Мен жар сүюден бақытты емеспін. Қосылмай тұрғанда Ыбышты үш-ақ рет көрдім ғой. Бірінде – ол қарсы жолығып, қасындағы кісілермен әлдене жайлы сөйлесіп қала берді.
Екіншісінде — біздің үйге көкпар әкеп тастағанда, үшіншісінде — айттыра келгенде. Енді ақталып қайтейін, алғашқы кезде бір түрлі жылы көрінді. Және оның бойында ерге тән қаталдық, батылдық, жігерлілік жатқан секілді еді. Бірақ оның бойында біріншісі ғана бар екен… Міне, Қайыркен, сола-ай-й! Әйтсе де мен енді басқа жақтан бақыт іздемеймін. Іздеп барып дәл үстінен түскен бақыттың маған керегі де жоқ. Мен ол бақытты қиын жерден іздеймін, жоқ жерден іздеймін. Өмір сонысымен қызық, сонысымен мағыналы. Есіңде ме, Қызылжардың жанында саған: “Салтанат, мына атпен серуендеп қайт” деп өз атын ақыры бір күні Ыбыштың өзі беретін болады деп едім ғой. Міне, мен ақыры сол дегеніме жетемін. Содан соңғы өмір бұдан да тәтті, бұдан да тамаша болады. Сен үйленесің. Ол, сөз жоқ әдемі, ақылды, ерке болады. Сендерге біздің үйдің жанынан бөлек үй тігіп береміз. Сонан соң менің апам мен сіңлімді де көшіріп келеміз. Сөйтіп, бәріміз адам қараса қызығатындай, тоймайтындай тәтті тұрмыс құрамыз.
Дулат Исабеков «Гауһар тас»