АМФИБОЛДАР

АМФИБОЛДАР (грек.amphibolos— қос мағыналы) — силикаттар класындағы тау жыныстарын құрайтын, кең тараған минералдар тобы. Жалпы хим. формуласы: (А,В)7 8 (Z4О11)2(ОН, Ғ)2, мұндағы: А Nа, К, Са; В — Аl, Ғе3+, Ғе2+, Мg; Z — Sі, Аl. Құрамында натрий көп болса сілтілі А. деп аталынады. Олардың ленталы кристалдық құрылымы әр түрлі изоморфты алмастырылымға мүмкіндік береді. Ұзынша призмалы кристалдар, ине тәрізді және жіңішке талшықты (амфиболасбест) агрегаттар түзеді. А- дың түсі қара, жасыл, кейде ақ (тремолит, эденит) немесе көк (глаукофан, холлеквистит) болып келеді. Барлық А-дың кристалдарының жымдасу бұрышы тұрақты — 124°.Қатт. 5 — 6,5, меншікті салм. 2,8 — 3,6 г/см3 болады. А. көптеген магмалық және метаморфтық тау жыныстарының (гранодиорит, диорит, сиенит, габро, андезит, базальт, горнблендит, скарн, т.б.) құрамына кіретін минералдар. Сілтілі А. сілтілі және нефелинді сиениттерде, сілтілі граниттерде, метасоматиттерде, т.б. кездеседі. Амфиболды асбест (көк асбест және басқа да сілтілі А- дың талшықты түрлері) техникада кеңінен қолданылады. Тығыз, жасырын кристалды актинолит және тремолит агрегаттары, шатыс талшықты микроқұрылымы бар нефрит —  зергерлік-әшекей тас болып табылады. Кварцтенген талшықты сілтілі А. (крокидолит) аса құнды зергерлік тастарға жатады (м ы с ы қ к ө з , қыран көз). Құрамындағы қалайы мөлш. 0,3 — 0,4%-ке жететін кейбір амфиболды скарндер қалайы кентасы ретінде бағаланады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *