Мәсіге және етікке мәсіх тарту
С: Дәреті бар кезде аяғына мәсі немесе етік киген адам екінші рет дәрет алғанда аяғын жуу қажет пе?
Ж: Жуу қажет емес, аяқкиіміне мәсіх тартса жеткілікті.
С: Қандай жағдайда мәсі мен етікке мәсіх тартылады?
Ж: Дәреті бар кезде киілген етік пен мәсіге мәсіх тартылады.
С: Мәсі мен етікке мәсіх қалай тартылады?
Ж: Екі қолының саусақтарын сулап, аяғының үстінгі жағынан, үш саусақпен аяқтың ұшынан бастап тобыққа дейін бір су тигізіп өтуді мәсіх тарту дейді.
С: Дәретпен киілген мәсіге қанша уақытқа дейін мәсіх тартылады?
Ж: Тұрғын адамға бір тәулікке (24 сағат) дейін, ал жолаушы болса, үш тәулікке (72 сағат) дейін мәсіх тартуына болады.
С: Мәсіге мәсіх тарту үкімі мәсіні кигеннен басталады ма?
Ж: Жоқ, мәсіні кию үшін алынған дәреттің бұзылуынан басталады.
С: Мәсі мен етіктен басқа нәрсеге мәсіх тарту дұрыс па?
Ж: Дәрет бар кезде киілген теріден жасалған етікке, қалың байпаққа, етік пен мәсінің үстінен киілген аяқкиімге, тобықты жауып тұратын галошқа мәсіх тартуға болады.
С: Тесілген немесе жыртылған мәсіге мәсіх тарту дұрыс па?
Ж: Егер де тесіктің үлкендігі үш саусақ көлеміндей болса, дұрыс емес, одан кішкентай болса, болады.
С: Мәсінің бір сыңарының үш жерінде кішкене тесік болса, оған мәсіх тартуға бола
ма?
Ж: Барлық тесіктің көлемі аяқтың кішкентай үш башпайы сыятындай болса, мәсіх
тарту дұрыс емес, ал егер одан аз болса, дұрыс.
С: Мәсінің екі сыңарындағы тесіктер бірге есептеліне ме?
Ж: Жоқ, бірге есептелінбейді.
С: Мәсінің тобықтан жоғары жерінде тесіктер болса, оған мәсіх тартылады
ма?
Ж: Тартылады.
С: Қандай мәсіге мәсіх тартылмайды?
Ж: Мерзімі біткен мәсіге (бір тәулік немесе үш тәулік) және өкшесі мәсінің қонышына дейін шешілгенмәсіге мәсіх тартылмайды.
С: Мерзімі бітсе немесе шешіліп кеткен жағдайда тағы да мәсіх тарту үшін не істеу керек?
Ж: Егер дәретті күйде болса, мәсіні шешіп, тек аяқты жуып, мәсіні қайта кию керек, ал егер дәретсіз күйде болса, толық дәрет алу керек.
С: Мәсінің бір сыңарында үш саусақтың көлеміндей тесік болса немесе бір мәсі қонышына дейін шешіліп кетсе, тек осы аяқты ғана шешіп жуу керек пе?
Ж: Жоқ, екі аяқты да жуу қажет.
С: Дәреті бар адам мәсі немесе етік киіп, дәреті бұзылмаған күйде, аяқкиімін шешіп және сол дәретті күйінде қайтадан кисе, аяқты жуу керек пе?
Ж: Керек емес.
С: Дәрет алынуы тиіс мүшелерде жарақат бар болса және оған су тигізу немесе мәсіх тарту қауіпті болса, не істеу керек?
Ж: Жарақаттың үстін жәбира яғни, матамен орап, соның үстіне мәсіх тартуға болады.
С: Жәбираға мәсіх тарту үшін оны дәретті күйде орау керек пе?
Ж: Жоқ, дәретсіз күйде жәбира оралатын болса, оған мәсіх тартуға болады.
С: Жараның айналасындағы жәбирамен оралған сау жерлерді жуу керек пе?
Ж: Егер жәбираны алу жарақатқа зиян болса, жумай-ақ, жәбираның үстіне мәсіх тарту – сол жерлерді жуумен бірдей болады. Егер жәбираны ашып, сау жерлеріне су тигізу зиян болмаса, онда жәбираға мәсіх тарту дұрыс емес.
С: Жәбира қозғалып түсіп қалса, мәсіх бұзылады ма?
Ж: Егер жарақат жазылған болса, мәсіх бұзылады, жарақаттың орнын жуу керек.
Ал егер жазылмаса, мәсіх бұзылмайды.
С: Жуылуы тиіс мүшеге су тигізу зиян, тек мәсіх тарту керек болса, не істейміз?
Ж: Қолын сулап, жарақатының үстіне жара таңғыш қоймай-ақ, мәсіх тартылады.