Тағы бір жай ойыма оралады… Киіз үйдің төрінде бір топ ауыл ақсақалдары жамбастай жайғасып баппен қымыз ішіп отыр екен… Әкем дастарқан шетінде қымыз құйып отыр. Ол мені ымдап шақырды да құлағыма: «Сен немене, аталарыңа сәлем беруді ұмытпа дегенім қайда?!» — деп сыбырлады. Мен қатты қызарақтап, үйден шыға жөнелдім. Сыртта біраз тұрдым да, нық басып үйге қайта кірдім. Көпшілікке қол қусырып тұрып: «Ассялам алейкүм, аталар» деп әр сөзді қадай-қадап айттым. Бұған, әрине, бәрі күлісіп жатыр. Өткенмен мені араз етіп алмау үшін бәрі де бір ауыздан «алейкүм салам!» десті. Сонан соң әрқайсысы маңдайымнан сипап мақтайды. Жақсы сөзге мәз болып мен әкемнің тізесін ала жайғасамын. Ол басымнан сипап отырып: «Жарайсың, балам! Үйге кіргенде әрқашан үлкендерге сәлем беруді ұмытпа. Әдепті бала сүйтеді», — дейтін.
Бауыржан Момышұлы «Ұшқан ұя»