Пітір садақасы
С: Пітір садақасы дегеніміз қандай садақа?
Ж: Пітір садақасы – Ораза айт күні берілетін садақа.
С: Пітір садақасын беру кімдерге уәжіп?
Ж: Шариғатта бай деп саналатын адамдарға уәжіп.
С: Шариғатта бай деп саналуы үшін қанша мал-дүниесі болуы керек?
Ж: Өзіне және отбасына жарататын ақшасынан басқа, нисап мөлшерінде мал- дүниесі болған адам бай деп есептеледі.
С: Аталған адамдардың садақа алуына бола ма?
Ж: Болмайды, оған садақаның қайсысын болса да алу харам.
С: Нисап мөлшерінде мал-дүниесі жоқ адамдарға пітір садақасын беру уәжіп пе?
Ж: Уәжіп емес. Егер берсе, сауапсыз қалмайды.
С: Кедей болса да, пітір садақасын беруі уәжіп деп айту дұрыс па?
Ж: Кедейдің пітір беруі уәжіп деген адам зор күнәһар болады, өйткені бұл шариғатқа жасалған қиянат.
С: Пітір садақасын тек өзі үшін ғана бере ме, әлде отбасы мүшелерінің атынан да беру уәжіп пе?
Ж: Өзі үшін және жас балалары үшін беру уәжіп.
С: Әйелі үшін, жасы үлкен балалары үшін және өз мал-дүниесі бар жас баласы үшін пітір садақасын беру уәжіп пе?
Ж: Уәжіп емес, егер олар бай болса, өздерінің беруі уәжіп болады.
С: Егер бір адам әйелі, жасы үлкен балалары, мал-дүниесі бар жас балалары және үй қызметкерлері үшін пітір садақасын өзі берсе дұрыс бола ма?
Ж: Әлбетте, дұрыс болады.
С: Пітір садақасын қай уақыттарда беру уәжіп?
Ж: Рамазаннан кейін айт күні таң атқаннан соң айт намазы оқылғанға дейін беру уәжіп болады.
С: Егер бір адам пітір садақасын айт намазын оқығанша бермесе, не істейді?
Ж: Айт намазын оқығаннан кейін береді, бермей қоюға болмайды.
С: Айт күніне дейін пітір садақасын Рамазан айының ішінде беру дұрыс па?
Ж: Дұрыс.
С: Пітір садақасы қандай адамдарға беріледі?
Ж: Зекет берілетін кедейлерге беріледі.
С: Пітір садақасын әрбір адамға қанша мөлшерде беру уәжіп?
Ж: Әрбір адам үшін жарты сағ бидай, бір сағ арпа немесе құрма, жарты сағ мейіз беру уәжіп.
С: Сағ қандай өлшем?
Ж: 828 (сегіз жүз жиырма сегіз) мысқал, яғни қадақ көлемінде бидай сыятын өлшем.
С: Бидай, арпа, құрма, мейіз құнымен тең ақша беру дұрыс па?
Ж: Дұрыс, өйткені кедейлерге пайдалырақ болады.
С: Бірнеше адам пітір садақасын бірігіп беру дұрыс бола ма?
Ж: Дұрыс, бірақ әрбірі өз атынан бергені абзалырақ.