ӘБУ ХАНИФАНЫҢ ӨСКЕН ОРТАСЫ

ӘБУ ХАНИФАНЫҢ ӨСКЕН ОРТАСЫ
Адамның өсіп-жетілуіне, кісілігі мен дүние танымының қалыптасуына әке-шешесі мен тай-құлындай тебісіп қатар өскен құрбы-құрдастарының, ең бастысы қоршаған ортасының да тигізер ықпалы зор. Әбу Ханифа және фиқһ мектебінің қалыптасуы мен ерекшелігін дұрыс түсіну үшін өскен ортасы мен сол кездегі тарихи жағдайға тоқтала кеткен жөн. Хижраның алғашқы үш ғасырында Ирак ғылыми орталыққа айналған шаһарлардың көбісін қамтыған ислами аймақтардың алдыңғы қатарынан көрінді. Олардың арасында Халифа Омар ибн Хаттабтың бұйрығымен, Ұтба ибн Ғазуан тарапынан хижраның 14-16 жылдары арасында құрылғандығы риуаят етілген Басра, Басрадан кейін бой көтерген Куфа, Уасыт және Бағдат секілді ең ірі орталықтарды айтуға болады. Бір айта кетерлігі, осы жаңадан бой көтерген қалалардың барлығы мұсылмандардың қолымен тұрғызылған.
Әлемнің картасында жаңадан пайда болғанына қарамастан аталмыш шаһарларда ғылым басқа өңірлерге қарағанда шапшаң әрі қарқынды дамуымен ерекшеленді. Оған, бір жағынан, Аббаси халифаларының қолдап, демеуі қолайлы жағдай тудырса, екінші жағынан, бұған аймақтың көне мәдениеттердің бесігі болуы да өз әсерін тигізді12.
Біз сөз етіп отырған ұлы ғалым Әбу Ханифаның туып-өскен жері – Куфаға тоқтала кетейік. Әу баста Куфа қаласы хазірет Омардың бұйрығымен Сағыд ибн Әбу Уаққас тарапынан һижра жыл санауы бойынша 17 жылы, ал милади жыл санағы бойынша 637 жылы әскери бекініс ретінде құрылған еді. Сондықтан, ол жерде көбіне әскери қосындар қоныс теуіп, жергілікті халықпен етене араласып кете алмады. Омардың (р.а.) халифалығының соңғы кезеңіндегі өзгерістерге орай бұл өңірге Мәдинадағы сахабалар да ағылып келе бастады. Олар жергілікті халықпен қоян-қолтық араласып, тез сіңісіп кетті. Бір жағынан, сол кезеңнің өлшемі бойынша орта дәулетті мұсылмандардың да қатары көбейе бастады. Жергілікті халық арасында мұсылманшылықты қабылдағандардың да қатары артты. Билік тізгіні ирандықтардан мұсылмандардың қолына өтті. Осылайша, Иракта түбегейлі өзгерістер орын алды.
Мұсылман Халифатының аз уақыттың ішінде қанат жайып, кеңейгендігі сонша, көптеген өңір Ислам дінін қабылдағандықтан, барша аймақты мұсылмандардың алғашқы астанасы Мәдина қаласынан, бір орталықтан басқару қиынға соқты. 657 жылы төртінші халифа атанған Али ибн Әбу Талиб Куфаға өзінің резиденциясын құру мақсатымен келеді.
Алғашында әскери бекініс ретінде құрылса да, бертін келе қөлөнершілер, саудагерлер мен бұқара халықтың көптеп қоныстануына байланысты қала өмірінде елеулі өзгерістер орын алды. Хорасан, Хижаз, Үндістан және Қытай секілді ірі мемлекеттермен сауда-саттық қатынастарын орнату нәтижесінде үлкен сауда орталықтары мен базарлар ашылды. Сөйтіп, қаланың экономикасына қан жүгіре бастады. Куфа көп уақыт өтпей Месопотамиядағы ең ірі сауда орталығына айналды.
Куфада құрылған ірі базарлардың бірі Әбу Ханифаның жібек саудасымен айналысатын дүкені орналасқан Кунаса базары еді. Әбу Ханифаның дүкені орналасқан базардың осы бөлігі Куфа мешітінің дәл қасынан орын тепкен-ді.
12 К. Сандыкчы, Илк үч асырда Ислам жоғрафиясында хадис, Анкара, 1991, 125-б.

Базардың осы бөлігі әуелі ғылыми орталық қызметін атқарған. Бұл тек сауда емес, түрлі дін, ұлт өкілдері қатар орын тепкен дінаралық диалог пен қақтығыстардың, мәдени байланыстардың орталығына да айналды. Әбу Ханифаның алғашында ақида ілімімен айналыса бастауына түрлі дін өкілдері арасындағы талас- тартыстар себеп болған13.
Әбу Ханифаның ғылыми танымының қалыптасуына туған жері Куфа өз әсерін тигізді. Куфа көне мәдениеттердің бесігі болумен қатар, пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сахабаларының да көптеп қоныс аударып, сол сахабалардың ілім кәусарынан сусындаған табиғиндардың өмір сүріп, ілім шырағын шартарапқа таратқан айтулы өңір болатын.
Болашақ мұсылман үмбетінің шамшырағы Әбу Ханифа бала күнінен Құранды жаттап өсті. Құран ілімін атақты жеті қырағат ғалымы имам Асымнан үйренеді14. Құранға деген ыстық ықыласы сонша, рамазан айында Құранды 60 рет хатым еткендігі риуаят етілген15. Жас кезінде саудамен айналыса жүріп, хадис және фиқһ ғалымдарынан сабақ алды. Араб тілі мен грамматикасын, әдебиетін меңгерді.
Әбу Ханифа ілім алумен қатар, ешкімге кіріптар болмау үшін әкеден қалған кәсібіне, яғни саудаға көбірек көңіл бөлемін деп, көбіне ілім алқаларына тұрақты қатыса алмайтын. Ғұламалардың біразы Әбу Ханифаның зеректігін, ақылдылығы мен ерекше алғырлығын байқап, мұндай зеректік, данышпандықтың сауда жолында ғана жұмсалуын обал санап, саудаға мән бергенінен гөрі ілімге бет бұрғанын қатты қалады. Солардың бірі – әш-Шағби еді. Әбу Ханифа бұл жайында былай әңгімелейді:
«Бір күні әш-Шағбидің жанынан өтіп бара жатқан едім. Мені қасына шақырып алып:
– Қайда барып жүрсің? – деді.
– Базарға, – дедім.
– Оны сұрап тұрғаным жоқ, қай ұстаздан ілім үйреніп жүрсің?
– Ешқайсысының сабағына тұрақты барып жүрген жоқпын.
– Білім алуды және білімді кісілермен жолығуды ешуақытта тастама. Сен зерек, ақылды да, ерік-жігері мол жігітсің, – деді. Оның бұл сөзі маған айрықша әсер етті. Содан бастап көп уақытымды ілім алуға бөлдім. Алла Тағалаға мың да бір шүкір, Шағбидің ақылы менің ілімге терең бойлауыма себепкер болды»16, – дейді.
Осылайша, Әбу Ханифа ілімге біржолата ден қояды. Алайда, саудадан да қол үзбейді. Өмірінің соңына дейін өзінің сенімді серіктестері арқылы кәсібін жалғастыра берді. Ара-тұра досынан сауданың мән-жайын біліп, шариғатқа сай болуын қатаң қадағалайтын17.
Куфа әскери, саяси һәм сауда орталығы болумен қатар ол жерде ғылым мен мәдениет те қоса дамыды. Куфа өзінен бұрынғы Хира дәстүрін жалғастырды. Мәдениет деңгейі жоғары саналған хиралықтар арабша, грекше, Ибрани (Көне
13 М. Сөйлемез // «Ебу Ханифенин иетиштиги шехир: Куфе», имам ы Ағзам Ебу Ханифе ве дүшүнже системи, 16-19 Еким, 2003, семпозиум материалдары, Куран араштырмалары уакфы, Бурса, 2005, 1-т., 39-б.
14 Зәхәби, әл-Ибәр фи хабари мән ғәбәр, Кувейт, 1960, 1-т., 214-б.; Хәйсәми,
Хайратул-хисан, 265-б.
15 Әбу Захра, Әбу Ханифа, 30-б.
16 Мұстафа аш-Шака, әл-Имам Ағзам Абу Ханифа ан-Нуғман, Дәрул-Кутубил- Мысрия, 1983, 10-б.
17 Сауда-саттықтағы әділдігі мен ерекше жауапкершілігі жайында келесі тақырыптарда тоқталамыз.

иврит), Арамей және Сурияни тілдерін де қолданатын. Сонымен қатар, Хира араб тілі мен әдебиетінің де орталығы саналатын. Бұл өңірде кейін бір-бір мектептің іргетасын қалаған Аша, Набиға, Үбәйд ибн Әбу Хазм, Амр ибн Күлсім, т.б. секілді әйгілі шайырлар шықты18. Куфада араб тілі мен әдебиеті, философия, медицина, сондай-ақ, көркем жазу (куфи) өркендеді. Куфа – мұсылман халықтары арасында ақида, фиқһ ұстаздары мен хадис мамандары, Құран және араб тілі ғалымдарының көптігі жағынан басқа өңірлерден оқ бойы озық тұрды.
Әбу Ханифаның ғылыми танымының қалыптасуында Сағыд ибн Әбу Уаққас тарапынан салынған Куфа мешітінің ерекше маңызы бар. Ол тек құлшылық мекені емес, сонымен қатар, университет қызметін де қоса атқарды. Куфа мешітінің ғылым ошағына айналуына әйгілі сахаба Абдуллаһ ибн Мәсғудтың (р.а.) сіңірген еңбегі зор. Ол Рижалул-Қур‘ан, яғни, Құран кәрімді мейлінше терең меңгерген және жатқа білген алдыңғы қатарлы сахабалардың бірі болатын. Олар уақыттарының көбісін Құран үйретуге бөлетін. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Кім Құранды дәл Алладан түскендей етіп үйренгісі келсе, оны Абдуллаһ ибн Мәсғудтан үйренсін»19 деген хадисі және Омардың (р.а.) ол жайлы:
«Білімі мол» деген лебізі оның сахабалар арасында қаншалықты абыройлы болғандығын көрсетеді. Халифа Омар өзі жақсы көріп, ерекше сыйлаған Абдуллаһ ибн Мәсғудты Құран кәрім мен дін негіздерін үйрету үшін Куфаға арнайы жіберген-ді. Ол осы мешітте отырып халыққа дәріс оқитын. Сол қажырлы еңбегінің нәтижесінде көптеген фиқһ ғалымдары, мұхаддис пен мүфәссирлер өсіп жетілді20. Али (р.а.) аталмыш шаһарда фиқһ мамандарының көптігіне таңырқап Абдуллаһ ибн Мәсғудқа : «Бұл елді білім мен фиқһтан кенде қылмадың» деген. Абдуллаһ ибн Мәсғудтың шәкірттері, шәкірттерінің шәкірттері 4000-ға жетті21.
Жалпы алғанда, Алла елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сахабаларының
қарасы көп еді. Бірақ, олардың барлығы бірдей ғылыммен айналыспаған. Олардың кейбіреулері пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) хадистерін естігенімен, басқаларға жеткізбеген. Әр түрлі салада қызмет ете жүріп, жарық дүниеден озып кеткендері де аз емес. Пәтуа әрі үкім берген сахабалардың ұзын саны жүз отызға жуық. Ибн Қайм пәтуа айтуына байланысты сахабаларды бірнеше топқа бөлген. Бірінші топқа пәтуалары бір кітаптың көлеміндей білім қалдырған жеті сахаба, екінші топқа әр қайсысының пәтуаларынан шағын кітапша шығаруға болатын он үш сахаба, ал үшінші топқа бірнеше ғана пәтуа қалдырған сахабалар жатқызылған. Ибн әл-Қайим бұлардың саны 126-ға жететінін айтқан және олардың аты-жөндерін де ұмыт қалдырмаған22.
Куфа қаласында хадистерді көп жаттаған бірінші топтан екі сахаба – Али ибн Әбу Тәліп және Абдуллаһ ибн Мәсғуд, екінші топтан Әнәс ибн Мәлік, Әбу Мұса әл-Әшғари, Сағыд ибн Әбу Уаққас және Салман әл-Фариси (барлығынан Алла разы болғай) секілді фиқһта танымал сахабалар болған және осы сахабалармен бірге Куфаға 1500-дей сахаба келген23. Халифа Омар (р.а.) Куфа халқына жазған бір хатында «Ислам орталығына» деу арқылы сол жерде ғұмыр кешкен сахабалар мен табиғиндардың мәртебелерін көрсеткен еді. Ибн Сағыдтың айтуы бойынша
18 Исфахани, әл-Әғани, ХІ, 266
19 Мустәдрәк, 2:318; әл-Исәбә, 2:369.
20 Әбу Исхақ әш-Ширази, Әбу Исхақ әш-Шәфиғи (476/1054) Табақатул-фуқаха
(Тахқиқ И. Аббас), Бейрут, 1970, 81-б.
21 З. Кәусәри, Насбур-раия, 1973, 1-т., 30-б.
22 Ибн әл-Қайим, Иламул-муаққиғин ан Раббил-ааламиин, Дәрул-жил, Бейрут, 1973, 1-т. 10-11-б.
23 М. әс-Сибаи, әс-Сунна, 416-б

ол жерге Бәдір шайқасына қатысқан 70, ридуан сертіне қатысқан 300-ге жуық сахаба қоныстанған24.
Куфаның әскери әрі биліктің басқару орталығына айналуы, көне мәдениеттердің бесігі, түрлі тілдер кең тараған өлке болуымен қатар сахабалардың барлық ілімін бойына жинаған Ибн Мәсғұдтың осы қалада қоныстануының да рөлі ерекше еді.
Ислам әлемінің барлық аймағындағы ғылымның бастауы Абдуллаһ ибн Мәсғұд (32/652), Зәйд ибн Сәбит (45/665), Абдуллаһ ибн Омар (74/693) мен Абдуллаһ ибн Аббас (68/687) секілді ғалым сахабаларға барып тіреледі. Ирактағы Абдуллаһ ибн Мәсғұдтың ғылым саласындағы жетістігін бәрі мойындаған. Зәйд ибн Сәбиттің (р.а.) ілімі мәуәлиі болған Хасан Басри мен оған ұзақ жылдар бойы шәкірт болған Мұхаммед ибн Сирин арқылы Иракқа тарады. Абдуллаһ ибн Омардың ілімі Иракқа қоныс аударған, біршама уақыт сонда ғұмыр кешкен Уруә ибн Зүбәйр арқылы жетті. Ал Абдуллаһ ибн Аббастың өзі де біраз уақыт Иракта өмір сүргендіктен, ол жердегілер Абдуллаһ ибн Аббастың ілімінен сусындау бақытына бөленді25.
Абдуллаһ ибн Мәсғуд (р.а.) Куфада рай мектебінің негізін қалады. Рай мектебі Хижаздағы (Мекке мен Мәдина) әхлул-хадиске қарағанда рационалдығымен ерекшеленді. Мұның өзіндік себептері бар26. Мәдинадағы өмір сүру салты көбіне сахабалардың пайғамбарымыздан естіп-үйренген немесе бір-бірінееліктеу арқылы қалыптасқан жүйеден тұратын. Ал, Мәдина қаласынан өзге өңірлерде әр түрлі қоғамдық-мәдени ахуалға байланысты туындаған мәселелерді шешу талпынысы нәтижесінде Құран мен сүннеттен жауабы табылмаған кей мәселелерде ғалымдар өз ақылына сүйенуіне тура келді. Мұның өзі Құран мен сүннеттен алыс кетпеген талпыныс болатын27. Ислам мәдениеті келместен бұрын көне мәденеиеттердің бесігінде тербелген бұл өңірлерде Суриянилердің мектептер ашқаны, Иран мен Грек философиясының да оқытылғандығы мәлім. Түрлі наным-сенімдегі адамдар бір-бірімен өзара пікірталастырып, қызылкеңірдек болып таласып-тартысып жатушы еді. Ислам діні келгеннен кейін де бұл әдеттері бірден тыйыла қойған жоқ.
Куфадағы саяси тұрақсыздық пен қайнаған өмір жаңа ой-пікірлердің, түрлі діни топтар мен ағымдардың тууына да ықпал етті. Саяси, мәдени және құқық саласындағы қат-қабат күрделі мәселелерді шешудің жаңаша жолдарын қарастыруға тура келетін кездер аз емес болатын. Түрлі дін, тіл, мәдениет өкілдерін бір шаңырақтың астында айрандай ұйытып, басқару тың тәсілдерді талап етті. Әрине, Әбу Ханифаның ғылыми танымының қалыптасуында біз сөз еткен осынау факторлар өз әсерін тигізбей қоймады. Хижаз аймағының жағдайына қарағанда

24 Ибн Сағыд, Табақат, 6-т.5-б.
25 М. Ердоган, 1-т., 317-341-б.
26 Бұл жайлы төменде кеңірек тоқталатын боламыз. Тағы бір ескерте кетерлік жайт, әрине, Куфаға келіп, ол жерде ғылымның өркендеуіне үлес қосқан үлкен табиғин ғалымдарының бәрі Ибн Мәсғудтың шәкірті емес еді. Олардың арасында Мекке мен Мәдинада тәлім алып, содан кейін Куфаға қоныс аударғандар да жетерлік. Олардың арасында жоғарыда аттары аталған Шурәйх ибнул-Харис, Ибраһим ән-Нәхәи, сонымен қатар Саид ибн Жүбәйр бар.
27 Ф. Арабажы, // Ханефилигин олушумунда жоғрафи еткенлер, имам ы Ағзам Ебу Ханифе ве дүшүнже системи, 16-19 Еким, 2003, семпозиум материалдары, Куран араштырмалары уакфы, Бурса, 2005, 1-т., 352-б.; А. Әділбаев, // Әбу Ханифаның өскен ортасы және тарихи жағдай, Исламтану және араб филологиясы мәселелері. Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары (2010ж.), Алматы. Нұр-Мүбарак 2011,73-81-б.

өзгеше ахуал қалыптасқан өңірде Әбу Ханифаның бұрын-соңды кездеспеген мәселелердің түйінін тарқатуда қолданған өзгеше әдісін кейбір ғалымдар дұрыс түсінбей, ел арасында ғұлама туралы алып-қашпа сөздер желдей есті.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *