Жаяу Мұса З.Ақышев

Жаяу Мұса
З.Ақышев

Жазушы Зейтін Ақышевтің “Жаяу Мұса” романы заманында дарынды ақын, аспандағы аққуға үн қосқан әнші, қобыз бен домбыра, сырнай мен сыбызғының тілін білген композитор Жаяу Мұсаның бүкіл өмірін арқау етеді. Жалғанда 94 жыл жасаған жанның тұтастай өмірін бір кітапқа түсіру мүмкін емес. Оның өміріндегі асуы биік, түсуі құз кезеңдерін алып, жазушы оның шыр етіп дүние есігін ашқаннан бастап, өмірінің соңына дейінгі кезеңдерін жеке-жеке тарау түрінде берген. Бұл тараулар, бір-бірінің жалғасы іспеттес құрылып, Жаяу Мұсаның өмірін суреттейтін кітап болды. Кітап “Шала туған”, “Қашқын бала”, “Жақсыдан шарапат”, “Шен мен шекпен”, “Қиянат пен сергелдең” тағы басқа тараулардан тұрады.
Ана құрсағынан шала туған бала Орман ауылы Жасыбайдың сағасындағы қыстауынан Қарасу бойына қоныс теппек көште Тайжан мен Сәтбаланың келіні Нағыш өмірге ұл әкеледі. Бұл жеті айлық шарана Нағыштың күйеуі Байжанның өз баласы емес еді. Шала туған баланың 7 күн дегенде ауылдың қатын-қалашы жиналып бесікке салады. Тайжан молда азан айтып оған Мұса деп ат қояды. Мұса деуінің де себебі бар еді.
“Қай заманда да кедей-бай болам, бай-құдай болам деген емес пе? Соған жетпесе де, есіміне ортақ болуды зор дәреже көретін халық. Дәл осы жылы Шорман бидің елде мұсылманшаны тауысып, Омбыдан орысша оқып келген он алты жасар Мұсасы Қаржас-Ақкелін елінің болыстық старшыны боп тағайындалған. Шала туған бала Шорманның Мұсасындай болар ма екен деген үмітпен атын атастырып қояды. Байжанның тоқалынан туған баланың атын Шорман бидің Мұсадан кейінгі Мұстафасының атын Тайжан молда тағы да азан айтып, ұқсамаса да аттас болсын дейді”.
Сонымен Мұса ер жетеді, анасы қайтыс болғасын өгей шешенің езгісі мен тепкісіне шыдай алмай Тайжан мен Сәтбаланың қолында өседі. Өз үйінен қашып шығып ноғай саудагері Кәрімнің үйінің малайы да болады. Осы жолда Шоқанмен танысып, оның тікелей көмегінің нәтижесінде Омбыдағы төрт жылдық шіркеу мектебін бітіріп шығады. Бала Мұсаның зеректігі мен алғырлығының нәтижесінде орыс тіліне де жетіктігі романда айтылады. Одан кейін азан шақырып қойған атынан да айырылады. Қазақта мақал бар емес пе “тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады”, “басқа пәле тілден” деген. Қараңғылық кернеп, дүмше қазақ даласындағы көзі ашық, көкірегі ояу жанның өзі анау ел билеген ақсүйектерге жат көрінген заман. Ауыл сыртынан аттан түспей әндетіп өткені үшін сабап, үш күнге байлап қойғанда да Мұса тілін тартпайды. Осы кезде “Ақсиса” әні туады. Тіпті ауылынан екінші рет қашып кетіп баяғы ноғай саудагерінің үйінде отырған жерінен Мұсаны ұстап алып, айдауға жіберілгенде де тілін тартпай, Мұстафаның сүйегіне дақ түсіріп кетеді. Тобылға он екі жылға айдалып, орыс адвокаттың үйінің малайы боп жүре осы Рубановтың көмегімен бір жарым жылдан соң түрмеден шығады. Баяғы Шоқанның көмегінің арқасында алған білімінің нәтижесінде патша ағзамның Санкт- Петербургқа шақыруымен Черняев отрядында қызмет істейді. Бұлардың мақсаты – бүкіл далаға экспедиция жүргізу еді. Осы жолда Айтжанмен танысып отау құрады. Одан үш нәресте көреді. Бірақ құдай тағала рақат тіршілікті Жаяудың маңдайына жазбапты. Қосылған жары үшінші ұлы Саттарды өмірге әкелгесін көз жұмады. Романның соңында ел билеген Мұстафа да, Мұса да қайтыс болады. Жаяудың қанша қысым көріп, қиыншылықты осы ел билеушілерден жазасын алса да, мейірімді әрі кешірімді жүрегін өлгеннен кейінгі естірту айтып келгендерге айтқан сөзінен байқауға болады. Ол : “Ата жауым еді, жатқанынан тұрмасын, мүрдем кетсін” деген жоқ, “алысуға да, арпалысуға да тұратын, аузы алты қарыс арыстан еді, алыссаң сондаймен алыс, өзіңнің де кім екенің көрінеді. Иманы саламат болсын”, — дейді. Өзі қатықсыз қара су ішіп отырса да Мұстафаның ұрпақтарының “аталарымыздың сізге істеген қиянаты үшін” деп айдап әкелген үш құлынды биесінде қайтарып жібергені Жаяудың ерлігі емес пе? Бала болып әке-шешенің мейір-шапағатын көрмеген Жаяу баяғы жоқшылықтың кесірінен өз балаларын да бауырына баса алмай, інілеріне бөліп береді. Өмірде қаншама қиыншылықты көрсе де, “мынауым басшыларға жақпайды екен” деген жоқ, серілік құрып Біржанның, Ақанның ауылында болады. Әрине, “Ақ сисадай” ән төресі шартарапқа тарайды. Тоқсан төрт жасқа келіп өзінің күнделікті Борқы биігінің басына шығып отыратын шағында да, ауыл балаларының аузынан:

“Ақ сиса, қызыл сиса, сиса-сиса,
Қалмайды кімдер жаяу зорлық қылса.
Шорманның Мұстафасы атымды алып,
Атандым сол себептен Жаяу Мұса”,

— деген өлеңін естиді.
“Бір елге екі Мұса көп. Шорманның Мұсасы тұрғанда басқа қазақ баласы Мұса бола алмайды. Қояндыдан қой айдап қайтқан ноғай саудагерінің қойының соңынан Қызылжарға жаяу кетті деп естігем. Сен мұнан былай “Жаяу” атанасың”, — деген Шорманның Мұстафасының келісімі қандай ақылға сыяды?
Әділетсіздікке қарсы жанын шүберекке түйіп, қорлыққа қарсы тілі мен үнін құрал ғып шайқасып өткен адамның тұтастай өмірінің бүге- шігесін жазушы романда нанымды суреттеген. Жаяудың қалай қайтыс болғандығы жөнінде айтылмайды, баяғы әдетімен Борқы биігінің басында отырған кезімен роман аяқталады. Романнан ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бірінші ширегіндегі қазақ даласының, саяси-әлеуметтік, экономикалық ахуалын терең түсінеміз.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *