АНА ТІЛІ

АНА ТІЛІ — белгілі бір этностың қалыптасып, ұлт деңгейіне дейін үздіксіз дамуына ұйтқы болып келген және сол этностың негізгі тілі саналатын, өзара қауымдаса тіршілік етуіне қажетті тіл. Этникалық тегі, географиялық қоныстану аумағы, шаруашылық жүргізу тәсілдері ортақ адамдар қауымы мен мүшелерінің ана тілі арқылы ортақ дүниетанымы, ұғым-түсінігі, мінез-құлқы, наным-сенімі, сезіну қасиеттері — бір сөзбен айтқанда, ұлттық ділі қалыптасады.

“Ана тілі” ұғымы, не оған жақын түсінік барлық этносқа тән, бірақ этностық көзқарас тұрғысынан бұл ұғым әр түрлі (“туған тіл”, “ұлт тілі”, “ата-баба тілі”, “ана тілі” т.т.) атала береді. Қазақ этносының дәстүрі бойынша, шыр етіп дүниеге келген нәрестенің құлағына алғаш шалынған ананың үн-әуезі оның ақ сүті арқылы баланың бойы мен барша болмысына дарып, адамға ғана сыйланатын құдіретті күш — тілге ұласады, сондықтан оның тілі ана құрметіне бағышталып, “ана тілі ” аталып кеткен. Француз ғалымдарының кейінгі жылдары жүргізген тәжірибелері нәтижесінде дүниеге келген нәрестенің ананың (атаның емес) “тіліне”, үн-әуезіне деген ерекше сезімі (фермент түрінде) ана құрсағында жатқанда-ақ қалыптасып, анық байқалатыны анықталған. Дүниеге келген нәресте үшін ана тілі, өзін қоршаған тілдік орта оның өсіп-өнуіне қажетті, әрі тікелей ықпал жасаушы зор факторға айналады. Қазақтың дәстүрлі дүниетанымы бойынша нәресте тілінің даму, ұстару эволюциясы жөргекте жатқанда, бесіктен бойы озғанша ананың аялы алақанынан, “әлдиінен”, бесік жырынан басталып, отбасы, ошақ қасындағы ата-ананың қарым-қатысына еліктеу арқылы қалыптасып, есейе келе қоғамдық ортада ел- жұртының салт-дәстүрін тану, ана тілінің қат-қабат сырын ұғып, құнарына кенелу арқылы жалғасып, өрістей бермекші. Қазақ тіл білімінде А. т. терминін алғаш ұсынып, ғыл. айналымға енгізген А. Байтұрсынов.

Тіл мен ой (ойлау, ойлану, ой қорыту, ой түйіндеу процесі) өзара тығыз байланысты, бірінсіз-бірінің күні жоқ, диалектик. бірліктегі егіз құбылыс. Объективті болмыстағы заттар мен құбылыстар туралы, қоғамдық қарым-қатынастар жөнінде адам баласы өз ойы мен пікірін, ұғым-түсінігін, пайым-танымын тек өз тілі негізінде ғана туындатып, сол арқылы ғана “заттандырып” (яғни сөзге, сөз тіркесіне, сөйлемге, мәтінге айналдырып) басқаларға жеткізе, түсіндіре, ұқтыра алады, қоғам санасында қалыптастырып отырады. Алайда ойлау мен табиғи тіл арқылы сол ойды жүзеге асыру процесі өзара тығыз байланысты құбылыс бола тұра, олардың өзіндік ерекшеліктері бар. Ойдың міндеті объективті болмыстағы заттар мен құбылыстардың ең басты (негізгі) қасиеттері мен олардың өзара қатысты байланыстарын жіті де жалпылама, әрі жанама түрде танып-білу болса, оның нақтылы құралы — тіл. Сондықтан да тіл ойдың заттық (материалдық) негізі ретінде белгілі бір тілдік қоғам мүшелерінің өзара қарым-қатынас, пікір алысу, түсінісу құралы болып саналады.

Әрбір тіл сол тілде сөйлеуші этнос мүшелерінің өзара түсінісетін, ой-пікірін (айтып та, жазып та) толық жеткізе алатын А. т. болып саналады. Алайда этнос мүшелерінің бұл мүмкіндікті пайдалануы бірдей бола бермейді. Өйткені ол әрбір адамның тілге деген қабілетіне, өсіп-өнген тілдік ортасына, тәлім-төрбиеге, оқу-білімге, қоғамдық-әлеум., этнодемогр., т.б. объективті және субъективті жағдайларға байланысты. Бірақ жеке адамдардың немесе әлеум. топтардың этнос тілін меңгеру, меңгермеу деңгейіне қарамастан, сол тіл олар үшін әрқашанда А. т. болып қала бермекші. Алайда қоғамдық өмірде көрініс беріп отырған күрделі де тегеурінді (саяси-әлеум., демогр., тарихи, т.б.) өзгерістердің (мыс., қазақ, т.б. түркі халықтары басынан өткерген кеңестік дәуірдегі ұлттық тілдерді шектеп, қоғамдық өмірден шеттету саясаты, т.б.) салдарынан байырғы дәстүрдің бұзылып, А. т-н білмейтін, білсе де шала білетін адамдар мен әлеум. топтардың пайда бола бастауы байқалып отыр. Осының салдарынан А. т-міздің, әсіресе, қала жастары арасында, беделі төмендеп, оның рухани-мәдени өміріміздегі қажеттігін сезіну бәсеңдеп, ұлттық менталитеттің іргесі босап, қабырғасы сөгіде бастағанын көріп отырмыз.

Міне, осы жағдайға байланысты о бастағы “ана тілі” деген абсолютті ұғымды ендігі жерде кейбір шарттылықтар арқылы түсіндіруге тура келді. Этнос тілі — сол этностың түгел білуіне тиісті, әрбір адамның толық меңгеруіне міндетті “ана тілі” дей тұрсақ та (мыс., Қазақстан жағдайында), оларды А. т-н “білетіндер”, “шала білетіндер” және “білмейтіндер” деп іштей жіктеп көрсетуге тура келеді. Бұл топтар әр алуан, оны зерттеу — әлеум. лингвистиканың міндеті. Аталған жағдай, А. т-нің табиғи дамуына жат, ұлттық қасіретке айналған құбылыс.

Табиғаттағы экология сияқты, тіл саласындағы табиғи даму заңдылығының бұзылуына себеп болған факторлар өте көп. Оларға: мыс., кешегі тоталитарлық жүйеге тән “ұлт тілдерді өзара жақындастыру арқылы күндердің күнінде тұтас бір тілге айналдыру” сияқты тіл саясаты, орыс тілінен басқа тілдердің қоғамдық қызметін шектеп, ұлт тілдерінің болашағына деген сенімсіздіктің салдарынан өз тілінен жеріну сияқты нигилистік көзқарастың туындауын, т.б. жатқызуға болады. Бірақ этнос өзінің ұзақ даму тарихында қандай жағдайды басынан кешірсе де, өз тілін этностық тіл тұтастығы арқылы сақтап қалуға тырысады. Өйткені ұйтқы болып отырған тілінің жоғалуы этностың өзінің де жоғалуына әкеп соғады. Демек, А. т-нің тағдыры жалпы этнос тағдырымен сабақтас. Адам баласы қаншама көп тіл білсе де, ол үшін А. т. — біреу- ақ. Оның мәні де, мәнісі де бөтен тілдерден мүлдем басқаша. Оны ана тілінің уызы мен ауызданған, оның тұңғиығына шомып, байлығына кенелген, көркемдік қасиеттерін сезініп, бейнелілігін таныған адам ғана дұрыс бағалай алады.

А. т-нің қоғамдағы қызметі сан алуан. Ол этностық ортада этнос мүшелерінің өзара қарым-қатынас жасау (коммуникативтік) құралы ғана емес, қоғамның әлеум., саяси, экон., рухани, мәдени дамуының арқауы іспетті. Ол — ғылым-білім, өнер, өнеге кілті, этностың таным құралы. А. т-нің тағы бір қасиеті оның қор жинаушылық қызметіне байланысты. Ғасырлар бойы қорланып, қалыптасқан этностың барша рухани, мәдени, материалдық байлығы, басынан кешкен тарихы сан мыңдаған сөз маржандары арқылы. яғни А. т. арқылы халықтың жадында сақталып, атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа жетеді. Соңдықтан да, ол жас ұрпақ үшін өзін, елін, жерін тануға, өткенін зерделеп, бүгінгісін бағалап, болашағын болжауға қажетті аса құнды қазына болып саналады. Белгілі бір себептермен тілін жоғалтқан халық этнос ретінде өмір сүруін тоқтатады. А. т-н — төл тілін жоғалтқан ұрпақ (немесе жеке адамдар) тіл арқылы мирас болып қалған рухани, мәдени, материалдық байлықтан шеттеп, ұлттық қасиетінен айырқша бастайды; оның дүниетанымы, сезім, бағалау, т.б. танымдық қасиеттері басқа тіл негізінде қалыптасып, өз этносының өткені мен болашағына нигилистік, мәңгүрттік көзқарастарды тудырады. Алайда бұлардың бәрі қоғамдық өмірде күрделі өзгерістерден туындайтын өтпелі құбылыстарға жатады. Сондықтан да, этнос өмірінде болып тұратын мұндай жағдайлар күндердің күнінде өзгеріп, А. т-нің біртұтас, толыққанды этнос және халықар. тіл ретінде жан-жақты дамып, өзінің қолданыс шеңберінде этнос мүшелерін толық қамтуы заңды құбылыс.

“А. т.” ұғымы — этнос тілінің синонимі. Демек, ол — бір-ақ тіл. Этнос мүшесі — адам өз өмірінде ең аз дегенде бір тілді толық меңгеруге (сөйлей де, ұға да, жаза да білуге) міндетті болса, ол тіл — А. т. болуға тиіс. Әр алуан қоғамдық-әлеум. жағдайлар мен себептерге (үйренбеуге, дағдыланбауға, ұмытуына, үйренгісі келмеуіне, т.б.) байланысты өзінің белгілі этносқа тән екендігін мойындай тұра, өзі жақсы меңгерген басқа тілді (орыс, ағылшын, т.б.) “ана тілім” деп тану — әлеум. және этик. кінараты бар құбылыс. Екі ұлттың өкілінен туған балалардың “ана тілін” таңдаудағы қиындығы олардың отбасынан, ата- анасынан, тілдік ортадан, қоғамдық өмірден алған тәлім-тәрбиесіне байланысты. Этнос тілі өзінің әр түрлі қоғамдық-әлеум. жағдайына және тарихи даму деңгейіне қарай “тайпа тілі”, “ұлыс тілі”, “ халық тілі”, “ұлт тілі” болып саналса да, сол этностың өзі, оның мүшелері үшін ол А. т. болып қала бермекші. Сондай-ақ этнос қандай саяси-әлеум. жағдайды басынан кешірсе де, қандай геосаяси кеңістікте өмір сүрсе де, оның өз тілі, басқа (шетелдік) тілдерді білу-білмеуіне қарамастан, өзі үшін А. т. болып қала бермекші. Қазіргі уақытта (1998 ж.) қазақ халқының үштен бірі, яғни 4 млн-ға жуығы, Қазақстаннан тыс (ҚХР, МХР, Ауғанстан, Иран, Түркия, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, т.б.) жерлерде диаспора болып отыр. Бұл топтар қандай тілдік ортада (қытай, ұйғыр, монғол, пушту, парсы, түрік, өзбек, орыс, қырғыз, түрікмен, т.б.) өмір сүрсе де, ол тілдердің қанша әсері болса да қазақ тілі олар үшін А. т. болып саналады. Қазақ диаспорасы үшін А. т-нің сақталу-сақталмауы, қолданыс аясының кең-тарлығы, сайып келгенде, олар тұратын мемлекеттердегі тіл саясатына, тілдік ортаға, диаспораның шоғырланып немесе шашыранды түрде орналасуына, сондай-ақ А. т-н қайткен күнде де сақтап қалуға деген саналы әрекетіне де тікелей байланысты. Әрбір азаматтың А. т-н қастерлеуі оның мемл. биік мәртебесіне қатысты қоғамдық көзқарас пен қамқорлыққа да тікелей байланысты. Сондықтан әркімнің өз А. т-н құрметтеуі тек анасының ақ сүтін өтеу ғана емес, қоғам алдындағы азаматтық абзал парызын ақтау, сол арқылы елдің елдігін сақтау болып саналады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *