Әбу Ханифаның көзқарасы демеңдер, хадисті тәпсірлеуі деңдер

Әбу Ханифаның көзқарасы демеңдер, хадисті тәпсірлеуі деңдер

Имам әт-Таханәуи хадисшілердің хадис риуаят етуде хадисті аз да емес, көп те емес, орташа риуаят еткендердің қатарынан саналған хазірет Омар, Али, Абдуллаһ ибн Мәсғуд (р. анһум) секілді, сахабаларды хадиске сүйенген көзқарастарының көптігіне байланысты муксирун (мыңнан артық хадис риуаят еткен сахабалар) қатарынан санауға болғаны секілді хадистерге сай, түбінде соларға негізделетін мыңдаған көзқарас пен үкімі бар Әбу Ханифаны да көп хадис риуаят етушілердің қатарына қосуға болатынын айта отырып, осыған дәлел ретінде Абдуллаһ ибн Мүбарактың «Әбу Ханифаның көзқарасы демеңдер, хадисті тәпсірлеуі деңдер»342 деген сөзін келтіруде. «Уқудул-жуман» кітабының авторы Мұхаммед ибн Юсуф әс-Салихи да осы мәндес ойын былай келтіреді:
«Әбу Ханифа хадис хафыздарының алдыңғы қатарлы ғалымдарынан еді. Егер хадистерді терең білмегенде шариғат үкімдерін шығаруы оңайға соқпас еді. Зәхәбидың оны «Табақатул-хуффаз» (хадисті көп жаттаған хафыздар) кітабына кіргізуі орынды-ақ. Ол былай дейді: «Хадисті көп білгендігіне қарамастан көбіне фиқһтық үкім шығарумен шұғылданғандықтан, Әбу Ханифадан риуаят аз жеткен. Имам Мәлік пен Шафиғиден риуаят етілгендер де естігендерінен аз болған. Дәл осы секілді көп білгендеріне қарамастан, Әбу Бәкір мен Омар секілді үлкен сахабалардан өздерінен төмен дәрежедегі сахабаларға қарағанда риуаяттар аз келген»343.
Имам Сарахси сахабалар мен табиғиндардың хадис риуаят етуде мұқияттылық танытқандығын, әр естігенін пайғамбарымыз айтты деп айта бермегендігіне қатысты көптеген мысалдарды344 бере отырып: «Міне, осы секілді көптеген оқиғалар хадисшілерге мәлім. Сондықтан Әбу Ханифа хадис риуаят етуді азайтты. Сондықтан да, кейбіреулер оған хадис білмейді деп жала жапты. Алайда, ол олардың ойлағанындай емес еді. Керісінше, өз дәуірінде хадистің ең білгір ғалымы еді. Кәміл дабт (есте сақтау) шартын ұстанғандықтан, аз риуаят етті», – дейді345.
Сонымен қатар, оның хадисті аз риуаят етуінің тағы бір себебі, өзі өмір сүрген кезеңіндегі Ирактың нағыз хадис шығарудың орталығына айналып кеткендігіне барып тіреледі. Ол кезде Ирак ислам елдерінің арасындағы төнкеріліс пен түрлі қозғалыстардың орталығы еді. Міне, сондықтан жалған хадис айтушыларға Иракта қолайлы орта қалыптасты. Осы себептен Әбу Ханифа хадисті сахих деп қабылдау үшін, хадис риуят етушіге қатал шарттар қойды. Тек сенімді, әділдігімен танымал риуятшылардың мәшһүр (көпшілікке мәлім) хадистерін ғана қабылдады. Осылайша, Әбу Ханифа хадис зерттеп, оның дұрыстығын қадағалауда хадис ғалымдарынан да асып түсті. Хадисшілердің шарттарына қарай хадис дұрыс деп саналса, Әбу Ханифа үшін ол хадис әлсіз болып қалды346.
Имам Ағзамның хадис риуаят етудегі әдісі мухаддистердікінен өзгеше еді. Хадисшілердің негізгі міндеттері көбіне хадистерді жаттау, өзгелерге жеткізуден тұрғандықтан, фиқһи мәселелерді егжей-тегжейлі біле бермеген. Сондықтан
342 Таханәуи, 17-б.
343 Салихи, 25-беттен И. Хаккы Үнал, 61-б.
344 Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) «Кімде-кім менің атымнан жалған сөз айтса, жаһаннамдағы орнына дайын-дала берсін» деген хадисін негізге алған сахабалар хадисті мейлінше аз риуаят етуге тырысқан.
345 Сарахси, Усул, 1-т., 350-б.
346 И. Хаккы Үнал, 59-б.

хадис маманы үшін фиқһты білу маңызды болып саналған. Бұл жайында Әбу Ханифа былай деген: «Фиқһ саласын білмейтін хадисшінің мысалы дәрілерді жинап алып, қай науқасқа қай дәрінің қолданылатынын білмей, дәрігердің келуін күтетін дәріханашы тәрізді. Осы секілді хадисшілер де фиқһ маманы келіп түсіндірмейінше, хадистің мағыналарын толық ұға алмайды»347.
Дегенмен, Әбу Ханифаның иснадтарымен (хадис айтушылардың тізбегімен) риуаят еткен хадистері де аз емес. Әбу Ханифа хадисшілер секілді хадистерді бір кітапқа топтастырмаса да, айтқан хадистерін шәкірттері 10-нан астам мүснадтарында (хадистер жинағы) жинақтап, хатқа түсірген. Таханәуийдің де атап көрсеткеніндей, хадис хафыздарының жинастырған Әбу Ханифаның муснадтары, имам Мұхаммедтің «Китабул-әсәр әл-марфуа», «Муатта», «Китабул- хужжа», «әл-Асл», «Зиядат», «әл-Жәмиғус-сағир», «әл-Жәмиғул-кәбир» мен
«әс-Сиярул-кәбирі», Әбу Юсуфтың «Китабул-Әсар», «Китабул-харадж» және т.б. кітаптары, Уәқи ибн Жәррахтың «Муснәды», Абдурразақ пен Ибн Әбу Шәйбаның «Мусаннафтары», Хакимның «Мүстәдрәгі» мен басқа да кітаптары, Ибн Хиббанның «Сахихы», «Сиқаты» мен т.б. кітаптары, Бәйхақидің «Сунәні», Мәліктің «Ғараибы» мен тағы басқа кітаптардағы Әбу Ханифаның риуаяттарын жинаса, көлемді еңбек болатынын айтқымыз келеді348.
Қадиул-қудат Әбу Муайяд Мұхаммед ибн Махмуд әл-Харезми бұлардың көпшілігін «Жамиғул-Масанид» атты еңбегінде хадистерді фиқһи тарауларға бөліп, топтастырып, қағазға түсірген. Аталмыш кітаптың кіріспесінде: «Шам қаласында кейбір жаһил (сауатсыз) адамдардың Әбу Ханифаның дәрежесін түсіріп, «төмендеткендерін» естідім. Хадисті аз мөлшерде біледі деп жала жабуда. Бұған дәлел ретінде имам Шафиғидің «Муснады», ал имам Мәліктің
«Муаттасы» барын, ал Әбу Ханифаның бірде-бір муснад жазбағандығын айтқан. Бұларды естігеннен кейін Әбу Ханифаның білімін елге танытуды діни борышым деп біліп, ең танымал ғалымдардың Әбу Ханифадан естіп, жазған 15 мүснадтың арасынан жинақтап бір кітап шығаруды ұйғардым» деген. Аталмыш кітап 800 бет көлемінде басылып шықты. Мүснадты оқып, риуаят еткен және хадис жазған Шам қаласының ең танымал хадисшісі – Хафиз Шамсуддин ибн Тулун және Мысыр елінің хадисшісі Хафиз Мұхаммед ибн Юсуф әс-Салихилер еді. Әс-Салихи «Уқудул-жуман» атты еңбегінде: «Әбу Ханифа ең танымал хадис ғалымдарының бірі. Егер Әбу Ханифа хадистерді терең түсінбегенде құқықтық үкім шығаруға шамасы жете қоймас еді, әрі имам Зәһәбидің «Табақатул-хуффаз» (хадис хафиздары) атты еңбегінде оны хафиздардың арасында атауы өте орынды» деген349.
Муаффақ әл-Мекки Әбу Ханифаның үкім шығаруда риуаят еткен хадисінің төрт мыңды құрағанын, оның екі мыңын ұстазы Хаммадтан, қалған екі мыңын басқа ұстаздарынан алғандығын, ал «Әсәрда»350 сүйенген дәлелдерін қырық мың хадистен таңдап алғанын жеткізген351.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *