Желдің де бірнеше түрі бар. Оларға тоқталар болсақ:
Азынау жел – гуілдей соғар аңқыма жел.
Аңызақ жел – жаздағы тым жылы әрі құрғақ жел.
Алтын күрек – оңтүстіктен соғып, қарды ерітетін жылы жел.
Баяу жел – лебі бәсең соғатын жел.
Жайдақ жел – жауынсыз, шаңсыз баяу соғатын жел.
Жатаған жел – төмендеп жер бауырлап ескен жел.
Желең жел – баяу соғар жел.
Желемік немесе жеңіл жел – әлсіздеу солғын жел.
Жоғары жел – биіктен үйірілген жел.
Ескек еспе жел – есе соққан желпінді жел.
Заулама жел – іркілмей соғар екпінді жел.
Керімсал – оңтүстіктен шілдеде соғатын аңызақ жел.
Қара жел – бұлтты күнгі ызғарлы жел.
Қарыма жел – бет қаритын өткір жел.
Қара құйын – топырақ пен құм боратқан жел.
Қоңыр, майда, самал жел – майда, қоңыр салқын жұмсақ самал.
Қызыл жел – аңызақ ыстық жел.
Мырза жел – жанға жайлы қоңыр жел.
Өкпек жел – көктемде соғар ызғырық жел.
Өксік жел – ышқына соғар қатты жел.
Өтпе жел – ашық жерден алма кезек есіп өтетін жел, желорай.
Салқын жел – ызғарлы күзгі жел.
Сары жел – тынымсыз соққан жел.
Тентек жел – ала құйын есер жел.
Теріскей жел – терістіктен ескен салқын жел.
Үрме жел – екпіндей басылып соғар жел.
Үскірік жел – күзде, қыста соғар суық жел.
Ызғырық – өңменнен өтер ызғарлы үскірік жел.
Ықтырма жел – бет қаратпас суық жел.
Ыстық жел – оттай аптап жел.
Э.Т. Құрманалиева, Н.Т. Тілегенов, А.Т. Сайлауова «Артық болмас білгенің»