Адамның көптігінен сасық иісі қолаңқаңды ататын вокзалдың бір түкпіріне тығылып, ұзақ таңды атырған шақтарда, Үкібала өз күйеуінің он екі мүшесі сау қалғанына шүкіршілік етіп, тәңірге ішінен талай рет тәуба айтты. Өйткені станцияларда талай-талай мүгедектерді көріп, жаны түршігіп, жүрегі сыздаған. Тозығы жеткен қомыт шинель киген ақсақ-тоқсақтар, қолы жоқ шолақтар, соғыстың сілікпесін көрген кемтарлар, екі аяқтан бірдей айырылғандар, балдақ сүйенгендер, біреудің жетегімен жүрген әз-соқырлар, көбісі үйсіз-күйсіз, станциядан станцияға көшіп, асханалар мен буфеттерге анталап, мас болып алып, ақырып-бақырып, жылағанда аз бойың қаза тұрады… Оларды алда не күтіп тұр, орны толмас ойсыраған кемістікті немен толтырмақ?
Шыңғыс Айтматов «Боранды бекет»