Періштелер

Періштелер

С: Періштелер деген кімдер?
Ж: Періштелер де біз секілді Алла тағаланың жаратқан құлдары. Олар әрдайым Алла тағалаға ғибадат етіп, бұйырылған қызметтерін атқарып тұрады. Олар күнә істерді жасамайды. Біз секілді ішіп-жемейді, ұйықтамайды және еркек-әйел болып жынысқа бөлінбейді. Денелері нұрдан жаратылған, олардың әрбірі самал желдей жұмсақ, көзге көрінбейді. Егер олар көзімізге көрінуді қаласа, әртүрлі бейнеде көріне алады.
С: Періштелер қайда өмір сүреді?
Ж: Періштелер көкте көбірек болады. Алла тағала бұйырған қызметтерді орындау үшін жер бетіне де түседі. Жерде әр пенденің істеген амалдарын жазып тұратын періштелер де бар. Олар пенделердің жақсылықтары мен жамандықтарын өз амал дәптерлеріне жазып, қиямет күнінде есеп үшін сол амал дәптерлер ұсынылады. Сонымен қатар, жер жүзінде әрбір пендені зияндардан, апаттардан сақтап жүретін періштелер де бар.
С: Қандай атақты періштелер бар?
Ж: Атақты періштелер: Жәбірейіл, Микаил, Әзірейіл, Ысрапіл. Жәбірейіл – Алла тағаладан пайғамбарларға уахи әкелетін періште. Әрбір пайғамбарға Алла тағаланың сөздерін және кітаптарын сол періште алып келген. Микаил – адамдардың ризықтарын жеткізу үшін бұлтқа және жаңбырға әмір беруге тағайындалған періште. Әзірейіл – адамдардың жандарын алушы періште. Ысрапіл – сүр үрлеуге жауапты періште.
С: Ысрапіл ол сүрді не істейді?
Ж: Ол сүрді екі рет үрлейді. Бірінші рет ақырзаман болғанда барлық жандарды жансыз ету үшін үрлейді,сол кезде қиямет күнінен бұрын, барлық жан (рух) осы сүрдің

ішіне жиналады. Ысрапіл екінші рет үрлегенде, әркімнің жаны сүрден шығып, өз денесін тауып, сол денеге кіреді. Содан кейін әрбір кісі қабірден тіріліп, жер бетіне шығады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *