Бұлттар

Бұлттар пішіндеріне қарай негізгі үш түрге бөлінеді:

Будақ бұлт – 1-2 км биіктікте болатын, үйіліп жатқан жүн, не мақтаға ұқсап келетін сұрғылт түсті бұлттар. Олар тұтаса келе түнеріп, будақ бұлтқа айналып, жазда, нөсер жаңбыр, қыста, жапалақтап қар болып келеді. Жер беті қатты қызғанда, ауа ағымдары жоғары өрлеп, күшті жүруінен бұлттар қалыңдап, 3-4 км-ге дейін көтеріледі.

Қабат бұлт – екі шақырымдай биікте көтерілетін, тұманға ұқсас, сұрғылт қабатты бұлттар. Қабат бұлттар аспанды түгел торласа, ұзаққа созылатын ақ жауын жауады.

Шарбы бұлт – 6 км-ден жоғары биіктікте түзілетін, майда мұз кристалдардан тұратын, жауын-шашын әкелмейтін ақ түсті бұлттар.
Бұлттарға қарап та күн райын болжауға болатындықтан, бұлттардың бұрынғы өткен бабалардан қалған атауларымен таныс болғанның еш артықшылығы болмас.

Олай болса:

Ақша бұлт – ашық аспанда қалқып жүретін ақ бұлттар.
Ала бұлт – ақ, қара, қошқыл түсті бұлттардың шоғырынан құралған бұлттар. Шумақ-шумақ, лек-легімен шұбырған бұлттар – будақ бұлт.
Бойына ылғал сіңірген 2,5 км биіктікте болатын, шеттері ыдыраған қою қара бұлт – жаңбыр бұлты да қат-қабат жаңбыр қыста, қар әкелер бұлт, сеңсең бұлт аталған.
Түтілген шудадай жеңіл бұлтты желең бұлт деген.
Әлсін-әлсін қайталап, аздап қана жауын әкелер бұлтты жылауық бұлт, күні бойы үзіп-үзіп жауын әкелер бұлтты саума бұлт атаған.
Зілмеуір бұлт – аспанды түгел жапқан ауыр бұлт.
Ұсақ мұз түйіршіктерінен пайда болып, өте биікте қалқып жүретін бұлттарды – қазбауыр бұлт деген.
Түнеріп аспанды түгел жапқан бұлт – қара бұлт.
Қоңыр-ала қалың қабатты бұлт – қатпарлы бұлт.
Тарам-тарам селдір бұлт – қауырсын бұлт.
Көтеріліп, көкжиектен тез көшіп кетер бұлт – көшпелі бұлт.
Жұқа сирек бұлттың атауы – кілегей бұлт.
Желсіз, тымырсық күнгі тұнба бұлт – маса бұлты.
Түйенің өркешіндей ала бұлттар – өркеш бұлттар.
Іргесі сөгіліп, ыдыраған бұлтты, сетінеуік бұлт деген.
Аспанды жаппай торлап алғанымен, төрт-бес шақырымдай биіктікте жүретін тұнжыр бұлтты, сұр бұлт, екі-үш шақырымдай биіктікте жүзген жұқалтаң бұлтты, шарбы бұлт, төмен қонған ауыр бұлтты, шөкпе бұлт атаған.
Үздік-үздік бір-біріне ұласа көшкен бұлттардың атауы – түйдек бұлт болса, шоғырымен тіркесе көшкен шұбар ала жеңіл бұлттың атауы – ұшпа бұлт.
Селдіреген, күн қызуын бөгетсіз өткізетін селдір бұлтты шағырмақ бұлт деген.
Таулы аймақтарда қатты желде де бір орнынан қозғалмайтын, көбінде шар тәрізді болып келетін лентикулярлы бұлттар да бар.
Желдің айдауы салдарынан түзілетін бұлт – бұйра бұлт. Кемпірқосақ түсіне бөленетін бұлт – қуаныш бұлты.

Э.Т. Құрманалиева, Н.Т. Тілегенов, А.Т. Сайлауова «Артық болмас білгенің»

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *