ӨТЕН АХМЕТ   АЛЕКСАНДРА – БӘДРИСАФА (Екі бөлімді драмалық элегия)

ӨТЕН АХМЕТ

 

АЛЕКСАНДРА – БӘДРИСАФА

(Екі бөлімді драмалық элегия)

 

Қатысушылар:

Александра – Бəдрисафа – жас кезі Бəдрисафа – қартайған кезі

Ахмет Қапиза

Перизат – Қапизаның қызы, 13 — терде Перизат – қартайған кезі

Атсыз Садық Еркек Әйел Бейтаныс

Нұрсая – Перизаттың немересі, 13 — терде 1, 2- полицай

Дауыстар

 

Бірінші бөлім

 

Түн. Үйдің алакөлеңкелеу бұрышында жасы он үштердегі Пе- ризат түс көргендей мазасыздана ұйықтап жатыр.Қызының ша- шынан сипап қасында шешесі Қапиза отыр. Үйге Бәдрисафаны ер- тіп бейтаныс біреу кіріп келеді. Қапиза орнынан ұмтыла тұрып, оларды табалдырық аузында қарсы алады.

Бейтаныс. Қорықпаңыз, Қапиза, сіз жақсы адамсыз.Сондықтан да мына кісіні өзіңізге əдейі əкеп тұрмын.Қолыңыздан келгенше дұрыстап күтіңіз. Елге сыйлы бір ағамыздың əйелі. Абай болыңыз, жансыздар біліп қоймасын, біліп қойса не атады, не айдап əкетеді. Аямайды. Көзіңізден таса қылмай ұстаңыз. Аты – Александра.

Қапиза. О-орыс па?

Бейтаныс.Ал жақсы, сіз мені көрген жоқсыз(Кетеді).

Қапиза. Сізді Александра деді ме…

Бəдрисафа. Болғанмын.

 

Қапиза. Қазақшаңыз тəуір екен.

Бəдрисафа. Қазақ азаматының зайыбы болған соң, əрине, қазақпын… Бəдрисафа -менің шын атым.

Қапиза.Кешіріңіз, көңіліңізге тиіп кетсем… Дегенмен, біртүрлі жұмбақтау жан екенсіз өзіңіз, артыңыздан түскен қуғыншы бары- на қарағанда…

Александра. Сондай боп көрінем бе?.. Қиын болды ғой…

Қапиза.Жоқ, жарайды, сізді жасырына тұратын оңаша жер- ге апарайын(Қабырғадан үлкен ескі тонды алып).Тас үңгір іші суықтан азынап тұрған шығар. Сіз де мына қалың көрпеше мен жүн жастықты ала жүріңіз (Олар шығып кетеді).

Ұйқылы-ояу жатқан жасөспірім қыздың көз алдында елестер пайда болады. Аппақ ақ көйлек киіп, басына ақ орамал салған жүзі ақ қағаздай періште тақылеттес сұлу өңді әйел. Қара киімді, басындағы телпегінің маңдайында қып-қызыл бесжұлдыз жарқыраған біреу оны өкшелеп аңдып жүргендей.  Періште  әйел одан қорқады, қорғанады, қашады, жасырынады. Жанын қоярға жер таппай қиналған әйел ақырында есіктен бе, тере- зеден бе, бір мезгіл зып беріп ғайыпқа ұшып кеткендей болады, оның ізін аңдыған қара киімді артынан қалмай ол да бірге кетеді. Жасөспірім қыз бастырылығып, шошып оянады.

Перизат. Апа, апа…

Қапиза (сырттан асыға кіріп). Не болды? Бірдеңеден шошыдың ба? Не боп қалды?

Перизат. Ақ апа ұшып кетті… Ұшып кетті, ақ апа…

Қапиза. Не айтып отырсың, қарғам-ау. Қайдағы ақ апа… Ұшып кеткені несі… Денең қызуы əлі қайтпаған ба?

Перизат. Қызуым жоқ, жазылдым, апа.

Қапиза. Жазылсаң, сандырағың не, қайдағыны айтып.

Перизат. Ақ апаны… Ол осында болды ғой, мен көрдім ғой оны.

Қапиза. Әй, адам емес шығар көргенің. Адам деген құс емес қой ұшатын.

Перизат. Көрдім. Қара киімдіні де көрдім. Телпегінің маңдайында қып-қызыл бес жұлдыз. Ол ақ апаны қуды. Ақ апа қашты. Сосын олар жоқ боп кетті. Ақ апаны аядым (Кемсеңдейді).

 

Қапиза. Не деп кетті мына қыз өзі… Онан да мə, жаңа піскен ыстық сүт, ішіп жібер, жазыласың.

Перизат. Жазылдым дедім ғой.

Қапиза. Ішіп ал деймін қырсықпай.

Перизат (сүттен ұрттап). Апа, неге сендер ылғи дабірдеңені жасырып, бірдеңеден қорқып,үрейленесіңдер де жүресіңдер? Сен- дер қорыққасын, балалар, біз де қорқамыз.

Қапиза. Соғыс деген бір сұмдық бəле жүріп жатыр емес пе, бүкіл жер дүниенің астан-кестеңін шығарып.

Перизат. Соғыс ол ана жақта -алыста ғой. Мен картадан көрдім. Немістер бізге жете алмайды.

Қапиза. Айырплан деген шайтанымен ұшып келсе ше?!

Перизат. Ақ апа немістен қашқан жоқ, маңдайында бадырайған қып-қызыл бесжұлдызы бар қара киімді кісіден қашты. Иə, сүйтті. Мен анық көрдім.

Қапиза. Өй, мынау… Ақ апа, қара киімді деп, не айтып отыр өзі қояр да қоймай…

Перизат. Жансыздар біліп қойса, көзін құртады, не атады, не айдап əкетеді деген сөзді де анық естідім. Ақ апа туралы ғой, солай ғой?

Қапиза. Өй, сені ме… Болды деймін, тағыбіраз тыныш жатып демал, шыбжыңдай бермей. Шыбжыңдай берсең, айтпады деме, менен таяқ жейсің. Ұқтың ба?!

Перизат. Ұқтым, апа…(Қапиза кетеді).

Перизат та дереу тұрып, білдірмей шешесінің  артынан  еріп отырады. Қапиза қолында түйіншек, жан-жағына сақтана қарап қойып, өзенге төнген жар жиегінде қармақ сап жатқан Бәдирсафаға келеді.

Қапиза.Тым ерте тұрып кеткенбісіз. Жатқан жеріңіз жайсыз болды ма?

Бəдрисафа. Жоқ-ə, «Қара тас мамық болар ұйқың келсе» де- мей ме… Жарықтық қара тонның арқасында суықты да, сызды да түк сезгем жоқ… Бірақ,шынымды айтсам, ұйқым онша емес. Әбден шаршап талықсып кеткендеғанабірауық көзім ілінгендей болады, сол демеу…

Қапиза. Е, мына жер-дүниенің апшысын қуырып тұрған қатыгез заманға қылар амалымыз барма, жоқ қой… (Қолындағы түйіншекті ұсынып). Қарныңыз ашып қалған шығар.

 

Бəдрисафа. Несіне сонша əуре болдың… Өздерің…

Қапиза. Сиырын сауып,малының боғын күреп, күні-түн қалқоз жұмысында жүрмін ғой қаратабан боп. Бізді аштан өлтірмес.

Бəдрисафа. Мен өзенге қармақ сап, балық ұстап жесем деп…

Қапиза. Судағы балық, бəлкім ұстатар, бəлкім ұстатпас…

Ұстатқан күннің өзінде нансыз құр өзі тамақ бола ма…

Бəдрисафа. Онсыз да ішіп-жемнен тарылып отырғандарыңда мойындарыңа қосымша салмақ болдым-ау…

Қапиза. Қолда барды бөлісеміз ғой, ештеңе етпес. Менің қорқатыным, осында жасырынғаныңыздыбəле аңдыған біреу-мі- реу біліп қойса…

Бəдрисафа. Алла бұл көргенімді аздық етсе, басыма тағы не салса да, көріп алармын.«Жазмыштан озмыш жоқ» деген…

Қапиза. Ұйықтап жатқан сияқты еді, қызымды айтам, бірдеңе сезіп қойды ма, ақ апа, ақ апа, ақ апа ұшып кетті деп сандырақтап… Сол бүлдіріп жүрмесе деп те қорқамын.

Бəдрисафа. Ақ апа дей ме? Мені айта ма?..

Қапиза.Әсілі, оған аузыңа ие бол деп ескертіп қойғаным дұрыс шығар. Қалай ойлайсыз?

Бəдрисафа. Ақ апа дей ме?

Қапиза. Иə. Қайдан шығарғанын.

Бəдрисафа. Қорықпа сен одан. Қызыңның жүрегі жылы, жақсы бала екен. Аты кім?

Қапиза. Перизат.

Бəдрисафа. Қандайғана сүйкімді есім… Бақытты болғай, бақытты болғай…

Қапиза. Жарайды онда, ұрықсат етсеңіз, мен кетейін.Сіз тек жар басы биік жерге шыға көрмеңізші, өтінемін. Мал қайырған бі- реу-міреу байқап қалса, бұ кім деп сезіктеніп жүрер. Қазір ауызда сөз тұрмайтын заман ғой(Кетеді).

Бәдрисафа қармағын дайындап, суға тастайды. Ақырын ыңылдап «Екі жирен» әнін сызылтады. Тасадан қарап тұрған Перизат ән әуенін сүйсіне тыңдап қалады да, кенет байқамай түшкіріп жібереді.

Бəдрисафа. Мынау… аңдушым емес пе… Жоқ, түшкірген бала даусы… Әй, мен сені білемін. Жасырынбай, бері шық, бері… Сен Перизатсың?!

 

Перизат (тасадан шығып). Ақ апа, сəлеметсіз бе? Қалай біліп қойдыңыз, мені бұрын көрген жоқсыз.

Бəдрисафа. Сен де… бұрын көрмесең де маған «ақ апа» деп ат қойып алыпсың. Солай ма?

Перизат. Сіз көзіме елестедіңіз… Ұшып жүрдіңіз…

Бəдрисафа. Ұшып… Паһ, шіркін, ұшып жүре алсам ғой қанатты құстайеркін самғап… Оқисың ба?

Перизат. Иə. Анда-санда мұғалім апайдың жұмыстан қолы босағанда оқимыз…

Бəдрисафа. Оқысаң, Павлик Морозов дегенді білетін шығарсың?

Перизат. Бізде кітап жоқ. Дəптер де жоқ. Кəзитті жапырақтап қиып, соған жазамыз. Бірақ, иə,есіме түсті, Павлик Морозов деген баланың суреті басылған кітап барбізде. Бар ондай кітап.

Бəдрисафа. Сен сол Павлик Морозовты жақсы көресің бе?«Менің əкем бай-кулак» деп өз əкесін милицияға ұстап берген бала ғой.

Перизат. Шынымды айтсам, мен ол балаға онша түсінбедім. Неге өз əкесін ұстап береді? Әкесі атылып, өзі жетім қалу үшін бе? Бəдрисафа. Дұрыс айтасың, ақылды бала өз əкесін өзі милицияға ұстап бермейді… Жақсы, жауабың маған ұнады. Мен туралы ешкімге тіс жармайтын шығарсың деп сенемін. Солай ғой?

Перизат. Ақ апа, мен сізді аяп, бірден жақсы көріп кеттім.

Бəдрисафа. Мені аяп… Не үшін?

Перизат.Жаңа айттым ғой, телпегінің маңдайында қып-қызыл бесжұлдызы барқара киімді біреу артыңыздан қуып, қалмай қойды деп. Сіз қашып, ақырында құс боп ұшып кеттіңіз деп.

Бəдрисафа. А-а, Атсыз ғой ол. Атсыз деген арсыз жексұрын.

Перизат. Атсыз… Астында мінетін аты жоқ адам ба?

Бəдрисафа (күліп). Аты да жоқ, заты да жоқ. Бірақ соған қарамастан, оның жүрмейтін де жері жоқ. Қораның ішінде, шөптің арасында, тау-тастың қуысында, тіпті мектептегі оқушылардың арасында да, əлгі өзің білетін Павлик Морозов сияқты бəле іздеп, тіміскіленіп жүре береді.

Перизат. А-а, енді түсіндім. Біздің ауылда да сондай біреу бар. Аяғы ақсақ, бір көзі жоқ соқыр. Барымта дей ме, баяғыда бір ауыл- дан жылқы ұрламақ болғанда таяқ жеп, содан кемтар боп қалған

 

дейді. Бірақ сонда да жұрт одан қатты қорқады. Апамдар оны жек көреді, затсыз неме дейді кейіп.

Бəдрисафа. Ел оны затсыз десе, атсыз дегені. Адам емес, аты жоқ, əйтеуір, жүргенбір қуыс кеуде… О, пісміллə, қармағым қапты. Шортан. Әлгінде алабұға ұстағам. «Өзен жағалағанның өзегі тал- майды» деген осы, Перизат. Енді жақсылап бір сорпа қайнатып жіберсек… Анау бақыраш астына от тұтата ғой. Мен оған дейін балық тазалай берейін.

Перизат (пешке от тұтатып жатып). Ақ апа, жаңа сіз ыңылдап бір əдемі əн сап отырдыңыз. Біздің ауылда қазір ешкім өлең айт- пайды. Бəрі томсырайып, ренжіп жүреді ылғи.

Бəдрисафа. Ей, періштем-ай, қырда емін-еркін жайлап, мал бағып, əуелетіп əн шырқап жүрген момын халықты зар жылатып қойған тар заман болды ғой бұл заман…

Перизат. Ал, сіздің жас кезіңізде өмір көңілді болды ма, ақ апа?

Бəдрисафа. Қайдағы, адамзаттың басына бақ орнатамыз деп жүріп, əлгілер…

Перизат. Атсыздар ма?

Бəдрисафа. Иə, солар. Өмір гүлін жұлып, кіл тікенін қалдырды. Қайда барсақ та табанымызға шөңге қадалып, денемізді сояуға тырнатып жүріп, ақырында осындай халге ұшырадық…

Перизат. Ал бізге «Октябрь таңы атып, қазақтың күні туды» деп үйретеді… Соғыс та бітетін шығар бір күні, біте ме, ақ апа?

Бəдрисафа. Әрине, Перизат, дүниеде бітпейтін нəрсе жоқ. Тікен орнына гүл шығады  əлі-ақ.  Жақсы  адамдар  өздері  өлсе де артына ізгілік ұрығын сеуіп кеткен. Сол ұрық күндердің бір күнінде, бəлкім, сен оны көрерсің, өскін беріп гүлдейді. Сондай ұлы диқаншының бірі -жаңағы мен ыңылдап айтқан əнді шығарған адам еді.

Перизат. Мектепте бізге жақсы адамдар туралы жиі айтады.

Олардың аты-жөндерін жаттап алыңдар дейді.

Бəдрисафа. Мысалы?

Перизат. Мысалы, Ленин, Сталин, Дзержинский, Ворошилов, Буденный, Киров, Орджоникидзе…

Бəдрисафа. Көбін-ай өздерінің… Ал өлең ше, өлең жаттайсыңдар ма?

 

Перизат. Иə, жаттаймыз.

Бəдрисафа. Айта ғой біреуін. Жақсысын.

Перизат.   Анау тұрған тау,

Тау басында бау.

Алып бер маған қылышты Келіп қалды жау.

Жауға қарсы барайын, Басын кесіп алайын, Қоржыныма салайын, Сталинге барайын, Ленин орден тағайын…

Бəдрисафа. Ой, шіркін-ай деген…Бірақ сендерде, балаларда не жазық… Ал жаңағы мен айтқан адамның арманы мүлде басқаша еді, Перизат. Өзіңдей жас өрендер алғыр, білімді, кемелді боп өссін деп,ол артына көп жақсы кітап жазып қалдырды…

Адамдық диқаншысы қырға шықтым, Көлі жоқ, көгалы жоқ – қорға шықтым, Тұқымын адамдықтың шаштым, ектім, Көмейін көгертуге құл халықтың…

Перизат. Ол кісінібіз, жастар, неге білмейміз, ақ апа? Кітапта- рын неге оқымаймыз?

Бəдрисафа. Себебі, оның өзі де, сөзі де жерге көмілген…

Перизат. Көмілген? Неге?

Бəдрисафа. Неге екенін өскен соң түсінесің… Бір анығы, олар көмілген күйіндетұншығып ұзақ жатпайды. Өйткені ол –Күн! Ас- панды қанша жерден қаптаса да қара бұлт арасын бұзып, жарқ етіп бəрібір күн шығады емес пе?! Ол да сүйтеді. Сəт сағаты туғанда жерді жарып жарқ етіп шығады да, əлемге нұр сəулесін шашады қайтсе де.

Перизат. Сіз о кісіні көрдіңіз бе, ақ апа? Таныс болдыңыз ба онымен, ақ апа?

Бəдрисафа. Кішкентай ғана періштем-ай, егер сен болмасаң, бұл құсалы мұңымдымен бəрібір мына айнала керіліп жатқан моп- момақан кер далаға, анау мүлгіп тұрған қожыр тасты шоқыларға, булығып аққан мына үнсіз өзенге айтпас па едім… Әрине,айтар едім… Күбірлер едім, сыбырлар едім. Әйтеуір, қалай да үнсіз қалмас едім… Түсінемісің мені, ақылдым?

Перизат. Түсіндім, ақ апа, түсіндім…

 

Қарқаралы.   Терезеден   сыртқа   қараған   Ахмет   ыңылдап

«Аққұм» әнінің ырғағына сап тұрады да, кенет шырқап жібереді:

Аққұмның бір қызы бар Іңкəр атты, Сөзі бар алуа– шекер, балдан тəтті. Адамның өзім көрген абзалы екен, Айтайын өлең қылып перизатты…

Осы кезде күтуші қызметшісі Александра подноспен шай алып кіреді де, бір жағы ыңғайсызданып, бір жағы сүйсіне сасқалақтап, подносты үстелге қоямын дегенде кесе-аяқты сылдыратып ала- ды. Ахмет өлеңін доғарып, дауысқа жалт қарайды.

Александра. Кешіріңіз, төрем, есік қағуға қолым бос болмай…

Кешіріңіз.

Ахмет. Ештеңе етпейді. Ән айтқан əбестік емес. Тек менде да- уыс жоқ қой əнге лайық.

Александра. Ал маған ұнады даусыңыз.

Ахмет. Шын айтасыз ба, рақмет. Қазақ əніне тап бұлай ықыласты екеніңізді бұрынырақ білгенімде ғой.

Александра. Иə, төрем, ықыластымын.

Ахмет. Соны айтамын,сізге оңашада əндерімді тыңдатар ма едім, қайтер едім дегенім ғой.

Александра. Әлі де кеш емес, төрем, тыңдатсаңыз. Ахмет. А, иə, айтпақшы, сіз өзіңіз… ас іштіңіз бе?.. Александра. Ішем ғой, төрем, сосын.

Ахмет. Жоқ, қазір екеуміз бірге отырып ішейік. Мақтадыңыз

 

ғой.

Александра. Мақтағанымның ақысы үшін бе? Ахмет. «Жалғыздан екеу жақсы» деген бар… Александра. Сіз жалғыз емессіз, төрем.

Ахмет. Иə, жалғызбын, сүр бойдақпын.

Александра. Сіздің дархан жүрегіңізге қазақ деген халық

 

тұтасымен түгел сыйып жүр емес пе?! Сіз жалғыз емессіз, төрем.

Ахмет. Бəлі, сіз…

Александра. Сондықтан, төрем, мұңы мен қайғысы ортақ сол көптің ішінде мені де бар деп есептеңізші?

Ахмет. Сізді…

Александра. Маған орыс деп қарайсыз-ау деймін, төрем. Оры- стар туралы «Иваны не помнящие родства» дейтін бір ащылау сөз

 

бар ғой. Соның астарында ұлттық болмыс, халықтық діл жатқан сияқты ма, қалай…

Ахмет. Қызық екен.

Александра. Мысалы, мен Орал тауының жоғарғы жағында туыппын.

Ахмет. Иə, айта беріңіз.

Александра. Орыс патшалығы бодан халықтың талайын өз діндеріне шоқындырғаны белгілі. Оларға жаңа ат беріп, бұрынғы ата-тектерін өзгерткен. Солай емес пе?

Ахмет. Солайы солай-ау. Өйткені, орысты тырнап қалсаң, аржағынан татар шыға келеді деп бекер айтылмаса керек-ті.

Александра. Менің шыққан тегімнің де сондай күш-зорлыққа ұшырауы мүмкін ғой.

Ахмет. Мүмкін. Әбден мүмкін. Мұндай оқиға, əдетте, отбасылық аңыз əңгімелерде сақталып қалуға тиіс.

Александра. Анығын əке-шешем тірі болса, сұрап алар едім, əттең…

Ахмет. Түсіндім. Қамықпаңыз. Арғы тегім татар, не башқұрт, не қазақ шығар демексіз-ау. Ендеше…

Александра. Иə, басыма тап сондай бақытты күн туып жатса, қазақ болудан қашпас едім дегенім ғой…

Ахмет. Ім… Бұдан былай түскі асымызды, екеуміз осылай, бір- ге ішіп жүрсек, қалай қарайсыз?

Александра. Дұ-ұрысс қараймын… Мен онда бар өнерімді са- ламын, аянбаймын, төрем.

Ахмет. Мен үшін бе? Әлде, өзіңіз үшін бе?

Александра. Қуанып кеттім, төрем. Қуанғаннан айтқаным

ғой.

Ахмет. Беу, дүние-ай десейші, бұл жалғанда əйел мен бала

қуанышынане жеткен… Олардың бақытынан артық қазына жоқ қой. Жоқ!

Александра. Сіз… сіз Іңкəр дегенқызға ғашық болдыңыз ба, əн шығарыпсыз.

Ахмет. Ғашық болдым… Жан азабын тарттым… Күйзелдім… Жүрегімнен осы өлең шыққасын барып қана жеңілдедім. Ол ауылдың қарапайым ғана жаны нəзік, бейкүнə қызы еді. Мен болсам:

 

Қалтылдақ қайық мініп еспесі жоқ, Теңізде жүрмін қалқып, кешпесі жоқ. Жел соқса, құйын қуса жылжи беру- Болғандай табан тіреу еш нəрсе жоқ… –

деп, білек сыбанып, жанымды шүберекке түйіп, күрес жолын- да жүрген адаммын…

(Ақсаңдай басып, басын жиі шұлғып, көзіне қара шүберек таңып алған Атсыз кіріп келеді.)

Атсыз. Пай-пой, жұбы жазылмайтын қос көгершіндей уілдесе қалыпсыңдар ғой тегі… Ау, жабайы қазақтарға орысша үйретудің орнына, алдыменөзің қазақша үйреніп, құны жоқ арзан сөзді жақұттай көріп, аузыңды ашып, көзіңді жұмып бұл отырысыңа жөн болсын сенің, бикешім.

Ахмет. Қызметшімді өз жайына қалдыр да, келген шаруаңды айт. Жай жүрмеген боларсың (Александра ыдыс-аяқты ала шығып кетеді).

Атсыз.Әрине, əрине, жай жүргем жоқ.

Ахмет. Ендеше, тым алыстан орағытпай, бірден төтесінен тарт, бауырым. Өтірік мəймөңкеңнің керегі жоқ.

Атсыз. Қалағаның сөздің турасы болса, мақұл… Солай етейін.

Иə, бұл ел сенің істеп жүрген ісіңе наразы. Қатты наразы.

Ахмет. Бұл ел деймісің?

Атсыз. Бабамыз Қазыбектің қандай адам болғанын білесің. Оның Бекболаттай айбынды ұрпағы кезінде Абылайханның өзіне де дес бермеген əрі батыр,əрі би болғанын білесің… Бізге сырттан келген келімсек көсем бола алмайды деп отыр бұл ел.

Ахмет. Мені айта ма келімсек деп?

Атсыз. Әрине… Балаларымызға сауат үйретсін, көзін аш-  сын деп осы Арқадағы оқу орнының төрін ұсынған едік, ал ол ел сенімін ақтаудың орнына алдымен өзі қауіпті теріс жолға түсіп кетті деп ренжиді саған.

Ахмет. Таңдаған жолымның қара басыма, иə, қауіпті екені рас, бірақ теріс жол емес. Менің ойым… Қазыбектей бабалардың кей- інгі біздерге аманатқа қалдырған өсиеті, яғни, басымыз ноқтасыз, еркін ел болсақ деген арманы, басқа түк те емес.

Атсыз.Сонда қалай,сен өзіңді осы заманның Қазыбегі санайсың ба?

 

Ахмет. Баба аруағын орынсыз қозғап, күнəһар болма, Атсыз мырза.

Атсыз. Мен неге күнаһар болады екем.. Өкімет — біреу, ел — бі- реу. Бəріміз де ақ патса ағзамға бағынамыз. Соны біле тұра, елге іріткі салып, бүлік іздеп жүрген күнаһар мына сен шығарсың, ал- дымен.

Ахмет. Бағыну деген — мəжбүрлік. Адам баласы үшін қасырет. Атсыз. Қателесесің. Бағындық деп аржағында Әбілқайыр хан, бержағында Абылай хан бастаған қазақтың ел тұтқасын ұстаған игі жақсылары ақ патсамыздың алдында ант су ішкен жоқ па еді?!

Немене, олардың ақылы сенің ақылыңнан кем болғаны ма сонда?

Ахмет. Бағынғанда олар құлың боламыз деген жоқ. Еркіндігіміз өзімізде қалады, тең болайық деген-ді. Айтарыңды дұрыстап айт, бұрмаламай.

Атсыз.Күшті мен əлсіз, бай мен кедей тең болмайды ешқашан. Сондықтан малын бағып, тыныш жүрген қара халықты босқа дүрліктіріп керегі жоқ. Бейшара қазаққасен сияқты мына менің де жаным ашиды.

Ахмет. Жаның ашыса, жақында жер мəселесі нұсқауын жа- риялап, қазақтарға тиесілі жер жан басына шаққанда 15 деся- тинадан аспасын деп көрсетті ғой ақ патсаң. Бұл – малды құрту, малмен бірге жанды құрту емей немене? Оқымадың ба?

Атсыз. Ақ патса жарлығы талқыланбайды, бұлжытпай орын- далады. Білмейсің бе?

Ахмет. Егер халық наразы болса ше? Үндемей тұншығып өлулері керек пе? Лақ екеш лақ та бауыздаларында бір бақырып өледі ғой.

Атсыз. Міне, міне! Жай жатқан жыланның құйрығын басқан жерің. Бүкіл əлемді аузына қаратқан ақ патсаға қарсы шығу… Мықтымсынған Кенесары мен Махамбеттің кесілген бастары қайда қалды, айтшы, оқығансың ғой?

Ахмет. Олардың өздері өлсе де, аты мен ісі өлген жоқ. Есім- дері халықтың жүрегінде, рухтары елімен бірге.

Атсыз. Е, мен де солардың жолымен Әлихан Бөкейханов, Жақып Ақбаев дегендерді төңірегіме үйіріп, ақ патсаға қарсы пе- тиция ұйымдастырып, ел ішін əдейі дүрліктірдім десейші.

Ахмет. Қаз едік қатар ұшып қаңқылдаған,

 

Сахара – көлге қонып салқындаған.  Бір өртке қаулап шыққан душар болып, Не қалды тəнімізде шарпылмаған?!

Атсыз. Ақ патсаның алды кең, бұзақылық жолдан бас тартсаң, кешіреді. Сондықтан «Мен бұқтым – жаттым, сен бұқтың – жаттың, кім істемек қызмет?» деп, төңірегіңе топ жинағаныңды доғар. Бүйтіп ел арасын арандата берсең, арты жақсы болмайды. Орыстың от қаруын өзің де жақсы білесің. Бір кезенсе, қырып сал- май тыншымайды.

Ахмет. Келгенде өзді-өзіңе мықты-ақсыңдар, Қайтейін, өзге десе көнгішіңді…

Атсыз. Шорту, орыстан қазақты, қазақты орыстан айырмақ ойың бар ма шынымен?.. Осы Қарқаралыдағы өзің басқарып отырған мектепті де орыс салып берген, ол саған ойыншық па? Ал сенің бар ойлағаның кек қайтару… Жоқ деші?

Ахмет. Жоқ. Біз қазақты кемсітіп, тарылтып ұстап отырған заң низамға наразымыз.

Атсыз. Торғай уезінің нəшəндігі Яковлевті сабағаны үшін əкең мен немере ағаң Ақтас он бес жылға сотталған. Соны кек тұтып жүргенің өтірік пе?..

Ахмет. Тек менің əкем мен ағаларым ғана ма əділесіздіктің зардабын тартқан. Бүкіл қазақ нешеме ғасыр бойы басынан ерік, қолынан билік кетіп қан жылап жүрміз..

Атсыз. Жоқ. Ерік біреу – ол патса ағзам, билік те біреу, ол да патса ағзам.

Ахмет. Ол сенің жеке өз түсінігің. Жалдамалы құл екеніңді айтпасаң да білемін. Ал мен басқа қазақпын, басқа адаммын.

Атсыз. Меніқұл, өзіңді төре дегенің бе бұл?

Ахмет. Қалай түсінгеніңді өзің білесің де. Бірақ, бері қара, сен мен барда ғана барсың. Алдымен осыны ұқ, тым аса шелтеңдей бермей.

Атсыз. Менің қаныма тартып, жаным ашып айтқан ескертуіме берген жауабың осы болса…

Ахмет. Басқа жауабым жоқ. Ісім адал, сөзім шын. Мен ақ жолдың үстіндемін.

Атсыз. Ендеше өз обалың өзіңе. (Долдана шығып кетеді.)

Ахмет. Обал, сауап дейді ғой. Қарашы, өзі ұқпайтын сөзге үйірін… (Ахмет ойлана тұрып қалады).

 

Ас қамдап жатқан Александраның қасына ақсаңдай басып, жымсиып Атсыз келеді.

Атсыз. Оу, ақ тоқаш, сен өзі күннен күнге əдеміленіп барасың ба деймін жауқазындай құлпырып.

Александра. Соны ана ақшиған жалғыз көзіңменшын көріп тұрсың ба?

Атсыз. Аяғым ақсақ болғанмен, таяғым мықты. Таяғым та- стай. Жалғыз көзім дүрбіден де əрідегіні көреді.

Александра. Байқа, таяғыңа салмақ сала берсең, бір күні ол да сынар. Сол жерде тоңқалаң асып, жалғыз көзіңе бұтақ кіріп, ағызып алмасыңа кім кепіл…

Атсыз. Аяғым мен көзіме орыс-жапон соғысында оқ тиген.

Мен ақ патсаға еңбегі сіңгенадал құлымын.

Александра. Соқ өтірікті. Қоянды жəрмеңкесінде мас боп, жұрт шырқын бұзғаның үшін Карбушовканың казактары бір аяғыңды сындырып, бір көзіңді шығарып сабап кеткенін осы ел түгел біледі.

Атсыз. Өй, сен де бір… Сен өзі, немене,Ахметкекүң болғансың ба?

Александра. Міндетті қызметім. Бықсыма бекер.

Атсыз. Күңі емеспін, бірақ қожайыныма борщ пісіріп жатыр- мын де.

Александра. Борщқа нан салмайды, бесбармақ асып жатыр- мын төреме, жылқы етінен.

Атсыз. Тыраштан. Тыраштан. Ол бүгін қожайының, мүмкін ертең, мүмкін одан да ертерек…

Александра. Ертеңін өзіңдей есектер-ақ қайғырсын, ал бүгін төреммен пісірген бесмармақты сүйсініп жеп, тиыш ұйықтап шықса болды маған.

Атсыз. Ай, Александра, Александра, Қоянды жəрмеңкесінде əркімнің кірін жуып, күлін шығарып жүруші ең сүмірейіп. Сені осында, тамағы тоқ жылы жерге орналастырған кім, ұмыттың ба?

Александра. Өмірде не болмайды. Өтті, кетті…

Атсыз. Орыс нəсілі деп сол көрсеткен жақсылығымның өтеуіне көңіліңді маған бір бұрсайшы деп өтіндім, бетімнен қақтың. Рас, басында көп күлді бадамның бірі шығарсың деуші едім. Кейін байқасам… сұлуланып, жайнап… Қысқасы, қазір саған көңілім қатты ауып жүр.

 

Александра. Түсінбедім.

Атсыз. Не түсінбейтіні бар, маған қатын бол. Қадірлеп, үйімнің төрінде ұстаймын.

Александра. Әйелің бар емес пе?

Атсыз. Қазаққа екі-үш қатын көп болмайды.

Александра. Мен қатын үстіне қатын боп тимеймін.

Атсыз. Айттым ғой, үйімнің қақ төріне шығасың, бəйбішем боласың. Басқа қатыныма қарай тіпті аяқ баспайын, қаласаң.

Александра. Жарылқайды екенсің… Жоқ, бəрібір болмайды.

Атсыз. Неге? Маған қояр шартың бар ма? Болса, айт.

Александра. Менің дінім бөлек.

Атсыз. Өй, онда тұрған не бар.

Александра. Демек, шоқын десем, шоқынасың ғой. Солай ма?

Атсыз. Негізі өйтуге де болады. Бірақ…

Александра. Не бірақ?

Атсыз. Бұл əңгіме ойға-қырға тарап кетсе, бүкіл үрім-бұта- ғымның масқарасы шықпай ма. Әйтпесе…

Александра. Сондықтан басыңды бос əуреге сап қайтесің. Ту- расын айтсам, көңілім сенде емес.

Атсыз. Білемін, кімді мегзеп тұрғаныңды. Ол ақ патса ағзамның сенімінен кеткен адам. Сен онымен көгермейсің.

Александра. Кіммен көгеру өзімнің еркімде шығар.

Атсыз. Ол саған сүйеніш те, қорғаныш табола алмайды. Оның күні бүгін болмаса,ертең батады бəрібір. Сол кезде,сол кезде көрсем мен сені, ашынаң болайыншы деп қалай жалынар екенсің.

Александра. Жақсы көргендегі əдебің осы ма маған көрсеткен?..

Атсыз. «Иба», «инабат» – биліктің алдында именіп жүрсін деп əлсіз адамдар үшін шығарылған сөздер. Түкірдім мен ондай мəдениетіңе, білдің бе?

Александра. Ендеше бері қара, менің орыс екенім рас бол- са, егер тиісті орындарға арыздансам, олар алдымен екеуміздің қайсымызды тыңдайды деп ойлайсың? Сені ме, мені ме?

Атсыз. Өй, тəйт! Тым əріге барыспайық та.

Александра. Олай болса, алды-артыңа дұрыстап қарап-ап, байқап сөйлейтін бол бұдан былай. Аямаймын.

 

Атсыз. Әу, ақ тоқаш, ақ тоқаш-ай… Жарайды, бұл жолы сен жеңдің. Бірақ мұнымен күрес əлі біткен жоқ… (Кетеді. Мұңайып қала берген Александра ас қамына қайта кірісе бергенде, Ахмет келеді).

Ахмет (өтіп бара жатып). Сізге не болған, қобалжып тұрғандайсыз ба…

Александра. Төрем, онсыз дабастан асқан шаруаңыз бар, мені қайтесіз…

Ахмет. Жоқ, болмайды. Анау ай қабағыңызға көлеңке түсірген кірбеңді көре тұрып…

Александра. Төрем-ау,сіздің жағдайыңызды ойлап…

Ахмет. Егер əңгіме маған қатысты өсек жайында болса…

Александра. Жəй өсек емес, одан зоры ма деп қорқамын, төрем.

Ахмет. Шынымен… мен білмейтіндей жағымсыз бірдеңе есті- генбісіз?

Александра. Әлгі Атсыз деген…

Ахмет. Атсыз… Ол сіздің алдыңызда жасырын құпиясын ашып жүр ме? Қызық екен…

Александра. Сол… сыртыңыздан бір жаманшылық ұйымдас- тырып қойғанға ұқсайды, төрем.

Ахмет. Бəсе, ескерттім, ертең басыңа қара бұлт төніп жатса, өзіңнен көр деп бірдеңені бықсытқандай еді. Маған жасаған астыр- тын жаулығын өзінше бүркемелеген түрі екен ғой аярлықпен.

Александра. Төрем, осыдан басыңызға қандай ауыр іс түспесін, қасыңыздан табылып, тап келген қиындықты өзіңізбен бірдейтең бөліссем деймін… Әлде, бұл орындалмас құр қиялым ба?

Ахмет. Көкірегіңізде маған деген, бірақ айта алмай жүрген сөзіңіз барын сезетінмін. Соны ойлап өзім де қиналушы ем іштей…

Александра. Мен сізге ұнаймын ба, төрем?

Ахмет. Әңгіме онда емес қой. Онда емес.

Александра. Енді ше?

Ахмет. Ер жігіттің əйел алдындағы ең басты міндеті — оны бақытты ету, ал менің тағдырым қалт-құлт еткен желқайықтың үстінде. Қасыма алған адамым, қайық аударылса, су түбіне өзіммен бірге кетеді ғой, обалына қаламын ғой деп қорқамын.

 

Александра. Мен жетімдік тауқыметімен жастай ширығып, өзімді-өзім қорғап өскен адаммын. Жүрегімнің қалауындағыдай лайықты адам тапсам, оған масыл болмай, керісінше, сыр ашар жан серігі, шаруасының бір жағында жүретін таянышы болсам деп армандайтынмын.

Ахмет. Алдымда не күтіп тұр, бақ па, сор ма, білмеймін… Айттым ғой, мойныма алып жүре алмайтын жүк артып, біреудің обалына қалғым келмейді деп.

Александра. Төрем-ау, бірін-бірі ұнатқан жандар өмірдің ыстық-суығында бірге болып, қиындықты бірдей тең бөлісу үшін үйленеді.

Ахмет. Ол жайшылықта ғой. Ал мен елімнің еркіндігі жолы- на басымды бəйгеге тіккен адаммын. Мен шыдағанға, алған жа- рым шыдай ма?.. Бір жағы күрес жолы — майдан, бір жағы сүйген жардың көңілі мен жағдайы деп екі ортада жалтақтап жүрсем, не өндірем, ойлағанымның бəрі далада қалмайма шашылып…

Александра. Егер алған жарың … (Сау етіп үстеріне екі по- лицай кіріп келеді. Оларға ілесе келген Атсыз бұларға анадайдан жымсия қарап тұрады.)

  • полицай. Ахмет Байтұрсынов деген сіз шығарсыз, əлде біз жаңылдық па?

Ахмет. Иісшіл иттерің бастап келгесін қалай жаңыласыздар.

Жаңылған жоқсыздар. Иə, мен боламын Ахмет Байтұрсынов.

  • полицай. Сіз… тұтқындалдыңыз, губернатор Троницкийдің жарлығымен.

Ахмет. Не үшін, білуге бола ма?

Атсыз. Не үшін деп сұрайды еще…

Александра. Немене, айызың қанып тұр ма?

Атсыз. Килікпе, ақ тоқаш, тиыш тұр. Сенімен əңгіме кейін.

  • полицай. Ұлы император ағзамның заңдары əділ. Бұратана халықтарға қыр көрсетпейді, тізе батырмайды.

Ахмет. Ұзақ жырғап қайтесіз. Тоқетерін… (Бірінші полицай екіншіге иек қағады, ол қағаздан судыратып оқи жөнеледі.)

  • полицай. Байтұрсынов мектеп оқушыларына ұлтшылдық пиғылда теріс тəрбие берумен айналысады.

Былтыр генерал-губернатор Қарқаралыға келгенде, орыс балаларының санын арттыру туралы берген тікелей нұсқауына қарамастан, олардың қатарын қасақана көбейтпей отыр.

 

Орыс-жапон соғысы кезінде патриоттық іс-əрекет көрсетудің орнына осындағы Бөкейханов, Ақбаев дегендермен бірігіп, қазақтарға айрықша жеңілдіктер сұрап, патша атына қарсылық пе- тиция ұйымдастырды…

1-полицай. Жетер… Бəлкім, қылмысыңа куə болғандарды да білгің келетін шығар?

Ахмет. Керегі жоқ.

  • полицай. Мына қағазда аты-жөндері көрсетілген. Бəрі де өз ағайын-қандастарың. Олар сіз ойлағандай патша ағзамнан қыспақ көріп жүрміз демейді, керісінше, сізді ел арасына іріткі салушы, бүлікші деп есептейді.

Атсыз. Мен де солай дегем. Ескерткем. Патса ағзам сені өзіне қарсы шыққаның үшін емес, халыққа қарсы шыққаның үшін жаза- лайды дегенмін.

Ахмет. Қайран, момын да аңқау қазағым-ай… Кім алдап, кім арбамай жатыр сені. Көзіңді ашып, қашан оянар екенсің…

(Бұл екі ортада Александра зыр жүгіріп Ахметтің киім-кеше- гін, жол азығын түйіншектеп дайындап қояды.)

  • полицай. Оқыған зиялымын, қашып кетпеймін дейтін шығарсың (Қолына кісен салады). Сен сүміреймесең, біз едірей- месек, жабайы елді қорқытпай қалай ұстаймыз, а?

(Александра түйіншекті Ахметтің қолтығына қыстырады.)

  • полицай. Что ты делаешь? Ты же русская, а он… Александра. Он господин! А не жалкий холоп, как вы все тут… 1-полицай. Цыц! Раскудахтался.
  • полицай. Айда, пошли, шагай. Семейге дейін жол алыс, жаяу тартасың.

Ахмет. Қош, Александра.

Александра. Уа, қасиетті Қарқаралы! Талтүсте, көз алдыңда Ахметтей арысыңды байлап-матап жатқанда сен қалай ғана үнсіз тұрсың түнеріп? Жаның ауырып қынжылған түрің осы ма?.. Тау жағалай өскен ақ балақ аққайыңдар-ау, құзар шыңды бойлаған кер- без сұлу шыршалар-ау, сендерге не болған, негеселт етпейсіңдер? Бұтақтарыңды жайып, жапырақтарыңды шашып, неге сыңсып жыламайсыңдар? Ел жастарының көкірегіне білім дəнін сепкен адамдық диқаншысы Ахмет ұстаз жазықсыздан жазықсызжапа шегіп, Семейдің түрмесіне жалғыз айдалып бара жатқанда бұл неғылған жым-жырттық?!

 

Атсыз. Байы өлгендей зарлауын… Әй, болды енді. Сенің əлгі төресымағың ақ патсаға қарсы шығамын деп түрмеге қамалып, бит пен бүргеге таланып, суық пен аштықтан бұратылып құрып кеткендердің алды да соңы да емес. Осымен шаруасы бітті оның. Сененді бұдан былайменің қамқорлығыма көшесің.Естимісің? Менің!

Александра. Сенің бе?

Атсыз. Тіпті бар ғой, егер шоқыну керек болса, осы қазір-ақ шоқынайын… Шын айтамын, маған шоқына салу түк емес.

Александра. Шоқынбақ түгіл, шошқа боп қорсылдап кет, малғұн… (Кетеді).

Атсыз. Қап, орысқа келгенде қолымның  тым  қысқалығы-  ай. Қазақ қызы болсаң ғой, бұрымыңнан ат көтіне байлатып, сүйреткізер едім денеңді тас пен бұтаға жыртқызып, ойбайлатып, шіркін-ай… Ау, алайда, көз жазып қалмайын мен одан. Төріме шыққысы келмесе, көріне апарып тығайын мен оны шырылда- тып…

Бірінші бөлімнің соңы.

 

Екінші бөлім

 

Қапиза қызы Перизатпен таңғы шайға қамданып жатыр. Жарымжан аяғын сылти басып, соқыр көзіне қара байлап алған Атсыз үн-түнсіз кіріп келеді.

Қапиза. Астапыралла! Бұ жүрісің қай жүріс мезгілсіз, зəремізді ұшырдың ғой. Аяғың сықырламаса да, таяғыңды тықылдатпайсың ба, ең болмаса келе жатқаныңды білдіріп.

Атсыз. Дұшпанды сыбдырыңды білдірмей кеп, қапыда бас салу керек. Қапыда. Ес жиғызбай.

Қапиза. Бəсе, аяғың сынып, көзің шығып жүргені осындай ептілігіңнің арқасы екен ғой.

Атсыз. Оттама! Мен өкімет үшін қан төккен адаммын.Төңкеріс кезінде бандыларды қуамын деп… Олар көп еді. Мен жалғызбын. Содан…

Перизат. Қойыңызшы, аға. Сізді жасында көрші ауылдан ат ұрлайтын барымташы болған дейді ғой. Сондай ұрлық үстінде таяқ жеп, өлім аузынан қалыпсыз…

 

Атсыз. Жауларымның өсегін қайталап не деп тұр-əй мынау?!

Тоқта, тоқта, сен өзі нешедесің?

Қапиза. Он үшке енді ғана шығады. Әлі бала ғой.

Атсыз. Советтік əділ заң бойынша, қылмыскерон екі жастан бастап сотқа тартылады, білесіңдер ме?.. Сен болсаң, əй қыз, өкімет адамына, мына маған, тіл тигізіп, заң бұздың. Бұл бір. Екін- ші, жасың он үшке шықса, балиғатқа толыпсың. Демек, ұлы сөзде ұят жоқ, сені солай, нетіп жіберсек те болады екен…

Қапиза. Атсыз-ау, мұның бойы сырықтай болғанмен əлі жөнді ес кірмеген бала емес пе. Оны қайтесің, онан да жалғыз сиырдан жинаған екі күнгі қаймағым бар еді, соны жеп кетсейші.

Атсыз. Әкел (Қапиза алдына қаймақ əкеп қояды). Мына өзен жақтан бір түтін шыққан сияқты ма?

Қапиза. Ойбай-ау, ол жақ мүлде  иесіз  ғой.  Анау  бұзылған үй мен қораны жын-шайтандар жайлап алған дей ме. Сол маңда үйірлі қасқыр жүр дей ме. Осы жақында ғана ауылдағы Дəндібай қасқаның күн көріп отырған қаңғыбас əңгі есегін жарып жеп кет- кен дей ме… Ал түтін деп отырғаның өзеннің буы шығар. Күн бұзылса таңертең, кешке түтін сияқты шиыршықталып бусанады да жатады ғой өзен үсті.

Атсыз. Соғыстан, түрмеден қашқан дезертирлер жүрмесін жа- сырынып…Әй, қыз, сен барып, бақылап келші. Сүйт. Әйтпесе…

Қапиза. Ойбай, екеумізді бірдей атып кетсең де, ол жаққа қарай аяқ баса алмаймыз. Қасқырға таланып қиналып өлгенше, онан да сенің атқан оғыңнан өліп, тіл тартпай-ақ кетейік осы жерде.

Атсыз. Өй, сендерді ме… Өкіметке тіреу болмақ түгіл, сеп бо- латын түрлерің жоқ… Қаймағыңды жинап қой. Тағы келемін (Ке- теді).

Қапиза. Қап, мына жалмауызды-ай. Бəдрисафаға деп сақта- ғанымды түгін қоймай жеп кеткенін қарашы… Сен де қызым, жəй отырмай, аузың қышып сөйлей қойдың.

Перизат. Бандыны қудым деп өтірікті соққасын, жыным келіп…

Қапиза. Әй, əділетшіл аңқау балам-ай, өз қазағымыздың бел- гілі мінезі емес пе. Бұрынғылар ата-тегін айтып мақтанады екен. Қазіргілер төңкеріске қатыстым, совет өкіметін өз қолыммен ор- наттым деп мақтанады… Жарайды, сармайға бұқтырған жент,

 

сүт бар, таба нан пісіргем, апарып бере ғой бəрін ақ апаңа. Балық аулағанын қоя тұрсын, жасырынған жерінен шықпасын. Атсыз бірдеңеден сезік алған сияқты деп қадап айт… мен айтты деп, жа- рай ма?

Перизат. Жарайды, апа, жарайды. Қам жемеңіз.

Қапиза. Алды-артыңды бақылай жүр сақтанып, арсалаңдамай (Перизат кетеді). О, жаратқан ием, жазықсыз, панасыз, əлсіз пенделеріңе жар бола гөр бір өзің.

 

Перизат бұқпантайлап Бәдрисафа жасырынған жерге келеді.

Перизат. Сəлем бердік, ақ апа, қалайсыз?

Бəдрисафа. Сəлемат бол, ақылдым… Семей, Бутырка, Солов- ки түрмелерінің қасында бұл жер жəннат жұмағының төріндей ғой. Өздеріңде тыныштық па?

Перизат. Атсыз деген тыңшы… Тіміскіленіп…

Бəдрисафа. Мен өлмей ол сорлыға да тыныштық жоқ. Иə, солай…

Перизат. Бұзылған қораны жын-шайтан жайлаған жəне осы жақта үйірлі қасқыр жүр деп апам оны қорқытып қойды, бұл жаққа келмесін деп.

Бəдрисафа. Оның өзі де адам емес, нағыз жын-шайтан ғой. Мейлі енді… Сүт əкелсең, бере ғой, пысығым, əңгіме айтар алдында таңдайымды жақсылап бір жібітіп алайын. Кешеден бері біртүрлі жайсыздаумын (Перизат ұсынған шиша аузынан Бəдрисафа бірер ұрттап сүт ішеді).

Перизат. Жайсызданып отырсаңыз, ақ апа, əңгімеңізді кейінге қалдыра тұрсаңыз қайтеді. Мен асықпаймын ғой.

Бəдрисафа.  Кейін  дегенің,  ақылдым,  біреуге  бар,  біреу-  ге жоқ. Өйткені өмір деген қас-қағым… Кімнің жаны қай жерде, қалай үзіледі, оны бір Алладан басқа ешкім білмейді… Сондықтан құлағыңды тоста жақсылап тыңдап ал, айналайын…

 

Семейдің түрмесі. Ахмет алақандай үстел басында жазу жазып отыр. Өңі де, үсті де жүдеулігіне қарамастан, бойынан ұқыптылығы мен жігерлілігі аңғарылады. Сырттан шу шығады. Ахмет жазуын доғарып, шуға құлақ түреді.

Дауыс. Асықпа деймін, қарап, тексеріп болғам жоқ.

 

Александра. Нан ішіне мылтық тығып қойды деймісің. Сын- дырма нанды, бүлдіресің.

Ахмет. Александра… Соның даусы…

Дауыс. Ерегістірме мені. Ішке кіргізбей қоярмын.

Александра. Түрме бастығынан рұқсатым бар, жібермей көр осыдан.

Дауыс. Әй, баршы енді, бар. Өзің бір қырсық екенсің.

Қолына түйіншектерін ұстап, аяғын асыға басып Александра кіріп келеді.

Александра. Төрем.

Ахмет. Александра… Өңім бе, түсім бе?

Александра. Көзіңізге сенбесеңіз, қолыңызбен түртіп, ұстап көріңіз.

Ахмет. Қандай ғана өжетсіз, Александра…

Александра. Өмір үйретті ғой, төрем… Кірлеп кеткен шығар- сыз, таза ішкиім дайындап əкелдім (Дорбасынан шығарып, ұсынады).

Ахмет. Пейіліңіз-ай сіздің осы мына аппақ ақ матадай кір- шіксіз. Таза жатып, бүгін бір рахаттанып тұрып ұйықтайтын бол- дым ғой.

Александра. Өзіңіз ұнататын дəмді тамақтан да əкелдім. Ша- малы қазы жəне бір құты қымыз.

Ахмет. Әкелші, қазыдан бір асап, қымыздан жұтып жіберейін. Сағындым ғой қазағымның асыл тамағын (Бəдрисафа өз қолымен қазыдан бір кесегін асатып, кесеге қымыз құйып береді. Ахмет қымызды рахаттана сіміреді). Осының бəріне қыруар ақшаны қайдан алғансыз, өжетім-ау?

Бəдрисафа. Қасыңызда күтуші-қызметшіңіз боп жүргенде  сіз берген ақшаның басын бұзбай жинастырып қоятынмын. Оның үстіне осындағы бір татар байына жалданып…

Ахмет. Мен үшін осынша шашылып, жаныңызды қинап… Тіп- ті, не дерімді де білмеймін.

Бəдрисафа. Қиналып жүргем жоқ, төрем. Сіздің бір кəдеңізге жарағаным үшін қайта өзімді бақытты сезінемін. Кіріңізді жуып, ылғи да өстіп сүйген тамағыңызды əкеп беріп тұрмақпын. Сол үшін келдім осында. Ендігі бар арманым, төрем, түрмеден босап еркіндікке шыққаныңызды көру.

 

Ахмет. Олай болса, олай болса, түрмеден босап, басыма азаттық алсам, онда… онда мен…

Бəдрисафа. Маған үйленесіз ғой, төрем? Үйленесіз бе?

Ахмет. Иə, үйленемін.

Бəдрисафа. Серт.

Ахмет. Серт.

Бəдрисафа. Төрем, сіз мені қазір дүниедегі ең бақытты əйел еттіңіз.

Ахмет.      Қашан жанып шам-шырақ, Сəуле беріп жарқырап, Болар жарық төрт тарап? Қашан маған іздеген, Күліп жылы жүзбенен –

Болар серік бақ қарап? – деп жүруші ем, сіз менің жаныма шуақ болып кірдіңіз… (Олар құшақтасады).

Александра. Жазу жазуыңызға ұрықсат берген бе?

Ахмет. Иə, дауласып, айтысып жүріп…

Александра. Не жазып жатқаныңызды білсем бола ма?

Ахмет. Анама арнап өлеңмен хат жазған ем.

Александра. А, солай ма… Қандай ғанибет.

Ахмет.                  Қарағым, дұғагөйім, қамқор анам!

Арнап хат жазайын деп алдым қалам. Сені онда, мені мұнда аман сақтап, Көруге жазғай еді хақ тағалам!

«Үмітсіз шайтан болсын» деген сөз бар, Жолдар көп жəннатқа да тарам-тарам.

Оқ тиіп он үшімде, ой түсіріп, Бітпеген жүрегімде бар бір жарам.

Алданып тамағыма оны ұмытсам, Болғандай жегенімнің бəрі харам. Адамнан туып, адамның ісін етпей – Ұялмай, не бетіммен көрге барам?…

Бəдрисафа. Анаңызға ғана емес, бүкіл елге берген антыңыздай екен, төрем. Жүрегіңіз қандай қуатты еді.

Ахмет. Сосын бір əн…

Александра. Жаңа əн бе?

Ахмет. Иə. Сізді ойлағаннан шыққан əн еді.

 

Александра. Мені ойлап?..

Ахмет. Менде де жүрек бар ғой. Жаңа ғана өзіңіз мақтаған жүрек.

Александра. Төрем…

Ахмет. Сөздері қарапайым, жеңіл. Қайырмасын айтайын.

Қосылып көр (Бастайды. Александра ақырындап қосылады).

Ахау, екі-ау жирен, Жалын түйген.

Жалғанда ғашығымсың-ау, жаным сүйген…

Дауыс. Кездесу уақыты аяқталды. Шығыңыз.

Александра. Шіркін-ай, ұрықсат берсе, сізге күніге үш мезгіл келіп тұрсамда, шаршадым демес ем.

Ахмет. Жарайды, түрме күзетшілерін ашуландырып қайтеміз. Бұлардың менен айырмашылығы жоқ. Тор  қапастың мен ішін-   де болсам, олар сыртында тұрады қалшиып. Сосын да байлаулы қабаған иттер сияқты ашулы шетінен… Енді бұдан былай көз ал- дымда келбетің, құлағымда «төрем» деген лебізің тұратын болады, өжетім.

Александра. Төрем… (Олар бір-бірін қимай қоштасады).

 

Татар байы Садық үй алдындағы сәкіде отыр зарланып.

Қасында көршілері: әйел, еркек.

Садық. Жалғызым-ай, көзімнің ағы мен қарасы болған.  Орыс дəрігердің де, қазақ тəуіптің де ем-домы қонбады, қайтейін. Жаратқанның ісіне қылар амалым бар ма… Жомарт, аңғал қазақтың ортасында саудамен тапқан мына байлықты енді кімге қалдырамын.

Әйел. Е, тура келген ажал кəрі — жасына қарамайды деген осы.

Сабыр, байеке, сабыр.

Еркек. Бауыр еті баласын өлімге қиған кім бар дейсің, байеке.

Жаси бермеңіз, өзіңізге ауыр тиіп жүрер.

Ақсаңдай басып, жымсиып Атсыз келеді.

Атсыз. А, ептəшім, халың қалай?

Әйел. Халын сұрап қайтесің. Көрмеймісің? Жан дегенде жалғыз қызынан айрылып қайғыдан қан құсып отырғанын.

Атсыз. Бой жеткен бе еді?

Әйел. Қызы ма? Иə, бой жетіп, толықсып-ақ отырған.

 

Атсыз. Қап-ай, тым болмаса күйеу қызығын да көрмеген екен, байғұс.

Еркек. Әй, найсап! Сен немене, құда түсе келдің бе? Не тан- тып тұрсың өзі?!

Садық. Астапыралла! Қалай ғана дəл бұлай күпір сөйлейсің, Құдайдан қорықсаң етті. Мұсылман емессің бе?!

Атсыз. Мұсылман-пұсырманыңды қоя тұр. Мен өкімет адамы- мын. Маған бəрі можно… Общым, ептəшім, жеке басыңның гөй- гөйін, кəне, тоқтата тұр, маңыздырақ шаруа шығып қалды.

Садық. Онсыз да басым қатып отырғанда ол тағы неменесі

 

еді?

Атсыз. Үйіңе қызметші ұстайсың ба?

Садық. Бір жетім орыс қызын… Иə, жалдадым.

Атсыз. Міне, сені Құдайыңың тас төбеңнен ұрған жері.

Әйел. Мынау өзі кім сонша, кісіні жағадан алып, əзірейілше

 

тергейтіндей зіркілдеп?

Еркек (əйелге). Тегін кісі таз болмайды деуші еді. Дəуде бол- са, адамдардың жүрген-тұрғанын, аузындағы сөзін аңдитын жер- ден-ау, мен білсем…

Әйел. Үйбай-ай, бетім-ай, ендеше бізге де бəлесі тиіп жүрмегей…

Садық. Үйге қызметші ұстағанда тұрған не бар?! Тамағы тоқ.

Көйлектігін де кешіктірмей беріп тұрамын.

Атсыз. Аңқаусыма, ептəшім. Менен бəрібір ештеңе жасыра алмайсың. Мен бəрін білемін.

Садық. Маған неге сонша шүйліктің, өкімет адамы болсаң? Салған тиесілі салығын төлегенмін. Құдайға болмаса, өкіметке қарызым жоқ.

Атсыз. Қарызым жоқ деймісің?.. Сенің ақ патсаға қарсы шығып жүрген қылмыскер Ахмет Байтұрсынұлы дегенмен астыр- тын байланысың ше? Үйіңе кісі ұстап, сол арқылы оған тамақ, киім жіберіп тұратының ше?

Әйел. Ахмет Байтұрсынұлы…

Еркек. Ой, əлгі анау Қоянды жəреңкесіне жиналған халыққа, петиция дей ме, сондай бір қағазға елдің қолын қойғызып алған ер азамат ше…

 

Әйел. Иə, ол өзі көп оқыған кемеңгер кісі деуші еді, қара- пайым халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап жүрген. Мына албастының одан ала алмай жүрген не өші бар екен…

Садық. Менің жалшымды, орыс қызын айтамысың?

Атсыз. Біліп тұрып сұрайсың,ə, татар қу?

Садық. Ойбай-ау, оның ішке бүккен қандай жасырын сыры барын мен қайдан білейін… Күнін көрсін бейшара дедім, аядым.

Атсыз. Егер шынымен де білмеген, алданған болсаң, онда қатеңді түзет.

Садық. Сонда… не істе демексің сен маған?

Атсыз. Ит терісін басына қапта да қуып шық үйіңнен. Кетсін қаңғып.

Садық. Қуып… Жарайды, қусам қуайын. Ол өз еркім ғой. Өз еркім.

Атсыз. Сүйт. Әйтпесе, итжеккенге айдаласың. Итжеккенге. Білдің бе?! Империяның тыныштығы мен айбыны үшін біз жаула- рымызды аямаймыз, кім болса да. Ешқашан! (Кетеді).

Әйел. Ии, байғұс қызды үйіңнен шынымен қуасың ба енді?

Еркек. Жəй, алдаусыратып шығарып салған сөзі шығар. Со- лай ма, байеке көрші?!

Садық. Жалғыз талшық шырағым сөніп, ақылымнан алжа- сып отырсам… Бір аяғы ақсаңдап, бір көзі ақшаңдап… Айтқанына өтірік көнген боп бас шұлғи салмасаң, оңайлықпен кете ме ол ит. Әрине…

Әйел. Өй, қараң батқыр-ай десейші. Өстіп тіміскіленіп жүр- генде сүрініп өлмейді екен бір жерде, қараң қалғыр.

Александра келеді.

Александра. Сүйінші, аға, сүйінші.

Әйел. Тыныш. Сүйіншіңді қоя тұр даурықпай.

Еркек. Естімедің бе?

Александра. Кешіріңіздер… Түрменің тəртібін білесіздер ғой, ұрықсат алып, өйтем-бүйтем дегенше… Ағай, қызыңыздың жаны жəннатта болсын. Қайғыңызға ортақпын.

Садық. Үйден кет, сол болсын маған жасаған жақсылығың.

Александра. Аға-ау, маған кету қиын ба, түйіншегімді қол- тығыма қыстыра салсам болды ғой.

 

Садық. Ана абақтыда отырған… Ұлықтар өзін қатты жек көреді екен. Дұшпанымыз дей ме. Сенің сонда барғаныңды, менің көмектескенімді қылмыс деп білетін секілді.

Александра. Ұлық деп отырғаныңыз Атсыз деген арсыз емес пе, тың тыңдап, бəле іздеп жүретін?

Әйел. Иə, тап соның өзі. Сөзінің ызғары жаман кəпірдің.

Еркек. Итжеккенге айдатып жіберемін деп қорқытып кетті байекеңді.

Садық. Онсыз да қалт-құлт еткен жүдеу жанымның үрейін ұшырып…

Александра. Оның міндеті ғой ел ішінде үрей туғызып, бықсытып жүру.

Садық. Дұрыс айтасың, ол бықсытады. Ал жоғарыдағылар бықсықтың шоғын үрлеп, отын қоздатады. Сосын мына біз сияқты жазықсыздар мен əлсіздерді сол отқа салып күйдіреді.

Әйел. Ойпырмай десейші, қарапайым момын халыққа деген- де тістері неге пышақтай екен солардың. Жерінен қуамын десе, қуады. Абақтыға қамаймын десе, қамайды.

Еркек. Баста еркі жоқтардың күні ғой бұл əлмисақтан.

Александра. Аға, мен сізді түсінемін. Жалғызыңыздан айры- лып күйініп те, күйреп те отырсыз.

Әйел. Оның рас енді. Қаламыздағы пейілі кең, рақымшыл мұсылманның бірі осы кісі ғой.

Еркек. Иə, біз сияқты кедей-кепшік көрші –қолаңына қысылғанда азық беріп, аштан өлтірмей, жақсы қарайласады байекең.

Әйел. Алмақтың да салмағы бар деп біз де қарап қалмаймыз, жұмысын істейміз. Солай ғой, байеке?

Садық. Қарағым-ай, адамның өз жаны өзіне қымбат демей ме… Әйел. Ойбай-ау, бұл саған өз қызыңдай боп кеткен жоқ па еді?! Еркек. Пысық, елгезек өзі, айналайын. Қазақ-мұсылман сал-

тын да жақсы біледі.

Садық. Айтқандарыңыздың бəрі рас. Әй, қуа алмайтын шығармын. Дəтім бармайды. Мұны қусам, өз қолымды өзім кескен болам ғой.

Әйел. Бəсе…

Еркек. Семейдің ірі байы деген атағы бар, бүкіл қалаға қадырлы байекем кімнен қорыққандай еді.

 

Ахмет келеді.

Ахмет. Ассалаумалейкум, Садық аға.

Садық. Уаликумассалам. Танымадым ба, кім боласың?

Александра. Жаңа сізге сүйіншілеп келгенде айтпағым осы кісіге байланысты болатын.

Садық. Тоқта, Ахметпісің?

Еркек. Он жеті мың адамға қол қойғызып, ақ патсаның өзіне қарсы петиция жазған Ахмет?

Александра. Иə, қазаққа еркіндік пен теңдік берілуін талап еткен Ахмет, менің төрем осы кісі…

Әйел. Бəрекелде! Мына біздің Александра қыз артыңнан жүгірсе, жүгіргендей-ақ екенсіз. Қош келдіңіз.

Ахмет. Қош көрдік. Ықылас-қошаметтеріңіз үшін рақмет… Садық аға, жолай естіп-біліп келдім. Қаза артының қайырын бер- сін… Сіз рухы күшті, Құдайына қараған мейірімді жан екенсіз. Александра арқылы түрмедегі маған да тамақ, киім жеткіздіртіп тұрдыңыз, қамқор болдыңыз.

Садық. Алғысыңды Аллаға, сосын мына Александра қызыма айт, інім. Әйел затында тап мұндай табанды, өжет, еңбекқор жанды мен бұрын көрмеппін.

Ахмет. Жұрт мақтаған жігітті, қыз жақтайды деуші еді. Жұрт мақтаған қызға жігіт қалай қараса екен, аға?

Әйел. Көп қарап тұрмайды, үйленеді (Бəрі күледі).

Садық. Түрмеден біржола шықтың ба босап?

Ахмет. Иə. Тар қапастың ішінде бақандай сегіз ай жаттым қамалып.

Садық. Әлгі Атсыз деген…

Ахмет. Ол да осында ма, жеткен екен ғой…

Садық. Әлгінде келіп-кетті, қорқытып, үркітіп…

Әйел. Бірақ біздің байекең ол ақсақ — соқырдың қоқан- лоққысынан пəлендей ыға қойған жоқ.

Еркек. Момын жұртты қорқыту, үркіту ақ патшасынан ақша алатын қызметі, қайтсін байғұс.

Садық. Жоқ, ағайын, қорықпадым десем, жалған болар. Қорыққанда қандай. Жүрегім өкшеме кете жаздады… Итжеккен деген жақсы жер емес.

Ахмет. Дəл қазір енді одан қауіп жоқ, қайсымызға да. Мен түрмеден босандым ғой.

 

Садық. Аумин.

Бəрі. Аумин.

Садық. Лайым солай болғай. Уһ, жаралы жаным бір жеңіл- деніп қалды-ау… Ал енді не істемек ойың бар, інім?

Ахмет. Не істеу керегін жаңа өзіңіз айттыңыз емес пе, аға.

Садық. Не деппін, есімде жоқ.

Әйел. Үйлен дегенсіз.

Александра. Мен мұсылман дінін қабылдайтын болдым, аға.

Садық. Әп, бəрекелде, інім. Орысқа үйлендің деп кекетіп- мұқататындардың аузына құм құятын болыпсың. Жарайсың.

Ахмет. Ондайларға берер жауабымды да алдын ала дайындап қойдым.

Садық. Қане, айтып жіберші, не демек екенсің.

Еркек. Біз де естиік.

Әйел. Иə, біз де естиік.

Ахмет. Есімі Александра Ивановна, Құдайдың ризамын қиғанына.

Бір кəпірді мұсылман қып сауаптасам, Тұрмай ма он қазақтың иманына.

Садық. Әп, бəрекелде… Некелеріңді мешітте, молдаға қиғы- затын шығарсыңдар?

Ахмет. Әрине, аға.

Александра. Мен басыма салатын орамалымды да дайындап қойдым, аға.

Әйел. Мен мұсылманша етіп орамалды жақсы байлаймын, қызым. Маған байлатқызатын бол.

Александра. Болсын тілегіңіз, апа. Басыма орамалды сіз салыңыз.

Садық. Бəрекелде… Кейде адам өмірдің осындай əдемі қалыбын көріп те жұбанады екен. Қызымның мезгілсіз қазасынан кейін түсіп кеткен еңсем қайта көтерілместей көрініп еді. Сен- дердің қуғын-сүргінде жүрсеңдер де өмірге деген құштарлық- тарыңа сүйсінгеннен сол жаралы қам көңіліме қазір көктем кіргендей боп көңілденіп қалдым, қарақтарым. Қиналғанда қасымнан табылғандарың үшін, көршілерім, сендерге де ризамын.

Александра. Айта беріңіз, аға.

Ахмет. Тілегіңіз болса, іркілмеңіз, айтыңыз, аға.

 

Садық. Бір тілегім бар. Мұсылмандықты қабылдарда қалыңдықтың Александра деген аты өзгереді. Менің өлген қызымның атын алсын. Бəдрисафа болсын. Қызым өлген жоқ, есімі жақсы адамға ауысты деп көңіліме демеу етіп жүрейін. Қалай, бола ма?

Ахмет. Болсын аға, тілегіңіз… Әлде, сіз…

Александра. Жо-жоқ, қарсы емеспін. Қарсы емеспін. Тек қандай мағынасы бар бұл есімнің, аға, білуге бола ма?

Садық. Бұл есім, қарақтарым, арабшадан аударғанда Бəдрун – толық ай, Сафа – кіршіксіз таза деген ұғымдарды білдіреді.

Ахмет. Өзі де тап сондай… менің қалыңдығым.

Александра. Төрем, ұялттыңыз ғой.

Садық. Ал қарақтарым, олай болса, əуелі үйге кірейік.

Еркек. Иə, кірейік. Кіріңіздер. Мен құран оқып жіберейін.

Садық. Сосын пісміллə деп той дайындығын бастап жіберсек те болады…

Әйел. Байекем-ай, əріден ойлайтын əулие екенсіз ғой. Өлгені тіріліпті деп осындайдан шығарып айтқан болар бұрынғылар. Тек ұзағынан сүйіндірсін Алла. Ұзағынан.

 

Бастапқы көрініс. Бәдрисафа мен Перизат.

Перизат. Ақ апа, сіз қандай бақытты болғансыз.

Бəдрисафа. Қазір де бақыттымын. Бір рет бақытты болған адамның сырт келбеті жүдеулік көргенмен, сол тапқан бақыты жүрегінде мөрленіп, өле-өлгенше жан дүниесін шуақтандырып тұрады, ақылдым.

Перизат. Ол кісіні қазір ел біле ме, ақ апа?

Бəдрисафа. Оқыған үлкендер жағы əдейі білмеген болады, бірақ біледі. Кейінгі жастар сендерге ғана əзірше беймəлім.

Перизат. Балаларыңыз болды ма, ақ апа?

Бəдрисафа. Мен балаларымның аттарын Ахметке ұқсатып Махмет, Рахмет, Нығмет, Ісмет деп шұбыртып  қоя  берсем  де- уші едім… Бірақ Семейдің түрмесінен кейін де көп айдау көрдік. Денсаулығым нашарлады.

Перизат. Қандай аянышты. Мұңайып кеттім ғой.

Бəдрисафа. Аяма мені. Біз, əсіресе, Ахмет төрем, аяушылықтан жоғары тұрмыз!

 

Перизат. Кешіріңіз, ақ апа. Енді мұңаймаймын. Міне, көзімдегі жасты сүртіп тастадым.

Бəдрисафа. Ақылдым-ай, кіршіксіз ақ жүрегің кірлемей өссең ғой, шіркін… Иə, мұратты үлкен жолдың үстінде бірге жүріп, бірін-бірі шын сүйген жандар түрмеде де бақытты болады екен. Мен соны білдім, ақылдым.

Перизат. Ақ апа, түрме деген есік-терезесі тышқанның інін- дей үңірейген, жарығы, ауасы жоқ қараңғы көр сияқты болады дейді ғой үлкендер.

Бəдрисафа. «Адам үш күннен кейін көрге де үйренеді» де- мей ме сол үлкендер. Алғаш Ахметпен бірге ұстап,  абақтыға  қоса қамағанда бірден ауырып қалдым. Сонда төрем түрме бастықтарына: «Менің əйелім – Бəдрисафа қазір қатты ауруға шалдыққан. Мені сонда ауыстырсаңыздар, денсаулығына қара- самын» деп, хат жазып, ақыры дегеніне жеткен еді. Иə, сүйтіп біз жаңа өзің суреттеген жаман түрменің ішінде де жұбымызды жаз- бай бірге отырғанбыз. Ойлап қарасам, төрем екеуміздің ол да бір бақытты сəттеріміз екен шынында.

Перизат. Ақ апа, шаршатып алған жоқпын ба сізді көп сөйлетіп. Біртүрлі жайсызданып кеттіңіз ғой.

Бəдрисафа. Кеше өзендегі ұйықтан балық ұстаймын деп, салқын суда көп жүріп қалдым ба,сірə, содан бойыма суық тиген- ау. Аздап сүт ысытып жіберсең қайтеді, ақылдым?

Перизат. Ақ апа-ау, от жақсақ түтін шығады ғой.

Бəдрисафа. Сəл ғана дыз еткізерсің. Біреу көретіндей түтін шыға қоймас.

Перизат. Ақ апа, Ахмет көкем көп кітап жазған дейсіз. Қандай кітаптар, білуге бола ма?

Бəдрисафа. Крылов дегенді оқисыңдар ма?

Перизат. Оқимыз. Мынадай бір өлеңін білемін: Жүк алды шаян, шортан, аққу бір күн, Жегіліп тартты үшеуі дүркін-дүркін.

Тартады аққу көкке, шаян кейін,

Жұлқиды суға қарай шортан шіркін. – Күлкіңді келтіреді.

Қызық.

Бəдрисафа. Қызық деймісің?

 

Перизат. Үшеуі үш жаққа тартады. Жүк орнынан қозғалмайды. Түк білмес, берекесіз надандардың ісі емес пе. Мұндайға қалай күлмейсің.

Бəдрисафа. Осы мысалды қазақшаға кім аударғанын айтты ма мұғаліміңдерің?

Перизат. Жоқ.

Бəдрисафа. Ендеше мұны аударған Ахмет көкең. Сендердің кітаптарыңның ішіне ақылды біреу əдейі білдірмей кіргізіп қойған ғой… Демек, қанды қол жендеттердің оның атын да, еңбегін де жер- ге көмдік дегендерінен бəрібір түбінде түк шықпайды. Өйткені ол ел жақсыларының жадынан өшкен жоқ, өшпейді де ешқашан. Ай- ттым ғой, ол – Күн, сəт сағаты туғанда жарқ етіп шығып, шапағат нұрын шашады елі менен жеріне… Мен оның бір өлеңін қағазға жазып қойғам саған деп. Сен оны ешкімге көрсетпей оңашада тез жаттап ал да, сосын қағазды жыртып таста, жарай ма?

Перизат. Жарайды, ақ апа… Сүт ысыды, мінеки, алыңыз (Бəдрисафа қағазды Перизатқа беріп, сүттен бір-екі ұрттап қана ішеді).

Бəдрисафа. Біртүрлі ештеңеге зауқым жоқ бүгін.

Перизат. Ақ апа, сіз ауырып қалдыңыз-ау деймін?

Бəдрисафа. Жоқ. Мен түрмені жеңген адаммын. Ауырмай- мын. Тек төремді сағынып кеттім. «Төре демалып жатыр», «Төре жазу жазып отыр», «Төре біледі» деп өзім сүйсініп айтатын сөздерімді сағындым… Төремді соңғы рет 1937 жылдың 8 тамы- зы күні ұстап əкеткен еді, ал мені үш күннен соң, 11 тамыз күні тұтқындады. Содан бері мен төремді көргем жоқ… Мен осы жерді, өзеннің мына биік жарын бекерден бекер таңдады деймісің. Осы биіктен анау алдымдағы кең көсілген Торғай даласына қараймын. Бұл дала менің төремнің табан іздерімен өрнектелген. Егер ол жүрген жолдың бір ұшынан аяқ бассаң, жарты дүниені шарлап өтесің. Ақтөбе, Қарқаралы, Семей, Томбы, Орынбор, Ташкен, Қызылорда, Алматы боп жалғаса береді, жалғаса береді… Сен де қарашы, жассың ғой, көзің өткір.

Перизат. Ақ апа-ау, кеш түсті ғой, дала тас қараңғы.

Бəдрисафа. Қараңғың не, ақылдым-ау, дұрыстап қарасайшы. Әне, дүбір естіледі, ат дүбірі. Менің төрем ғой. Әне, ол ақбоз аттың үстінде отыр, алдындағы қараңғылықты қақырата тіліп, құйғыта шауып барады қазақтың кең даласын бетке алып. Төрем, төрем…

 

Перизат. Ақ апа, ақ апа, сіз… сіз ауырып қалдыңыз. Қатты ауырып отырсыз (Бетіне қол тигізіп). Айттым ғой, ыстығыңыз көтеріліп кетіпті. Біраз жатып демалыңызшы, өтінемін. Мен үйге тез барып келе қояйын, дəрі іздеп… (Кетеді).

 

Қапизаның үйі. Төрде шоқиып Атсыз үлкен кеседен қаймақ жеп, Қапиза оған қызмет көрсетуде.

Атсыз. Ана жақта қырғын соғыс. Солдаттарға нан жетпей жатқанда сендер қаймақ жейсіңдер, ə.

Қапиза. Ақ ортақ, елде болса ерінге тиеді деген, міне, саған да бұйырды.Алыңыз, алыңыз.

Атсыз. Қаймақты менен басқа ешкімге беруші болма. Әйтпесе, білесің ғой…

Қапиза. Жарайды. Ел қамын ойлаған жауапты адамсың, жесең же, жей бер.

Атсыз. Қызың кешікті.

Қапиза. Құрбысымен бірлесіп қиын есеп шығарып, бөгеліп жатқан шығар. Келер.

Атсыз. Ер жеткенін білдіріп, бір жерде бой көрсетіп жүрсе ше? Қапиза. Қойшы, өзің не айтып отырсың, Құдайдан қорық- сайшы. Алтыбақан теуіп, ойын-сауық құратын заман ба қазір. Қай

үйде де уайым-қайғы, жылап-сықтау.

Атсыз. Тоқтат, қисық сөзді! Ана жақта қызыл əскер фашистер- ді дүркірете қуып жатса өкшелеп, мына жақта біз оларға жағдай жасап, ара-арасында қыз-қырқынның да көңілін тауып дегендей, жүрміз ғой əлəулайлатып… Көңілдіміз.Тоқпыз. Бақыттымыз.

Қапиза. Же, молырақ етіп асап же, ұялмай жей бер.

Перизат асығыс кіріп келеді.

Перизат. Апа, ақ апа… (Атсызды көріп, іркіледі).

Атсыз. Неге бөгелдің, сөйле… Біреу өзіңді оңашада қытықтап көңіліңді тапқандай ма, бойжеткеніңді білдіріп, танаурап тұрсың ғой.

Перизат. Апа, мына кісіге мен осы не жаздым, маған неге тиі- се береді?

Қапиза. Мінезі ғой, үлкен-кіші демейді, əзілдеген боп аузына келгенді ойланбай айта салады.

Атсыз. Не, əнеуде маған тіл тигізіп қылмыс жасағаныңды ұмыттың ба? Қылмыстың өтеуі деген болады.

 

Перизат. Кешіріңіз, аға. Көшедегі қаңғыбас иттен қорқып қашқан едім.

Атсыз. Жалтарма, қу қыз. Жаңа ақ апа дедің, ол қай ақ апаң?

Қапиза. Маған еркелегені ғой. Бірдеңеден қорықса, қуанса, кейде мені осылай ақ апа дейтіні бар. Бала емес пе.

Атсыз. Өзен жақтан түтін көрмедің бе?

Перизат. Жоқ. Ол жаққа қарағам да жоқ. Қорқамын.

Атсыз. Солай де, қу қыз.

Қапиза. Ауыл итінен қорқатын бала қасқырлар жүретін жаққа несі бар қарап. Кеш түскенде жүрегі ұшып кетпей үйге аман-есен келгенінің өзі шүкір емес пе.

Атсыз. Жарайды, онда мен кетейін (Беліндегі наганын тексе- реді). Итке таяғым, қасқырға наганым бар… Маған деп жинаған қаймағыңды басқа біреу жеп кетіп жүрмесін. Понятно! (Кетеді).

Қапиза. Алды-артыңа бір уыс топырақ, қараң қалғыр. Жегенің желкеңнен шықсын.

Перизат. Апа, ақ апа ауырып қалды. Ауырғанда да біртүрлі, көзіне өткен өмірі елестеп…

Қапиза. Ей, балам-ай, адамның алды тұйық əрі жолсыз тас қараңғы болса, өткенін көзіне елестетіп, соған алданбағанда қайтеді.

Перизат. Үйде дəрі жоқ па, ыстық басатын?

Қапиза. Дəрі-дəрмек дегенді біздің үй түгіл, бүкіл ауылдан таппаймыз ғой, қызым-ау.

Перизат. Енді қайттік? Ақ апам ана жақта…

Қапиза. Тоқтай тұршы, қызым, түймедақ бар, жазда жинап, кептіріп қойған ем. Сенің тамағың ісіп, қызуың көтерілгендей бол- са ішкізейін деп.

Перизат. Ендеше соныңды берші тездетіп. Қайнатып, суын ішкізе қояиын ақ апама.

Қапиза. Қызым, сен ол жерде от жақтың ба?

Перизат. Сүтті жылытып бер дегесін, шамалы жақтым да сөндірдім.

Қапиза. Әлгінің түтін көрдің бе деуі жаман еді. Бүлдірген екенсің ғой, қызым.

Перизат. Біліп қойғанда ақ апама не істемек ол? Ақ апам… бары-жоғы белгісіз. Біреуден бірдеңе сұрап мазасын — ап жүрген жоқ. Оның үстіне өзі ауру.

 

Қапиза. Адам атын жамылған иттерге тоқтау бар ма… Атсыз сияқты ақымақтарды айдап салып, ел басынан əңгір таяқ ойнатып, ойларына не келсе, соны істейді… Сен үйде қал. Мен барайын. Ол ит саған бала деп қарап жүрген жоқ… Түсінікті ме?..

Қапиза кетеді. Перизат сықсима шамның түбіне келіп, қолындағы бір жапырақ қағаздағы өлеңді күбірлеп оқып, жаттай бастайды.

Перизат. «Рақымсыз өтсе де өмір – жасым… Рақымсыз өтсе де өмір – жасым… Бұл жөнімнен Құдайым айырмасын… Бұл жөнімнен Құдайым айырмасын… Құдайым айырмасын…» (Қалғып отырып, ұйықтап кетеді).

Қапиза келеді.

Перизат. (Шешесінің аяқ дыбысынан оянып). Ақ апама шөп дəрі ішкіздің бе? Тəуір болды ма?

Қапиза. Ақ апаң енді жоқ, қызым.

Перизат. Қалайша жоқ?! Ауырып жатқан адам қайда кетуші еді?! Менімен бүйтіп ойнамашы, апа. Қорқытып жібердің ғой, апа…

Қапиза. Шын айтам, орнынан таппадым, ақ апаңды.

Перизат. Қасқыр жеп қоймаса, өзен алып кетпесе, неге орнын- да болмайды? Әлде, қасқырдан қорқып орта жолдан қайтып кеттің бе?

Қапиза. Адам қасқыры болмаса, ондай əулие кісіге кім тиі- суші еді, қызым-ау. Ақ апаң ұшып кеткен білем, аруаққа айналып.

Перизат. Ұшып деймісің. Ақ апам ұшып кетіп пе?

Қапиза. Білмеймін. Алыстан бір ақбоз ат көрдім, құйғытып бара жатты артында жарқыраған жарық сəуле қалдырып… Сол ақбоз атқа екеуі міңгесіп, бірге кетті-ау деймін, қызым.

Перизат. Бəсе, Торғай жақтан ақбоз ат көрдім. Үстінде Ахмет төрем отыр дегенде, сенбеген едім.

Қапиза. Біз көрмейтінді əріден, ту-ту тым əріден көретін көреген кісілер болады, қызым.Ахмет көкең сондай кемеңгер адам болған, қызым. Ондай адамның алған жары да өзіне лайықты боп келеді. Ел жадында Ахмет барда сенің ақ апаң Бəдрисафа аты да бірге жасайды, өшпейді, қызым.

Перизат. Алақай, ақ апам қандай бақытты еді…

 

Сахна алакөлеңкеленіп жарық қайта берілгенде, ақ матаға оралған ескерткіш. Адамдар. Бір шеттен қасына он үштер шамасындағы немере қызын ерткен, қартайып кемпір болған Пе- ризат шығады.

Перизат. Сəл-пəл дем басып алайыншы, жарқыным. Сен де ана қолыңдағы өлеңді жақсылап бір қайталап оқып шық. Кезін- де мен оны ақ апам Бəдрисафаның өз қолынан алып, жасырынып жүріп жаттаған едім. Сен болсаң, қазір оны саңқылдатып салта- натты жиын алдында айтасың ғой.Топ ішінде сөзінен жаңылып, қақалып-шашалып тұрсаң, сенен бұрын жерге мен кіріп кетермін ұяттан.

Нұрсая. Рақымсыз өтсе де өмір-жасым,

Бұл жөнімнен Құдайым айырмасын. Ұзақ жолға ниет қып бір шыққан соң, Жарым жолда қайтпаспын, қарындасым!

Су да болар ол жолда, тау да болар, Жаудың оғы – жайған тор, ау да болар. Мынау пайда, мынасы зиян десек,

Ол ерліктің ісі емес, сауда болар.

Тəн көмілер, көмілмес еткен ісім, Ойлайтындар мен емес, — бір күнгі ісін. Жұрт ұқпаса ұқпасын, жабықпаймын, Ел – бүгіншіл, менікі – ертеңгі үшін!

Осы кезде ескерткіштің пердесі сыпырылады да, аржағынан Бәдрисафа келбеті жарқ ете  түседі.  Экраннан  Ахмет  су-  реті беріледі. Мүсін мен сурет жұптасады. Қол шапалақтау, қуанышты дауыстар. «Екі жирен» әуені ширыға, шарықтай түседі.

 

Соңы.

 

Астана. 2013 жыл, наурыз-сəуір – мамыр – маусым.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *