Ақ шағыл Ж.Нәжімеденов

Ақ шағыл
Ж.Нәжімеденов

Қазақ поэзиясына жүрек жылытар сырлы да сазды, ойлы лирикалық өлеңдерімен келіп қосылған ақын Жұмекен Нәжімеденов “Ақ шағыл” атты роман жазып, өз ізденістері мен талантының жаңа бір қырын танытты. Бұл – оның проза саласында жасаған алғашқы қадамы.
Ақын Исаковскийдің айтуынша, адам баласында ерте ме, кеш пе, әйтеуір, поэзияға бір сәт бой ұрып, әуестенбейтін пенде кемде-кем көрінеді. Бірақ әуесқойдың бәрі ақын бола берсе, поэзиядағы әсемдікте қасиет те қалмас еді. Алайда Жұмекен поэзияға әуесқойлықпен ғана келген, ештеңе тындырмаған ақын емес, бет-бағдарын, қол таңбасын айқын танытқан, табысты еңбек еткен белгілі ақын. Жұмекен жырлары жұртшылықтың, әсіресе жыр сүйер қауымның ыстық ықыласына бөленді, әдеби сыннан лайықты бағасын алды. Оның шымыр да жұмыр жыр жолдары ақынға республика комсомолы сыйлығының лауреаты деген абыройлы атақ алып берді. Сол ақын прозалық тұңғыш туындысын оқырмандардың талғам таразысына тартып кетті.
Шығарма оқиғасында аспаннан аяғы салбырап түскендей көзге ұрып тұрған дәнеңе жоқ, соғыстың соңғы жылдарында бозбалалықтың дәмін алғаш татып, нәпсінің тәтті дәмін тұшынған жасөспірім Еділхан мен ат жалына жабыса мініп, бәйгеге шабу сияқты шабандоздыққа жарап қалған “шөтке шаш қара бала” қатарлы буынның бәрі де күні кеше көзбен көріп, бастан кешіріп, куәсі болған белгілі оқиға, таныс тірлік. Бір қарағанда мұның өзі оқиға ұсақтығын, жұпынылық жайын аңғартатын боп көрінуі де ықтимал. Бірақ, зер салып үңіле қараған көзге тіпті де олай емес. Шығарма оқиғасының арқауы қашанда шынайы тірлік, өмір құбылыстары екені даусыз.
Роман оқиғасы бас кейіпкер Сейсіметтің 1944 жылдың күзінде армияға алынып, майданға жүрер алдында нағашысы Әжімгерей қартқа сәлемдесіп, қоштасып кетуге келген сапарынан басталады. Есіктен кіре “Құйыдым ғой” деп еңіреп қоя берген сақау жігіттің олақ тілі мен киген киімі сияқты икемсіз, олпы-солпы сырт пішінінің өзі оқушының әрі күлкісін келтіреді, әрі аяушылық сезімін тудырады. Тоқтау айтып, ақылға шақырып көз жасын тыйғызған Әжімгерей қартқа Сейсімет енді бір сәт ата-бабасының, әкесінің батырлығын, ерлігін, күшін айтып мақтанып, есіп кетеді. Табиғатында адал, пенде баласына залалы жоқ, қулық-сұмдықтың иіс мұрнына бармайтын аңқылдақ аңқау Сейсіметтің не сөзінде пәтуа, не ісінде береке болмайды. Ол құдық қазғанда, пішен шапқанда, асау үйреткенде тіпті табиғаттың бойға берген қара күшінің өзін ысырап етіп жұмсайды. Және онысына әсте бір ойланып, қынжылып көрген емес. Қай шаруасы орнына келмей жатса да, “Тойы айғый, тоқпақ жалды тоғайда бай, қыздайдың ең жақсысы ноғайда бай” – деген жаттанды әуеніне басып, қаперіне түк те кіріп шықпаған парықсыз қалпында жүре береді. Сол қылығының өзінен ол оқырман көңілінде адамға тән дүнияһи пендешіліктен “құдай сақтап” мақұрым қалған табиғаттың бір кіршіксіз, пәк перзенті сияқты әсер қалдырады. Әрі күлесің, әрі аяйсың. Жазушының суреттеуінде ол әрбір істелетін жұмыстың ыңғайы бар-ау, жоқ-ау деп ойламайды, ағаш жонса, қолына еменнің иір бұтағы түссе де, ығын іздеп, оңайын көздеп жатпай, пышақты қарсы салатын орашолақ жан. Тіпті Мәруа сияқты сұлу қызды Сейсіметтің туған ағалары алып қашып, әкеп бермегенде, оның батылы жетіп, өз жөнімен үйленуі де неғайбыл еді. Жеңгесі шығарып беріп тұрған қызды (болашақ әйелін) алып қаш дегенде, ол “төмен етек, қысқа аяқты” адамға қиянат жасау қылмыс деп түсінгендіктен емес, адамгершілікке жат деп таныған адал көңілімен бас тартады. Ал осылайша өзін сүймей қосылған жары Мәруәнің бойында пендешілік бар-ау деген де оның ойына кіріп-шыққан емес. Майданда жүргенде ол ел қатарлы ерлік те жасап, кеудесіне бірнеше медаль тағып қайтады.
Қорыта айтқанда, Сейсімет образы – жазушының сәтті жасаған табысы, қосымшасыз, боямасыз, бар болмысымен берілген тұтас тұлға.
Романда көзге көрнекті, бедерлі жасалған тұлға Темірәлі бейнесі. Әу баста ол балықшы, теңіз жағалауынан келіп, колхозға бастық болады. Мал баққан қыр елінің тірлігін жете білмейтін жігіт қай малға қандай шөптің жұғымы болатынын ескермей, алғашқы бетте біраз мал шығыны болады. Ойпаң немесе тегіс жерге үйген пішеннің түбіне су кетіп шірітеді деген сылтаумен, шөпті шоқалдардың үстіне үйгізіп, мемлекетке жалған ақпар бергізіп жүрген пішеншілер мен бригадирлердің көзбояушылық әрекеті де бұл отқа май құя түседі. Осының бәрін көзбен көріп, қолмен істеп, біліп отырған ферма бастығы Сағынай Темірәліге кеңес беріп, ақыл қосудың орнына, оны орға жығуға әрекет жасап, ақыры аудандық газетке колхоз партия ұйымының секретары ретінде мақала жазып, дегеніне жетіп, пасық ойын жүзеге асырып тынады. Өйткені оған Темірәлінің орны қажет. Әрқашан “Темақа-Темақа!” – деп жалпылдап, сыпайы сызылып, оқырманға сыр бермей келген Сағынай, енді картаны ашуға болады деген соңғы сәтте ғана шын ниетін, ішкі пасық есебін танытты. Жазушының суреттеуіне қарап, “дос болып қас қылғаннан сақта, тәңірім” – деген халық өлеңі дәл осы Сағынайларға айтылған ба деп қаласың.
Романда назар аударатын Әжімгерей мен Сандыбай образдары. Бұлар жас жағынан бір-біріне қарайлас қарт адамдар, ал характер ретінде мүлде қарама-қарсы тұлғалар. Әжімгерей қарт өзінің жұртқа жасаған жақсылығы мен әділін айтатын ақыл-парасатымен көп құрметіне бөленген ауыл ақсақалы. Аға сыйлап өскен қазақ сияқты елдің әр ауылында-ақ осы кісі не айтар екен деп, жұртты аузына қаратып, сөзін тостыратын, басалқалық айтатын байсалды ақыл иесі қариялар бар. Әжімгерей солардың бірі және сәтті жасалған бірегей.
Суреттеулер мен баяндауларда Жұмекен юморының жұртты жалықтырмайтын жылылық лебі айқын аңғарылады. Ал романдағы жасөспірім бозбала жігіт Есімханның “Ұят” деп аталатын ұғымды игеруі, жер ошақ басында сүйекке таласқан иттердің әрекеттерін жалаң баяндамай, өмір құбылыстарымен психологиялық параллель жасай отырып суреттеуі – осылардың бәрі де жазушының жаңа жанрдағы сәтті қадамын танытады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *