Пайғамбарымыздың артта қалған жәдігерлеріне құрметпен қарау дінімізде қаншалықты маңызды?

 

Дін Исламның еш жерінен шашау шықпай басы бүтін жетуінде сахабалардың еңбегі орасан. Хадисте «аспандағы жұлдыздарға» теңелген осы құтты жамағат Расулаллаһтан қалған рухани мұраны ғана емес, заттай жәдігерлерге де қасиетті аманат ретінде қарап, көзінің қарашығындай қорғаған. Әбу Бәкір (р.а.) мен Омарлар (р.а.) бастаған жұлдыздар шоғыры Пайғамбарымыздың шашы мен сақалын, тырнағын да дүниенің бар байлығына теңгермес еді. Тіпті өздеріне тиген осындай тәбәріктерін тастап кетуге қимай, өліп бара жатып қабіріне бірге көмдіргендері де бар. Солардан қалғандары бізге дейін келіп жетті. Құран мен сүннеттің рухымызға шипа болғанындай, жәдігерлер де көзімізге арқау, көңілімізге медет, өйткені Пайғамбарымызға тиесілі дүниелерді көзбен көре отырып иманымызды күшейтеміз.
Аллаһ расулының (с.а.с.) сүннетін жеткізуде, заттық жәдігерлер мен рухани мұраларын ыждағаттылықпен зерттеп ізгілігімізге ұсынуда Абдуллаһ ибн Омардың(р.а.) алар орны ерекше. Пайғамбарға (с.а.с.) деген махаббатын өмірінің негізі еткен бұл үлкен сахабаның сүннетке деген ұқыптылығы кісі таңданарлық. Әр істегенін айна- қатесіз қайталап, тамақ ішкенде де еліктеп, жүрісіне дейін салатын. Тіпті Пайғамбарымыздың көлеңкелеп отырған ағаштың түбіне барып саялап, сол талды суарып та жүретін. Расулаллаһ дүние салғаннан кейін Ибн Омар оның аты аталған жерде шыдай алмай көз жасына ерік беретін. Аллаһ елшісінің мінберде аяғын қойған жерді алақанымен аялай сипайтын. Ал намаз оқыған жерінде намаз оқуға деген ықыласы тым ерекше еді. Мекке азат етілгенде, Пайғамбарымыз Қағбаға кіріп на- маз оқып шыққаннан кейін сахабалар ішке кіруге тұра ұмтылған. Бірінші Ибн Омар (р.а.) кіріп, Біләлдан (р.а.) Аллаһ елшісінің қай жерде

намаз оқығанын сұраған (Бұхари, Жиһад 127 ) . Тағы бірде Мұғауия әулетінің жиналған жеріне келіп, Пайғамбарымыз осы ауылға келгенде, мешіттің қай жерінде намаз оқыған еді деп сұрағаны бар (Муатта, Құран 35) .
Мүбәрак сақалы мен шашы сахабалар арқылы сақталып, күні бүгінге дейін жетті. Әнас ибн Мәлик (р.а.) былай дейді: «Бірде Пайғамбарымыз (с.а.с.) шашын алдырды. Біз ентелей қоршап, бірде-бір қылдыжерге түсірмей таласып-тармасып жинап алып отырдық». Міне, осындай құрметтің арқасында жәдігерлері бізге дейін сақталған.
Ә дегеннен Ислам мемлекетінің билеушілері Пайғамбарымыздан (с.а.с.) қалған жәдігерлерге ерекше көңіл бөлген. Бір-бірінен сатып та алғандары болған. Әртүрлі дәуірлерде түрлі басшылардың қолымен сақталған жәдігерлер жиналып, Аббасидтердің соңғы халифасы үшінші Мүтәуекелуллаһ тарапынан Явуз сұлтан Сәлім ханға тапсырылып, Ыстамбұлға апарылған. Аталмыш жерде төрт жүз жылдан бері бүгінге дейін хафыздар күніне жиырма төрт сағат үздіксіз Құран оқиды.
Аллаһ расулының мұрасына осылайша құрмет көрсету дінімізге ешқандай да қайшы емес, керісінше, оған деген құрметіміздің көрінісі. Дінімізге қайшы болса, сонау сахабалардан бастап кешегі бабаларымызға дейін бұл дәстүр жалғасын таппас еді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *