Амалдар
С: Амал деген не?
Ж: Пенденің іс-әрекеті.
С: Пенденің іс-әрекеті нешеге бөлінеді? Ж: Пенденің іс-әрекеті сегізге бөлінеді. С: Олар қандай?
Ж: Парыз, уәжіп, сүннет, мұстахап, мүбах, мәкрүһ, харам, мұстакраһ.
С: Бұл сегіз амалды істеген дұрыспа, істемеген дұрыспа?
Ж: Кейбірін істеу керек, кейбірін істемеу керек. Ал, кейбіреуін істесе де, істемесе де дұрыс болады.
С: Парыз деген қандай амал?
Ж: Ислам дініндегі міндет етілген амал. Парыз амалын істеген адам сауап алады, ал себепсіз істемеген адам күнәһар болады. Әрбір парыз амалдың парыздығына сенбеген, яғни мойындамаған адам кәпір болады, яғни имансыз боп есептеледі.
С: Парыз амалдарына қандай амалдар жатады?
Ж: Алла Тағалаға иман келтіру, дін Исламның хақтығына, яғни шынайылығына сену, әр күні бес уақыт намаз оқу, Рамазан айының әр күнінде ораза тұту, зекет беру, қажылыққа бару сияқты амалдар жатады.
С: Уәжіп деген қандай амал?
Ж: Парыз амал сияқты бұл да Ислам дінінде міндет етілген амал. Уәжіп амалын істеген адам сауап алады, ал себепсіз тәрк еткен адам күнәһар болады. Әрбір уәжіп амалының уәжіптігіне сенбеген кісі кәпір болмайды, алайда ол ауыр күнәға батады.
С: Уәжіп амалдарына қандай амалдар жатады?
Ж: Үтір намазын оқу, құрбан және ораза айт намаздарын оқу, пітір садақасын беру, құрбан шалу, Құранда сәжде аяты оқылғанда тіләуәт сәждесін жасау сияқты амалдар жатады.
С: Сүннет деген қандай амал?
Ж: Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) әр уақыт істеп жүрген амалдары. Сүннет амалын істеген адам сауап алады, ал істемеген адам күнәһар болмаса да, істемегені үшін қиямет күні сөгіске қалады. Сонымен қатар, сүннет амалын жасамаған адам Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) шапағатына лайық болмайды.
С: Сүннет амалдарына қандай амалдар жатады?
Ж: Әрбір жақсы амалды істерде «бисмилләһир рахмәнир рахим» деп бастау, мұсылман адамдарға сәлем беру, Құран оқырда «әғузу билләһи минәш шәйтонир ражим» деп айту, т.б. амалдар жатады.
С: Мұстахап деген қандай амал?
Ж: Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) кейде істеп, кейде істемеген амал. Оны істеген кісі сауап алады, істемеген кісі күнәһар да болмайды, қиямет күні де істемегені үшін сөгіс алмайды.
С: Мұстахап амалдарына қандай амалдар жатады?
Ж: Нәпіл намаздар оқу, нәпіл ораза тұту, нәпіл садақа беру, әрдайым дәретпен жүру сияқты амалдар жатады.
С: Мүбах деген қандай амал?
Ж: Істеуі не істемеуі пенденің өз еркіндегі амал. Қаласа істейді, қаламаса істемейді.
Мүбах амалын істеген адам сауап та алмайды, күнәһар да болмайды.
С: Мүбах амалдарына қандай амалдар жатады?
Ж: Халал тамақтарды тойып жеу, халал сусындарды тойып ішу, отыру, тұру, жүру, зияны жоқ сөздерді сөйлеу сияқты амалдар жатады.
С: Харам деген қандай амал?
Ж: Ислам дінінде жасауға қатаң тыйым салынған амал. Мұндай амалдарды мүлдем істемеу керек. Харам амалын Алла тағаладан қорқып істемеген адам сауап алады, ал істеген адам ауыр күнәға батады.
С: Харам амалдарына қандай амалдар жатады?
Ж: Жазықсыз адам өлтіру, адамдарға немесе жануарларға зұлымдық жасау, ғайбат айту, өтірік айту, зина жасау, ұрлық қылу, мас қылатын ішімдік ішу сияқты амалдар жатады. Мүжтәһид ғалымдардың ортақ үкімі бойынша харам саналған амалды халал деген адам, кәпір болады.
С: Мәкрүһ деген қандай амал?
Ж: Ислам дінінде жасауға тыйым салынған амал. Мәкрүһ амалын істемеген адам сауап алады. Ал істеген адамға қияметте жаза берілуі мүмкін. Және осы мәкрүһ амалын халал деген адам ауыр күнәға батады, бірақ кәпір болмайды.
С: Мәкрүһ амалдарына қандай амалдар жатады?
Ж: Мешітте түкіру, әдепсіз өлеңдерді айту, құмар ойындарды тамашалау, әдепсіз әзілдерді оқып-жаттау, адамдарды үстінен мазақ ету, масқарасын шығару сияқты істер мәкрүһ істерге жатады.
С: Мұстакраһ деген қандай амал?
Ж: Бұрынғы ізгі, салиқалы адамдар істелуін жөн көрмеген, жақсы деп санамаған амал. Бұл амалды жасамаған дұрыс. Мұстакраһ амалын жасаған адам күнәһар болмайды, бірақ әдепсіз болып саналады. Және қиямет күні сол үшін сөгіске қалуы мүмкін.
С: Мұстакраһ амалдарына қандай амалдар жатады?
Ж: Тамақ жегенде ауызды толтырып жеу, тамақты көшеде немесе базарда жүріп жеу, дауысын шығарып есінеу, кекіру сияқты амалдар жатады.