. Кеңес азаматтарына тән жаңа мораль белгілерін жинақтау, оны өмірге енгізу – күні жеткен ең қажет іс.
Автордың портрет жасау, мінездеме беру тәсілінен де өзіндік ерекшелік байқалады. Жазушы кейіпкердің аты аталған бетте үйіп- төгіп оның портретін бірден таныстырмайды. Көбіне сол кейіпкерге тән белгілі бір ерекшелігін ғана бөліп алып, кейіпкердің іс-әрекет, мінез- құлқына орай орнымен ғана бірте-бірте суреттейді. Осыдан болса керек, шығарма сюжеті жинақы, артық-кем дерлік олпы-солпылық орын алмайды.
Романдағы әрбір кейіпкер әрекеттері терең толғанысқа негізделеді. Олардың ой-бойларына сай, характер әрекеттеріне лайық сөздерімен де дараланады. Парасатты адамдардың терең ойлары шешен толғаныстар арқылы ашылған.
Қорыта келгенде, “Келешек кіріспесі” романы — өзіндік бітімі, өзіндік пішіні бар, тақырыбы жағынан да, образдары жағынан да сонылықтың нышанын танытатын шығарма.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *