Бес сезім
Білгейсің, дене – падиша ділдің мемлекеті болар. Осы мемлекетте падиша ділдің түрлі-түрлі сарбаздары бар. «Мудассир» сүресінің 31аятында: «Пәруердігердің сарбаздарының (періштелерінің) санын өзінен басқа білмес» депті. Алла ділді ерекше етіп жаратыпты, Ақырет үшін ділдің мақсаты – әйімі бақыт талап қылмақта. Оның бақыты – Һақ тағаланы танымақ, оның жарату құдіретін және жаратқан нәрселерін білмекпен бірге пайда болғысы келетінінде. Бұл тұрғыдан қарағанда, ғалам – жаралатындар тобынан, діл – ғалам ғажайыптарынан.
Алла тағала адамдарға бес қасиет беріпті. «Адамдар бұлардан пайдалансын» депті. Бұл бес қасиеттің тұрар жайы дене болар. Әзіреті нұрлы Алла тағалының ілім-білімінің аулайтын аушысы діл болады. Ал діл сол бес қасиет – бес сезімнің қақпаны болар, ақиқатында көзге көрініп тұрған дене, сол қақпанды көтеріп тұрған көлігі. Міне, сондықтан да ділге көзге көрініп тұрған дененің қажеті бар. Сыртқы дене – судан, топырақтан, ыстық-суықтан, ылғалдан сақтайды. Дененің күшсіз әлсіздігі түрлі-түрлі жағдайларға байланысты. Дене ішкі жағынан – аштықтан, шөлдеуден, және сыртқы жағынан – от, су, ұры, дұшпан, қаскөйлер тағы да басқа себептерден қауіп-қатерде болады. Дененің ашығу, шөлдеу себебінен, тағам және су шербетке қажетті жағдайы болады. Дененің ішпек және жемек жағынан екі топ сарбазға қажеті бар. Бұл екі топ сарбаздың бір тобы көзге көрініп тұрған – қол, аяқ, ауыз бен көз, киінбек; екінші тобы – ішкі дүние сарбаздары, бұлар шаһуат және ғазаптардан тұрады. Тамақты көрмей, талап қылу мүмкін емес. Дұшпанды көрмей, шабуыл жасамайды. Сол сияқты ділге де қажетті нәрселер бар. Бұлардан сыртқы көзге көрінетіндері бес сезім – бес қасиет, ол: көз, құлақ, мұрын, татып білмектік, сипап, тұтып көрмектік. Бүл түйсіктердің ішкі жан-дүниеге қатысы да бесеу болар: 1. Қиялдау, 2. Ойлау қуаты, 3. Еске сақтау-зейін қуаты, 4. Түйсік пен қабылдау қуаты, 5. Сезім мен ерік қуаты. Бұл бес қасиеттің тұрақты жайын ми деп атайды.
Осы қасиеттердің әрбіріне қатысты өзіне ғана тән атқаратын ісәрекет амалдары бар. Осы қасиеттердің біреуінің орындалуына қарсылық туылса адамдардың атқаратын ісіне де қарсылық пайда болады және бұл сарбаздардың бәрі де, ішкі және тысқы ділдің жарлығына бағынады. Діл – бұлардың әмірші падишасы. Ол, кейде тілге жарлық берсе – сөзге келер, егер қолға жарлық берсе – бір нәрсені ұстар, кейде аяққа жарлық берсе – әрекетке кірісіп журер, көзге жарлық берсе – көрер, ой қуатына жарлық берсе – ой-пікір ісімен шұғылданар. Жалпылап айтсақ, ол сарбаздардың бәрін падиша ділдің мүддесіне, жарлығына бағындырыпты. Әрдайым падиша діл бұл сарбаздардың күшімен дене мемлекетін дұшпандар шабуылынан сақтап, ақырет сапары жол азығын дайындап, өзінің баратын жері, яғни Алла тағаланың ілім-білімінің мекені – ақырет қамын жейтін жайға жеткізіп, бақыт ұрығын шашады. Бұл сарбаз, падиша ділдің қарауында болып, періштелердің Хақ тағала қарауында болғаны сияқты, жарлығын мүлтіксіз орындайды. Өз ықтияры, қалауы бойынша тапсырмаларын беріп отырады.