Ханафи мәзһабының негізі қандай?

Ханафи мәзһабының негізі қандай?

Әйгілі ғалымдар Әбу Ханифа мен оның шәркірттерін «рай және қиясты жақтаушылар» деп атағанымен, «өз көзқарастарын пайғамбарымыздың сүннеті мен сахабалардың сөздерінен жоғары қояды» деген мақсатта айтпаған. Егер бұлай дейтін болса, жала жапқан болады. Имам Ағзам мен оның шәкірттері ондайға бармайды. Әбу Ханифаның өзінен көптеген риуаяттар арқылы жеткен деректерге сүйенсек, ол Құран аяттарынан таба алмаған үкімдерді сүннеттен, сүннеттен табылмағанын сахабалардың сөзінен іздейтін. Егер бір мәселеде сахабалардың көзқарастары әртүрлі болса, Құран мен сүннетке ең жақынын алатын. Ал, ол мәселе туралы сахабалардың сөзінен үкімін таппаса, табиғиндардың бірінің пікіріне қосыла кетпей, олар секілді ижтиһад жасайтын.
Фудайл ибн Ғияз (Алла рақымына бөлесін) былай дейді: «Имам Ағзам Әбу Ханифа қандайда бір мәсел де сахих хадис болса сонымен амал ететін. Сахабалар мен табиғиндардан нақты бір дерек келмейінше бұған қарсы келмейтін. Осыдан кейін қиясқа сүйенетін. Бірақ, қияс жасау тәсілін өте жақсы білетін».
Имам Ағзам бір сөзінде былай деген: «Кейбіреулер бізді «өз көзқарасымен пәтуа береді» дейтін көрінеді. Мен бұған таңданамын. Бір мәселенің үкіміне байланысты аят-хадис (әсар) бола тұра мен қалай өз сөзіммен пәтуа бере алам?! Құран мен сүннетке, сахабалардың көпшілігінің құптауына өз ойымен қарсы келуге ешкінің де қақысы жоқ. Ал, сахабалардың сөзі әртүрлі болған жағдайда ғана ижтиһад жасап, кітап пен сүннетке қайсысы жақын болса соны таңдап аламыз. Кейде сахабалар арасында үкімі айтылған нәрселермен салыстырамыз. Ижтиһад жасай алатын ғалымдардың әуел бастан ұстанымы осылай».
201 Әл-Манақиб әл-Кердери, І-том. 43-бет.
202 Қасым ибн Сәлләм әл-Хауарири. Әйгілі фақиһ, хадистанушы әрі тәпсірші ғалым.
203 Әл-Манақиб әл-Кердери, І-том. 90-бет. 204 Маканат Әби Ханифа фил-хадис, 122-бет. 205 Мауаһиб ар-рахман, 255-бет.

Имам Шафиғидың жақын досы имам Музани (қайт.264һ/878ж) имам Шафиғидың үнемі: «Барлық фақиһтар қияс жасауда Әбу Ханифаның бала-шағасы іспеттес болып қалады», – дейтінін айтады. Ханафи мәзһабындағы қиясқа деген шеберлік пен сақтыққа байланысты имам Музани әрдайым ханафи ғалымдары жазған кітаптарды оқып, терең зерттейтін. Сол себепті, бұрын шафиғи мәзһабында болған оның жиені Әбу Жағфар ат-Тахауи кейін ханафи мәзһабын таңдаған.
Мұхаддитер арасында Ибн Хайи деген лақаппен танылған Хасан ибн Салих имам Ағзамды былай еске алады: «Әбу Ханифа аят-хадистердің насх және мансухтарын өте мұқияттылықпен қарайтын. Куфалықтардың риуаят еткен хадистерінің барлығын тізбектерімен жатқа білетін. Амал-құлшылықтардың сәләф ас-салих кезеңіндегі адамдардың өмір сүруіне сай болуына аса көңіл бөлетін. Бір күні Әбу Ханифа бір мәселенің үкіміне байланысты қиясты біреуге түсіндіріп жатыр еді, екінші біреу: «Осы қияс дегенді тастау керек қой, себебі, ең алғаш қиясқа жүгінуді бастаған қарғыс атқыр Ібіліс емес пе?» – деген еді. Әбу Ханифа ашуланып: «Өй, надан! Ібіліс қияс жасап Алланың әміріне қарсы шығып, кәпір болды. Ал, біз қияс арқылы Алланың әміріне бойсұнуға талпынудамыз. Осыны да парықтамайсың ба? Шешімі табылмаған мәселеде Алланың кітабы Құранға, пайғамбар сүннетіне және дін ғұламаларының сөздеріне сүйене отырып шешуге тырысудамыз. Біздің Алланың әміріне бойсұнуға деген осындай еңбектенуімізді Ібілістің әрекетімен салыстырп қияс жасауды қандай ар-намыс көтереді?» – деп зекіп тастаған болатын. Әлгі адам осыны естігенде: «Жаздым, жаңылдым. Айтқандарым үшін тәубеме келіп, Алладан кешірім тілеймін. Менің көңілімдегі күдікті сейілтіп, көкірек көзімді ашқаныңыз үшін рахмет. Алла сіздің жүрегіңідің нұрын арттырсын», – ризашылығын білдірген еді»206.
Әбу Ханифаның кезеңінде өмір сүрген ғалым Ибн Әбу ихақ Иса ибн Юнус ас-
Сабби: «Әбу Ханифа туралы жаман ойлайтындардың сөзін құптаушы болмаңдар. Аллаға ант етейін мен Әбу Ханифадан асқан шарапатты әрі фақиһ адамды көрген емеспін», – деген207.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *