АНАБИОЗ

АНАБИОЗ (грек. anabioz —. жандану, қайта тірілу) — қолайсыз жағдайда организмнің тіршілік қабілетінің уақытша жойылып, не мүлдем әлсіреп кету құбылысы немесе эволюциялық даму жолында организмнің тіршілік ортасына физиологиялық бейімделуі. А. құбылысы омыртқасыз жануарларда, әсіресе, микроорганизмдер арасында жиі байқалады, сондай-ақ омыртқалы жануарлар мен өсімдіктер арасында да кездеседі. Кептіру, мұздату, қыздыру сияқты әсерлерге спора түзетін бактериялар, көзге көрінбейтін саңыраукұлақтар, қабықтанғыш қарапайымдар (циста түзетіндер) өте төзімді келеді. А. құбылысына мысал ретінде көптеген өсімдік тұқымдарының кептіргеннен соң, ұзақ уақытқа өзінің өну қасиетін сақтап қалуын келтіруге болады. Жануарлар арасындағы А. құбылысын 1701 ж. голланд ғалымы А. Левенгуг ашқан. Гидра, құрт, моллюска, қосмекенділер және бауырымен жорғалаушылар А. құбылысы кезінде денесіндегі судың 1/2, кейде  3/4 бөлігін жоғалтады. А. қоршаған орта темп-расы 0°С-қа төмендеген кезде қысқы ұйқыға кететін сүтқоректілерде де байқалады. Жасанды А. кезінде жануарлардың организміндегі тінаралық сұйық мұзға айналмай, тек тоңазыған қалпында болса ғана ол қайта тіріледі. Ал клетка және белок молекулаларының құрам құрылымын бұзатын мұз кристалдары пайда болса, жануар қайта тірілмейді. Сүтқоректілердің қысқы ұйқысы мен тоңазу салдарынан болатын А. олардың жазғы ұйқысы мен құрғақшылық салдарынан болатын А-ға ұқсас. А. құбылысын кептіру, тоңазыту арқылы қолдан жасап, оны құрғақ тірі вакцина, бактериялар, вирустар, ісік клеткаларын, адам организміне қайта отырғызылатын түрлі тін және мүшелерді ұзақ уақыт сақтау кезінде қолданады. Жүректі, өкпені, миды хирургиялық жолмен емдегенде адам денесін тоңазыту, сондай-ақ ғарышқа ұшқан ғарышкер организмінің зиянды әсерлерге төзімділігін арттыру үшін де А. құбылысының маңызы зор.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *