Хадис зергері
Хасан ибн Салих «Әбу Ханифа хадистер арасындағы насих пен мансухты, яғни хадистің үкімінің жойылып-жойылмағандығын бір-бірінен дұрыс ажырата білу керектігіне қатты көңіл бөлетін. Егер қандай да бір хабар пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бен сахабалардан сенімді рауилер арқылы келіп жетсе ғана дәлел ретінде қабылдайтын. Ол Куфа хадисшілері риуаят етіп жүрген хадистердің бәрін де білетін. Ол Куфалықтардың фиқһын да жақсы білетін. Сонымен қатар, өз өңіріндегі тұрғындардың әдет-ғұрыптарына да мән беретін» дейді.
Хадис саласының маманы саналған шәкірті Әбу Юсуф: «Қай мәселеде болмасын, Әбу Ханифаға қандай да бір қарсы пікір айта қалсам, артынан ойға қалып, оның көзқарасының тура бағытқа бастайтынына көз жеткізетінмін. Мен хадистермен де көп шұғылдандым. Бірақ, ол хадистің сахихын маған қарағанда тез аңғаратын. Бұл мәселеде оның зейіні терең еді» дейді323.
Тағы басқа сөздерінде Әбу Юсуф: «Әбу Ханифаға хадистерді жеткізетінмін. Кейбіреулерін қабылдап, кейбіреулерін қабылдамайтын. Бұл сахих емес немесе мағруф (көпшілікке мәлім) емес», «Хадистердегі ешкім байқамайтын кейбір нәзік мағыналарды көріп, түсінуде имам Ағзамнан асқан терең ойлы ғалымды көрмедім», – деген324. Бұл өз кезегінде имам Ағзамның хадис мәселесінде қаншалықты майталман маман болғандығын көрсетеді.
Әбу Захра осы ойларды қуаттай отырып: «Замандастарының бірі «Хадисті дәл сол кісідей терең түсінетін адамды көрген емеспін» деген. Өйткені, ол сөздердің мағынасынан, сөз тіркестерінің мазмұнынан және сол оқиғаға орай үкімнің себебін анықтауда алдына жан салмайтын асқан шебер еді. «Бұл үкімнің себебі не, неліктен бұл оқиға осы үкімді қамтыған» деген секілді сауалдарының жауабын тез табатын. Сөздердің тек сыртқы мағынасына емес, түпкі мағынасына үңіліп, бір-біріне ұқсас оқиғалардың ортақ тұстарын тауып, оқиғаларды олардың негізгі себептеріне назар аудара отырып, үкімді мықты бір қисынмен бекітетін. Бұны жасаған кезде насстағы (аят-хадис) үкімді негіз етіп алады. Соған ұқсаған басқа жағдайлардың да үкімін соған орай беретін»,325– дейді.