Ханафи мәзһабы деген атау қалай пайда болды?
Әбу Ханифа сахабалар мен табиғиндер кезеңінде бай мәдени мұрасы бар әрі ой еркіндігі үстемдік құрған Ирак аймағында жаңалықтарды ұстаздары әрі етене араласқан ғалымдар арқылы тану мүмкіндігіне ие болды. Айналасындағы дәріс алқасындағы таңдаулы, зерек шәкірттері де өздерінен бұрын қалыптасқан мол мәдени мұраны қайта қарастырып, фиқһтық мәселелердің көбеюіне қарай оларды жүйелеген үлкен ғылым алқасын, яки, академиясын құрды. Әуел баста аталмыш аймақтағы фиқһ Ибраһим ән-Нәхәиден бастап (қ. 96/714) «Ирак фиқһы» деп аталды. Ғалымдардың арасында Ибраһим ән-Нәхәидың ықпалының күштілігіне байланысты оның фиқһының Нәхәидің фиқһынан ерекшелігі жоқ деушілер де кездеседі213. Десе де, Ибраһим ән-Нәхәидің фиқһын ұстазы Хаммадтан алумен қатар, тек онымен шектеліп қалмай, көптеген ғалымдардан ілім алып, зейінінің күштілігі мен үкім шығару қабілеті, шәкірттерінен құралған академиясы арқылы өзіндік жүйе дамытқан мүжтәхид ғалым екені күмәнсіз214. Ханафи фиқһының алғашында Мәдина мектебі секілді аты шықпаса да, бертін келе Әбу Ханифа кезеңінде жұлдызы жана бастады.
Хижри II ғасырда (8-ғ.) Ирак фиқһының ішінде Әбу Ханифа және
шәкірттерімен қатар Осман әл-Батти, Ибн Шүбрүмә, Ибн Әбу Ләйлә секілді фиқһ ғалымдарының да көзқарастары бар еді. Осы кезеңде Иракта жинақталған фиқһтық тәжірибелердің бертін келе Әбу Ханифаның атымен байланыстырылып,
«Ханафи мәзһабы» деп аталуы имам Ағзамның өз замандастары мен шәкірттері алдында білгір ұстаз ретінде көрініп, көзқарастары мен қолданған әдісінамасының салмақтылығына тікелей қатысты215. Оның қажыр-қайраты мен жетілдірген түлектерінің арқасында мектебі «Ханафи мәзһабы» деп аталып кетті216.
Имам Ағзам дамытқан керемет әдістемесі, қыруар еңбегі мен ижтихады кез келген мәселенің түйінін тарқатып, соның нәтижесінде жинақтаған фиқһ мәліметтері арқылы мұсылмандардың ғибадаттары мен басқа да амалдарын Ислам рухына сай атқаруына мүмкіндік беретін сара жол салып кетті217