Бауыржан Момышұлы «Ұшқан ұя»

Әкемнің қызғаншақтық, бақталастық дейтін қу мінезі жоқ, қолы ашық кісі болған. Бары болса, кісі шақырып, той-томалақ өткізуге құмар боп тұрар еді. Дүние, мал жиюды жек көретін. Бір жолы мен, ес біліп, етек жиған кезім, базар барып азын-аулақ ақшаны жаратып қойсам керек, өгей шешеміз мұныма күңкілдеп ұрса берді: — Әлден ұрма, ақша бітсе шашып жүреді, тұра бара не болады?! Әкем сонда өгей шешеме жай ғана: — Е, ақша дегеннің өзі шашуға шығарылған нәрсе де, — деп тастады.
Бала кезімде алыстағы ауылымызға арбаменен бақалшылар келер еді. Өрік-мейіз, алма- алқоры, қант-науат, тәтті-мәмпәси деген соларда. Бала біткен әкемізден ақша сұрап қыңқылдаймыз келіп. Бақалшы да сұм-ақ: көзімізді қыздырып қызыл алмасын көрсетіп,бірлі-жарымын топ баланың ортасына лақтырып жібереді. Әлгі алмаға сонда жатып кеп таласамыз-ай келіп.
— Алма бар, өрік бар, Алмасаң да көріп қал, — деп бір жағынан саудагер де сұңқылдап жан қоймайды. Алма бізге таңсық. Қайран қазақ. Сөйтсек, алма дегенің біздің Мыңбұлақтың бойына өскенде де мәуелеп қалады екен. Ол кезде бағбандықты құнттамаған елміз. Ал, бақалшы айқайлап бара жатады. Айна бар, тарақ бар, Алмасаң да қарап қал! Біздің апаларымыз алма-алқоры алғаннан гөрі, сол құрғыр айна-тарақ, ине. жіп алғанды пайда көреді.
Тек әкем Момыш қана бала құмарлығын түсінетін еді. Әке-шешесі ақша бермей, бұртиып тұрған балалардың бәрін қаз-қатар тізіп қояды да бақалшыға: — Әй, сарт, өрігіңнен бір қадақ, мейізіңнен бір қадақ, мәмпәсиден бір қадақ тарт,- дейді. Соның бәрін тепе-тең бәрімізге бөліп береді. Тіпті сонда бала көтерген келіндері де келіп: — Ал, атаңа бар, атаңа бар, тәтті береді, — деп тұрар еді.

Әкем базардан қайтқан күні біздің үйде кішігірім той сияқты жиын болатын. Қоржынның екі басы базарлыққа толып келеді. Сонда өрік-мейізге бір тойып қаламыз. Бала біткен сондықтан әкемді жақсы көретін. Асылы, істеген жақсылығыңды бала тәуір біледі. Кейбір үлкенге істеген жақсылығың зая кетеді. Қолдан келсе, баланы қуанту керек. Ол қуанса — шын қуанады. Ал, ересектердің арасында «сырты жылмаң, іші арамдары» кездесетінін, құдайға шүкір, көріп жүрміз. Қолдан келсе, баланы қуанту керек. Әкем менің сондай кісі еді, жарықтық.

Бауыржан Момышұлы «Ұшқан ұя»

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *