Әр түрлі сүннет амалдар
1. Мисуақ – Алла Елшісінің (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) ең құнды сүннеттерінің бірі. Көптеген мұсылман бауырлар бұл сүннет жайлы біледі, алайда амал етуге келгенде, жалқаулықтары жиі басым түсіп жатады. Ханафи мәзһабына сәйкес, мисуақті намаздан бұрын емес, керісінше дәрет алар кезде қолданған жөн, себебі бұл тіс иегін қанатуы мүмкін. Ал Шафиғи мәзһабы бойынша оны намаздың алдында да, дәрет алғанда да пайдаланған абзал.
2. Жұма күні ғұсыл құйыну;
3. Иістену, әтір себіну; Әйтсе де бұл мәселеде аса ұқыптылық танытқан жөн. Шама келгенше сапалы әтірлерді пайдаланған жөн. Себебі, арзан бағадағы әтірлердің иісі өткір келеді, ал бұл жаныңыздағы адамдарға жағымсыз әсер етуі де ықтимал.
4. Ер адамдар үшін жұдырықпен орап ұстарға келетіндей ұзындықта сақал өсірген абзал. Шафиғи мәзһабына сәйкес, бұл — сүннет амал, ал сақалды қырқу – мәкрүһ саналады. Ал ханафи мәзһабында алғашқысы — уәжіп, соңғысы мәкрүһ тахриман.
5. Мешітке бармастан бұрын үйден дәрет алу;
6. Мешітке оң аяқпен кіру;
7. Мешіттен шығарда сол аяқпен шығу;
8. Мұсылман бауырлармен «Әссәләму әлейкум уа рахматуллаһи уа баракатуһ» деп сәлемдесу; Біздің жергілікті өңірге тән кемшіліктердің бірі – бұл мұсылмандардың өзі түр-түсін танитын адамдармен ғана амандасуы. Бейтаныс адамдармен олардың мұсылман екендігін біле тұра, амандасатындары аз-кем кездеседі.
9. Жасы кішілерге ізет көрсету, мейірімді болу;
10. Жасы үлкендерге құрмет көрсету;
11. Ата-ананы ардақ тұту, сыйлау, құрметтеу және айтқандарына құлақ асып, ақылын тыңдау.
Әбу Әли әл-Ашари