АЛАШТЫҢ АРДАҚ ТҰТАР АЗАМАТЫ
Көңілге қалың бұлт тұмшалаған 30-шы жылдардың зобалаңы тарихымызда қанды ізін қалдырды. Сол нəубет жылдарында қазақтың сайын даласының күреңбел төскейін тастап, «елім-ай- лап» басы ауған жаққа босыған бейкүнə халықтың қан жұтқан кей- пін көргенде, лықылдап сыртқа төгілген ащы зар-үнін естігенде жанар жасқа толып, сай-сүйегің сырқырар еді. Ақ пен қызылдың ат ойнатқанына шыдай алмаған ел судай сабылып жатты. Ошақтағы отты дұрыс жақпай жатып қазанның қақпағын қайта-қайта ашып қарай беретін бала тəрізді ақтарға бір, қызылдарға екі қараған қазақ жұрты екі оттың ортасында қалып, халқымыздың тең жартысының қырылуымен тынды.
Әйтсе де болашағына сенім мен үміт арта қараған алаштың зиялы азаматтарының ұлт бостандығы үшін жан аямай күрескені, таптық көзқарас ырқына көнбегені қарақан бастарының қамы емес еді. Біздер жетпіс жыл бойы сол ұлыларымызды «жаңа коғамның» қас жаулары деп кінəлап, күстаналап келдік. Қанатымен су сеп- кен қарлығаштай шыр-пыры шығып халқына араша түскенін қаперімізге де алмадық.
Міне, бүгінде сондай асыл арыстарымыздың есімдерін ортамызға оралтып, өшкенімізді жаңғыртып, өлгенімізді тіріл- тіп жатқан шақта қудалаудың құрбаны болған Әлихан, Ахмет, Міржақып жəне Мағжандарды қабырғамыз қайысып тұрып еске алудамыз. Осылардың қатарында əйгілі «Алашорданың» шаңырағын көтерісіп, уығын шаншысқандардың бірі, көкшелік жерлесіміз Айдархан Тұрлыбайұлының да бар екендігін бүгін біліп отырмыз.
Айдархан Тұрлыбайұлы бұрынғы Көкшетау облысына қарасты Келлер ауданының Талап ауылында (бұрынғы Жортықай ауылы) дүниеге келген. Біздің қолымыздағы деректер негізінен 1917-1919 жылдар аралығындағы қазақ даласында болған «Ала-
шорда» дүрбелеңінен сыр шертеді. 1902 жылы Санкт-Петербург университетінің заң факультетін үздік бітіріп, елге оралған ол Омбы қаласында тұрақтап қалғанға ұқсайды. Ол уақытта Омбы патша үкіметінің Сібірдің «бұратана» халықтарын бағындыру саясатын жүзеге асыруда басты тірегі болғаны тарихтан белгілі. Сонымен қатар Омбы қазақ зиялы қауымының көзін ашып, сая- си көзқарасын қалыптастыруда қанат бітірген киелі ордалардың бірі болатын. Айдарханның да Петербург университетін бітірісі- мен осында келіп, заң орындарында қызмет атқаруы тегіннен тегін емес.
Айдархан Тұрлыбаев
Қазақты бұратана халық деп тағылыққа теңеген патша за- манында оқыған қазақтар əр өңірден шықты. Ресейдің іргедегі қалаларын былай қойып, сол кездегі европалық шаһар – Санк- Петербургтің жоғары оқу орындарында білім алған қандастары- мыз аз болған жоқ. Көзі ашық, көкірегі ояу азаматтардың бойындағы басты қасиет – ұлтжандылық еді. Орыстың оқуын оқыса да, патшаға беріліп қызмет етіп кеткен жоқ. Ең алдымен, өзінің туған ұлтын ойлап, қам жеді. Осы Омбыда генерал гу- бернатор Капцевич кезінде Сібір қазақтарының жарғысын жа- сап, қазақтарды бөліп алып билеудің жүйесін енгізген. Хандық құрылымды құртып, аға сұлтандар арқылы билеудің дала қазағы үшін түптің түбінде сор болатынын оларда ескермеді дейсіз бе?! Қазақтың өз ішіндегі алауыздығы да осы кезеңде өрши түсті. Міне, алаштық идеядағы қайраткерлер қазақтың ұлттық тұтастығын сақтаудың негізін қалады. Ел болу үшін біреудің жете-
гінде жүру ешқашан бостандыққа жеткізбейтінін де түсінді.
Айдарханның да жоғары заң білімін алып келіп, оны өз халқының мүддесіне бағыттауы барша алаштықтарға тəн сипат еді. Патша құласымен алаш қозғалысына алғашқылардың бірі бо- лып енуінің астарында да осы жайлар жатыр. Ол сол көзқарастан айнымай өмірден өтті.
Осы ауылдың тумасы Шаяхметов Жастілек деген азамат та жас кезінде ел ақсақалдарынан естігендерін еске алғанда айтқандары мынау еді:
– Бала күнімде ауылымыздың көпті көрген қариялары Айдарханның Омбы қаласында прокурор, адвокат болғандығын, тіпті Айдарханның үйіне бара қалғанда онымен еріп Ертіс өзенінде коньки теуіп, қызықтайтынын ауыздарынан сулары құрып айтатын. Балалық қой, сол кезде жете мəн бермегенімізге қазір өкінгендей де болам.
Көкейде Айдарханның артында ұрпағы қалды ма? деген сау- ал тұр. Бұл ретте оның Санкт-Петербургте тұратын немерелерінің бұрнағы жылдары ата жұртына келіп кеткендігін ұзын құлақтан естігенімізді тілге тиек ете отырып, келешекте олармен байланыс жасаудың жолын қарастыру міндет. Өйткені олардың қолында тың деректердің жатқанында дау жоқ.
Біз Айдархан есімін қайта тірілтуді парыз бен қарыз тұрғысынан алсақ та, оның жоқшысы, жоқтаушысы бола білу əрбір азаматтың, əрбір жерлесінің абзал парызы деп ойлаймыз.
Айдархан арқалы азаматтығын Ақмола губерниясының
«Алаш» партиясын басқарып жүргенде анық танытты. Ол 1917 жылы 25 сəуірде Омбыда ашылған Ақмола губерниясы қазақтарының жалпы құрылтайында басшылық жасады. Оны Т.Кəкішевтің «Сəкен Сейфуллин» атты еңбегінен де көруге бо- лады:
«Съезд председателі присяжный поверенный Айдархан Тұрлыбаев, оның орынбасарлары «қазақ» газетінің атынан келген Міржақып Дулатов, Ережеп Итбаев болды» делінеді. (103 бет).
Бұл жиын «Алашорда» қазақ ұлттық үкіметінің дүниеге келуінің алғашқы баспалдағының бірі болса керек, іле басқа өңірлерде де құрылтайлар өткізіліп, онда саяси партия құру мақсат етілді. Жəне «Жас қазақ» ұйымына біріккен қазақ зиялыларының екінші тобы «Алаш» партиясына қосылмайтындықтарын білдіріп, іргелерін аулақ салды.
Әрине, Омбыдағы «Алашты» Айдархан басқарғанмен Әлихан Бөкейхановтың қазақ жерінің барлық өңірлеріндегі ұлттық партияға басшылық жасап, тізгінін қолында ұстағаны белгілі. Сондықтан
«Алаш» партиясын құрудағы еңбегі ерекше зор. Өйткені, оның қолға алуымен 1917 жылы маусым айында «Алаш» партиясы құрылса, ал араға бірнеше ай салып, яғни, желтоқсан айында Орынбор қаласында «Алашорда» үкіметі дүниеге келді. Оның құрылтайына арнайы шақыру алған Айдархан Тұрлыбайұлының осы жиыннан кейін тұлғасы сомдалып, мəртебесі тағы бір көтерілді.
«Алашорда» басшылығына Қазақстанның барлық өңірлерінен он бес адам іріктелініп алынды. Үкімет төрағалығына ұсынылған үш адамның ішінде Әлиханмен бірге Айдархан да бар болатын. Олардың аттары тасқа салынғанда Әлиханнан кейінгі көп дауысты осы Айдархан алғаны қазақ қауымында оның есімі жақсы таныс екендігін аңғартады.
«Алашорданың» құрылу құрылтайына арнайы шақыру алғанына қарамастан Омбыдағы «Жас қазақ» ұйымы өздерінің
«Тіршілік» деген газетінде алаштықтардың ұлттық бөлінеміз де- уін құптамай, сорпаны судай сапырумен болды. «Қазақтың жауы
қазақ» деген тегін айтылмаса керек. Сол бір ел басына күн туған дүрбелең кезеңде қазақ зиялыларының осылайша қақ жарылып, екі қайықтың құйрығынан ұстап, бір-біріне ымырасыз ашық күрес жүргізуі жетіскендік емес еді. Мəселен, «Қазақ» газетінде М.Дулатовтың «Үш жүздің қулары» деген мақаласы жарияланып, онда «Алашқа» қарсы «үш жүз» партиясының құрылғандығы, олардың саяси күрестен гөрі, əпербақандық жолмен алаш өкілдеріне сес көрсете бастағанын ашына жазды. «Үш жүз» партиясының орталығы Омбыда болғандықтан жергілікті «Алаш» партиясына, оның ішінде Айдарханға таяқ ала жүгірді.
«…Тұрлыбайұлын тауып әкелуге Әйткенұлы («Үш жүздің басшыларының бірі) өзі шығып, үш «милиционерін» алып іздеп кетті. Отыз, қырық минуттан соң, өзінің «милиционерлері- мен» Әйткенұлы қайтып келді…
Топқа айтты: «Тұрлыбайұлы қашып кетті. Бірақ үйіндегі екі иті ұрылды» деді. (біреуі көшір, біреуі аспазшы). («Тар жол тайғақ кешу», 83 бет).
1919 жылы Ақмола губерниясындағы қызылдар билігі көпке ұзамады. Ол құлағаннан кейін оның орнына қолында билігі бар бірнеше «үкіметтер» келді. Әрине, жалпы билік Сібір үкіметінің қолында болды. Мəселен, Т.Кəкішевтің жоғарыда аталған еңбегінде бұл үкіметтердің жай-күйі былайша суреттеледі. (Бұл арада «Ала- шорда» қазақ үкіметін Сəкендер ұлтшыл үкімет деп танығанын еске сала кетеміз. Автор).
«Октябрьдің ұлы дауылынан кейін «саясат майданы мыс қазандай қайнады. Қартайған дəуір мен жас дəуір белдесті. Талас- тартыс, қайнаған күрес майданы қызды. Совет өкіметін Ақмолада бірден қалтқысыз қарсы алған «Жас қазақ» пен бір-екілі жасырын ұйым ғана болды.
Ақмолада бірнеше «үкімет» бар. Керенскийдің уақытша ко- миссары Петров əлі де болса қоқиланып қояды, бірақ үрлеп қойған торсықтай сыртын кампайтады. Шен-шекпендерінің үстінде жүргеніне мəз. Омбыдағы облыстық комитеттен келген Мұқтар Саматов ептеп ем жасап, жан беруге тырысқан. Қазақ комитеті өлексесін сүйретіп о да жүр. Патша үкіметіне жанын жалдап, жаңалық атаулыға гүрзі сойыл болған казак-орыстың басқармасы да торға түскен арыстандай айбат қылады, бірақ бөксесінен шойырылыпты. Құрылтай жиналысының желігімен елді аузыма
қаратсам-ау дейтін земство комитеті ділмəрлыққа басқан» (108 бет) деп анықтама беріледі.
Бұл қосарланған үкіметтердің ымыраға келе алмай, бірі тышқан, екіншісі мысық болып қас-қабақтарын баққан шағы. Әрине, «Ала- шорда» қазақтың ұлттық автономиялығын алға тарта отырып, кей- бір «үкіметтерге» өзінің осал жау емес екендігін анық аңғартып үлгерген. «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады» дегендей,
«Үш жүз» партиясы да Сібірдің барлық министрлеріне барынша жəрдем көрсетуге даяр екендігін, бірақ үкімет мүшелерінің бірі Бөкейхановқа ғана сенім білдірмейтінін алға тартып, оны қууды та- лап етті. «Үш жүздің» бұл əрекеті алаштың қамын ойлағандықтан емес, қайта халық қамқоршысы Бөкейхановты аяқтан шалуға ни- еттелгенін, оның тізімінде болған Сəкеннің өзі байқамай қалған.
Міне, айналасындағыларға сергек сезімталдық, асқан байыптылықпен қарай білген Әлихан мен Айдархандар халқына пайда тиер іс істеуге тырысты. Бірақ діттеген мақсаттарына жете алмай қыршын кететінін сезбеген еді. Жалпы, 1919 жылы бүкіл алашордашыларға Ленин декретімен рақымшылық жасалғаны белгілі. Әйтсе де Айдарханның бұдан арғы тағдыры не болғаны, Ахметтер сияқты қызылдар үкіметі жағына шыққан-шықпағаны тағы беймəлім. Тек біздің білетініміз, ол 30-шы жылдардың басын- да өзінің досы Міржақыппен бірге Карелиядағы Соловки лагерін- де айдауда болғандығы. Міржақыппен арадағы достық қарым- қатынасы «Алаш» партиясы төңірегінде ғана емес, айдауда жүрген уақытында тіптен жақындаса түскен сияқты. Оны 1934 жылы Со- ловкиде түскен суретте де айғақтайды.
«Қазақ əдебиеті» газетінің 1990 жылғы 10 тамыздағы нөмірінде
«Жұмсақ па, жамбасыңа жатқан жерің?..» деген көлемді мақала жарияланды. Онда Міржақыптың айдауда жүрген кезеңі, кейіннен өз ажалынан қайтыс болғаны, қабірі əлі күнге дейін сақталғаны жəне онымен бірге болған белгілі академик Лихачевтің естеліктері берілген екен. Мұнда Айдархан Тұрлыбайұлына да қатысты бір- екі ауыз сөз айтылды.
Иə, Айдархан ағамыз бар саналы ғұмырын елінің ертеңіне арнап тынымсыз тірлік кешкенінде сөз жоқ. Ол осыншама қайғы мен қасіретті, қиындық пен қысталаңды кесе көлденең кездестірсе де, мойымаған қайсар жан. Өйткені, ол темір тордың аржағында айдауда жүріп халқына қолынан келген еңбегін сіңіре білді. Оны
Міржақыппен бірге Соловки лагерінде істеген істерінен көруге болады. Мəселен, аталған лагерьдің бұрынғы тұтқыны, профессор Ю.Чирков өз естелігінде былай дейді:
«М.Дулатов өзінің бастамасы бойынша лагерьдегі кітапхананың екі-үш сөресін қазақ әдебиетімен толықтырды. Бұл орайда оған көмек көрсеткен Октябрь революциясына дейін Санкт-Петербург университетін үздік бітірген жерлесі, адвокат Айдархан Тұрлыбаев еді (Қазақ әдебиеті) газеті, 1990 ж. тамыз».
Сөзіміздің басында айтқанымыздай Айдархан Тұрлыбайұлын қалың қазақ ұлтының қамын жеген абзал азамат тұрғысында əспеттеуіміз керек. Біздің бұл ой-пікірімізді «Азаттық» радио- станциясының қазақ бөлімін басқарған, «Алаш» сыйлығының иегері, ғалым-жазушы қандасымыз Хасен Оралтай да өзінің
«Мұстафа Шоқай жəне оның шетелдік серіктері» деген еңбегінде тірілткендей болады.
«Оның (Мұстафаны айтады) мұраттас-мүдделес ағалары мен үзеңгілес серіктерінен Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсын, Міржақып Дулат, Халел Досмұхамед, Мағжан Жұмабай, Мұхамеджан Тынышбай сияқты кейбір «Алаш» ардагерлері жөніндегі еске алулар, шеттен көзге түсуінше, кезінде оларға аяусыз шабуылдап, Мәскеудің сойылын көтеріп, Сталин жасасын дап арпалысып жүргенде өмірлері өшірілген. Сондай-ақ Қошке Кемеңгерұлы, Жаһанша Досмұхамед, Райым- жан Марсық, Жақып Ақбай, Садық Өтеген, Ахмет Бірімжан, Әзілхан Кенесары, Айдархан Тұрлыбай, Сейітқазым Қадырбай және жүздеген басқалар сияқты Мұстафа Шоқайдың да мұраттас-мақсаттас аға-інілерінің тәуелсіз Қазақстанда әлі лайықты түрде аттары аталып, жас ұрпаққа толық таны- стырылмай келеді» («Егемен Қазақстан», 1997 ж. 22 қаңтар).
Иə, осындай таныстырылмай, аты атаусыз келе жатқандардың бірі Айдархан Тұрлыбайұлы десек бұл ол жайындағы алғашқы тырнақ алды мақала болғандықтан, келешекте оның өмір жолын терең зерттеу қажет деп санаймыз. Өркен жаяр елдің басын мұнар шалса да, іргесін сыз ала алмайтыны ақиқат. Ендеше осыдан ондаған жылдар бұрын Айдархандардың асыл арманы болған қазақ елінің тəуелсіздігі де қолымызға тиіп, ер есімін ел есінде сақтаймыз деп талпыныс жасап жатқанымызға да шүкіршілік деу керек.