Екінші өмір С.Досанов

Екінші өмір
С.Досанов

Досанов Сәбит Аймаханұлы 1940 жылдың 12 қаңтарында қазіргі Қостанай облысы Амангелді ауданы Байғабыл ауылында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бітірген. Қазақ теледидарында, “Қазақ әдебиеті” газетінде, Қазақстан Жазушылар Одағында қызмет еткен.
Жазушының тырнақалды туындысы 1958 жылы “Шабындықта” деген атпен жарық көрді.
С.Досановтың “Дауыл”, “Ертең бюро” атты пьесалары театр көрермендеріне жақсы таныс. Шығармалары шет ел тілдеріне аударылған.
“Тау жолы”, “Екінші өмір”, “Жиырмасыншы ғасыр” романдары мен повестер, очерктер жинағы оқырман қауымға белгілі.
Екінші өмір (роман). Роман 1982 жылы “Жазушы” баспасынан жарық көрді. “Дауыл”, “Жас дәурен”, “От кешу”, “Қиын асу” деп аталатын төрт бөлімнен тұрады.
Шығармаға қазақ поэзиясының даңқты өкілі, дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың өмір жолы, ақындық, азаматтың болмысы арқау болады.
Жазушы С.Досановтың “Екінші өмір” атты романының басты кейіпкері – қазақтың дауылпаз ақыны Қ.Аманжолов. Романның оқиға желісі басты кейіпкердің балалық шағынан, жігіт ағасы болғанға дейінгі өмірбаянына құрылған. Жазушы ақынның өскен ортасы мен дәуірін бейнелей отырып, ел өміріндегі елеулі кезеңдерді суреттеген.
Роман төрт бөлімнен тұрады (“Дауыл”, “Жас дәурен”, “От кешу”, “Қиын асу”).
І бөлімде Қазан төңкерісі қарсаңындағы қазақ даласындағы тарихи-әлеуметтік жағдай, күрделі кезеңдегі адамдар тағдыры суреттеледі. Қасымның әкесі Рақымжан қырықтан жаңа асқан шағында кісі қасынан қаза табады. Артында аңырап үш баласы жетім, сұлу жары жесір қалды. Осынау ауыр қаза жас Қасымның сәби жүрегін тілім-тілім етеді. Анасы Айғаншаның ағасы Айтбек мырза қарындасын Өтепбергенге бір ат пен бір қап бидайға сатып жіберіп, жиені Қасымды қой соңына салып қояды.
Әкеден өлідей, анадан тірідей айырылған ойын баласы табанын тасқа тілдіріп қой соңына түссе де, қабырғасы қайысып отын тасыса да қанына біткен қайсарлықпен бәріне қасарысып көніп бағады. Тіпті анасын аңсап аласұрған жұдырықтай жүрегінің сағыныш өртіне де шыдаған Қасым тек арқасына Атайбектің қамшысы тигенде ғана қорлыққа шыдамай қашып кетеді.
Дала кезіп жүрген Қасымға әкесінің көзін көрген Мыңжасардың бәйбішесі кездесіп, ажалдан құтқарып қалады. Арбасына мұны да мінгізіп алады. Жасынан өжет, алғыр бала жаңа өкіметтің арқасында қараңғы ойларды қақ жарып, сонау көкжиектен жарқ ете қалған жарық сәулеге жетуге асығады.
ІІ бөлімде жаңа заманның жаршысы ретінде таныла бастаған жалындаған жасты көреміз. Бұл кезде Қасымның ақындыққа бет түзеп жастық тамашаларын, ғашықтық сезім-күйді жырлай бастаған шағы.
Балалық махаббаттың мәңгі белгісіндей болған Алтынай мен қанаттас серігі Жарқынның тойында өзінің шәкірті, жалынды жас Абдолла Қасымның өлеңін оқып, ақынның жігерін көтереді. Өзінің Абдолладай озық ойлы, талантты шәкірт-ізбасарының барына қуанған ақын болашаққа деген үміт отын маздатады. Осыдан кейін ақын бойында ақындық қуат пен азаматтық рух асқақтайды.
ІІІ бөлімде жазушы соғыс жылдарының сұмдығын, қаламы мен қаруын серік еткен жас ақынның жорықты жылдар қаһарманына айналған тұлғасын ашуға талпынады. Жаңа өмірдің жарық таңы енді атты ма дегенде, жауыз фашистер қымбат өмірді талқандап, дүниеге түнек орнатқысы келеді. Мұндай қорлықты, бақытсыз күнді көргенше қан майданда қаза табу Қасымдай қайратты жастарға әлдеқайда жеңіл. Қасым қасық қаны қалғанша туған Отанын қорғауға серт етеді. Сұрапыл соғыс оғы балтырын тессе де, батырдың аузындағы жалынды жырларын ала алмайды.
Майдан даласында жүріп жауынгерлерге жалынды жыр мен еліне сағыныш жырын арнаған ақын қайсыбір қатаң тиымға қарсы тұрып, жанына жақын жолдастарын сүйеніш етіп, жалынды жырдың құлақ күйін келтіре толғайды. Жеңістің жаршысы болған ақын еліне аман- есен оралады.
ІҮ бөлімде соғыстан жаңа оралған жауынгерге пәтер мәселесі үлкен қиыншылық әкеледі. Қасым отты жырының арқасында жаңа пәтердің иесі болады.
Алдыңғы толқын ағаларын көріп арқаланған ақынның жасындай жырлары жарқырай түседі.
Романдағы Сақыпжамал, Алтынай, Қамажай бейнелері Қасым тағдырын, азамат бейнесін, ақын тұлғасын өзінше нақыш, өрнекпен толықтыра түсетін бейнелер. Өйткені бұлар балалық кез, жастық шақтың, кіршіксіз махаббаттың куәлары. Ақын жырының жанашырлары.
Романдағы Айтбек, Өтепберген, Орман, Жапарханов, Монтай, Сүйімбике, Вольчук, Құрбақанов, Төленовтер – даңқың өрлесе аяқтан тартып, құлдырап құласаң құлағыңда ойнайтын пәс көңіл, тар пиғылды тартымсыз жандар. Керісінше, шығармадағы Бәдәуи, Айғанша, Рақымжан, Абдолла, Мыңсары, Жарқын, Нұрлан, Таня, Нұрбала, Төрежан Шайменович, Айгүл Шаймановалар Қасымның жырларының дүниеге жасқанбай келуіне сүйеу болған, қамқор көңілін аямаған, жақсылығы мол жомарт жандар, жақсылықтың, жаңа өмірдің жаршылары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *