Ақиқат пен аңыз Ә.Нұршайықов

Ақиқат пен аңыз
Ә.Нұршайықов

Шынында да солай, әрине, бұл ақындық қиялдан туған үлкен мұрат. Ерлік дастаны — өмірлік дастан, ол ұрпақтан ұрпаққа кете бермек, жаңғыра бермек, жаңара бермек.
Әзілхан Нұршайықов осы бір жайды терең барлап, өз шығармасын “Ақиқат пен аңыз” деп дұрыс атаған. Бауыржан Момышұлы жөнінде тараған аңыз-әңгімелердің түпкі түйіні өмір шындығында, сол шындықтың куәсі болған бас геройдың характерінде жатқандығы анық та ақиқат.
Бауыржанның даңқын алғаш кең таратып жіберген Александр Бектің “Волоколам тас жолы” атты романы болатын. Романның алғашқы бетін ашқанда-ақ, майдан картасын алдына жайып салып офицерлерге бұйрық беріп отырған Бауыржан бірден алдыңнан шығатын. Соғыс тағдырын, соғыс құпиясын жете түсініп, жүрекпен сезінбей тұрып шығарма жазам деушілік әурешілік деп, бірден тік кететін Бауыржан Момышұлы оқырмандарға сол бір мінезімен ұнаған- ды.
“Ақиқат пен аңызда” Бауыржанның осы мінезі әр қырынан көрініп, соғыс майданында, жауынгерлер алдында үлкен істерді батылдықпен шешуге көмектеседі. Тапқыр да алғыр, сезімтал да секемшіл, қажырлы да қайратты офицердің характері осы бір белгілерімен дараланған.
Майдан шебінде абырой, атаққа ие болған геройдың характерін айқын ашу үшін жазушы Момышұлына дүркін-дүркін сұрақтар қойып, өзара сырласып, өзара пікір таластырып отырады да, аңыз бен ақиқаттың ара жігін ашады. “Ұшқан ұя” мен “Москва үшін шайқаста” әңгімеленетін оқиға тізбегінен жазушы жаңа жол тауып, роман- диалогта геройдың психологиялық толғаныстары мен дүние танымына айрықша зер салған.
Бұл салада жазушы ілгерінді-кейінді баспа беттерінде жарық көрген көптеген өлең-жырлар мен очерк, мақалаларды, ел арасына кең тарап кеткен аңыз, әңгімелерді молынан пайдаланады да, орталық қаһарманның өзіне сөз береді. Сол арқылы негізгі геройдың жан дүниесіне үңіліп, оның бір беткей мінезіндегі терең сырды ашады. “Сізді біреулер теріс азу, тентек атағысы келген бе, қалай өзі, Бауке?” – деп сұрақ қоюдың өзінде де көп мән бар. Табиғатында шындықты сүйетін жазушы осы бір оқыс сұрақтарды қоя отырып өз геройының бойындағы шытқыл, тік мінезділіктің төркінін танытпақ болған.
Әр түрлі ұлттар өкілдерін сапқа тұрғызып, жеңіске үндеген командирдің берген бұйрығы, қойған талабы қатал да айқын. Герой характеріндегі осындай өзгешелікті әрбір іс, әрбір эпизодта мегзеп отыратын автор шығарманың бояуын қалыңдатып жібермей, шынайы суреттеген. Осыған орай жазушы Бауыржан Момышұлының жастық шағына барлау жасап, тік мінез, бір беткейліктің алғашқы ұшқынын сол бір балалық кезден іздейді. Үлкендердің алдына шығып, бетіне тік келгеніне қатты өкініп, өз қатесін мойнына ала білген өр мінезді жастың турашылдығы табиғи болып келеді де, осы бір өр мінезділік соғыс кезінде өрелі, пайдалы істерді батыл шешуге тікелей көмектескен.
Жауынгерлер алдында әділетті принциптілігімен танылатын Бауыржан соғыс кезінде батальон, полк командирінен дивизияны басқаруға дейін көтерілген. “Нацистерге қарсы 207 рет ұрысқа қатысып, бес рет өлімнің құрсауында қалған, екі рет өлімші болып жараланған” Момышұлының ерлік істері ауыз толтыра айтарлықтай.
Роман-диалогтың осы тәрізді ұтымды жақтарымен бірге қайсыбір жағдайда оқиға ізімен кетіп, бояуы қуқыл тартып, публицистикалық өң алып кететін кездері де бар. Осыған орай бас геройдың өзіне тән ерекшелікті тым көтере, әсірелеп көрсетушіліктен де роман құр емес.
Ол өзара диалог үстінде де аңғарылып қалады. Жазушы сұрақ қоярдың алдында Бауыржанның қас-қабағына көбірек қарап, шырт етпе мінезіне кездесіп қалмауды көздейді. Соның өзінде герой тарапынан тік мінез, өктем сөздер елес беріп отыратындық та бар, ол отырған жерде төрге шыққандарға зекіре сөйлеп, өктем мінездер көрсетуі де басы артық дүниелер.
Герой характеріндегі осындай өзгеше белгілерді жазушы романда бүкпей, жасырмай, жаба сіркелемей ашқан. Ата-ана, туған- туысқандары жөнінде көбірек әңгімелейтін Бауыржан Момышұлының өз шығармаларындағы эпизодтарға жазушының ден қойып отыратындығы да осыдан.
“Ақиқат пен аңызда” Бауыржан әр қырынан көрінген. Бүкіл дивизияны басқарып, жауға аттанған командирдің тапқырлығы мен алғырлығы үлкен шайқас, кескілескен ұрыстардың үстінде айқын көрінеді. “Дүние тарс-тұрс, гүрс-гүрс болды да кетті. Біз алғашқыда кейін серпілген жігіттерді қуып, екпіндеп келіп қалған бір топ неміспен қоян-қолтық келіп, найзаласа жұлқысып кеп кеттік. Менің дәл қарсы алдыма бір арғымақтай офицер жетіп келіп қалған екен. Баяғы Сибирьде жүргенде үйренген ат үстінен шыбық шабатын әдісіме салып, қыл мойынды қиғаштай тартып кеп жіберіп едім, офицер жұлындай ұшып түсті”.
Міне мұнда Қиыр Шығыс, Сибирьде жүргенде жатығып үйренген соғыс өнері тікелей көмектескен. Сонау, Суворов, Кутузов кездерінен бастап нелер сыннан өткен соғыс тәсілінің бір түрі осы тұста бір кәдеге асқан, бетпе-бет айқаста командирі өзі күшін, өз өнерін танытқан.
Генерал Панфиловты сүйе де, құрметтей де білетін Бауыржан оның қолбасшылығындағы әскери өнерді қадағалап, ұқыптылықпен өз тәжірибесінде пайдаланды. Бұл тұста жазушы Әзілхан Нұршайықов бас қаһарманның күрес тәсіліне, ұстаздық, қамқорлық, тапқырлығына көбірек сүйеніп майдан кезіндегі жауынгерлердің ерлік қимылына айрықша назар аударып, бүкіл халықтық күрестің сәулесін түсірген.
“Алға! Қырандарым!” деп, тағы да қарлыға айқайлап, ілгері жүгірдім. Қырандарым таудан төңкерілген судай ағындап, менен озып, айналамнан алға қарай ағытылып жатты”.
Тоғызыншы гвардиялық дивизияның командирі Момышұлының осы тәрізді кескілескен шайқаста жеңіске жетуінің негізгі тетігі әскери өнерге жетіп, нағыз ұстаз жетекші екендігі шығармада осылай дәлелденген. “Ерліктің негізі – сүйіспеншілік. Кісі сүйгенінің құлы да, құрбаны да болады. Отанын сүйген солдат ол үшін отқа да, суға да түседі. Сөйтіп, саналы түрде ерлік жасайды”.
“Ақиқат пен аңыздың” көркемдік шешімі де, алға тартары да, эстетикалық ұғым, талғамы да, философиялық түйіні де, міне, осында. Командирінің Отан алдындағы міндетін бүкіл армия болып қабылдауында.
Романда осы бір жай ашық бояуын тапқан да, тарихи тұлғаның характері Армияның қажымас ерлігін, қаһармандық күресін суреттеу үстінде айқындала, даралана түсіп, бас геройдың қатысуымен бүкіл майдан өмірін танытуға жазушы мол мүмкіндік алған.
Романда және бір көзге түсетін жаңалық – күні кеше Шымкентте тентектікке бой ұрып жүрген өжет жас, сол қайсарлық, сол өткірлігімен қиындықтың барлығына да қарсы тұрып, әскери өнерді қызыға қалап, еркін меңгеріп алған.
“Ақиқат пен аңыздың” және бір өзгешелігі – Бауыржан Момышұлының бейбітшілік өмірде қарудың орнына қолына қаламын алып идеология майданында жазушылық өнерімен танылуы.
Бұл салада жазушы Әзілхан Нұршайықов өзі көріп, өзі де араласқан үлкен өмірді көркемдік шындыққа көтере суреттеп, Бауыржан Момышұлының характерін айқын танытқан.
Сонымен бұл романда Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерлік пен батылдық, алғырлық пен тапқырлық, жауға деген ыза-кек қат-қабат суреттеліп, патриотизм үлкен жеңістің рухани күшіне айналған. Отан соғысы кезінде небір қиын-қыстау кезеңдерді басынан кешірген тарихи тұлғаның айқын көрінісін Бауыржан характерінен тапқан. Соғыс эпизодтарын, майдан өмірін жалпылама шолудан бойын аулақ салған жазушы характерді ашу үстінде деректі материалдарға көбірек жүгінеді де, сол арқылы Ұлы Отан соғысындағы қаһармандық, ерлік күресті әр алуан жақтарынан ашып, шығарманың халықтық сипатын көтерген.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *