Даладағы дабыл М.Қаратаев

Даладағы дабыл
М.Қаратаев

М.Қаратаевтың “Даладағы дабыл” романы – құжаттарға негізделген тарихи-публицистикалық роман. Оның жалпы композициялық құрылысы мен адам характерлерінің ашылу, кемелдену жүйесі кәдімгі көз үйренген тарихи яки әлеуметтік-тұрмыс романдарынан басқашарақ. Мұнда бірінен-бірі туындап бастан-аяқ қабындап жатқан қым-қиғаш оқиғалар мен сүйіскен екі жастың міндетті түрде басынан кешіретін сан қилы махаббат машақаттары бір желіге өріліп жатпайды. Біз оқып жүрген көп романдарда композиция мен сюжет характердің тарихын құрап, адам образдары оқиға төңірегінен дамып отырса, бұл кітапта сюжет пен оқиға адам образдарының айналасында шешіліп, геройлардың іс-әрекеттеріне толық бағындырылған.
Романдағы барлық оқиғалардың таусылмас қайнар көзі, бастау секілді бір үлкен түйінді тақырып бар. Ол – ұлы орыс халқы мен қазақ еңбекшілерінің арасындағы тарихи қалыптасқан ізгі ынтымақ, достық мәселесі. Бұл достық езілген екі халықтың азаттық, бостандық алу жолындағы бірлескен қажырлы күрестері үстінде шыңдалып нығая түседі. Бүкіл әлемді таң қалдырған ғажап жетістіктердің мықты кілті – халықтар достығында екенін автор толып жатқан дәл, анық, нақты картиналармен суреттеген, көптеген көркем фактілермен дәлелдей алған.
Романда орыс халқының, орыс жұмысшы табының өкілі ретінде көрсетілген басты кейіпкер – Иван Васильевич Деев. Ол патша үкіметіне қарсы үгіт жүргізгені үшін айыпталып, 1913 жылы Қарсақпай, Байқоңыр даласына жер аударылған табанды революционер. Міне, сол жиырма тоғыз жастағы өмірдей жас жігіт Жосалы приставының рұқсатымен ағылшын акционерлік қоғамына фельдшер болып жалданып, құлақ естіп көз көрмеген қазақ сахарасына түйемен сапар шегіп келеді. Ұшы-қиыры жоқ меңіреу далада қаңтардың қақаған үскірігі мен аласапыран дүлей боранына кезіккен Деев пен оның жолбасшысы Жұмабай қанды ауыз аш бөрілердің қамауында қалады, бір түйесінен айырылып, ажал тұзағынан әрең дегенде құтылады. Деевті ажал аузынан, дала қорқауларының қанды шеңгелінен құтқарып қалушы қарапайым қазақ жігіті Жүсіп Жанбосынов болатын. Ұяла езу тартып, сенімді шыраймен сәлемдескен қазақтың қолын қатты қысып тұрып Деев оның жүзінен ізет – бауырластықтың, кіршіксіз достықтың нышанын таниды. Жүсіптің лашық үйіне келген Деевті ауылдың меймандос кәрі-жасы таза көңіл, жылы шыраймен қарсы алады. Сөйтіп, орыс пролетариатының өкілі Иван Васильевич пен қазақ еңбекшілерінің достасуы дәл осылай, романның алғашқы беттерінен-ақ басталады.
Деевтің Қарсақпайдағы ағылшын концессионер қоғамында қызмет істейтін большевик Прохор Иванович Холмецкиймен танысуы оның біріншіден революциялық қызметін әрі қарай жалғастыруына мүмкіндік берсе, екіншіден Қарсақпай, Байқоңыр кеніндегі астыртын ұйымның негізін қалауға, сондай-ақ оған қазақ шахетрлері Жүсіп Жанбосынов, Нұрмағамбет Саусақов, Қапланбек Бәтешев секілді кешегі жалшы жігіттерді тарту арқылы қазақ даласындағы тап күресіне де араласып, идеялық басшылық етуіне толық жағдай жасайды.
Романда Деев басқаратын большевиктік топ пен қазақтың ардақты азаматтары революционер Әліби Жанкелдин, Аманкелді Иманов, Сабыр Шарипов, Әділбек Майкөтовтардың тығыз байланыс жасап, оған саяси пікірлес болып отырғаны жарқын сипатталған.
Қазақ даласын дүр сілкіндірген 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі де кітапта жаңа бір қызық қырларын тауыпты. Автор сол 1916 жылғы көтеріліс оқиғасын негізге ала отырып, Орталық Қазақстандағы Аманкелді Иманов басқарған халық-азаттық көтерілісіне Байқоңыр большевиктері мен жалпы орыс пролетариатының саяси ықпалын, жәрдем-көмегін тарихи шындық шеңберінде шебер суреттепті.
Шығармада бірін-бірі беріле сүйген Жүсіп пен Құралай оқиғасы қызық шешілген. Бұл жерде мәселенің түйіні Жүсіптің Есіркептей азуы алты қарыс байдың баласы – Ысмайылға атастырылған Құралайды бір түнде алып қашып, Байқоңыр жұмысшыларының көмегімен қарулы қуғыншылардан оп-оңай құтылуында емес, оның адамгершілік зор идеясында жатыр. Орыс, қазақ шахтерлері екі жасты құтқарумен қатар, орталарынан ақша жинап, Ысмайылдан өткен қалың малдың есесін де түгел қайырады, бәрі бірігіп олардың үйлену тойын жасап, шахтерлер коллективінің үлкен семьясына мүше етіп алады. Әрине, бұл – Ұлы Октябрь революциясы әлі орнамай тұрған кезеңнің өзінде-ақ жұмысшы табының бірлік-күшін, болашағын танытқан қимылы болатын.
Осыдан былай қарай Жүсіп Жанбосыновтың бүкіл өмірі мен күрес жолы жаңа бағыт алады.
“Даладағы дабыл” романында өзіне назар аударатын күрделі образдардың бірі – Шахмет. Ол жұрт аузында дін иесі – ишан деп аталған өзінің өмір тәжірибесінде қара қылды қақ жарған әділ, парасатты адам боп көрінеді. Сондықтан ол, заман ағымын, тарихтың бет-бағдарын өз қатарынан бұрын аңғарған көреген, сезімтал, адал кісі.
Әдебиетімізде осы бүгінге дейін үстем тап өкілдерінің бірыңғай жағымсыз тұлға ретінде бір ғана қара бояумен суреттеліп келгені мәлім. Ал, біз әңгімелеп отырған кітапта билеуші таптың кейбір өкілдерінің ұнамды тұлға болып көрінуі – тың құбылыс. Шахмет образы М.Горькийдің Фома Гордеевін еске түсіретін, өз ортасынан оқшау, дара тұлға. Мұндай күрделі образ тарихи шындыққа диалектикалық көзқараспен қарап өмір қиыншылықтарын шындықпен ашып бейнелеудің соны көрінісі.
Осы маңызды шараларды шешу үшін партия нұсқауымен Қарсақпай комбинатына директор болып бекітілген Деев сондағы жас маман, қазақтың талантты инженері Қаныш Сәтбаевпен тұңғыш рет танысып достасады. Екеуі Үлкен Жезқазған үшін ұзақ жылдар бойы қажымай-талмай күрес жүргізеді.
Сонымен қорыта келгенде, “Даладағы дабыл” романынан қазақ халқының өмір, күрес жолын Октябрь революциясына дейінгі шеккен азабы мен бүгінгі гүлденген бақытты өмірінің негізгі-негізгі кезеңдерін аңғаруға болады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *