Елім-ай С.Сматаев

Елім-ай
С.Сматаев

С.Сматаевтың “Елім-ай” романында Аякөзде болған ұрыстың ұзын-ырғасы суреттелмей, ол туралы жұртшылық санасындағы ұғым- түсінік, тарихи баға алға тартылады. Бұхар жырау романында қалың жұрттың, өзі өмір сүріп отырған ортаның саяси бетін сол баға, халық санасына сіңіп қалған сол ұғымға сүйеніп анықтайды, өзгені де соған иландырады. Бұл ретте тарихи оқиға адамның немесе белгілі бір қоғамдық ортаның ой елегінен өтіп, сұрыптала келе танылған, бағаланған тарихи ақиқатқа, сапалық мәнге иеленген тарихи фактіге айналды. Танылған, бағаланған, соның нәтижесінде сапалық мәнге иеленген тарихи ақиқат факт адамдардың өзара қарым-қатынасында, қоғамдық ортада жаңа тарихи оқиғаларды танып-білуге, олардың әлеуметтік мәні мен маңызын анықтауға қызмет етеді.
С.Сматаевтың “Елім-ай” дилогиясының бірінші кітабында селдей қаптап келе жатқан жаудан ығысып, көше жөнелген Ошаған бидің ауылының жалпы көрінісі суреттелетін эпизод бар. Ауылын, туған- туыстарын түгел көшірген Ошаған би жалғыз өзі жұртта қалуға бекінеді. Әкесін тірідей жау қолына қалай қалдырып кетерін білмей жаны қиналған ұлына Ошаған би мынаны айтады:
“…Мені жазғырмас. Қашып кетсем, жазғырар көп. Тауым да, өзенім де, жерошағым да, тіпті отымның орнындағы күлім де жоқтайды. Мен кетсем, кәрі сүйегімді қайта әкеле алмаймын. Онан да алланың ақ бұйрығын осы арадан күтейін. Еңкейші, Дәуленім, – деп, сөзінің аяғын сыбырлап бітірді. Әлсіз ерін ұлының маңдайына болар- болмас тиді де, енді қайтып ашылмай бүрілді де қалды” (1, 283-б.).
Көшкен ауылдың жұртында төбе басында жалғыз қалған Ошаған би жаумен айқаста қаза табады.
Үзіндіден Ошаған бидің көшкен аулына ермей, жұртындағы төбе басында жападан жалғыз қалып қоя беруінің бірімен-бірі тығыз байланысты екі себебі байқалады: оның бірі – туған жерін, өскен ортасын тастап кетуге бидің дәті жетпейді. Екіншіден, қарт би кәрі сүйегі жат жерде емес, кіндік қаны тамған туған топырақта қалуын қалайды. Туған жер туралы берік қалыптасып қалған қасиетті ұғым, туған жерге деген перзенттік сүйіспеншілік Ошаған биді осындай шешімге алып келеді.
С.Сматаев “Елім-ай” дилогиясында Ошаған бидің көшкен ауылдың жұртындағы төбе басында қалуының сыртқы емес, ішкі себеп-негізі, кейіпкердің қартайған шағында кәрі сүйегін саудыратып бейтаныс жерге тастамай, өз жерінде, кіндік қаны тамған туған топырағында қалдыруға бекіген берік тілегі көрсетіледі. Мұның өзі роман-дилогияның болмыс-бітіміне, кейіпкердің мінезіне айрықша мәнді, маңызды ұлттық реңк дарытатын үлкен суреткерлік шешім еді.
Ошаған би мен І.Есенберлиннің “Көшпенділер” трилогиясындағы Әнет бидің әрекеттерінің негізгі себеп-мотивтері ортақ, өзара үндес. Сол мотивтердің ішінен С.Сматаев ең басты, мән-мағынасында халықтық, ұлттық сипат басым деген ажарлысын ғана таңдап алады. Бұл ретте автор халықтың дәстүрлі рухани мәдениетінің өлшемдеріне, Отан, туған жер туралы танымдарына сүйенеді. Соның нәтижесінде І.Есенберлиннің трилогиясындағы Әнет бабаның жұртта қалуын баяндаған эпизодтан гөрі С.Сматаевтың “Елім-ай” дилогиясындағы Ошаған бидің жұртта қалуы суреттелетін эпизод көркемдік-идеялық және танымдық тұрғыда әлдеқайда мәнді, мағыналы болып шыққан.
Жанатай батырдың басынан өткен оқиға Әнет би мен Ошаған би әрекеттерін жаңа бір қырынан тануға мүмкіндік береді. Жанатай батырдың басындағы оқиға мынандай: а) Бірнеше адам жау қоршауында. Қоршаудан шыққандар құтылады, қоршаудан шыға алмағандар бәрі де өлім табады. ә) Жау қоршауынан алып шығар жалғыз үміт – Жанатайдың астындағы тұлпар. Бірақ тұлпар бір ғана жауынгерді құтқара алады.
Жағдай Жанатай батырдан кімнің елге жетіп, кімнің жау қылышынан қаза табуы керектігін таңдап, анықтауды талап етеді. Жанатай батыр өз таңдауын халықтың дәстүрлі дүниетанымына сәйкес анықтайды. Бар өмірі алдында, болашағы үлкен жасты, өз ұлы Қоқыштың аман қалуын дұрыс көреді. Өмір, ұрпақ жалғастығын осы жолмен сақтап қалғысы келеді. Өзінің орындай алмай кетіп бара жатқан арман-тілектерін баласына аманат етеді. Бала, ұрпақ, ел алдындағы ақырғы парызын Жанатай батыр осылай орындайды.
Қазақ жазушыларының шығармаларында халық ауыз әдебиетінің үлгілері суреттелініп отырған дәуір туралы басты материал қызметін атқарады.
С.Сматаевтың “Елім-ай” тарихи дилогиясының өн бойында халық өлеңі “Елім-айдың” мазмұндық, идеялық тыныс-лебі жатыр. Сонымен қатар дилогияның басты сюжеттік желілері де халық шығармашылығы үлгілеріне негізделеді. Романдағы мына эпизодқа назар аударайық: “Үлкентөре мен Кішітөренің сонау қозыкөш жерден шатқаяқтана басталып, сыңар езулене бақаса жарыса жетіп, қысылтаяң жерде теке- тірес сүзісе қалатыны бар. Осы жерден жыландай жылжып жалғыз аяқ сүрлеу өтеді. Өтеді де Үлкентөренің тіп-тік найзадай шаншылған шығыс жағындағы іргесінен шымырлап қайнап шығатын бастау бұлақтың оң жағасын құлдилап желіп кетеді.
Дәл осы ақ бұлақтың арнасының тым кеңейіп, жайылып ағатын тұсын бүйірлеп Жомарт батырдың аулы отыр” (1, 245-б.).
Жомарттың өзі туралы жазушы: “Бұл қария – найманның Садырының атақты батыры, тоғыз көкжал бөрісі бар, тоғыз көк перен ұлы бар – Жомарт ақсақал” (1, 246-б.), — деп жазады.
Бейбіт, бейқам отырған ауыл жоңғар шапқыншылығы үстінде (1723 жыл) жойылып кетеді. Жауға қарсы ұрыста Жомарттың өзі де, тоғыз батыр ұлы да түгел қаза табады. Бүтін бір ауылдан жаңадан туған жас бала мен оның шешесі Баршагүл ғана аман қалады.
Жоңғар шапқыншылығының бар ауыртпалығы, жауыздық сипатының басты бір қыры “Елім-ай” романында Жомарт батыр ауылының осындай трагедиялы тағдырының көрінісі арқылы ашылады.
Романда Жомарт батырдың қоныс-жайы да, үй-іші, ауыл- аймағына қатысты көріністер де тарихи дерекке негізделген. Батырдың жетінші буындағы ұрпағының айтуы бойынша, Жомарт Үлкен-тура мен Кіші-тура тауларының маңында Боралдай өзенінің сол жақ бетінде қыстап жүреді. 1723 жылы Жомарт Үлкен-тура мен Кіші-тура тауларының ортасында Теректі өзеніне келіп құятын бұлақ басында қыстап шығады. Ол бұлақ кейін “Садыр қамалған бұлақ” деп аталған.
Келе жатқан жау туралы хабар жеткізіп, қоныс аудару қажеттігін айтқан туысқандарының сөзіне Жомарт: “Қалмақтар қашанда ашық ұрысқа қорқақ болатын, келер болса тоғыз ұлыммен бірге соғысуға дайынмын” – деп, сөзінің соңында табынында жуықта ғана тартылған пішпелердің көптігін, олардың айдауға жарамайтындығын айтады. Сөйтіп, басқалар қоныс аударып, көшіп кеткенде, Жомарт сол отырған жерінде қалып қояды…
Жомарт батыр балаларының бірінің әйелі туғанына 25 күн ғана болған баласын үйде, қазан астына жауып қалдырып өзі қалың шөп, қамыс арасына жасырынып жанын сақтайды. Бір ауылдан тірі қалған бұл екеуін Жомарттың туысқандарының бірі Қуат батыр сол күні алып кетеді. Хабардың авторы өзін 25 күндік баланың – Тасболаттың бесінші буын ұрпағы екендігін жазады. Кейін Қуат батыр әлгі келіншекке үйленеді.
Жазушы осы шағын деректерге сүйене отырып, бір үйлі жанның тарихына байланыстырып, ХҮІІІ ғасырдың бірінші ширегіндегі қазақ даласындағы өмір-тірлік көріністерін дәл беруге күш салады. Жазушы аңыздағы басты тұлғалар Жомарт пен Қуатты суреттелініп отырған дәуірдің шындығын жан-жақты тануға әрі бұлардың характерін даралауға септігін тигізетін біршама оқиғаларға қатыстырады. Олардың ішінде жер дауы мен жесір дауы да, хан кеңесі мен үй іші, от басы әңгімелер де бар. Бұлардың көпшілігін жазушы ойдан қосады. Осындай ойдан қосылған оқиғалармен аңыздағы Жомарт туралы, оның айналасы туралы шағын мағлұматты байытып, дамытып суреттейді. Әсіресе тоғыз ұлымен бірге ауылын жауға қарсы көтерген Жомарттың батырлық істері, тоғыз берен ұлдың ерліктері бейнеленген тұстарда жазушы қиялы айрықша шығармашылық белсенділік танытады. Бүкіл ауыл аймағының, тоғыз батыр ұлының өзінің көз алдында күші басым жаудың қолынан опат болғанын көрген Жомарттың жан күйзелісі, оның жаумен барша батырлық ұрысына трагедиялық реңк береді. Соғыс соңында бір ауылдан бір өзі ғана қалған Жомарт жаудың бір шерігімен жеке шайқасқа түседі:
“Сарт-сұрт семсер айқасты. Сар-сар айқай-шу үдеді. Батырда үн жоқ. Көзіне қан толып, семсерден басқа ештеңені көрер емес.
Шаршаған кәрі дененің қимылы баяу. Қол жітілігі ғана бұрынғыдай. “Ең болмаса осы жауымның қанын ұрттасам екен!..”
Жомарт ақырып қап семсерді құлаштай ұрды. Ананың қаруы ұшып түсті. Сол кезде батырдың бар ыза, бар кек, бар зауалы жауының басында ақырғы рет жалт-жұлт ойнады.
Шуна-Дуба иек қақты.
Тұс-тұстан шашылған қылқұйрықты көп найза Жомартты тік көтеріп әкетті. Сауытсыз, беренсіз жалаңаш денеге көк сүңгілер кірш- кірш қадалды.
— Қалай екен, батыр? Көзіңе не көрінеді? – деді Шуна-Дуба.
— Даламды, тауымды, елімді көремін. Әлі де болса сенен биіктеу тұрмын ғой-й…
Найзалар сылқ түсті” (1, 270-271-б.).
Аңыз беретін деректе Жомарттың өзінің де, тоғыз ұлының да нақты ерлігі көрініс таппаған. Жазушы аңыз жүйесіндегі әр хабар, әр мәліметті толықтырып, жандандырып, болған істің жан түршіккендей азалы, трагедиялы әрі геройлық сипатын көзге елестетіп, ойды, сезімді толқытады. Кейіпкерлерінің нақты түр-тұлғасын көрсетіп, іс-әрекетін бейнелеумен бірге, автор олардың жанының шындығын да шырылдаған қалпында, шынайы суреттейді.
Халықтың тарихи жырларында кең суреттелетін көптеген ержүрек ер ұландары да “Елім-ай” романында басты кейіпкерлер қатарында көрсетіледі. Осындай батырлардың бірі Сіргелі Елшібек Ш.Уәлиханов жазып қалдырған аңызда Абылай тобындағы батыр болса, С.Сматаевтың романында Әбілқайыр ханның бұйрығы, тапсырмасы бойынша әрекет етеді. Ал Абылай бұл кезде Әділ деген бүркеншік атпен жүреді. Оның жауға “Абылайлап” ат қоюы Елшібектің осы ісінен кейін көрсетіледі. Дерек пен жазушы суреттеуінде басқалай ауытқушылық жоқ.
Романда Елшібек батырдың бұл әрекеті дербес, кездейсоқ күйде емес, жауға тойтарыс берудің күрделі жоспарымен бірлікте алынады. Жау мергенін жою, зеңбіректерді қолға түсіру қазақ қолының жаппай шабуылға көтерілуіне жол ашады. Деректі осы мақсатқа бағындырып игеру Елшібек әрекетінің мазмұнын едәуір толықтырып, әсері мен мағыналылығын арттыра түседі.
Жазушы үшін тарихи құжаттар да, этнографиялық деректер де, халық ауыз әдебиеті үлгілері мен белгілі құбылыстарды жан-жақты суреттеуде таптырмас өмірлік материал қызметін атқарады. Тарихи құжаттар, этнографиялық деректер мен халық ауыз әдебиеті үлгілері әдеби шығарманың сюжеттік негізін құрап, суреттелініп отырған құбылысқа нақты, шынайы сипат берумен қатар, кейіпкердің мінезін, ойлау ерекшеліктерін, таным деңгейі мен наным-сенімдерін анық аңғартады. Сондай-ақ, олар бас кейіпкер болып отырған тарихи тұлғаның, творчество адамының туындылары әдеби шығарма құрылымында қаламгер шеберханасының құпия сырларын, ақындық психологиясын танытудың да таптырмас құралы болып табылады.
С.Сматаевтың “Елім-ай” романында (1-кіт.) Жеті хошун Халқаның әміршісі Әлібек хан өзінің кеңесшісі Хутқай Туфа екеуі аң аулауға шығады. Аппақ қарды қызыл қанға бояп, сұлап жатқан түлкіге төніп келген хан қасындағы серігіне: “Аппақ қанға тамған қып-қызыл қаннан сұлу бар ма екен, сірә!” – деп, таң болып қарағанда, Хутқай Туфа хан баласының әйелі Үлзейту ханымның аппақ тәні, алма беттегі қып- қызыл қаны бұдан да артық” (1, 14-15-б) екендігін мәлімдейді. Бұл оқиғалардың тарихи-әдеби негізі бар.
Жазушы тарихи оқиғаның көлемін тарылтып, мазмұнын қысқартып, әрі өзгертіп пайдаланған. Әдеби шығарма бұл жерде Үлзейтудің ақындық болмысын емес, адамдық болмысын, образбен емес, нақты логикалық заңдылықтар аясында нақты ойлайтын ер мінезді әйелдің жан жүйесін, мінез ерекшеліктерін, психологиясын танытуға қызмет етеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *