АНАРТАСТАР

АНАРТАСТАР, гранаттар (анар дәндеріне ұқсастығына байланысты лат. “granatus” — “түйіршік” сөзінен шыққан) — силикаттар класына жататын минералдар тобы. Ортақ хим. формуласы: А,В2[Sі04]3, мұндағы А = Мg, Ғе2+, Мn2+, Са; В = А1, Ғе3+, Сг3+, Мn3+, Ті. Оның ішінде екі изоморфты қатардың — альмандинді және андрадитті минералдар түрі көбірек. Альмандинді қатарға: пироп (магний-алюминийлі), альмандин (темір- алюминийлі), спессартин (марганец-алюминийлі), ал андрадитті қатарға: гроссуляр (кальций-алюминийлі), андрадит (кальций-темірлі), уваровит (кальций-хромды), шорломит (кальций-алюминий-темір-титанды) жатады. Хим. құрамы А және В топтарындағы элементтердің изоморфты орын алмастыруымен анықталады. А. құрамында қоспа түрінде өте аз мөлшерде калий, натрий, фосфор, ванадий, бериллий оксидтері кездеседі. Кубтық сингонияда кристалданады. А. тұтас дәнді агрегаттарды жиі түзейді. Түсі қызыл, сары, жасыл. Шыныдай, кейде алмас тай жылтыр. Қатт. 6,5 — 7,5, менш. салм. 3,5 — 4,2 г/см3. А. кристалдық тақтатастардың тау жынысын құраушы минералы болып табылады. Негізгі бөлігі жапсарлы-метасоматиттік жағдайда қышқыл магма мен карбонатты жыныстардың жапсарында түзіледі. Бояуы қанық, мөлдір түрлері зергерлік істе, сапасы төмендері абразивтік материал ретінде ағаш өндеу, т.б. өндірісте қолданылады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *